Су тасқыны. Желідегі фейк пен елдегі кейіп

Көктем келгелі еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болып, халық баспанасы мен малынан айырылды. Осындай сәтті қалтасын ойлап, халықты алдап-арбауға тырысып жатқандар да жоқ емес. Әлеуметтік желілерде өтемақыға байланысты түрлі жалған ақпараттар тарап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілерде қандай жалған ақпараттар тарап жатыр? Су тасқынынан зардап шеккендерге қандай өтемақы төленеді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төленіп жатыр ма?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендер жергілікті атқарушы органдардан, яғни әкімдіктерден біржолғы төлем алады.

Төлемдер мөлшері әр өңірде келтірілген материалдық залалды есептеу үшін құрылған арнайы комиссиялардың шешімі бойынша жеке белгіленеді.

Қандай құжат тапсыру керек:

- су тасқыны салдарынан айырылған мүліктің тізімдерін,

- залалды растайтын фото, бейнематериалдарды,

- жылжымайтын мүлік объектісін идентификаттау құжаттарын,

- басқа да құжаттарды қосып, әкімдіктерге өтінішпен жүгіну қажет.

Өтемақы төлеу рәсімі жөнінде неғұрлым толық ақпаратты тек жергілікті атқарушы органдардан алуға болады.

Қазақстанның барлық азаматтарына банктерден және Еңбек министрлігінен «өтемақы» төленеді

«Жеке сәйкестендіру нөміріңізді төлемдердің бар-жоғына тексеріңіз», «Сілтемеге басып, 3 млн теңгеге дейін өтемақы алыңыз», «Мемлекеттен тезірек жәрдемақы алыңыз» - әлеуметтік желілерде қаскүнемдер осыған ұқсас жалған ақпараттар орналастырып, қазақстандықтардың дербес деректерін қолға түсіруге тырысып бағып жатыр.

Бұл алаяқтықтың жаңа түрі емес, десе де алаяқтардың құрбаны болып жатқандар да жоқ емес. Fingramota.kz негізгі қауіпсіздік шараларын еске салады.

Жалған хабарландыруларды барынша шынайы етіп көрсету үшін алаяқтар қазақстандық банктер мен мемлекеттік органдардың атауларын пайдаланады. Мысалы, соңғы аптада Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілерінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Халық банкпен бірлесіп өтемақы төлейтіні, сондай-ақ Қаржы министрлігінің жаңа қаулысы шыққаны жөнінде хабарламалар жарияланып жатыр.

Вижуалда ұйымдардың логотиптері мен брендбук элементтері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының елтаңбасы пайдаланылады.

Алаяқтар адамдарды жаңылыстыру үшін әр жарнама постының астында «Жедел төлем үшін рақмет», «Ақша сол күні түседі», «Өтінімдерді шұғыл беріңіз» деген мәтінімен боттар түсіндірмелерін орналастырады.

Алаяқтардың басты мақсаты – азаматтардың «Толық» немесе «Өз өтемақымды тексеру» дегенді басып, фишингтік сілтемелерге өтуге мәжбүрлеу. Одан кейін пайдаланушы алаяқтық сайтқа тап болады, ол сайтта ақша алу үшін тіркеу ұсынылады. Ал бұл үшін ЖСН, банктік карталардың деректемелері, SMS-хабарлама сияқты дербес деректер енгізу қажет болады.

Азамат бұл талапты қалай орындайды, солай олардың деректері автоматты түрде алаяқтардың қолына түседі. Алаяқтар өз құрбандарының шоттарындағы бүкіл ақша қаражатын алуы мүмкін немесе «бөгдеге» кредит ресімдеуі мүмкін. Сондай-ақ күмәнді сайттарға өткеннен кейін хакерлік шабуылға тап болу тәуекелі бар, ол пайдаланушының құрылғысына шпиондық бағдарламалар орнатуға негізделеді. Алаяқтар осы қосымша арқылы онлайн-банкингке және басқа да құпия ақпаратқа қол жеткізе алады.

Рас-өтірігін атынан жалған ақпарат таратқан ұйымға хабарласып, білуге болады. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желіде араған ақпарат фейк екенін айтып, азаматтарды мұқият болуға шақырды.

Мемлекеттік қолдаудың тиесілі шаралары туралы ресми ақпарат 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар арқылы ғана таратылады. Азаматтарды ресми дерекөздеріне ғана сенуге шақырамыз, - делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

Алаяқтар кез келген нөмірлерді, оның ішінде төрт таңбалы нөмірлерді қолдан жасай алатындығын есте ұстаған жөн, сондықтан ұйымдардың жедел желілерінің нөмірін терген кезде ешқандай жағдайда SMS-хабарлама арқылы жіберілетін нөмір бойынша қайта қоңырау шалуға немесе сілтемелерге өтуге болмайды.

Өтемақы төлеу басталып кетті

Бүгінде табиғи апат салдарынан зардап шеккен азаматтарымызға өтемақы төлене бастады. Мысалы, 8 сәуірде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қанша тұрғынға төлем жасалғанын айтты.

Су тасқыны салдарынан үйлері зардап шеккен барлық ауыл тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Арнайы комиссия келтірілген шығынды анықтап жатыр. Оның соңғы қорытындысы 10 сәуірге дейін шығады. Нәтижесі бойынша зардап шеккен үй иелеріне бюджеттен тыс қаражат есебінен өтемақы төленеді, - деп айтты облыс әкімі брифингте.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов су тасқыны кезінде үйлері зардап шеккен барлық тұрғынға жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын тағы да еске салды.

Облыстың өзге аудандарында су тасқынынан мүлкі зардап шеккен тағы 71 адамға бюджеттен тыс қорлардан 38 миллион теңге көлемінде төлем жасалды. Сондай-ақ осы аптада зардап шеккендерге 100 АЕК-ке (369 200 теңге) дейінгі мөлшерде біржолғы мемлекеттік әлеуметтік төлем төленеді, - дейді ол.

Бүгін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов зардап шеккендерге біржолғы әлеуметтік төлемдер басталғанын жеткізді.

Біржолғы әлеуметтік төлемдер басталды, сондай-ақ демеушілік және гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Бүгінгі таңда 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшеріндегі әлеуметтік көмек 587 отбасына 107,3 млн теңге сомасында төленді, - деді Арман Әбенов.

Тағы қандай қауіпсіздік ережелерін білу керек?

  • Әрқашан банктің, мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан төлемдер туралы ақпаратты тексеріп жүріңіз.
  • Өзіңіздің жеке және банктік деректеріңізді, әсіресе картаның арғы бетіндегі үш санды және оның жарамдылық мерзімін жарияламаңыз.
  • Ақша туралы сөз қозғайтын бейтаныс адамдардың қоңыраулары мен хабарламаларына сенбеңіз.
  • Картаңыздың 3D-Secure функциясын өшірмеңіз.
  • Барлық транзакцияларды көріп отыру үшін мобильді қосымшадағы SMS- және push-хабарламаларды қосып қойыңыз.
  • Электронды поштаға және мессенджерлерге жіберілген қоса берілген белгісіз файлдарды ашпаңыз.
  • Алаяқтардың сайттарына өтуге мүмкіндік бермейтін вирусқа қарсы сенімді бағдарламаны орнату қажет.
  • Ақшалай қаражат тоналған жағдайда, құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгініңіз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы