Ұлттық психология. Қазақ неге қазадан кейін бір жыл қара жамылған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі психолог-маман Нұргүл Молдабайқызымен ұлттық психология тақырыбымызды одан әрі сабақтады.
Бұл жолғы сұқбат барысында ұлттық психология мен халқымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерінің сабақтастығын сөз еттік.
Егер мүмкіндік болса мен қазақтың қара жамылу салтын заңдастырар едім. Себебі бұның астарында үлкен психологиялық шешім жатыр. Яғни бір жыл бойы қара жамылып, көңілдегі кірбің мен көкіректегі қайғыны толық тарқату – сол қайғырған адамның жанын ғана емес тәнін де сауықтырады – дейді Нұргүл Молдабайқызы.
Оның пайымдауынша қазақтың салт-дәстүрінің астарында көзі ашылмаған психологиялық бұлақ көп.
«Біздің жарақатымыздың астында қатпарланып, көзі ашылмай салт-дәстүрлеріміз жатыр. Сондықтан қазақтың қазақ болуы үшін қазақ кім болып еді және оны кімге айналдырып жіберді деген мәселеге келуіміз керек. Біздің өмірден түйген инсайттарымыз (мақал-мәтелдер – Е.Ж.) бар. Соларды талдап, халыққа түсіндіріп, бәлкім мектепте сабақ ретінде өте ме, оны мен білмеймін, бірақ қалай болғанда да соның астарын түсіндіруіміз керек. Сол кезде біз өз бастауымызға ораламыз деп ойлаймын – дейді психолог.