Ұлытау өңірінің кереметі: Ақжар таулары туралы естуіңіз бар ма

Жүз рет естігенше, бір рет көруге тұрарлық жерлердің бірі – Ақжар таулары. Оны «Қызыл» таулар, кейде «Ақжал» борлы шатқалы деп те атайды. Көздің жауын алатын ерекше Ақжар Ұлытау облысында орналасқан.

BAQ.KZ тілшісі «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірге Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне барып, өңірдің тылсым көріністерімен танысып қайтты.

Ақжар тауларында қызыл, сары түсті ерекше төбелер бар. Әсіресе күннің көзі шыққанда олар ерекше түске боялады.

Қызыл-сары төбелер сазды топырақ пен гипс қоспасының әсерінен пайда болған. Бұл маңда қатты ыстық күн мен ылғалдың жоқтығынан өсімдіктер мен жануарлар өте аз.

Ақжарда шұңқырлар мен үлкенді-кішілі ойпаттарды жиі кездестіруге болады.

Шоқылардың үстіңгі қабатында кристалданған гипс көп.

Ақжар тауларына жету үшін алдымен жол талғамайтын көлікті қамдаған дұрыс. Өйткені Ұлытау өңіріндегі туристік нысандарға апаратын жол тасжол емес.

Сонымен қатар жергілікті гид қызметіне жүгініп, экспедиция тобымен бірге саяхаттауға болады.

Ақжар тауларына бару үшін алдымен Ұлытаудан Қорғасын ауылына дейін жетіп алу қажет. Қорғасын шағын ауыл. Онда шамамен 200-дей адам тұрады.

Қорғасын ауылы – Шеңбер ауылдық округінің орталығы. Ауыл Ұлытау аймағының солтүстік бөлігіндегі ең ірі елді мекендердің қатарына кіреді. Бұл – Қараторғай өзенінің аңғарымен, Тамды және Сарыторғай өзендерінің бойымен Ақжардың өзіне жеткізер жақсы бағдар. Ұлытаудан Қорғасынға дейін 90 шақырым. 

Ал ауылдан Ақжарға дейін шамамен 18 шақырым, жол жарты сағаттай уақытты алады.

Ауылда туристерді қабылдайтын қонақ үйлер бар. Ол жерден үйдің тамағынан дәм татып, самаурын шайын ішіп келуге болады.

Экспедицияға келген елордалық және алматылық журналистер мен туристік агенттіктер өкілдері жол-жөнекей Қорғасын ауылына тоқтап, Қалмажиттер үйіне соғып кетті.

Ұлытау өңіріндегі туризм сарапшысы және гид Сағадат Мұхамбетов ауылда туристерді күтіп алатын қонақ үйді ашу идеясы қайдан келгенін айтты.

Алғашында бұл үйге туристер әкеле бастадым. Қалмажиттер әулеті оларды құдайы қонақ деп күтіп жүрді. Туристер ақша ұсынса алады, ұсынбаса, «жақсы», «рақметпен» шығарып салып отырды. Кейін туристер легі көбейе бастаған соң, әр туристің таңғы асына, түскі асына бөлек баға қою ұсынылды. Өйткені әр келген кісіні тегін күтіп ала берсе, азық-түлік те жетпейді. Себебі ауыл шалғайда жатыр. Қазір әр келген кісіге бір мезгіл тамағына 3000 теңгеден, 5000 теңгеден. Баға адам санына байланысты да болады, - деп айтты туризм сарапшысы.

Қалмажиттер әулеті ауылда мектепте жұмыс істейді. Демалыс күндері үйінде жолаушыларды күтеді.

Бұл кәсіпке биыл ғана кірістік. Былтыр да бірнеше қонақ келген. Бірақ биыл көптеп келіп жатыр. Қандай тамаққа тапсырыс береді, соны алдын ала дайындап қоямыз. Қонақтар көбіне ұлттық тамақтарды дайындауды тапсырады. Былтыр Атырау, Ақтөбеден, тіпті шетелден де туристер келді. Әулетімен келіп, өңірімізді аралап кететіндер де аз емес. Үйге қонақ келсе, ширай түсесің емес пе... Үйің жиналып, тамағың үнемі дайын тұрады. Қонақтар қазақтың тамағын жақсы көреді. Мысалы, ет, қуырдақ, бауырсақ, құймақ, құрт, май, қаймақ. Қонақтарымыз ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтып жатады. Ренжіп кеткен қонақ көрмедік. Түнеп кеткісі келетін қонақтарға да үйдің төрінен орын табылады, - деп айтты Жаңыл Ізбасова.

Қорғасын ауылында шамамен 50-60 үй бар. Тұрғындардың негізгі шаруашылығы – мал өсіру. 

Азық-түлікті Жезқазғанға барып алады. Жол 210 шақырым. Оған шамамен 4 сағат уақыт кетеді. Себебі жол нашар.

Тұрғындардың сөзінше, ауылда байланыс бар. Бірақ мобильді интернет ұстамайды.

Ауылда мектеп, аурухана, әкімдік бар. Тұрғындар басқа ауылдарға қарағанда жағдай жақсы екенін және ауылда жұмыссыз адам жоқ екенін айтты.

Тұрғындар сүт өнімдерін сатып та пайда табады. Мысалы, құрт, май, ірімшік. Келген туристер де сауда жасап кетеді.

Сөзінше, бұл қонақ үй иелері ыстық тамақтан бөлек, көлік және гид қызметін де ұсынады.

Айта кетейік, Ақжарға Сарлық ауылы (Амангелді) арқылы да баруға болады. Сарлық Қарағанды облысы Амангелді ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Ұлытау ауданынан 36 шақырым жерде орналасқан.

Ақпараттық тур Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті (ОШЖДК) мен БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) «Тұран жолбарысын реинтродукциялау және Ұлытау тау жотасының табиғи және тарихи-мәдени нысандарын қорғауға көмектесу» жобасы аясында өтті. 

Экскурсияны QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы