"Қарағанды-Балқаш" автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында ұзындығы 363 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар "Қарағанды-Балқаш" автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болады.

Құрылыс жұмыстарын "СП КазГерСтрой" және CITIC Construction Co.Ltd компаниялары жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда тасжолдың барлық учаскелері қайта жаңартылуда. Мамандар жер қабатын дайындап, асфальт-бетон жабындысының төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеуде. Жұмыстар жолдың жаңа жолағында жүргізіліп жатқанымен, қолданыстағы жол жаңа жолақтағы құрылыс жұмыстары аяқталмайынша бұзылмайды.

Жобаға сәйкес тасжол 4 жолағы бар І-б техникалық санатындағы жолға сай болмақ. Жолды кеңейту учаскелердегі апаттылық деңгейін едәуір төмендетіп, жолдың автокөлікті өткізу қабілетін арттыра түседі. Бұдан бөлек, жолды қайта жаңарту аясында 28 көпір мен жол өтпелерінің, 377 су өткізгіш құбырдың, елді мекендер маңындағы демалыс орындары мен автопавильондардың құрылысы қарастырылған.

Бүгінгі таңда мұндағы жұмыстарға техниканың 1366 бірлігі жұмылдырылды. Қайта жаңарту жұмыстары басталған кезде аталмыш жоба ясында 3282 жұмыс орны құрылғанын айта кету керек. Жаңа жолда көлік қозғалысы жыл соңына дейін ашылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы