Қазақтың дәстүрлі емін брендке айналдырамыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бурабайда «Шипажай – 2019» IV халықаралық практикалық форумы өтті. Форум барысында болашақта қазақтың дәстүрлі емі патенттеліп, «Қазақ емі» жобасы іске қосылатыны айтылды.

Форум Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының тапсырысы бойынша, ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Шараға денсаулық сақтау өкілдері, шипажай басшылары және Шараға Швейцария, Германия, Чехия, Венгрия, Грузия, Литва, Ресей мемлекеттерінен үздік мамандар келді. 
 

 

 

 
«Қазіргі уақытта заманауи медициналық технология бар және дұрыстап емдеуді үйрендік. Біз жүрекке ота жасап, дене мүшелерін ауыстыра аламыз. Мұның бәрі бір апта шамасында жасалады. Ота жасалған соң науқас ауруханадан шығып, өз-өзімен қалады. Оның ары қарайғы күтімі, қатарға қосылып кетуі, жарасының тезірек жазылуы әр науқастың өз қамқорлығында қалады. Біздің мақсат – осы мәселеге көңіл аудару», - дейді Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой. 
 

 

 

 
Орталық басшысының айтуынша, ауруханадан шыққан әр науқасқа оңалту жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Мұндай жағдайда науқас жұмысына жылдамырақ оралып, қатарына да ертерек қосылып кетеді және өмір сапасы артады. 
 

 
«Қазақстанда шипажайлық-курорттық емдеу-сауықтыру қызметін көрсететін 17 жер, 173 оңалту кешені, 75 шипажай бар. Олардың бағыты да, деңгейі де әртүрлі. Біздің міндет – оларды реформалап, стандарттау және кадр мәселесін, емдеу тәсілдерін ретке келтіру. 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен бірге, бізге жаңа тарифтік саясатты есепке ала отырып, шипажайлық-курорттық саланы одан әрі дамыту мәселесін шешу қажет», - дейді Алексей Цой.

 
Қазіргі уақытта ота жасалған баллар мен мүгедектерге оңалту жұмыстары жүргізіледі, ал болашақта ота жасалған, күтімді қажет ететін әрбір адамға оңалту шаралары жасалатын болады. 
 

 
Қазақстандағы әр шипажайдың өз ерекшелігі бар: бір жерінде суы, бір жерінде батпағы шипалы. Біздің табиғатымыз денсаулыққа қажетті компоненттерге бай, соны стандарттап, халыққа ұсынуымыз қажет. 
 

 

 

 
«Бұл – кәсіпкерлер үшін де табысты бизнес. Өйткені қазіргі уақытта шипажайларға халық жыл мезгілін таңдамай, кез келген уақытта бара бастады», - дейді Орталық басшысы. 
 

 
Сондай-ақ, Алексей Цой жақында «Қазақ емі» бренді іске қосылатынын айтты.

 
«Алдағы уақытта көшпенділер өркениетіндегі емдеу жолдарын жандандырамыз. Көбі қазақтың дәстүрлі медицинасы бар екенін біле бермейді. Әртүрлі шөптермен, шұбат, қымыз сияқты ұлттық сусындармен емдеу де осы салаға кіреді. Мұндай ем түрлерін патенттеп, өзіміздің шипажайларымызда қолданатын боламыз. Әр адамда қандай ем түрін қабылдау керектігі туралы таңдау мүмкіндігі болуы керек керек. Халық емімен емделетіндердің саны аз емес. Әрине, кез келген халық емін патенттей бермейміз, қандай да бір ем түрін ұсынған адам оның емдік қасиеті бар екенін алдымен ғылыми түрде дәлелдеуі керек», дейді ол. 
 

 

Форумда Іс басқармасы Медициналық орталығы Венгрия елшілігімен және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


© baq.kz, 2019. Автор: Зарина Қаһарманқызы
 

 

 

Материалды ешқандай формада көшіруге болмайды. Автор және меншік иесі тарапынан болатын претензияларда -  көшірме зардабынан жоғалған қаржылай шығындар қосымша көрсетіледі. 

 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы