"Зорлық-зомбылық тек күйеуден емес": Дағдарыс орталығы әйелге қандай көмек береді?

BAQ.KZ тілшісі Астанадағы дағдарыс орталықтарының біріне барып, мекеменің әйелдер мен балаларға көрсететін қызметтерімен танысып қайтты.
Дағдарыс орталығының қызметі қандай?
Астана қаласы әкімдігінің “Үміт” дағдарыс орталығы директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Айгүл Бердібекқызы дағдарыс орталығы туралы айтып берді.
"Үміт" дағдарыс орталығы 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кез келген төртінші отбасында кездеседі деп айтуға болады. Соның ішінде көбінесе зорлық-зомбылық көретін әйелдер мен балалар. Бізге 18 бен 58 жастың арасындағы аналар келеді. Олар осы жерде балаларымен 1 айдан 6 айға дейін болып, арнаулы әлеуметтік қызметтер алады, - деді ол.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер орталыққа өз бастамасы бойынша, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер органдары тарапынан келеді.
Дағдарыс орталығы отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен олардың балаларына қауіпсіз баспана, бес уақыт тамақ ұсына отырып, психологиялық жағдайларын жеңілдету, қажет болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша тіркеуге алу, жұмысқа орналастыру, тұрғын үйге кезекке қою, ажырасу, алимент өндіру процестері бойынша құқықтық көмек береді, - деді ол.
Дағдарыс орталығы 8 бағыт бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Олар – тұрмыстық, психологиялық, құқықтық, медициналық, мәдени, экономикалық, еңбектік (еңбек терапиясы), әлеуметтік-педагогикалық қызметтер.
Орталықта балабақша бар
70 адамға арналған “Үміт” дағдарыс орталығында бүгінде 53 қызмет алушы бар. Оның 17-сі – әйел, 36-сы – бала. 36-ның ішіндегі мектеп жасына дейінгі балалар балабақшаға, мектеп жасындағы балалар мектепке барады.
Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге іште 20 балаға арналған балабақша бар. Қазір балабақшаға 18 бала барып жүр. Онда 2 тәрбиеші, 2 тәрбиешінің көмекшісі қызмет атқарады. Мектеп жасындағы балаларға келер болсақ, бізде білім басқармасымен меморандум бар. Сондықтан мектеп жасындағы балалар орталыққа жақын жердегі мектептерге орналастырылады, - деді "Үміт" дағдарыс орталығы директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Айгүл Бердібекқызы.
Маман орталықта балабақшаның болуы аналарға үлкен көмек екенін жеткізді.
Өйткені келген аналардың оқу оқитыны бар, жұмыс істейтіні бар. Алаңсыз кешке дейін өзіне байланысты тірлігін бітіріп, оқуына, жұмысына барып келеді, - деді Айгүл Бердібекқызы.
Айта кетейік, 2024 жылы дағдарыс орталығында 190 қызмет алушыға, оның ішінде 62 әйел, 128 балаға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 17 әйел мен 40 бала қайтадан отбасына оралды. Ал "Үміт" дағдарыс орталығы ашылғаннан бастап 824 әйел, 1718 бала, барлығы 2542 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алды.
Көп әйелге орталыққа келуге не кедергі?
"Үміт" дағдарыс орталығы директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Айгүл Бердібекқызының айтуынша, сенім телефонына хабарласатын тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің саны артқан.
2024 жылы Бишімбаев оқиғасынан кейін, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау туралы заң қабылданған соң сенім телефонымызға түсетін қоңыраулар саны көбейді. 4 әлеуметтік қызметкеріміз бар, олар телефонда отырады. Көбінесе кешкі уақытта, түнде әйелдер жылап хабарласады, - дейді маман.
Ол хабарласқан әйелдердің көпшілігі дағдарыс орталығына не үшін келмейтінін түсіндірді.
Біз мекенжайымызды айтып, түсіндіріп, "сыртта қалмайсыз, келіңіз, біз сізге қолдау көрсетеміз" деп жатқанның өзінде әйелдер келе алмайды. Өйткені дағдарыс орталығына орналасу үшін зәбір көрсетілген адам статусын алу керек. Ал ол үшін зорлық-зомбылық көрсеткен адамға арыз түсіру керек. Көбісі арыз түсіруден бас тартып жатады, - деді ол.
Психологиялық зорлық-зомбылықтың да зардабы ауыр
Айгүл Бердібекқызы дағдарыс орталығы тек физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді емес, психологиялық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді де қабылдайтынын айтты.
Психологиялық зорлық-зомбылық, оның ішінде манипуляция, қорлау, қорқыту және психологиялық қысым, көбіне көзге көрінбейді, бірақ ол әйелдерге физикалық ауыртпалықтардан кем емес зардаптар әкелуі мүмкін, - деді маман.
Ол осы тұрғыда әйелдерге кешенді қолдау көрсету, оның ішінде психологиялық көмек өте маңызды екенін атады.
Әйелдердің көбі тұрмыста неше жылдан бері көп қиындық көріп, іштен тынып, қоғамда орны бар екенін ұмытып, сондай күйде келеді. Досы да жоқ, танысы да жоқ, ата-анасына да айтпаған. Құқық қорғау қызметкерлеріне де мүлде арызданбаған. 6 айдың ішінде олардың бәрін керемет қылып, күйзелістен шығарып жібереміз деп айта алмаймыз. Бірақ біздің психологтар келген бойда аналармен жұмыс істейді. Әрбір қызмет алушыға жеке жұмыс жоспары құрылады, - деді ол.
"Үміт" дағдарыс орталығында 2 психолог бар. Біреуі аналармен жұмыс істейді, бірі – балалар психологі.
Ол жерде міндетті түрде психологтың көмегі қажет. Өйткені аналар келген кезде біраз уақытқа дейін бөлмесінен шықпай қалады. Сол кезде психологтар оларға барып жұмыс істеп, нешетүрлі әдістерін қолданып, олардың психологиялық жағдайын жақсартумен айналысады. Терапия барысында әйелдің өзін бағалауы мен өзіне сенімі артып, өз мүмкіндіктерін сезіне бастайды, жақындарымен қарым-қатынасы жақсарады, - деді Айгүл Бердібекқызы.
Дағдарыс орталығында топтық жұмыс та, жеке терапия да қарастырылған.
Зорлық-зомбылық күйеуден ғана емес
"Үміт" дағдарыс орталығы директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Айгүл Бердібекқызы әйелдерге зорлық-зомбылықты көбіне күйеуі көрсеткенімен, басқа тараптан да зорлық көретін жағдайлар кездесетінін айтты.
Өткен жолы мынадай бір жағдай болды. Жалғызбасты ананы өзінің баласы үйінен қуып жіберген. Екеуі бірге тұрады. Ол кісі келіп, осы жерде болды. Біз бәрін түсіндірдік, бірақ баласына арыз жазғысы келмеді. 2 күннен кейін ұлы келіп, татуласып, анасын үйіне алып кетті, - деді ол.
Айгүл Бердібекқызы қызына әкесі қысым көрсеткен мысалмен де бөлісті.
2023 жылы Атыраудан бір қыз хабарласты. Әкесі діни ағымға кіріп кеткен. Оған орамал тақ деп қысым көрсетеді екен. Ол бізге өзі хабарласты. "Маған әкем қысым көрсетеді. Осы жаққа басқа қаладан қашып келдім. Баратын жерім жоқ. Әкем мені мәжбүрлейді, маған ол нәрсе ұнамайды" деп айтты. Ол қызбен де біраз жұмыс істедік. Одан кейін ол бір жақсы жұмысқа тұрды да, біздің орталық ол жаққа алыс болып, көшіп кетті, - деді ол.