Шығысқазақстандық «ALTAY» волейбол командасы Қытайға аттанады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемендік «ALTAY» әйелдер волейбол құрамасы Аспан асты елінің Тяньцзинь қаласына аттанбақ. Бұл жөнінде аталмыш клубтың баспасөз қызметі хабарлады.


Қазіргі таңда «ALTAY» командасы әйелдер арасындағы волейболдан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы.

«Командаға әдіс-тәсілдерді меңгертуге барын салып жүрген Юрий Панченко 2018 жылдың шілде айынан бастап команданың бапкері болып тағайындалған. Юрий Панченко спорт шебері, олимпиада чемпионы, халықаралық, әлемдік клубтарды жеңіске жетелеген мықты бапкерлердің сапында тұр. Қазір команда Қытайда өтетін волейболдан Азия Кубогіне дайындық үстінде. 2017 және 2018 жылдары волейболдан Азия чемпионаты Өскеменде өтіп, «ALTAY» командасы 2 жыл қатарынан 4-орынды иеленген болатын», - делінген клубтың баспасөз хабарламасында.


Бүгінде Қытай елі дайындықты бастап кетті. Бұл жарысқа 11 елдің командасы қатыспақ. Ал біздің команда болса жарысқа үш күн қалғанда, яғни 24 сәуір күні Аспан асты еліне жол тартады.

«Жарыс өтетін Уцин спорт кешені жаңа Тяньцзинь қаласында орналасқан, ол Қытайдың астанасы Бейжіңнен шамамен 90 шақырымдай жер. Жақын арада құны 30-дан 200 юаньға дейінгі билет сататын Yongle Ticketing жүйесі іске қосылады. Бұл біздің валютамен есептегенде, шамамен 1 700-11 500 теңгені құрайды», - деп қосты клубтың баспасөз қызметіндегілер.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы