Жетісу қант зауыты алдындағы кезек 5 шақырымға дейін cозылған

Ақсу мен Көксу қант зауытына өнімін өткізуге асыққан шаруалар кезегін 5-6 күн күтеді. Шикізат көп, кәсіпорынға сыймай жатыр. Аязға ұрынған қожалықтар, амалсыз трактор ішінде дірдек қағып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кезектің ұзындығы 5 шақырым созылып жатыр

Жыл сайын шикізаттың аздығынан өңірдегі қос қант зауыты жұмысын ерте аяқтайтын. Күздің ортасына дейін шаруалардан өнімді қабылдап алып, қыс аяғына дейін оны өңдейді. Содан кейін кәсіпорын директорлары жұмысшыларын уақытша демалысқа жібереді. Ал биыл бәрі басқаша. Осы жылы Панфилов ауданын қоспағанда, қалған 2 қала, 7 аудан 13,7 мың гектар алқапқа тәтті түбір тұқымын септі. Одан алатын өнім көлемі 615 мың тонна деп жоспарланған. Алайда шикізат межеден асып кететін секілді. Себебі биыл 600-ге тарта шаруа қожалығы қант қызылшасын еккен. Оның ішінде кейбір адамдар үй іргесіндегі бақшасына, көршісінің ауласына, тіпті жерді жалға алып осы кәсіпке ден қойған. Бүгінде Көксу қант зауытының алдында жүк көліктері сіресіп тұр. Кезек Бақтыбай ауылынан бастап Балпық би кентіне дейін созылып жатыр. Тіпті жол бойына сыймаған көліктер Алматы – Талдықорған тас жолының арғы бетіне жайғасқан.

Бүгін кезекте тұрғанымызға 5 тәулік болды. Күніне 500-600 метр ғана алға жылжып отырмыз. Қыркүйектің басында күніне бір тіркеме өнім алып келетін едік, қазір бір аптадаға созылды. Мына түрімізбен қысқа жететін секілдіміз. Ал зауыт кеше 40 жүк көлігін кіргізді де қақпаны жауып алды. Олар күніне 2-3 мың тонна шикізат қабылдайды. Одан артық қабылдауға шамасы жетпейді. Қазір күн қысқа, сағат кешкі 17:00-ге дейін қабылдауларын сұрағанбыз. Себебі көлікті ретке қойып, жағар-жанармайын тексергенше кеш батады. Үйімізге жеткенше сағат түнгі 9-10-ға барады. Таңертең ерте келуіміз керек. Оның үстіне түнде келіп бір шолып кетпесек, ұры-қары көп. Менің 40 литр бензинімді бактан ағызып әкетіпті. Ертемен келсем бактың қақпағы жерде жатыр. Жігіттерден сұрасам ешқайсысы білмейді, -  дейді жеке тасымалдаушы Жомарт Еркінбеков.

Кезекте тұрған жүк көлігінің иелері әбден қалжыраған. Кейбірі тіпті орнына баласын қойып, үйіне демалуға кетіпті. 3-4 күн трактор ішінде түнеу оңай емес. Оның үстіне қар жауып, күн райы ызғарланып тұр. Кейбір көліктерде жылыту пеші орнатылмаған. Сондықтан бауырымен, баласымен кезектесіп тракторды күзетуге тұрады. Жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Зауыттың түнімен істеуге қауқары жетпейді. Өндіріс орнының шикізат қоятын алаңы тар. Жиын-терім уақыты басталғалы бері екі рет жабылды. Оған себеп – жиналған өнімді жылдам өңдеп, алаңды босату. 

Біз аталған мәселе бойынша шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Зауыт алаңының сыйымдылығына байланысты осындай шаралар қабылдауға тура келді. Бүгінде 13,7 мың гектар қант қызылшасы алқабының 10,9 мың гектары жиналып, одан 526 мың тонна өнім алынды. Гектар өнімділігі 484,5 центнерден айналып отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Осыдан облыстағы аграрлық сектордың тиімді әрекет етіп жатқанын байқауға болады. Қос зауыт қарқынды жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін өндіріс орындарына 421,3 мың тонна өнім жеткізілген. Оның ішінде Көксу қант зауыты – 200,6 мың тонна болса, Ақсу қант зауыты – 220,7 мың тонна қабылдады, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков.

Оның айтуынша, облыста кезек мәселесі ушығып кетпеуі үшін облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Олар өнімді қабылдау және өңдеуге байланысты логистиканы үздіксіз ұйымдастыру тәртібіне жауап береді. Одан бөлек аяқ-асты туындаған түйткілдерге жедел шешімдер шығаруға жәрдемдеседі.

Қосалқы қант зауыты қажет

2022 жылы Мемлекет басшысы Жетісу жеріне іс-сапармен келгенде облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа 2026 жылға дейін өндірілетін қант көлемін 180 мың тоннаға жеткізуді міндеттеген. Содан кейін облыс басшысы қайтарылған бос жатқан жайылымдық жерлерді егін егуге шаруаларға бөліп берді. Сөйтіп қант қызылшасы алқабын кезең-кезеңімен көбейту жоспары сызылды. Сол жылы өңірде 70 мың тоннаға жуық қант шықса, былтыр 90 мың тоннадан астам дайындалған. Мына қалыппен алдағы екі жылда көздеген межеге жету мүмкін емес. Ол үшін қосалқы қант зауыты қажет. Онсыз импортқа тәуелділік арта береді.

Қант саласында мәселе шаш-етектен. Субсидия алу үшін әуелі жобаны инвест-проектке кіргізу керек. Оны онлайн жасайды, бірақ бір құжат дұрыс болмаса қабылданбайды. Мен Алакөлге алғаш рет қытайлық тамшылатып суару технологиясын әкелдім. Шаруаға қызыққан біраз жігіттер ақша құйды. Су үнемдеу технологиясын енгізу үшін алқапқа мықты тоқ көзі қажет. Ол үшін арнайы трансфарматорлар орнаттық. Қазақ жігіттеріне құдық қаздырып едік, онымыз жарамады. Қытайлықтар келіп, қайта қазып, әйтеуір өнімді қуратпай, суарып үлгердік. Біраз бөлігі шіріп кетті. Биыл қытайлық шаруалармен келісімге келдік. Алдағы жылдары бірлесе жұмыс істейміз. Бұлардан үйренеріміз көп. Бұрын әр гектарына 400-500 центнерден алатын болсақ, енді 3 есе көп өнім алуға болады. Бұлар ұғытты (удобрение) мөлшерлеп береді. Көп жұмыс күші қажет емес, бәрін компьютермен басқарады. Келер жылы да 300 га жерге егеміз, оны қабылдауға Ақсу қант зауытының шамасы жетпейді. Бүгінде кезекте тұрған көліктер қаншама. Бізге жаңа зауыт қажет,  - дейді серіктестік директоры Болат Сейірбаев.

Облыста қант шаруашылығымен жарты ғасыр уақыт айналысып келе жатқан қожалықтар бар. Олар кеңес заманындағы әдістің енді саланы дамытпайтынына көзі жеткен. Қазір Қытай технологиясы арқылы, шағын алқаптан мол өнім алу тиімді. Бұл кәсіпкерлер үшін артық шығынсыз, табысы мол тәсіл. Бүгінде көршілеріміз тұқымды дәрісімен бірге себеді. Сонда арамшөп мүлде өспейді. Одан кейін топырақты үнемі ылғалды ұстайды әрі өнімнің бітік шығуына жол ашып, қант зауыттарына артық жұмыс тудырмайды.

90-шы жылдардың аяғында Қытайға сапарлап барғанымда, олардың жерді целлофанмен жауып, арамшөптердің өсуіне жол бермейтінін көрдім. Сол әдісті елдегі шаруаларға үйретіп, пайдаландық. Бұл өнімнің сапасын жақсартты. Кейін тағы бір барғанымда тамшылатып суару тәсіліне қызықтым. Олар ұғытты (удобрение) біз секілді бірден төге салмайды, 2-3 күнде мөлшермен беріп отырады. Сонда қант қызылшасы еркін өседі. Ал біздің шаруалар 5 гектар жерден 10 тонна алса, олар 30 тонна шикізат алады. Оншақты адам ғана айналысады. Қытай технологиясын елге кіргіздік, қазір олар біздің қызметкерлерге үйретіп жатыр. Шетелдіктер қаржы құймайды, тек техникасын әкеледі. Оның өзі қыруар ақша тұрады. Біздің шаруаларды сол жаққа оқуға жіберу керек, болмаса бері алдырып тәжірибе алмастырсын. Әйтпесе кейін тәтті түбірдің дәуірі бітеді, - дейді шаруа иесі Сейірбаев.

Тәуелсіздік алған жылдары Алакөл топырағында үлкен қант зауыты болған. Кеңес өкіметі қантты дамыту үшін шаруаларға жақын кәсіпорындар ашты. Соның бірі сол – Бескөл қант зауыты. Кейін ел егемендік алғаннан кейін салаға жөнді көңіл бөлінбей, өндіріс орны жабылды. Ал ішіндегі техника талан-таражға түсті. Оны ешкім түгендеген де жоқ. Кішігірім болса да Бескөл қант зауыты жылына 200-250 тоннаға дейін шикізат өңдеп, 40-50 тоннаға дейін таза қант шығарған.

Біздің облыс қант қызылшасын өсіруге маманданған аймақ. 1990-жылдары тәтті түбірге тиесілі егістік алқабы 23,4 мың гектарға жетіп, жарты млн-нан астам өнім жиналған. Сол уақытта да 4 бірдей зауыт жұмыс істеп тұрды. Ақсу ауданы, Көксу ауданы, Ескелді ауданы және Алакөл ауданы облыстағы қант өндірісінің негізгі ошағы болды. Зауыттарға жарты млн-нан астам өнім жиналған. Дегенмен бұл дақыл ерекше күтімді қажет ететіндіктен, агротехнологияның дұрыс сақталмауының салдарынан, гектар өнімділігі мен қабылдау бағасының күрт төмендеуі, оған қоса осы салаға мемлекет тарапынан жете көңіл бөлмеудің кесірінен егіс алқабы 65 пайызға азайған. Қазір саланы қайта дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауылшаруашылығы техникалары жаңарып жатыр, - дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Қант қызылшасы тіркеме үстінде қатып қалған

Жалпы облыстың басты кәсіпорындарына айналған қос зауытты қайта жабдықтауға 2017 жылдан бері 12 млрд теңге қаржы жұмсалған. Ал тасымалдаушылар өндіріс орындарындағы технологияның кейбірі Сталинмен жасты дейді. Техниканың дені майланып, әрең жұмыс істеп тұрғанын жеткізіп отыр. Бір тіркеме қант қызылшасын кемі 1-2 сағат түсіреді. Бұл жүйе Кеңес одағы кезінен қалған бастамалар. Әлі айтарлықтай өзгеріс болмаған. Шаруалардың өткізген өнімінің қаржысын қант зауыттары көктемге дейін созады. Бұл келер жылы шаруалардың егінді мерзімінен кеш егуге мәжбүрлейтін бірден бір фактор. Кезекте тұрған қожалық иелері келер жылы осындай бейберекеттік болатын болса қант қызылшасын екпейміз деп отыр.

Осы жылға дейін соя өнімін ектім. Былтырдан бері бағасы арзандап, шығынымды жаппады. Содан жігіттермен бірлесіп, қант қызылшасымен айналыстық. Қазір зауыт кг-мын 15 теңгеден алады, мемлекет оған 25 теңге қосады, шамамен 40 теңгеге өткіземіз. Көктемнен бері осының сонында жүрміз. 5 гектар жердің өзіне 4 млн-нан астам қаржы жұмсадым. Содан алған азғантай өнімімді тасып жатқаныма бір ай болды. Зауыттың ішіндегі техниканы көрсеңіз шошисыз. Көтеріп түсіргенде техникалары майдан көрінбейді. Тіркемедегі қызылша қатып қалған, оны ломмен ұрып әрең түсіреміз. Күздің басында трактордың ішінде түнейтінбіз, қазір күн суық, жату мүмкін емес. Есігін құлыптап, Құдайға аманаттап кетеміз, - дейді шаруа иесі Серік Кыбыжеков.

Ең сорақысы әлі қант қызылшасын қазып алмаған шаруалар бар. Олар тіпті зәрезап болып отыр. Техниканың жетіспеушілігінен жиын-терім жұмыстары кейінге қалған шағын қожалықтар өнімінің үсіп кеткенін айтуда. Ал алқаптың сыртына үйіп қойған өнімдер күннен күнге салмағын жоғалтып жатыр. Одан қалды, қабылдау пунктіндегі зауыт қызметкерлері қоқыс көп деп жеңілдік талап етеді. Бүгінде науқан соңына дейін қалған 2,8 мың гектар егістік алқаптан 118 мың тонна өнім алу жоспарланған.

Өнімін қазып алмаған кәсіпкерлер бар. Олар мына кезекпен желтоқсанда бір-ақ өткізеді. Биыл зауыт екі рет жабылды. Енді қарашаның 25 дейін қабылдайды деген сыбыс жүр. Қазір кезекте екі жүзден астам көлік тұр. Күніне 40-50 ден қабылдағанның өзінде айдың аяғына дейін үлгере алмайды. Алқапта әлі қаншама тонна өнім жатыр. Мен мысалы 150 мың айлыққа жұмыс істеймін. Күндіз тіркеме үстіндегі қар еріп, төменге түседі. Содан асты қатады. Оны сырттан жігіттер шақырып оямыз. Кезек күткен тасымалдаушылардан ұят. Күнара отбасымыз тамақ әкеледі, кейде шаруашылық иелері өздері тамақ тасиды,-  дейді жеке тасымалдаушы Жомарт Еркінбеков.

Жалпы биыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасы 615 мың тонна қызылша жинауды жоспарлаған. Өнімнің 250 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 365 мың тоннасы Ақсу қант зауытына өткізілуі тиіс. Алайда олар мұндай мәселеге тап боламыз деп ойламаған секілді. Қазір іске Ауылшаруашылығы министрлігінің өзі араласты. Мұндай өнім көлемін ескере отырып, басқарма тарапы қосымша қабылдау пунктерін ашуы тиіс еді. Алайда бұл жұмыстар істелмеген.

Министрліктің мәліметінше, жағдайды жақсарту мақсатында зауыттың тәуліктік өткізу қабілеті 3 мыңнан 4 мың тоннаға дейін ұлғайтылған. Мұның бәрін жедел штаб бақылап отыр. Кәсіпорын жұмысын жетілдіру және тұрақты технологиялық жүктемені сақтау, сондай-ақ шикізат сапасының жоғалтпау үшін қызылша датчиктері бекітілген кестені қатаң сақтауы тиістігі де айтылған. Одан бөлек Жамбыл облысынан келген тәтті түбірді Ақсу қант зауыты қабылдады. Бұл да өңірлік фермерлер арасында дау-дамай туғызды.

Мәмбет ауылынан тасып жүргеніме бір айдан асты. Дәретханамыз дала, асханамыз камаздың іші болды. Суық тамақ ішеміз. Кейбір шаруа иелері тасымалдаушыларға тоннасына 7 мың төлесе, кейбірі 10 мыңнан береді. Осындағы жігіттер 10 мыңға көтеруін сұрап отыр. Себебі 4-5 күн кезек күту оңай емес. Мына суықта денсаулығыңды құртасын. Бала-шаға ауылдан ауылға тамақ тасып әбігерге түсіп жүр. Бір барып келгенімізге 40 литр жаранмай жейтін, қазір 50-60 литр құямыз. Ол да өзіміздің қалтамыздан төленетін қаржы. Кейбір жігіттер кезек үшін төбелесуге дейін барады. Тіпті құрығы ұзындар басында кезексіз кіріп кетіп жатты. Әйтеуір айқайласып жүріп кезек құрдық. Оның өзі ауызша, нақты қағаз жүзінде емес. Әкімдер, зауыт басшысы келіп кетеді. Бірақ олардың қолдарынан не келеді, қадағалайды да қайтады, - дейді шаруа қожалығының тасымалдаушысы Владимир Аленхов.

Облыс әкімдігі алқаптың көлемін арттырғанымен одан түсетін өнімді жинайтын алаңқайдың аумағын есептемеген. Содан кейін шаруа санының көбейгенін ескермей, мыңдаған көлікке бұрынғыдай әр зауыттан бір ғана қабылдау пунктін ашқан. Соның салдарынан тасымалдаушылар апталап кезегін күтуде. Ал қақаған қыста қатқан қант қызылшасы тіркемеден оңайлықпен түспейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы