Көкөніс өндірісінің өсімі қоймаларды 1,5 есе арттыруды талап етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ҚР Үкіметінің отырысында премьер-министрге жемістер, көкөністер мен картопты сақтау туралы баяндады.

Оның мәлімдеуінше, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа технологияларды енгізу, питомниктерді дамыту, жоғары сапалы тұқымдар мен көшеттерді, суармалы жерлерді кеңейту және заманауи суару машиналарын пайдалану арқылы жеміс-жидек пен көкөніс өндірісін арттыруды көздейді. Соның арқасында Қазақстанда жыл сайын егін көлемінің 5%-дық өсуі байқалады.

Алайда, қолда бар сауда-логистикалық инфрақұрылым сапалы шикізат жеткізуді жыл бойы толық қамтамасыз ете алмайды, бұл өз кезегінде отандық өнімнің дамуын тежейді.

Жууға, кептіруге, калибрлеуге және буып-түюге болатын тауарларды сатуға дейінгі дайындықты жүзеге асыратын орындар жоқ. Кейбір өңірлерде қойма инфрақұрылымдарының сапасы сын көтермейді. Сауда-логистикалық орталықтарының, заманауи форматтағы бөлшек сауда желілерінің, көтерме сауда және логистикалық орталықтардың даму деңгейінің төмендігі – азық-түлік тауарлары қозғалысын үйлестіруге және оңтайландыруға кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан делдалдар саны көп болып отыр,- деп атап өтті министр.
Әкімдіктердің алдын-ала мәліметтері бойынша республикада жалпы сыйымдылығы 1,9 миллион тоннадан асатын 1250 жеміс, көкөніс, картоп сақтау қоймасы бар. Алайда, былтырғы картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз және қызылшадан алынған өнімді (6,7 млн. тонна) сақтау үшін сыйымдылығы кемінде 2,8 млн тонна, яғни 1,5 есе үлкен қойма болуы керек.

Министр ҚР АШМ сауда-логистикалық инфрақұрылымның ажырамас бөлігі саналатын көкөністерді, жемістер мен картоптарды сақтау сыйымдылығын дамыту, кеңейту және жаңарту бойынша бірқатар шараларды қабылдап жатқанын айтты.

Кәсіпкерлерді көкөніс қоймаларын салуға ынталандыру үшін ведомство тарапынан инвестициялық субсидиялар, сондай-ақ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған.

Бұдан өзге, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігінің ұлттық тауар жеткізу желісін құру жөніндегі ұсынысын қолдайды.

Көтерме сату орталықтары желісін құру арқылы сауда-логистикалық инфрақұрылымын дамыту – делдалдарды жояды, фермерлердің сауда желілеріне тікелей байланысын қамтамасыз етеді және ішкі нарықта, экспорттық бағытта да ауылшаруашылық өнімдерін сатуды арттырады. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз, - деп түйді Сапархан Омаров.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы