QNet құрған тор. Ақталмаған үміт, қарызға батқан халық

Qnet еліміздегі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізілді. Ұйымдастырушылары бірінен соң бірі ұсталып жатыр. Қазақстанда бұл компания тәрізді айласын асырып, жұртты алдап жүрген ұйымдар көп. Осы ретте ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов қаржы пирамидаларына қарсы қандай іс-шаралар қолға алынғанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сотталғандардан зардап шеккендер көп

Агенттік ұсынған статистикалық деректерге сүйенсек, 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қаржы пирамидасын құру және ұйымдастыру фактілері бойынша 10 компанияны анықтаған. Оның ішінде BestRoadInvestment, Invest Consulting Agensy, Antares Trade (Antares limited), Sincere Systems, MMK Investment (Eden Life7), World Business Consulting, TheFiniko, QNET, Chia Thai Formacevtical, Отбасылық Капитал сынды көпке танымал компаниялар бар.

Қаншама пирамида белгісі бар компания анықталғанымен жауапқа тартылғандар саны өте аз. Мәселен 2021-2023 жылдар аралығында елордада қаржы пирамидасын құрған және ұйымдастырған 7 адам сотталған. Басым бөлігіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Сотталған адам саны аз болғанымен зардап шеккен адамдар саны 500-ге жуықтаса, ал оларға келтірілген залал миллиардаған сомадан асады. Мысалы тек 2021 жылдың өзінде BestRoadInvestment компаниясынан зардап шеккен 190 астаналық анықталған болса, олардың шығыны 295 431 309 теңгеге жеткен екен. 

Талай жыл елді алдаған Qnet

Елімізде қаржы пирамидасы болып танылған компания жетерлік. Десе де қазір қолға алынған компанияның біріне тоқталып, Қазақстанда құрылу тарихын және асырған айласына көз жүгіртуді жөн санадық. Соның бірі - QNet.

QNet-тің бастауы сонау 1998 жылдары құрылған екен. Оны Виджей Эсваран және Джозеф Бисмарк есімді азаматтар басқарған. Атауы бірнеше рет өзгерген компания басында сағат, биологиялық қоспа, зергерлік бұйымдар және т.б. дүниелерді сатумен айналысқан екен. ТМД елдеріндегі қызметін 2009-2011 жылдары жүргізген. 2019 жылдың сәуірінде Қазақстанда онжылдық мерейтойын да атап өткен екен. 2007-2012 жылдар аралығында компанияның сауда-саттығы 70 пайызға артқан деседі. 

Агенттік мәліметінше, "Qnet" қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция түрінде жасырылған. Бірқатар шет елде Qnet компаниясы қаржы пирамидасы болып танылды. Иран, Канада, Әзербайжан елдерінде компания филиалдары жабылып, ұйымдастырушылары сотталған екен. Сондай-ақ оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді. 

2022 жылдың сәуірінде Халықаралық қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесі Qnet компаниясының басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Компанияның Қазақстан Республикасының аумағында тіркеуі жоқ, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайды, банктік қызмет пен банктік операцияларды жүргізуге лицензиялары мен рұқсаттары жоқ. Іс бойынша сотталушылардың біріне қатысты үйқамаққа алу шарасына санкция берілді, - деп мәлімдеді ҚМА өкілдері.

Сол жылдың тамызында ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактісі бойынша қаржы пирамидасының екі ұйымдастырушысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағаны белгілі болды. Салымшыларды тарту схемасы  жалған саяхатшының картасы шотына 2000 АҚШ долларын салуды және оның орнына 6900 АҚШ долларын алуды қамтыды. Олар бұл ақша шетелдік қонақ үйлер құнының 80%-ын төлеуге жұмсай аласыз деп сендірген. Кей жағдайда ақша болмаса, 5 смарт-сағат сатып алуға онлайн несие беру ұсынылған. Пирамиданы ұйымдастырғандар 8,5 млн теңге көлеміндегі қылмыстық кірістің бір бөлігін қазақстандық банктердің біріндегі депозиттік шоттарға салып, депозит бойынша сыйақы түрінде қосымша табыс алған. 

2023 наурызында Алматы аумағында Qnet қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша күдікті ұсталды. Ол азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналарының есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөліп отырған. Күдіктіге қатысты 2 айға "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді.

Биыл маусымда Қостанайда Qnet LTD құрылымдық бөлімшесінің басшысына қатысты қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару фактісі бойынша қылмыстық іс аяқталғаны мәлім болды. 

ҚМА аумақты департаменті қызметкерлері анықтағандай, күдікті азаматтарды Qnet LTD қаржылық пирамидасына тарту үшін Қостанайда кеңсе ашып, жеңіл табыс табуды белсенді түрде жарнамалаған. 30-дан астам адам қылмыстық әрекеттердің құрбаны болды. Күдіктінің қылмыстық ісін тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 36,5 млн теңгеден астам шығын толық көлемде өтелді, осыған байланысты тараптардың татуласуына байланысты тергеу тоқтатылды, - делінген хабарламада.

Компаниядан зардап шеккен Әйгерім есімді бойжеткеннің айтуынша, 2009-2011 жылдары көптеген студент осы пирамиданың құрбаны атанған.

Мен ол кездері 2-курс студенті едім. Құрбым компания таныстырылымы болады деген соң еріп бардым. Жалпы пирамидаға сенбейтін адамның бірі мен болатынмын. Екі рет компанияның маркетинг планын тыңдағаннан кейін қалай сеніміме кіргендерін аңғармай қалдым. Басында компания зергерлік бұйым, браслеттер сататын еді. Тіпті өзіме біреуін алғаным да есімде. Айтуларынша, браслеттің суды зарарсыздандыратын қасиеті бар екен. Мен ата-анамнан басқа затқа ақша сұрап, алған ақшамды сол компанияға құйдым. Яғни, затын сатып алдым. Сөйтіп күнделікті барып жүріп, оның белсенді мүшесіне айналдым. Мен сияқты студент қыз-жігіттер көп еді. Барлығымыз ұйымдастырушылардың айтқанын екі етпей, маркетинг планды жаттап, артымыздан адам тартуды көздейтінбіз. Сөйтіп бір жарым жылдай жүрдім. Еш пайда көрмедім. Қайта қарызға баттым. Салған ақшам қайтпады. Алданушылар санын арттыруға үлес қостым. Ал компания болса, жаңа адамдарды тартуын жалғастырып бертінге дейін қызметін тоқтатпапты. Бұл компанияның қаржы пирамида деп танылғанына қуандым. Қаншама адамның көз жасына қалды. Адамдар бос уәдеге сенбесе екен деймін, - деп түйіндеді ол.

"Жалған қаржылық" компаниялар жәбірленушілердің арызынсыз ерте сатысында анықталады

Ведомство төрағасы айтып өткендей, қазір агенттік алдында жаңа міндет тұр. Ол - жәбірленушілерден арыз күтпей, "жалған қаржылық" компанияларды олардың жұмыс істеуінің ерте сатысында анықтау.

Біздің азаматтарды "қаржы пирамидаларына" тарту мәселесі Агенттіктің ерекше бақылауына алынғанын хабарлаймыз. Ол үшін қаржы пирамидасының өмірлік циклін қысқартуға және олардың салымшыларын барынша азайтуға бағытталған арнайы жоба іске асырылуда. Енді біздің міндетіміз құқық қорғау органдарында бұрын қолданылғандай, жәбірленушілерден мәлімдеме күтпей, "жалған қаржылық" компанияларды олардың жұмыс істеуінің ерте сатысында анықтауды қамтамасыз ету, - деді Элиманов.

Сондай-ақ ол қаржы пирамидаларына қарсы ерте профилактиканы көздейтін іс-шаралар кешені әзірленгенін айтып өтті. Ол үшін тиісті мамандар интернет-кеңістікте құқыққа қайшы мазмұнды ақпараттарды торуылдайтын болады.

Қарсы іс-қимылдың ерте профилактикасын көздейтін іс-шаралар кешені әзірленді. Жасанды интеллект енгізілуде. It-құралдарды пайдалана отырып, интернет-кеңістікте (жаңалықтар порталдары, блогтар, сайттар және әлеуметтік желілердің аккаунттары) құқыққа қайшы мазмұнды ақпараттарды іздеу жүзеге асырылады, - деді ведомство төрағасы.

"Кибернадзор": Пирамида белгісі бар 6,5 мың сайт, 4 мыңнан астам сілтемені бұғатталды

Жанат Элимановтың сөзінше, 2022 жылы қаржы пирамида белгілері бар 6,5 мың сайт бұғатталған.

Қаржы пирамидаларының және басқа да алаяқтық схемалардың белгілері бар материалдар "Кибернадзор" жүйесінде бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберіледі. Құрылған алгоритм 2022 жылы қаржы пирамида белгілері бар 6,5 мың сайт пен аккаунттарды бұғаттауға мүмкіндік берді. Биыл 4 мыңнан астам сілтемені бұғатталды, - деп атап өтті ол.

Сонымен қоса қазір адамдар қаржы пирамида белгілерінің бар-жоғын өз бетінше тексере алады екен. Ол қазірдің өзінде азаматтардың 4600 өтінім қаралғанын айтты.

Жыл басынан бері интернет-ресурстарды тексеру бойынша @BAIQApiramidaBOT ҚМА Telegram-боты іске қосылды. Енді біздің азаматтар сайттар мен әлеуметтік желілерді қаржы пирамида белгілерінің бар-жоғын өз бетінше тексере алады. Бұл олардың "алаяқтық" схемаларға араласуына жол бермейді. Әзірленген өнімнің сұранысқа ие болғандығы және халық арасында үлкен сұранысқа ие екендігі қазірдің өзінде байқалады. Қысқа уақыт ішінде бот автоматты түрде өңделгенін есептемегенде, азаматтардың 4600 өтінімі қаралды, - деді Қаржылық мониторинг агенттігі басшысы.

Агенттік мұнымен тоқтап қалмай күдікті ұйымдар туралы ескерту хабарламаларын жіберуді қолға алған екен. Соның арқасында 52 мың азамат күдікті аккаунттардан бас тартқан.

Мұнымен тоқтап қалмай, азаматтарды жаңалықтар, жүргізіліп жатқан жұмыстар және ескерту хабарламалары арқылы хабардар ету мүмкіндігін іске асыруды жоспарлап отырмыз. Өткен жылдың соңында қаржы пирамидаларына жазылушылардың мақсатты аудиториясымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін талдамалық жүйе енгізілді. Ескерту хабарламаларын жібергеннен кейін тек осы жылы 52 мың азамат күдікті аккаунттардан бас тартты, - деді Элиманов.

Ұлттық шекарадан асып түсетін шетелдік алаяқтармен күрес қалай жүргізіледі?

Ведомство төрағасы ғаламтордың ауқымдылығы салдарынан қазір қаржы пирамидаларының қызметі ұлттық шекарадан асып түсетінін алға тартты.

Айта кету керек, ғаламдық "Интернет" желісінің ауқымы есебінен қазіргі заманғы қаржы пирамидаларының қызметі ұлттық шекарадан асып түседі. Осыған байланысты шетелдік алаяқтық құрылымдар да жандануда. Ол үшін біз халықаралық байланыстар орнатып жатырмыз. Мәселен, ТМД елдерінің салықтық (қаржылық) тергеу органдарының үйлестіру кеңесінің алаңында біз трансшекаралық қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобын құруға бастамашылық жасадық. Бұл отырысқа қатысушылар тарапынан толық қолдау тапты. Қазір өзара іс-қимыл тетіктері пысықталуда және іс-шаралар жұмыс жоспары әзірленуде, - деп түсіндірді ол.

Айтуынша, олар аймаққа жалпы қауіптерді анықтау үшін деректер алмасуды қамтиды. Жиналған мәліметтер ұлттық деңгейде ден қою шаралары үшін, оның ішінде трансшекаралық қаржы пирамидаларының сайттары мен аккаунттарын бұғаттау арқылы пайдаланылатын болады.

PS. ҚМА азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады. Қазақстандықтарды ескерту мақсатында агенттіктің ресми сайтында қаржы пирамидаларының тізімі де жарияланған. Азаматтар оңай олжа жоқ екенін білсе екен дейміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы