Шүйірме, күлше, малта, сықпа. Құрттар.

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Әже» деген сөзді айтқан кезде көз алдымызға ақ кимешек, камзол киген, немерелерін құшақтап, мейірімге бөлеп отырған адам елестейді. Ауылдағы көрініс осы болатын. Қалада тұратын әжелеріміз уақытын қалай өткізіп, немен айналысады? Сайт тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Нұрғайни Садуақасқызының шаңырағына барып, әженің бір күні қалай өтетінін біліп қайтты.

Нұрғайни Садуақасқызы – Шығыс Қазақстан облысы, Топқайың ауылының тумасы, 8 немеренің әжесі. Өмір жолын ұстаздыққа арнаған 77 жастағы әже қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.


«Қиын балалар көп болды»

«1998 жылы зейнеткерлікке шықтым. Ұлым – Серік оқуға түсіп, Өскемен қаласына көшіп келдік. Ол кезде қызым да Өскеменде жұмыс істейтін еді. Өскемендегі №44 мектепке ұстаз болып орналастым. Мектеп директоры Таңатқан Түменбаев жас мамандардың ішінен мені таңдағанын, мектеп оқушыларына қазақ тілін жақсылап үйретуім керек екенін айтты. Ол кезде мектеп оқушылары тәртіпсіз еді. Сөз ұқпайтын, сабақ оқымайтын қиын балалар көп болды. Сол оқушылардың тілін тауып, бағыт-бағдар бердім», - дейді ол.


«Салт-дәстүрді дәріптейміз»

Нұрғайни әже Өскемендегі «Қазына» әжелер тобының мүшесі.

«Зейнет жасында жаңа тынысым ашылды. Өзім сияқты әжелердің басы бірігіп, қазақтың салт-дәстүрін дәріптей бастадық. Бірде, Өскемендегі қазіргі «Қазына» әжелер тобының негізін қалаушы әжелер Қазила мен Нұржамал хабарласты. Сөйтіп әжелер тобында өнер көрсетіп, мектептерге барып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, білгенімізді үйреттік. Былтыр топтың құрылғанына 10 жыл болып, Өскеменге арнайы барып қайттым. Әжелерді Астанаға шақырып, бұл жақта да бірнеше мектепке барып, салт-дәстүрімізді дәріптедік. Одан кейін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының шақыртуымен олар тағы бір мәрте Астанаға келіп, Дариға Назарбаеваның қолынан марапат алдық», - дейді әже.


«Үйде отырғаныңыз дұрыс, шаршайсыз ғой»

Әжеміз астанада көңілі құлазып қалатын кездері болатынын да айтты.


«Бірде балам: «мектеп, аудандарды аралағанша үйде отырғаныңыз дұрыс емес пе? Шаршайсыз ғой» дейді. Мен үйде отыратын да кез болатынын, бас аман, денім сау кезде жүре беруім керек екенін айттым. «Сен ол үшін уайымдама, немерелеріме де қарап үлгерем, мектеп оқушыларына тәрбие жұмыстарын жүргізіп те үлгерем» дедім. Күндердің бір күнінде аяғым ауырып, ота жасады. Сол кезде біраз уақыт үйде отырып қалып, балама «міне, үйде отырғанымды қаладың. Енді үйде отырамын» деп назымды айттым. 4-5 айдан кейін аяғым жазылып, әжелердің қатарына қайтып қосылдым. Сол кезден бастап балам мені ерекше қолдап, уақыты болғанда әжелерге өзі жеткізіп тастайтын болды. Қазіргі кезде үйде құрақ құрап, іс тігіп, үйдегі төрт гүлім – немерелеріме үйретем. Әр қыз бала әжесінен осындай дүниелерді көріп өскені абзал», - дейді Нұрғайни Садуақасқызы.


Құрттың түрлері

Нұрғайни әже «Қазына» тобында құрт жасауды үйретеді.

«Қазына» тобында жүрген әжелердің бірі ши тоқуды, енді біреуі құрақ құрауды, енді бірі жіп иіруді, киіз басуды, тері илеуді үйретеді. Менің міндетім – құрттың жасалу жолдарын көрсету. Ата-бабамыздан келе жатқан қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – құрт. Қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысқандықтан, сиыр, түйе, қой, ешкі сүтінен құрт жасаған. Бүгін сіздерге сиыр сүтінен дайындалған құрт жасап көрсетемін. Жиналған сүтті күбі, іркітшелек сияқты үлкен ыдысқа жинап, бірнеше күн ашытып, ұйытады. Ұйыған сүтті қапқа салып, аша ағаштың басына іліп, сары суын сорғытып алады. Қалған қоймалжыңын араластырады. Құрттың дәмі ащы, тәтті болуы қанша күн тұрғанына байланысты. Сүт неғұрлым ұзағырақ тұрса – соғұрлым ащы болады. Сондай-ақ, ащы құртқа тұз да көбірек қосылады. Ондай құрт ұзақ уақытқа сақталады», - дейді ол.


«Құрт жеген адамның күш-қуаты мол болады»

Әже құрттың жасалу жолдарын анасынан үйренгенін айтты.

«Бұл – сары суын сорғытып алған, бірнеше күн ашытқан құрт. Құрттың түрлері көп. Мысалы, сықпа құртты алақаныңа алып, сығып сығып, белгілі бір пішінге келтіресің. Күлше құрттың көлемі үлкенірек болады. Оны алақанға салып, домалақтап алады да, ортасын басып, қажет болған жағдайда ортасын тесіп, жіпке тізіп кептіруге де болады. Шүйірме құрттың пішіні кішірек болады. Оны шүйіріп, домалақтап істейді. Малтақұрт – сорпаға езілген құрт. Бұрын әпекем мал бағуға кеткен жездеме құрт езілген сусынын бөлек, малтасын бөлек құйып беретін. Құрт түсіне қарай ақ, қара құрт болып бөлінеді. Құрттың бір жақсы қасиеті – қарын аштырмайды. Ұзақ сапарға шыққанда құрт жеп алсаңыз қарныңыз ашқаны байқалмайды. Бұрын бала кезде шешем құрт қайнататын. Құрттың көбігін жалап өстік. Құрт пен құрт қосылған сусын ішкен адамның күш-қуаты мол болады», - дейді әже.


© baq.kz, 2019. Автор: Зарина Қаһарман

Материалды ешқандай формада көшіруге болмайды. Автор және меншік иесі тарапынан болатын претензияларда -  көшірме зардабынан жоғалған қаржылай шығындар қосымша көрсетіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы