Жаңа заң: ЛГБТ насихатына қандай шектеу енгізіледі
Мәжілісте архив ісін дамытуға арналған заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Құжатқа қоғамда ерекше талқыланып жүрген бірқатар өзекті түзетулер енгізілді. Олардың ішінде балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі теріс контенттен қорғау және педофилия мен дәстүрге жат бағдарды насихаттауға тыйым салу мәселелері бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балаларды зиянды контенттен қорғау – басты мақсат
Депутаттың айтуынша, интернет пен әлеуметтік желілердің жылдам дамуы балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп отыр. Күн сайын жасөспірімдер отбасы, адамгершілік және өмірлік құндылықтар туралы бұрмаланған ұғым қалыптастыратын материалдарға тап болады.
Қоғамда балалар мен жасөспірімдерді теріс контенттен қорғау мәселесіне алаңдаушылық күшейіп келеді. Сол себепті заң жобасына педофилия мен дәстүрге жат бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгіздік. Бұл – олардың психологиялық саулығын, моральдық дамуын қорғауға бағытталған маңызды қадам, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, өскелең ұрпақтың санасын улайтын, отбасы мен адамдық құндылықтарға қарсы бағытталған контент – ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да үлкен қатер.
Бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Сондықтан олардың санасын улайтын, өміріне теріс әсер ететін ақпараттардан қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Ақпараттық ғасырда тосқауыл қою қиын, бірақ адамдыққа жат, заңға қайшы мазмұнды шектеу – орынды және қажетті шара, – деді депутат.
Мәжіліс депутаттарының бастамасы және қоғамдық қолдау
Бұл тақырып бұған дейін де бірнеше мәрте Мәжіліс қабырғасында көтерілген. Депутаттар Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайыт, Самат Мұсабаев және Ардақ Назаров ЛГБТ насихатына шектеу қою жөнінде депутаттық сауалдар жолдаған.
Бұған қоса, 2024 жылы “Біз ЛГБТ-ның ашық және жасырын насихатына қарсымыз!” атты петиция ресми қарауға қажетті 50 мыңнан астам қол жинаған.
Петиция нәтижесінде Ұлттық өркендеу қоры арнайы зерттеу жүргізіп, оның қорытындысында дәстүрге жат қатынастарды заңдастыру немесе насихаттау жас ұрпақтың психологиялық тұрақтылығына және өмірлік ұстанымына кері әсер етуі мүмкін екені анықталған.
Бұл зерттеу қоғамның нақты ұстанымын көрсетті. Ата-аналар мен ұстаздар, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар барлығы балаларды қорғау мәселесінде бір пікірде, – деді Бейсенбаев.
Мәжілістің 18 депутаты қолдаған бастама аясында педофилия мен дәстүрге жат бағдарды насихаттайтын ақпаратты таратуға шектеу қою көзделген.
Түзетулер баланың құқықтары, жарнама, байланыс, мәдениет, білім, кинематография және бұқаралық ақпарат құралдары туралы тоғыз заңға енгізіледі.
Онда “дәстүрге жат бағдарды насихаттау” ұғымының нақты анықтамасы бекітіліп, мұндай мазмұндағы материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда және телекоммуникациялық желілерде таратуға тыйым салынады.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл нормалар халықаралық тәжірибеге қайшы емес. Керісінше, көп елде осындай шектеулер қолданыста бар.
Мұндай нормалар Венгрия, Болгария, Литва, Польша, Қырғызстан және Ресей сияқты мемлекеттерде де бар. Демек, Қазақстан бұл бағытта жалғыз емес. Бұл – ұлттық менталитетті, отбасылық құндылықтарды сақтау жолындағы заңды қадам, – деді депутат.
Сонымен қатар ол БҰҰ Балалар құқықтары жөніндегі конвенциясының 17-бабында да мемлекеттерге балаларды зиянды ақпарат пен материалдардан қорғау жөнінде нақты міндет жүктелгенін еске салды.
“Бұл адамдарды емес, контентті шектеу”
Елнұр Бейсенбаев өз сөзінде жаңа нормалардың ешкімнің жеке құқықтарын шектеуге бағытталмағанын атап өтті.
Мұнда әңгіме белгілі бір топты шектеу туралы емес. Ешкімнің жеке өміріне қол сұғылмайды. Бұл тек қоғамдық кеңістікте, бұқаралық және цифрлық ортада таралатын ақпаратқа қойылатын заңды шектеулер. Мұндай ұстаным әлемнің көптеген елдерінде бар және халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, ұсынылған түзетулер – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және қоғамның моральдық тұтастығын қорғауға бағытталған.
Бұл заң жобасы – ұрпақтың рухани және психологиялық саулығын сақтауға бағытталған маңызды бастама. Жастардың санасына кері әсер ететін кез келген ақпараттың таралуына тосқауыл қою – мемлекет пен қоғамның ортақ парызы, – деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.