Ұрпақаралық жарақат: өткеннің ізі және бүгінгі әсері
Тарихтағы ауыр оқиғалар тек сол кезеңде өмір сүрген адамдарға ғана емес, олардың ұрпақтарына да әсер етуі мүмкін. Бұл құбылыс “ұрпақаралық жарақат” деп аталады. Ұрпақаралық жарақат отбасылық қарым-қатынаста, тәрбие беру стилінде, тіпті адамдардың өзіне деген көзқарасында көрініс табады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткеннің ауыртпалығы қазіргі күнге қалай жетеді? Оны түсіну және жеңу мүмкін бе? Тарих пәнінің мұғалімі және ұрпақаралық жарақаттар тақырыбында ізденіп жүрген зерттеуші, Terek Story әлеуметтік жобасының жетекшісі Гүлназ Туленова TEDxAstana конференциясында осы сұрақтарға жауап берді.
Зерттеуші ата-бабамыздан бізге жеткен жан-жарасын қабылдап, түсіну туралы толығырақ айтып берді.
Ұрпақаралық жарақат деген не?
Ғылымда бұл ұрпақаралық жарақат немесе трансгенерациялық травма деп аталады. Бұл дегеніміз ұрпақтан ұрпаққа берілетін, яғни ата-бабамыздан, ата-анамыздан бізге жеткен психологиялық жарақаттар, ауыр дерттер, күйзелісті ойлар. Ол әдетте тәрбие, күнделікті тұрмыс тіршілік деңгейінде беріледі. Әулет тарихын буындар арасындағы байланысты арқау еткен Терек Стори жобасында әртүрлі жастағы адамдардың ата-анасы, отбасы туралы естеліктерін бөлісеміз. Қаншама адамдардың өз сезімдерін ашық білдіргеніне куә болдым. Олар балалық шағы, ата-анасы мен ата-әжесі туралы баяндап берген соң өздерін жеңіл сезінгенін айтып, ризашылығын білдіріп жатады, - деді Туленова.
Ол өз сөзінде отбасы, әулет туралы әңгімелерді айтып, оның тарихын құнттап жазып алғанды жақсы көретінін жеткізді. Сөзінше, өйткені әулет тарихын бүтін бір отбасының тағдырын сөз еткен әңгімелерді тарих кітаптарынан кездестіре алмайсыз.
Сұқбаттасушылар «Біздің отбасындағылардың осындай әдеті бар, бәріміздің мінезіміз осындай, бұл отбасылық қарғыс болуы мүмкін» дегенді жиі айтады. Олардың мінез, әдет, қарғыс деп атап отырғандары ата-тегімізден мирас болып қалған тылсым жайт. Оған тереңірек үңілсек, ата-бабамызға, өмірге деген өкпе-ренішті сондай-ақ әр күнгі ғажайыпқа сүйсінуді де таба аламыз. Өмір жолымызда кездесетін қиындықтар мен түрлі кедергілер де осы ататек жарақаттарынан туындауы мүкін. Бұл жарақаттар атадан балаға беріліп, өмірімізге теріс әсерін тиігізіп те жатады. Оларды жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан ауруын жасырған өледінің кебін келтірмей, ата-тегіміздегі небір ауыр оқиғаларды қабылдап түсінгеніміз өте маңызды, - деп есептейді Гүлназ.
Америкалық ғалым Джудит Германның айтуынша, соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін сынды келеңсіз оқиғалардан туындаған ұжымдық психологиялық жарақаттар көбіне ұрпақаралық жарақатқа айналады. Ата-әжесі әке-шешеге, ал олар сәйкесінше балаларына қысым, зорлық-зомбылық арқылы да травма жасайды. Өзінің «Травма және қалпына келу» кітабында Джудит постравматикалық күйзелістің күнделікті өмірде қалай әсер ететінін және оның кейінгі ұрпаққа қалай берілетінін баяндайды. Оның ойынша, соғыстың қасіреті соғыс біткеннен кейін басталады. Яғни ата-бабамыз басынан өткерген бақытсыз жағдай, ауыр азап құмға сіңген судай жоқ болып кетпейді, ол тек жадында ізін қалдырады да, сосын тұрмыста тәрбие, қарым-қатынас арқылы келесі ұрпағына тарайды және алған травмаға негізделе отырып оны ұрпағы да қайталайды.
Ұрпақаралық жарақаттар тек соғыс, ашаршылықпен шектелмейді. Ұзақ уақытқа созылған күйзеліс пен ата-бабамыздың түн ұйқысын төрт бөлген келеңсіз оқиғалар травма болып, кейінгі ұрпаққа таралады. Ғалымдардың айтуынша, адам 200-210 күнге ғана дейін стресске төтеп бере алады, ал сосын ол травмаға айналып, тіптен ұрпақаралық травмаға да айналуы мүмкін. Травма дегеніміз адамның белгілі бір оқиғаға реакциясы және оны көбіне психика бұрмаланған түрде сақтап қалады, - дейді ол.
Соғыстың ұрпақаралық жарақаты қандай болады?
Зерттеуші Екінші дүниежүзілік соғыстың ұрпақаралық жарақаты біздің өмірімізге қалай әсер еткенін талдап көрді.
Менің атам 19 жасында майданға аттанып, Сталинград маңындағы шайқасқа қатысқан. Соғыс біткен соң 24 жасында жарақат алып оралған. Кейін шаңырақ көтеріп, колхоз құруға атсалысқан. Онда бас есепші деңгейіне дейін көтерілді. Атам мықты есепші ғана емес, сонымен қатар ағаштан түйін түйген шебер де болған. Ол кісінің жасаған жиһаздары қара шаңырақта, қарындастарының үйінде сақтаулы тұр. Тіпті оларды әлі күнге дейін қолданып жатады. Ал әкем атама тартпаған. Бірақ, бір қызығы, мен жөндеу жұмыстарын, үйді безендіргенді жақсы көремін. Бәлкім, бұл қасиет маған атамнан берілген болар, - деп айтты Гүлназ Туленова.
Неврология, психиатрия саласындағы білікті ғалым, профессор Рейчел Йехуда өз зерттеулерінде жарақаттың биологиялық және генетикалық аспектілерін жан-жақты қарастырған. Ол Холокост құрбандары мен 9/11(11 қыркүйек) оқиғасын бастан кешкен жандардың және олардың ұрпақтарының ДНҚ-сын зерттеген. Сонда стресс тудыратын ақуыздар өзгерісі пайда болатынын, ол генетикалық түрде берілетінін анықтаған. Өзге де эпигенетика зерттеушілері бұл қорытындымен келіседі. Қандай да бір жарақат оны бастан кешірген адамның бойында генетикалық із қалдырады.
4-5 жыл бұрын Эрих Мария Ремарктің атақты “Батыс майданда өзгеріс жоқ” кітабын оқыған едім. Жазушы соғыстың ауыр азабын, оның адамзатқа тигізген зардабын шынайы суреттегені сонша оқып отырып, атамның жанын түсінгендей болдым да, көз жасыма ерік беріп, әбден жыладым. Сұрапыл соғыс адамның тәніне ғана емес, жанына да жазылмас жара салған екен ғой. Мен атам туралы көп білмеймін, бірақ ол өте қатал және мінезі шатақ кісі болған деп естідім. Атамның 11 баласы болған. 46 жасында кенже баласын, яғни әкемді көрген. Сосын 52 жасында өмірден өткен. Әкем жеткіншек кезінде ата-анасынан айырылып қалып, жетімдіктің зарын тартқан. Бізге өмірбаянын айтып, көп шер тарқатпайды, дегенмен әкем бауырларына ризашылығын білдіріп отырады. Әкем жақындарынан аз қолдау көрген, кішкентайынан еңбекке араласып, өзін-өзі асырап-жеткізген, - дейді зерттеуші.
Тихамер Бако мен Каталин Зана өз еңбектерінде жарақаттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуінің бес факторын анықтаған.
Олар:
1. «Травма болған оқиға кезінде адам неше жаста болды? Жасөспірім бе еді, әлде ересек пе?» деген мәселелер қарастырылады.
2. Келеңсіз оқиғамен күресуге, оны талдауға және жеңуге адамның психологиялық ресурсы болды ма?
3. Ұқсас оқиғаларға алдын ала әсер ету. Адам бұрын осыған ұқсас немесе байланысты оқиғаларды бастан кешірген бе?
4. Отбасы, достар немесе айналасының қолдау көрсетуі. Адамды қолдап, қиын кезде қуаттағандар болды ма?
5. Қиын кезеңде адамның білім алу, рухани құндылықтарға діни рәсімдер қолжетімді болды ма?
Осы аталған бес факторды соғысқа қатысқан атамның және оның балаларының кейсінде талдасақ. Жоғарыда айтқанымдай, атам 19 жасында соғысқа аттанып, бес жылдан кейін оралған. Қарап тұрсаңыз, адам бұл жасында өзіне қайдан психологиялық көмек бере алуы мүмкін? Ал айналасындағы жандарға келсек, 30-жылдардағы ұжымдастыру, ашаршылық зұлматынан ес жиып үлгермеген халық соғыс қасіретіне дайын болды деп ойлайсыз ба? Сол кезеңде еңсесі езілген елдің рухын көтеретіндей рухани азық, психолог мамандар, кітаптар, вебинар, лекция мен подкасттар, уағыз айтып, қанаттандырған діни тұлғалар болды ма? – дейді Гүлназ.
Зерттеушінің сөзінше, адам өміріне қауіп төнген шақта жанын аман сақтап қалу үшін сана биіктігін, рухани құндылықтарды көп жағдайда ысырып қояды. Егер сіздің отбасыңызда да соғысқа қатысқан ата-әжеңіз болса, байқап көріңізші, әулетіңізде үнемі күресіп, ұрысып-керісіп жүрген туыстарыңыз бар ма? Себебі ұзақ уақытқа созылған соғыс адамның психикасында жау іздеу және олардан қорғану деген әдетті қалыптастыруы мүмкін. Соның әсерінен адам әрдайым өзіне жау іздеп табуға бейім болады.
Сонымен қатар күйзелістің шырмауына шырмалғандар травма алған жандардың ұрпақтары өзін іштей біреуге борышкер сезініп, күйзелуі де мүмкін. Өйткені соғыста өзгелердің опат болғанын көзімен көргендер аман қалғанына қуанудың орнына, өзін өлгендердің алдында қарыздар сезінеді. Елге оралған соң тұрмысы тұралап қалған ауылды, азып-тозып, аңыраған жұртты көреді де, оны қалпына келтіруге тырысады. Бұл өзге біреуге борыштымын деген сезімін бекіте түсіп, түпсанасында сақталып қалады.
Соғыс кезі, одан кейінгі бейнетті жылдар біздің ата-әжелеріміздің иығына ауыр жүк артты. Бірақ олар мұны қалыпты жайт ретінде қабылдады. Өйтпесіне болмады да. Сосын осы ойды балаларының санасына да сіңірді. Мен ылғи өзімді біреуге борышты санап, өзгенің алдында кінәлі сезінетінмін. Неге өзімді олай ұстайтынымды білмеймін. Есейе келе психолог маманмен бірге талқылап, оның түптамыры неде екенін ұзақ іздеп, дал болғам. Атасы соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткендердің ұрпақтары үнемі өзіне қауіп төніп тұрғандай сезініп, үрейленіп жүреді. “Мына әлем қауіп-қатерге толы” деген ой түпсанасында берік орныққан. Сосын оларда өзекті өртеген өкініш сезімі де жиі болады, - деп айтты тарихшы.
Травмаларды қалай емдеу керек?
Терапия – өмірде жауабын таппай қиналып жүрген түйткілді мәселелерді, осы және тағы да басқа травмаларды түсініп, қабылдау, емдеу үшін өте тиімді әдіс. Джой ДеГрай және Томас Хабл сияқты ұрпақаралық жарақатты зерттеушілер өткенді қабылдап, бүгінгі күннің рахатын сезінуде және болашақта өзіңіз армандайтындай өмір сүруде терапия таптырмас құрал, әсіресе топтық терапияның маңызы зор екенін атап өтеді. Алайда 20 миллион Қазақстан азаматы немесе Жер бетіндегі 8 миллиард адамның барлығы терапиядан өте алмайтыны айдан анық, - дейді зерттеуші.
Белгілі ғалымдар Тихамер Бако, Каталин Зана “Үнсіздік, өткенді ұмытуға тырысу және өткеннен ұялу өте зиян әрі бізге кері әсерін береді” дейді.
Гүлназ Туленова генетикалық жадта сақталған үрей-қорқыныштан арылу үшін 3 әдісті бөлісті.
Біріншісі – зерттеңіз, оқыңыз, сұраңыз, бөлісіңіз. Травманы бастан кешкен жандардың ұрпақтары ретінде біз өзіміздің шығу тегімізді зерттеп, қызығуымыз қажет. Білген оқиғаларыңызды өзгелерге бөлісуіңіз керек. Сіз “менің тарихым кімге керек?” деуіңіз мүмкін, әйтсе де ол басқа адамдардың жарасын емдеуге де көмектесетінін ұмытпаңыз.
Екіншісі – мейірімді болыңыз. Егер біреу өзінің жан қиналысын айтса, оларды сынға алмауымыз керек. Керісінше, бұл ісін жоғары бағалап, қолдауымыз қажет. Үнсіздік, елемей қою және жанашырлық танытпау, яғни немқұрайлы болу травманы одан сайын күшейте түседі.
Үшіншісі – автор болыңыз. Мұны кеңінен түсіндіре кетейін. Бұл өмірде төрт құбыласы түгел жан жоқ, бір кем дүние. Әркімнің ішіне бүккен мұңы, жан-жарасы бар. Оның үстіне, біз талай тауқыметті көріп, соғыстың құрбаны болған буынның ұрпағымыз. «Адамның күні – адаммен» дегендей, ұрпақаралық жарақаттар да айналамыздағы адамдардың көмегімен емделеді. Егер біреу сізге жан дүниесін ақтарып, сырын ашып айтса, жанашыр жүрекпен тыңдаңыз. Көңіліңізді құлазытқан келеңсіз оқиға болса, оны айтудан тартынбаңыз. Егер қысылсаңыз, онда өнердің қандай да бір түрі арқылы сезіміңізді сыртқа шығарыңыз. Ол музыка бола ма, өлең-жыр ма, сурет пе, әлде деректі фильм бе, бәрібір. Өнер туындысы сіздің буырқанған сезімдеріңізді тап басып, жан жараңызды жеңілдетуге көмектеседі. Сондай-ақ жарасына ем іздеген өзге де адамдарға дәру бола алады.
Жүрегі ашық, травмасынан айыққан адам туыстарымен, көршілерімен, әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста болады. Теріс энергияны және қарғыстарды позитивті жүйеге бағыттай алады. Бойындағы ашу-ыза, өкпе-реніш, негативті дұрыс басқара алады және айналасын ізгілендіріп, өзін игі жақсылармен қоршауға тырысады. Сонымен қатар бұл бір рет қана жасап қоя салатын дүние емес, бұл біздің өмір сүру салтымызға айналуы керек. Менің арманым – оқушылар ата-әжелері бар болса, олардың көзі тірісінде сұқбаттасып, ел тарихын микротарих арқылы зерттей отырып, өз отбасының, әулетінің тарихын зерделей алса екен деймін, - дейді тарихшы Гүлназ Туленова.
Ол өз әулеті тарихын 22 жасында зерттей бастаған. Гүлназ кеш бастадым деп ойламай, керісінше өз тарихыңа үңіліп, ата-әжелеріңнен берілген травманы танып-біліп, түсініп, үйлесімді дамудың қандай бақыт екенін түсінген. Зерттеуші бұл жұмысты үйде ініңізбен немесе бауырыңызбен туған-туысқандарыңыз туралы әңгімеден бастауға болатынын айтты.