Жетісуда этнос өкілдері тату-тәтті тұрады
Жетісу жерінде 70-тен астам этнос өкілі тұрады. Оның басым бөлігі орыстар, ұйғырлар, корейлер және татарлар. Жалпы облыста 21 этномәдени орталық бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
М.Мақатаевтың "Үш бақытым" өлеңін орыс тіліне аударған
Алғыс айту күні қазақ халқы үшін ғана емес, еліміздегі этнос өкілдері үшін де маңызды мереке. Олар бұл күнді қазақ халқыны алғыс айту күні деп ұғынады. Себебі түрлі идеологиялық шайқастарда, кеңес өкіметі тұсында жер аударылған этностардың тағдыры қазақ халқына етене таныс. Құшағын ашып, бауырына қысқан жергілікті тұрғындардың аялы алақанын әлі күнге ұмытпайды. Дегенмен дәуір алмасып, еркіндікке ұштасқан уақытта көбі ұмыт қалды. Үлкен ақсақалдар мен көреген жандар көңіліне түймесе, жастардың дені қадірін білмейді. Алайда бір атаның баласында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жетісулық этнос өкілдерінің тілегі мен тірегі бір. Оны бізге ҚХА ардагері Светлана Гаитова айтып берді.
Біз қазақстандықтар - ең бақытты халықпыз. Қазіргі таңда ғаламда неше түрлі жаға ұстатарлық ұрыс болып, қан төгіліп жатқанда қазақстандықтар бір үйдің баласындай қара шаңырағымызда 100-ден астам ұлт өкілдері біртұтас халық болып, тыныштықта, бейбітшілікте тату тәтті өмір сүріп келе жатырмыз. Біздің тыныштығымыздың, қоғамдық келісіміміздің кепілі – Қазақстан Халқы Ассамблеясы. Сондықтан, "Алғыс айту күні" дегеніміз халқымыздың бақытының, бірлігінің, тұтас тарихының көрінісі. Мерекенің символы ретінде "тұмар" мен "құртты" қарастыруға болады. Тұмар - ел бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек деген сөз. Ал, құрт - қазақ халқын ең қиын-қыстау кезеңдерде аман алып қалған киелі ас. Біз ұлы қазақ даласының рухынан нәр алғанбыз, жүрегімізде шексіз мейірім бар. Сондықтан, "Алғыс айту күнін" ең маңызды мереке деп санаймын. Өйткені, ол жалпыадамзаттық құндылықтар мен ізгілікті бейнелейді, - дейді ұйғыр халқының өкілі
Қазақ даласына әр этнос өкілі өздерінің өзгеше себептерімен келгені белгілі. Кейіпкеріміздің де ата-бабасы сонау XVII ғасырда саяси шешімдермен қазақ даласына, нақтырақ айтқанда Жетісу жеріне қоныстанған екен. Содан бері осы аяулы топырақтан жыраққа кеткісі келмейді. Бүгінде өз ұлтының, яғни ұйғыр тілімен қоса, орыс тілін де, қазақшаны да жетік меңгерген.
1940 жылы 17 қазанда Алматы облысында дүниеге келдім. Одан кейін Панфилов ауданы, Жаркент қаласына көштік. Мектепті сол жақта тәмамдадым. Сонан соң шетел тілі (неміс тілі) институтын бітірдім. 30 жыл бойы идеология саласында қызмет атқардым. Әртүрлі ұйымдарда, әкімдікте еңбек еттім. Кейін Ассамблеяның құрылуына үлесімді қостым. Көпэтносты Жетісу өңірінде Ассамблеяның прототипін құрған алғашқылардың бірі біз болатынбыз. 1991 жылы ұлттық мәдениет ассоциацияның вице-президенті болып тағайындалдым. Бұл қауымдастық Жетісу жұршылығының бірлігі мен келісімін қамтамасыз етеді. 65 жасымда қазақ тілін үйрене бастадым. Бұл менің мемлекеттік тілге деген құрметім, сондай-ақ жастарға үлгі болғым келді. Тіпті, қазақша өлеңдерім де бар. Мұқағали Мақатаевтың "Үш Бақытым" өлеңін орыс тіліне аудардым, - дейді Светлана Гаитова.
Ол 15 жыл бойы "Ұлағат Ақсақал Кеңесінің" төрайымы болған. Қазіргі таңда өз жұмысын "Аналар кеңесінің" белді мүшесі ретінде жалғастырып келеді.
Әзірбайжандарға Жетісудан аяулы жер жоқ
Ал Көксу аудандық "Нахичивань" әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы" ҚБ төрағасы Фахреддин Магеррамов Жетісудың табиғатына ғашық. Жер жаннаты атанған ғажайып мекеннен алысқа кеткісі келмейді. Оның анасы 63 жасында 1937 жылғы репрессияға ұшырап, Қазақстанға жер аударған екен. Сөйтіп, осында 25 жыл ғұмыр кешіпті. Әкесі болса кейінірек, 1967 жылы келген. Осы топырақта дүние келгендіктен, туған жерін бәрінен биік қояды. Оқуы да, жұмысы да осы өлкеден бастау алған.
Бұны ауқымды мереке деп қарастыруға болады. Әркім бір-біріне алғыс білдіруі керек. Өмір сүріп жатқаның үшін, осы дүниеге келгені үшін, тіпті әр атқан таңға алғыс білдіру керек. Алғыс айту күнін жайдан-жай ресми мереке етіп тағайындаған жоқ, әр адам баласы бұны іштей терең түсіну керек. Әлемде қандай сұмдық орын алып жатқаны бәрімізге мәлім. Сол үшін де аталмыш мерекенің аты да өте дұрыс қойылған деп есептеймін. Адамдар бір-бірімен жақсы қарым-қатынас орната бастады, бір-бірін құрметтеп, дұрыс сөйлеп, сыйлауды үйренді. Мына ғаламда бәріне алғыс білдіру керек, шүкір ету керек. Адам өзіне де, өзгеге де, Құдайына алғыс білдіре білуі қажет, сонда ғана өмір қуанышқа толы болары сөзсіз. Ең алдымен, мен бұл өңірде дүниеге келгендіктен ыстық. Алғашқы қадамдарымды да Жетісу топырағында бастым. Бұл жердің орны мен үшін бөлек, ерекше жақсы көремін Жетісуды. Жаның жай табатын киелі мекен. Бұл өңірде зауыттар аз, сондықтан ауасы ерекше таза. Көптеген ұлт өкілдері кеңес өкіметінің шешімімен Қазақстанға жер аударып келген, оладың көбі Жетісуда шоғырланған.Қиындық көріп келген жұртты бауырына басып, қонақжайлық танытқан Жетісу халқының өзі ерекше. Мінездері, тәрбиесі, сөйлеу мәнерлері де ерекше, - дейді әзірбайжан халқының өкілі.
Өмір бойы Ақшатоған ауылында тұрған азаматтың бүгінгі ермегі – бала-шағаның қамы. Осы елді мекендегі мектепті тәмамдап, Алматы энергетикалық университетіне оқуға түседі. Тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты - отбасылық кәсібі. Қазір зейнетте, 4 баласы, 2 немересі бар.
Ең бастысы әлемде тыныштық орнаса екен деймін. Қазақстан Халқы Ассамблеясы - барша этнос тату-тәтті ынтымақтасатын ұйым. Дін жағынан да Қазақстанда бәрі еркін түрде жүзеге асады, ешкім шектеу қоймайтын мемлекет. Ең үлкен тілегім - Мемлекет басшылары әрқашан халықты тыңдаса екен, себебі бұл өте маңызды. Қандайда бір шешім қабылдар алдында халықпен санасса екен. Қазақстан еш қиындықсыз үлкен жетістіктерге жете алады, себебі, Ұлы Даламызда байлықтың бәрі бар! Сондықтан, Отанымыз аман болсын!,- дейді кейіпкеріміз.
Поляк халқы қазақтың жақсылығын ұмытпайды
Жетісу жерінде аз этнос өкілдерінің бірі – поляк халқы. Сонау ескі заманда елге келген азаматтарды қазақ халқы бауырын басып, бір нанды бөліп жеген еді. Бүгінде поляктық әжелер мен ақсақалдар сол заманның қасіреті мен есті естелігін ешқашан ұмытпайды. Оны бізге "Полония" Талдықорған аймақтық поляк мәдени-ағарту қоғамының ҚБ төрағасының орынбасары Елена Багинская айтып берді.
Менің ата-анам Украинада тұрды. 1936 жылы репрессия салдарынан Қазақстанға қоныс аударды. Ол кезде әкем, Багинский Антон Иванович 15 жасар бозбала еді. Ал анам 13 жаста болатын. Сол жылдары өте көп адамдарды жер аудартқан, ауылымыздан 27 адамдай аттанды. Тауар пойызымен бір ай жүріп, қиындық көріп, шыдап әрең жеткен болатын. Сөйтіп, Үштөбедегі колхоздан оларды күтіп алады. Әке-шешем үнемі ұжымшарда жұмыс істеумен болды. Күн көріс қиындаған шақ. Арасынан азаматтарды майданға аттандырып отырды. Түнімен бау-бақша күзетіп, қамданған, - дейді поляк халқының өкілі.
Жетісу жерін бақытына балайтын жанның осы жерден ұзауға зауқы жоқ. Оған себеп те жоқ емес, жетісулықтар этностарды өзектен теппей, бір-бірін көршісіндей қадірлейді. Өзі осы топырақтан алысқа апарып тастаса да, қайтып тауып келетінін айтады.
Мәселен, Алматы әуежайында алманың иісі мұрын жарып тұрады. "Міне менің туған жерім!" деймін. Атамекенімнен жырақ ешқайда кетпеймін. Кету ойымда да болған емес. Менің жаным осы өңірде ғана жай табады. Қазақстанымның, Жетісуымның табиғаты Швейцариядан еш кем түспейді! Қазақстан Республикасында тұрып жатқан барша азаматтар мен азаматшаларға бейбіт өмір, мықты денсаулық, бірлік пен береке, өзара түсіністік пен сыйластық тілеймін! Әр шаңырақта қуанышқа толып, еліміз гүлдене берсін!, -дейді Е.Багинская.
Корей балалары да қазақ десе жанын береді
Кеңес заманы келмеске кеткенімен корей халқының жан дерті мәңгі жүректе қалды. Сол кезеңде құшағын айқара ашқан қазақ халқының мейірімі әлі де шуақ шашып тұрады. Тіпті қаншама жылдар өтсе де корей халқының өкілдері Оңтүстік Корея елінен Жетісуға келіп, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп тұрады. Бүгінде арнайы ескерткіште салған. Корейлер Қауымдастығының ақсақалдар төрағасының орынбасары Виктор Пак сол кезеңді ойлаған сайын көзіне жас алады.
Алғысымды ең алдымен бізді қабылдаған, көмек пен қолдау көрсеткен қазақ халқына айтар едім. Әке-шешелеріміз 1937 жылы жер аударып келген еді. Ал біз осы өңірде туып-өстік. Қаратал ауданына қарасты Бастөбе тауында мәрмәрдан қаланған "Қазақ халқына мың алғыс" деп үш тілде: қазақша, корейше, орысша жазылған ескерткіш орнатылған. Мен 1952 жылы 6 сәуірде Жетісу облысында дүниеге келдім. Туған жерімде 8 сыныпты бітірген бойда Үштөбеге көштім. 1969 жылы Алматы Ветеринария институтына оқуға түстім. 1974 жылы түлек атанып, жұмысымды жалғастырдым. Сөйтіп, Ескелді ауылында 30 жылдан бері тұрып келемін. Қазір зейнеттемін, - дейді корей халқының өкілі.
Корей азаматтарының дені атамекеніне көшіп кеткенімен, осында тұратындары да аз емес. Олар осы топырақтан аяулы жер жоқ екенін айтудан жалықпайды. Тіпті балаларына қазақ халқына деген ілтипатын үнемі айтып отырады. Бүгінде немерелері де сол күннің азабын сезінеді. Қазақ халқына деген құрметі ерекше.
Қазақ топырағында тұрып жатқан барша ұлт өкілдеріне алғыс білдіремін. Бір-бірімізге деген құрметіміз еш уақытта жоғалмасын. Елімізде бейбітшілік таңы ата берсін. Алғыс айту мерекесі жақсылығымен келсін!,- дейді В.Пак.
Славян халқының құрметі ерекше
Жетісу жерінде словян этнос өкілдері басқа этнос өкілдеріне қарағанда едәуір көп. Олар ауылшаруашылығы саласында түрлі бағытта еңбек етеді. Өңірдің экономикасын көтеруде ерекше күш салып келе жатыр. Мәселен "Қаратал аудандық славян мәдениеті" ҚБ төрайымы Валентина Спиридонова айтуынша, қазақ жері барша этнос өкілінің анасына айналып келеді.
Мен үшін Алғыс айту күні қиын-қыстау кезеңдерде түрлі ұлтты бауырына басқан қазақ жұртшылығымен байланысты. Мен осы Қазақстанда дүниеге келіп, осы өлкеде бой жеттім. Жоғарғы білімімді алдым, балаларымды, немерелерімді тәрбиеледім. Сондықтан, мен қазақ халқына ризамын, және ниетпен алғыс білдіремін. Мен Үштөбе қаласында орта білім алып, Жетісу Мемлекеттік университетінен "Филология мұғалімі" мамандығы бойынша бітірдім. Көп жылдар бойы Пионерлер үйінде директор лауазымында еңбек еттім. Үштөбе қаласында 1995-2010 жылдар аралығында Кемел Тоқаев атындағы орта мектептің директоры қызметін атқардым. Бүгінде зейнеттемін. Жасым 77-де. Ал, 2001 жылдан бастап "Қаратал аудандық славян мәдениеті" ҚБ-ның төрайымы болдым. Менің бар өмірім қайырымдылық, алғыспен тығыз байланысты, - дейді словян халқының өкілі.
Бүгінде әже атанған кейіпкеріміз ұстаздық жолын ең бақытты күндеріне балайды. Зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстардан қалыс қалған емес. Үнемі достықты насихаттап, этнос өкілдерінің басын біріктіріп жүреді.
Біздің елімізде әр адамның еңбегі мен қолдауы бағаланып, ризашылық сезімі әрқашан өркендей берсін! Бір-бірімізге көмек көрсету, қолдау білдіру және мейірімділікпен қарау - тыныштық пен бейбітшіліктің іргесі. Егер халық тату болса, онда ол елдің алмас қамалы болмас! Қазақстан дами берсін!, - дейді В.Спиридонова.