Шымкент әкімдігі үшін қазақ тілі қымбат па, 30 млн теңге қымбат па?
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент әкімдігі қазақ тілін «менсінбейтін» іс-шараны ұйымдастыруға 30 млн теңге бөлді. Мұндағы іс-шара дегеніміз — 2022 жылғы 11 қыркүйекке белгіленген Шымкент марафоны болып отыр. Биыл Shymkent Marathon спорттық-бұқаралық іс-шарасы жетінші рет өтеді.
Әйткенмен, осы марафонның ресми Instagram-парақшасында мемлекеттік тіл — қазақ тілінде ақпарат жоқ. 1 наурызда марафон өтетіні туралы орыс тілінде хабарландырудан кейін 30 шақты мәлімет жарияланыпты. Барлығы орыс тілінде жазылған. Марафонды «Шымкент-Марафон» қоғамдық қоры өткізеді. Бірақ әлеуметтік желі парақшаларында қазақ тілінде ақпарат жарияламайтын іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында Шымкент әкімдігі де бар. Өйткені, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы осы марафонды өткізетін «Шымкент-Марафон» қоғамдық қорымен тікелей бір көзден сатып алу тәсілі арқылы 30 млн теңгеге келісімшарт жасасқан.
Шымкент әкімдігі қазақ тіліне қырын қарайтын іс-шараны қалай ғана қаржыландырғалы отырғанын білу үшін Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарласқанымызда, сұрақтарымызға Бұқаралық және инфрақұрылым бөлімі басшысы Мақсат Орынбаев жауап берді.
BAQ.KZ: Осы Шымкент марафонының әлеуметтік желілердегі парақшасында қазақ тілінде посттар жарияланбайды екен. Ұйымдастырушылардың бірі — Дене шынықтыру және спорт басқармасы қазақ тілінде посттар жарияланбауына қалай қарайды?
М.Орынбаев: Қазір олармен («Шымкент-Марафон» қоғамдық қоры — авт.) сөйлестік. Олар видеоролик, жарнама материалдарын дайындап жатыр. Орыс тілінде дайындалыпты. Енді қазақ тілінде дайындап жатыр. «Содан кейін шығарамыз» деді. Міндетті түрде екі тілде шығады. Мемлекеттік тілде және ресми тілде шығады.
BAQ.KZ: Осыған дейін қазақ тілінде пост жарияламады. Бұған не айтасыз?
М.Орынбаев: Бұдан былай қазақ тілі бірінші тұрады ғой. Уайымдамаңыздар. Оны өзім айтам. Қазір де «Бірінші қазақ тілінде жасаңыздар, сосын барып орысша жасайсыздар» деп айтып тастадым. Дұрыс, сіздің айтқан, қозғап отырған мәселеңіз өте орынды. Сізді қолдаймын. Енді бірінші қазақ тілінде тұрады, сосын орыс тілінде болады.
BAQ.KZ: Шымкент әкімдігі марафонды өткізуге мемлекеттік тапсырыс аясында биыл 30 млн теңге бөліпті. Бұл қаржы қандай мақсатта жұмсалады?
М.Орынбаев: Іс-шара өткізу шығындарына ғой
Әкімдіктен тікелей бір көзден сатып алу тәсілі арқылы 30 млн теңге алып, Шымкент марафонын өткізгелі отырған, бірақ әлеуметтік желі парақшаларын қазақ тілінде жүргізбейтін «Шымкент-Марафон» қоғамдық қорының пікірін сұрағанымызда, қордың маркетинг директоры Ержан Аққұлов тап қазір осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты.
BAQ.KZ: Шымкент марафонының әлеуметтік желілердегі парақшасында неліктен қазақ тілінде де посттар жарияланбайды?
Е.Аққұлов: Тап қазір осы мәселе бойынша жұмыс істеу барысындамыз. Штатқа қазақ тілінде дұрыстап мәтін жеткізе алатын, дұрыстап мақалалар жаза алатын мықты мамандар алып, жұмысымыздың бәрін толықтай екі тілде де жүргізуге бағыт алып жатырмыз. Құдай қаласа, жақын арада барлық материалды толықтай екі тілге өткіземіз. Мысалы, істеп жатқан жұмысымыздың кепілі ретінде shymkent-marathon.kz сайтын ашып қарасаңыз болады. Сол жерде бұрын тек орыс тілінде болатын. Биыл соны толықтай қазақ тіліне аударып, сайт екі тілде де жұмыс істеп жатыр. Яғни, сайтқа кірген кезде оң жақ жоғарғы бұрышында KZ RU деген екі батырма тұрады. Қайсысы ыңғайлы, соны басып тіркелсеңіз болады. Біз қазір барлық материалды өткізу үстіндеміз. Құдай қаласа, жақын арада барлық материал толық өтетін болады.
BAQ.KZ: Бұған дейін неліктен қазақ тілінде посттар жарияланбады?
Е.Аққұлов: Әрине, біз халықтың сұранысына мән беруіміз керек. Бұған дейін орыс тілінде сұраныс көп болатын. Сондықтан соған қарап материалдар жарияланатын. Алайда қазіргі таңда біз тек бір тілде ғана жүргізуге болмайтынын түсіне отырып, екі тілде де материалдар дайындап жатырмыз.
«Шымкент-Марафон» қоғамдық қоры өкілінің жауабы осы. Осы тұста айта өтер тағы бір жайт: Shymkent_marathon инстаграм-парақшасындағы посттарға бұған дейін қолданушылар қазақ тілінде де пост жариялауын өтініп, комментарийлар қалдырған. Алайда олардың өтінішін, талап-тілегін марафон ұйымдастырушылары елеусіз қалдырды.
Айтпақшы, Бұқаралық және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орынбаевтың сөзінше, биыл марафонның бұқаралық спортты дамытуда маңызы зор.
Қаламызда мыңдаған жүгіретін азамат бар. Олар бір жыл бойы дайындалады. Бұқаралық спортпен шұғылданады. Оларды демеу, ынталандыру үшін жүгіретін азаматтарға, марафонға қатысатын азаматтарға бұл іс-шараның маңызы өте орасан. Мұны жүгіретін, марафонмен шұғылданатын адамдар түсінеді. Бұл қаламыздың мәртебесіне де жақсы. Астана, Алматыда осындай үлкен марафондар ұйымдастырылып тұрады. Бұқаралық іс-шара. 5 мыңға жуық адам қатысады, — деді бөлім басшысы.
Shymkent Marathon 2022 іс-шарасына қатысу ақылы. Қатысуға құқық беретін жарна құны 4500 теңгеден басталып, 10500 теңгеге дейін жетеді. Сомасы қашықтық пен сатып алған уақытқа байланысты өзгереді. Жарна төлеген адамдарға сөрелік жиынтық пен финишер медалін, жеңімпаздарға ақшалай және заттай сыйлық береді.
Шымкент марафоны сияқты ауқымды іс-шараның бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпалы өте зор. Шымкент марафоны — өте үлкен іс-шара. Мұндай марафонға қатысқан әрбір адам өзін сондай үлкен іс-шараның бір бөлігі ретінде сезініп, таныстарына, жолдастарына, бәріне насихаттауға үлкен энергия алады. Шымкент марафонына дайындық кемі жарты жыл бұрын басталады. Мысалы, биыл Шымкент марафонын 11 қыркүйекте өткіземіз. Бірақ 1 наурыздан дайындыққа кірістік. Қажетті материал, медаль сияқты реквизиттердің барлығын дайындап жатырмыз. Жарнамасын да жүргіземіз. Әрине, ұзақ уақыт жүгіру, спортқа құлшынысты арттыру, салауатты өмір салтын дамыту деген сияқты үгіт-насихат жүргізіп отырамыз. Бұл әр адамға ықпалын тигізеді. Биыл Шымкент марафонына 4-5 мың адам қатысады, деген үмітіміз бар. Салыстыратын болсақ, былтыр 3 мың адам қатысты. Оның алдын 2500 адам қатысты. Жыл сайын қатысушылар саны өсіп отыр. Бұл — Шымкент қаласында, Түркістан облысында жалпы бұқаралық спортқа, жүгіруге деген қызығушылық артып жатқанын көрсететін бірден бір фактор, — дейді Ержан Аққұлов.
«Шымкент-Марафон» қоғамдық қоры туралы бір мағлұмат. Бұл қоғамдық қордың директоры әрі құрылтайшыларының бірі — Бекбосынова Карлыгаш Сансызбаевна. Қор құрылтайшыларының қатарында Балабиев Нұрсұлтан Қайратұлы бар. Ол — Шымкент қаласы мәслихатының депутаты. Әкесі Балабиев Қайрат Рахымұлы — Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.
P.S. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Шымкент-Марафон» қоғамдық қоры өкілдерінің «енді қазақ тілінде де жариялайды/жариялаймыз» деп жауап бергеніне үшінші күн өтіп барады. Сұхбат 20.06.2022 жылы жазылды. Содан бері парақшада қазақ тілінде бір де бір пост жарияланбады.
фото мен скриншоттар
Shymkent_marathon инстаграм-парақшасынан алынған