«Қарағанды-Балқаш» жолын қайта салуды арнайы штаб қадағалайтын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Кошановтың тапсырмасымен құрылған арнайы штаб  «Қарағанды-Балқаш» трассасын қайта құру барысын қадағалайды. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінне хабарлады. 

Штаб төрағасы өңір басшысының орынбасары Серік Шайдаров болады. Құрамға Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, көлік және автомобиль жолдары, өнеркәсіп және инновациялық даму, жер қатынастары басқармасының басшылары, Абай, Бұқар-Жырау, Жаңаарқа және Шет аудандарының, Балқаш және Қарағанды қалаларының әкімдері кіреді.

"Штабты бес күн ішінде құрыңыз. Осы жолды қайта құру мәселесі бойынша отырысты өткіземіз. Онда жасалған жұмыстар туралы есеп бересіздер. Штабқа мердігерлер және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті тұлғалардың барлығы кірсін. Штабтың ағымдағы жұмысы туралы есепті айына бір рет беріп отырасыздар", - деп тапсырды Ерлан Кошанов.

Өңір басшысы Балқаш, Қарағанды және Шет ауданында мобильді кеңселер құру қажеттілігін де атап өтті. Оларда трассаны қайта құрумен айналысатын мердігер фирмалардың мамандары, заңгерлер мен Жұмыспен қамту орталығының өкілдері жұмыс істейтін болады. Олардың міндеті жол жұмыскерлерінің, инженерлердің, механизаторлардың және басқаларының бос орындарына адамдарды жұмысқа орналастыру болады.

"Штаб, мобильді кеңселер сияқты күн сайын жұмыс істейтін болады. Біз жұмыс сапасын бақылаумен, кадр және басқа мәселелермен айналысатын боламыз. Қазір объектілерде шамамен 860 адам талап етіледі, мерзім бойынша артта қалып отырмыз. Мердігер облыс әкіміне тамыз басында мерзімді қуып жетуге уәде берді", - деп мәлімдеді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов.

«Ситик КО ЛТД» ЖШС бас мердігерінің өкілдері өз кезегінде, жұмыскерлерді тарту үшін жалақыны көтеруге дайын екенін айтты. Сонымен бірге, қазір олар өз қызметкерлеріне толық әлеуметтік пакет және үш рет тамақтану қызметін ұсынып отыр.

«Қарағанды-Балқаш» трассасын қайта құру жобасына сәйкес 2022 жылдың соңына дейін ұзындығы 363 км участкені ретке келтіру керек. Жолды төрт жолаққа дейін кеңейтеді. Өтетін бөлігін арнайы қоршаумен бөледі. Жоғары қабат шақпатасты-мастикалы асфальтбетонмен жабылады. Барлық учаске бойы 20 көпір орнатылады және 315 мал айдау аралығы мен су жүргізу құбыры салынады. Жобамен төрт негізгі мердігер фирма жұмыс істейді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы