Тоқаев 9 айда үш рет мемлекеттік сапарға шықты

2019 жылдың 19 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отставкаға кететіні туралы жариялады.


Фото: akorda.kz

20 наурызда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясына сәйкес ант қабылдап, ел президенті міндетін атқара бастады.


Фото: akorda.kz

Осылай Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы іссапары жаңа жылда – 23 наурызда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барумен басталды.


Фото: kremlin.ru

Ал шетелдік ресми сапарын алыстан емес, жақындағы Ресей Федерациясына жоспарлап, 3 сәуірде Мәскеуде президент Владимир Путинмен кездесті. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Мемлекет басшысының шетелге екінші сапары Ташкентте жалғасты. 14 сәуірде мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барып, Шавкат Мирзиёевпен кездесіп, 15 сәуірде Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсіміне қатысты.

Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша 9 құжатқа қол қойылып, Шавкат Мирзиёев сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін Жол картасы бекітілетінін айтты.


Фото: akorda.kz

9 маусым Қазақстан тарихында атаулы күн болып қалды. Себебі осы күні елімізде президент сайлауы өтіп, халық таңдауын жасады.

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласындағы №115 сайлау учаскесіне ("Астана Опера" театры) барып, дауыс берді.


Ал Тұңғыш президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Президентін сайлау рәсіміне қатысып, дауыс берді.

10 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының қорытындылары бойынша отандық және шетелдік журналистер үшін баспасөз конференциясын өткізді.

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, сайлаудың жоғары деңгейде, ашық әрі әділ өткенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау үдерісін 1000-нан астам халықаралық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ, 40-тан астам елден келген 350-ге жуық журналист бақылады.

Баспасөз конференциясына 66, соның ішінде 22 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының атынан 107 тілші қатысты. Өткен президент сайлауына, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатына қатысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа 30-ға жуық сұрақ қойылды. Соның ішінде мемлекет басшысы жеке мәселелерге байланысты бірқатар сауалға жауап берді.

13 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудан соң президент лауазымына отырғаннан кейінгі шетелге алғашқы сапары Бішкектен – ШЫҰ мүше мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамда өтетін отырысынан басталды. Саммит қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойды.


Фото: akorda.kz

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, сондай-ақ Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен екіжақты кездесулер өткізеді.


Фото: akorda.kz

Ертесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммитіне қатысу үшін Душанбе қаласына барды.

Сапар барысында Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмонмен және Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесті.

22 шілде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа мерзімді демалысқа шықты. Президент демалыс күндерін Қазақстан аумағында өткізеді.


Фото: akorda.kz

Демалыстан кейін ел ішінде бірнеше кездесу мен қабылдаулардан кейін 11 қыркүйекте Президент Қытай Халық Республикасына екікүндік мемлекеттік сапары аясында ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцеляриясының бастығы Ян Цзечимен кездесуден басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара сенім мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген тату көршілік қарым-қатынастардың қалыптасу тарихын атап өтті.

Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы аса ірі серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлелі – елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4% артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Біз бүгінгі Іскерлік кеңестің 6-отырысын екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестіктің зор әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды шара деп есептейміз... Баршаңызға мәлім, Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Бидай экспортының көлемін 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Қазақстан тұзын халықаралық нарықтарға экспорттау көлемі артып келеді. Біз Қытайға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Сонымен қатар қытай нарығына сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, сондай-ақ майлы дақылдар жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниеттіміз, - деді президент. 


Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды.

Араға 2 апта салмай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары АҚШ-тағы ықпалды талдау орталығы саналатын "Atlantic Council" ("Атлантикалық кеңес") ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған белгілі америкалық саясаткерлермен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесуден басталды.


Фото: akorda.kz

24 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы Жалпы дебаттарының ашылуына қатысты.

Жалпы дебаттардың ашылуы барысында БҰҰ-ның Бас хатшысы, Бразилия, АҚШ, Мысыр, Түркия, Нигерия, Мальдив, Катар, Швейцария, Хорватия, Боливия, Иордания, Оңтүстік Корея, Буркина-Фасо, Франция, Чили, сондай-ақ, Босния және Герцеговиния елдерінің көшбасшылары сөз сөйледі.


Фото: akorda.kz

БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының Жалпы дебаттарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуі Нью-Йорк сапарының басты оқиғасы болды.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруда елеулі кедергі келтіріп отырған әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты өзінің алаңдаушылығын білдірді.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының ресми іс-шаралары аясында АҚШ Президенті Дональд Трамппен қысқа кездесу өткізді.


Фото: akorda.kz

Әңгімелесу барысында екі ел көшбасшылары Қазақстан мен Американың кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуды жалғастыра беретінін атап өтті.


Фото: akorda.kz

1 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения астанасы Ереван қаласында бірқатар екіжақты кездесулерден кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты.

Кеңестің кеңейтілген отырысына Белорусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Сонымен қатар, шараға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы-мемлекет басшысы ретінде Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, құрметті қонақтар – Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани және Сингапур Республикасының премьер-министрі Ли Сянь Лун қатысты.


Фото: akorda.kz

Осы күні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев "Еуразия континентінің транзиттік әлеуеті" форумының жұмысына қатысты.

Мұндай форматтағы іс-шара ЕАЭО үшін жаңалық болды. Жоғары Еуразиялық экономика кеңесінің шешіміне сәйкес, мұндай форумдар төрағалық етуші тараптан әртүрлі тақырыптарда интеграциялық бірлестікке мүше-мемлекеттердің мүдделеріне сай өтіп тұратын болады.

Еревандағы форумда көлік-логистика саласын дамыту, ЕАЭО елдерінің транзиттік мүмкіндіктерін нығайту мәселелері талқыланды.


Фото: akorda.kz

11 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.

Мемлекеттер басшылары екіжақты кездесудің күн тәртібіндегі аймақтағы жағдай, әртүрлі халықаралық формат шеңберіндегі өзара іс-қимылдар секілді ауқымды мәселелер талқылады.


Фото: akorda.kz

Дәл осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары Кеңесінің отырысына қатысты.

Шараға Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің көшбасшылары қатысты.

Жиын барысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде көпқырлы өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, 2020 жылғы ТМД-ға төрағалық ету және ТМД Атқару комитетінің төрағасы туралы мәселелер қаралды.


Фото: akorda.kz

7 қарашада Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға келген Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті.

Мемлекеттер басшылары екіжақты қатынастарды дамытудың перспективалары мен өңірлік деңгейдегі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент Сооронбай Жээнбековпен бірге Бішкектегі "Ата бейіт" Ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барды.

Мемлекеттер басшылары 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарға орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойды.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қабіріне барып, рухына тағзым етті.


Фото: akorda.kz

5 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель келіссөз жүргізді.


Фото: akorda.kz

Қазақстан президентін ресми қарсы алу рәсімі Федералдық канцлердің ведомстволық ғимаратының алдында өтті. Қазақстанның, Германияның және Еуропалық Одақтың тулары көтеріліп, Бундесвердің бас оркестрі екі мемлекеттің әнұрандарын орындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель Құрмет қарауылын аралап шықты. Содан кейін екі елдің ресми делегациясының құрамы таныстырылды.

Салтанатты рәсімнің соңында Қазақстан президенті мен Германия Канцлері кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Келіссөздер барысында екіжақты байланыстарды жандандыруға және стратегиялық экономикалық серіктестік орнату перспективаларына баса мән берілді.


Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Германияға экспортталатын тауар көлемінің соңғы 8 айда 21,4%, яғни 2,258 миллиард еуроға төмендеп кеткенін, сарапшылар мұның себебін мұнай нарығындағы жағдаймен байланыстырып отырғанын сұрады.

Расында, мұндай үрдіс бар. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – осы жағдайды мейлінше өзгерту. Сондықтан келіссөздер барысында Канцлер ханымға бірнеше нақты ұсыныстарымды жеткіздім, - деп жауап берді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысына дуальді білім беру саласына қатысты екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективасына байланысты да сұрақ қойылды.

Дуальді білім беру жүйесінде неміс тәжірибесін қолданып келеміз. Алдағы уақытта білім беру саласында ынтымақтастықты жалғастыра береміз, - деді президент.

Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы