ҰБТ-2022: Өзгерістер мен жаңашылдықтар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектеп бітіруші түлектер білімін сынап, еліміздің таңдаулы университеттеріне оқуға түсу үшін ҰБТ тапсырады. Негізгі ҰБТ-2022 16 мамырда басталды және ол 5 шілдеге дейін жалғасады. 

Биылғы ҰБТ-ға енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтар жайында білу үшін Білім және ғылым министрлігіне ресми сауал жолдаған болатынбыз. Осы ретте вице-министр Қуаныш Ерғалиев ҰБТ төңірегіндегі жаңалықтар жайында мәлімет берді.

ҰБТ қандай форматта өтеді?

Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы карантин режиміне байланысты тестілеу қатаң санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып енгізілді.

Хабар 24

Ал 2021 жылы ҰБТ электронды форматқа көшірілген болатын. Енді биыл да осы жаңа форматта жұмысын жалғастырады.

ҰБТ-2022 электронды форматта өтіп жатыр. Негізгі ҰБТ-ға осы жылғы мектеп түлектері, орта білім беру ұйымдарының және колледждердің алдыңғы жылдарғы түлектері және т.б. категориялар қатыса алады. Форматы және пәндер саны бойынша ешқандай өзгеріс жоқ. Әдеттегідей 5 пән, оның үшеуі негізгі міндетті пәндер, екеуі профильдік таңдау пәндері. Ал тапсырма саны - 120 сұрақ, өткізу уақыты – 4 сағат, - деп айтты вице-министр Қуаныш Ерғалиев.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстан тарихынан - 15, математикалық сауаттылықтан - 15, оқу сауаттылығынан - 20 және екі бейіндік пәннен - 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140.

Осы жылдың түлектері үшін аса маңызды жаңалықтың бірі – талапкерге негізгі ҰБТ-ны тапсыруға екі мүмкіндік берілуі. Яғни енді түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, жақсы нәтижсінің біреуін таңдап, грантты бөлу конкурсына қатыса алады. 

БҒМ ҰБТ 16 мамырдан бастап 5 шілде аралығында өтіп жатқанын мәлімдеді. 

Сонымен қатар үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Шекті балл қанша

Шекті балл «Құқық» білім беру саласы үшін 75 балға өзгерді. Қалған салалар бойынша өзгерістер жоқ.

- Педагогикалық мамандықтар бойынша - 75 балл;

- Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету салалары бойынша - 65 балл;

- Ауыл шаруашылығы, ветеринария салалары бойынша - 60 балл;

- Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – 65 балл;

- басқа жоғары оқу ұйымдарына - 50 балл.

ҰБТ сұрақтарының базасына «Қазақстан тарихы» пәні бойынша тест тапсырмаларының саны өзгеріссіз сақтала отырып, контекстік тест тапсырмалары енгізілді, - деп атап өтті вице-министр.

Primeminister.kz

Қанша грант бөлінеді

Министрліктің дерегіне сәйкес биыл бакалавриатқа 73 061 грант бөлінеді. Ал мектеп бітірушілердің саны 170 мыңнан асады. 

Кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ел экономикасының салалары үшін кадрларға қажеттілікке орта мерзімді болжам негізінде қалыптастырылады. Еңбекмині неғұрлым сұранысқа ие кадрларды анықтау бойынша талдау жүргізеді. Онымен қоса, өңірлердің және жалпы республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, білікті кадрларға қажеттілікке есеп жүргізіп, салалар бөлінісінде, оның ішінде өңірлер және даярлау бағыттары бойынша еңбек ресурстарына сұраныстың жай-күйін бағалайды, - делінген Қуаныш Ерғалиевтің жауабынды.

Биылғы оқу жылына  88 214 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде бакалавриатқа 73 061, магистратураға 13 263 және докторантураға 1890 грант. 

Жалпы 2022-2023 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу 2021 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген. 

Ал грант өнірлерге жеке бөлінбейді, ол жалпы конкурс негізінде анықталады. Яғни грант студентке беріледі, - деп айтты ол.

Квота қалай бөлінеді

Бізде негізгі 9 квота бар. Олардың ішінде:

1) І, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1%;

2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін – 0,5%;

3) ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 30%;

4) ҚР азаматты емес, бірақ ұлты қазақ адамдар үшін – 4%; (Қандастар квотасы)

5) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР-ның азаматтары үшін – 1%;

6) ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтары үшін – 10%;

7) кәмелетке толмаған төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін – 5%;

8) кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасы балалары үшін – 1%;

9) бала кезінен мүгедек балаларды, бірінші және екінші топтардағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1%.

Студент таңдаған университет жабылып қалмай ма?

Ерғалиевтің сөзінше, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдары мен әскери, арнаулы оқу орындарды қоспағанда, аккредиттеу тоқтатыла тұрған, кері қайтарылған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда осы университеттің білім алушысы бір ай мерзімде оқуын жалғастыру үшін басқа университетке ауыстырылады.

Болон және Копенгаген процестерінің негізгі міндеттерінің бірі білім беру ұйымдарын институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу арқылы сапаны бағалаудың бірыңғай жүйесін дамыту болды. Еліміз жоғарыда көрсетілген процестердің қатысушысы бола отырып, аккредиттеуді білім беруді дамытудың ұзақ мерзімді перспективасындағы стратегиялық міндеттердің бірі ретінде айқындайды. Бұл норма студенттерге сапалы жоғары білім беруге, сондай-ақ қазақстандық жоғары мектептің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған, - дейді БҒМ өкілі.

bilimdinews.kz

ҰБТ: Ережені бұзғандардың нәтижелері жойылады

Биыл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізіледі. Талапкердің жұмыс орнында негізгі камерадан басқа тұлғаны анықтауға (Face ID) және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін қосымша алдыңғы веб-камера орнатылған.

Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы, егер бірінші тапсыруда ереже бұзылса, екінші тапсыру мүмкіндігі жойылады. Екінші тапсыру кезінде ереже бұзсаңыз, екі рет тапсырған нәтижең де жойылады.

Академиялық адалдықты сақтау үшін талапкерлердің тест нұсқасы белгіленетінін, яғни әрбір ҰБТ-ға қатысушының тесттердің жеке нұсқасы болатынын ескеріңіз. Талапкерлер ережелерді бұзған және аудиториядан тыс тест тапсырмаларын қабылдау әрекеті болған жағдайда олардың нәтижелері жойылады.

«Ерекше» балаларға қосымша 40 минут беріледі

Биыл талапкерлерге ҰБТ тапсыруға қосымша қолайлы жағдай жасалып отыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тестілеуге 40 минут қосымша уақыт беріледі. Сонымен қатар олар үшін суреттерсіз, диаграммаларсыз және схемаларсыз сынақ нұсқалары әзірленді.

Одан бөлек, ҰБТ кезінде компьютер экранында калькуляторын, Менделеев кестесін және металдардың бірқатар белсенділігі қосылған тұздың ерігіштігі кестесін қолдану мүмкіндігі беріледі.

Вице-министрден түлектерге кеңес

Құрметті түлектер! Сізге «жаңа Қазақстанды» құрудың бірегей мүмкіндігі беріліп отыр. Сіздердің идеяларыңыз, мақсаттарыңыз бен ұмтылыстарыңыз міндетті түрде еліміздің дамуында көрініс табатынына сенімдімін. Болашақтың болжанбайтындығына қарамастан, жоғары кәсіби кадрлар әрдайым сұранысқа ие екенін есте ұстаңыз. Сіз теміржолшы болып, әлемдік жұлдыз бола аласыз. Бәріне еңбек, ұмтылыс және сүйікті ісіңізге деген қызығушылықтың арқасында қол жеткізуге болады. Өзіңізге және өз күшіңізге сеніңіз және білім жолында тоқтамаңыз. Уақытты жаңа білім мен дағдыларға айналдырыңыз. Өмір жолыңызда қандай қиындықтар кездессе де, олардың барлығын жеңуге болатынын әрдайым қаперіңізде ұстаңыз, - деп түлектерге ақылын жолдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы