«Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы» тасжолының игілігін халық қашан көреді?
Батыс Қазақстан облысы, BAQ. KZ тілшісі. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ журналистерге арналған баспасөз туры барысында БҚО-да жүргізіліп жатқан күрделі жол жөндеу жұмыстарымен таныстық.
Жолдың «жыры»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жол мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы «Казталовка – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолдарында жалпы ұзындығы 248 шақырымды құрайтын жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазталовтан Жәнібек ауданына апаратын жол тұрғындардың наразылығын тудырып, мезі болған мәселеге айналған еді. Себебі бұл бағытта тасжол жоқ.
Жақын маңдағы ауыл тұрғындарының айтуынша, көктем мен күзде грейдер жолмен жүрген көліктер сазға батып та қалатын.
Ресейге апаратын тасжолдың құрылысы 2019 жылы басталды. 2020 жылы бұл жол халық игілігіне берілуі керек еді. Алайда олай болмады. Бізге өкілетті орган өкілдері мұның себебін де түсіндіріп берді. Қазір құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Осыған дейін жол жөндеу жұмыстарымен Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев арнайы келіп танысқан еді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Қазбек Мамбетов «Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы» жобасының бірінші учаскесі туралы айтып берді.
Қазір жол учаскесінде 4-53 шақырымда бас мердігер Uniserv компаниясы жұмыс істеп жатыр. Биыл жұмыс қарқынды жүргізілуде. Аталған учаске бойынша 6 шақырым асфальт төселді. Қосымша тағы 21 шақырым жол салады,- деді Мамбетов.
Ол атағандай, былтыр 53-тен 95 шақырымға дейін «Теміржол жөндеу» компаниясы жұмыс істеген.
Алайда ол келісімшарт бойынша міндеттерін атқармағаны үшін келісім тоқтатылады.
Қазір жаңадан тендерлік іріктеу жүргізіледі. Келесі жұмада оның нәтижесі шығады деп ойлаймын. 95-тен 138-ші шақырымға дейін де «Теміржол жөндеу» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Олар да биыл 7,5 шақырым жолды төседі. Жыл соңына дейін 27 шақырым жолды аяқтауы керек. Осылайша, «Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы» бағытындағы 142 шақырымда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, - деді Қазбек Мамбетов.
Оның айтуынша, аталған бағыттың 158-ден 165 шақырымға дейінгі жөндеуін «Бекет сәт жол» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Ол шекараға өтіп кететін 7 шақырымдық жолды биыл аяқтауы керек.
Учаскелерде конструктивтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Асфальт бетон жамылғысы төселіп, жолдың төменгі, жоғары қабаты сынды жұмыс істеліп жатыр. Жол III санатқа жатады,- деді ол.
Құрылыс материалдарының «сыры»
Филиал директоры атағандай, құрылыс материалдарын жеткізу бойынша қиындықтар да жоқ емес.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданынан үйінді мен қиыршық тас жеткізіледі. Биыл бізге 544 мың тонна қажет. Ол жақтан екі жолмен әкелуге болады. Біріншісі - Атырау облысын айналып РФ шекарасынан өтіп 1340 шақырымды жүріп өтіп жеткізу. Екіншісі Оралдың қоймасына жеткізіліп, кейін құрылыс алаңына жетеді,- деді ол.
Қазбек Мамбетов атағандай, Ресейден келетін материалдар «Жәнібек-Сайхин» станциясына жеткізіледі.
Құрылыс нысаны тарапы жағымен жеткізілгендіктен ол тиімдірек. Алайда жол ұзақ. РФ-тен өткендіктен станцияларда кедергілер де болады. Бір құрам шықса, ол тек 2-3 аптада кері қайтып келеді. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ-мен кеңестер жиі өткіземіз. Вагондарды бөлу, мердігерлерге қаржы бөлуді талқылап жатырмыз. Бізге биыл 8 мыңнан астам вагон қажет. Оның 1,5 мыңы жеткізілді. Жұмыстар күшейтіліп, материал жеткізуді тоқтатпауға тырысамыз,-деді Мамбетов.
Оның айтуынша, екі бағыттағы маңызды жолдарда жалпы 700 адам мен 500 техника жұмыс істеп жатыр. Жобаның жалпы құны 56,6 млрд теңгені құрайды.
Жолдың сапасы
Техникалық бақылау бөлімінің бас инженері Мұхамедқали Сембаев құрылыс кезінде жолдың сапасы үнемі тексеріліп отыратынын айтты.
Техникалық бақылауды жүзеге асыратын 6 маман бар. Оның әрқайсысының өз міндеті бар. Біреуі асфальттың құрамын, біреуі көпірлердің сапасын, тағы бірі жолдың қауіпсіздігін тексереді. Күнде жол учаскесінде бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Жол жөндеу жұмыстары қандай да бір стандартқа келмесе, жұмысты тоқтатып, жұмысты қабылдамаймыз, - деді ол.
Бас инженер айтқандай, жаңбырлы күндері де мердігерлер жұмысты тез жүргізу үшін құрылысты тоқтатқысы келмей жатады.
Ол кезде топырақ ылғалды болып тұрады. Сондықтан біз жұмысты жүргізуге рұқсат бермейміз. Кейде асфальттар күйіп кетеді. Ондай жағдайда да жұмысты тоқтатамыз. Мердігерлер де бұл жағдайды түсінеді. Асфальттың жоғары жабындысын төсеу үшін оның градусы 120 болуы керек, - деді ол.
Бас инженер осыған дейін «Қандыағаш-Мақат» бағытындағы жол учаскесінде жұмыс істеген.
Қызметкерлердің жұмысы мен жағдайы
Uniserv компаниясының өндірістік бағыты бойынша директордың орынбасары Николай Кондопулоның айтуынша, аталған жол учаскесінде асфальт бетонның төменгі қабаты төселіп жатыр.
Сондай-ақ қиыршық тасты салу мен қосымша қабатты төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жол жабындысы бойынша 28 шақырымдық қозғалысты аштық. Жоспар бойынша тағы 27 шақырымды салуымыз керек. Әзірге жолдың төменгі қабатын төсеу қарастырылып жатыр. Себебі қысқы кезеңде кедергісіз қозғалысты қамтамасыз ету керек. Себебі бұл бағытта жол жабындысы емес, жер жабындысы. Яғни, жауын-шашын, қар жауған кезде қозғалу қиындап кетеді. Қазір көпірлерді, су өткізгіш құбырларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар су құбыры мен газ өткізу құбырларын салу инженерлік желілерді де салу жоспарланып отыр. 6 электр өткізу желісі бар, - деді ол.
Кондопулоның айтуынша, жұмысшылар 2 ауысыммен жұмыс істейді.
Бірінші ауысым 8-ден 19:00-ге дейін, екінші ауысым кешкі 20:00-ден таңғы 6-ға дейін жұмыс істейді. Құрылыс маусымы кезінде жұмысты барынша жүзеге асырамыз. Кейде 30 градустан жоғары аптап ыстықтар болған кезде жұмыс кестесін өзгертеміз. Қызметкерлерге 5-ке дейін демалуға мұрша береміз. Арнайы қалашықта барлық жағдай жасалған. Барлық ғимаратта кондиционер жұмыс істейді. Тыныққан соң жұмысшылар кешкі 22:00-ге дейін еңбектенеді, - деді ол.
Аталғандай, біз қызметкерлер шоғырланған қалашыққа бардық.
Қалашықта алғашқы медициналық қызмет көрсететін медбике бар. Аспаз және медбике вахталық режим бойынша жұмыс істейді. Олар 15 күн түзде болса, 15 күн үйде болатындарын айтты.
Барлық жатын бөлме кондиционермен қамтылған.
Қызметкерлердің тамақтануына, демалуына және жеке тазалықты сақтауға арналған барлық жағдай жасалған.
Жол азабын тартқан халық өкілі
Нұрсая ауылының тұрғыны Бекбол Кенжеғалиев халық осы бағыттағы жолдың азабын тартып келді.
Қыс пен көктемде қатты қиналып кететін едік. Ауыл тұрғындарының атынан осындай құрылыс жұмыстары жүріп жатқанына алғыс айтқым келеді. Бұл құрылыс жұмыстарына ауылдың 15-20 шақты жігіті де атсалысып жатыр. Жұмыспен қамтылып отырмыз. Қазталов пен Жәнібектің арасында қатынау өте қиын болатын. Көліктер батқан кезде ауыл азаматтарымен барып қолғабыс көрсететін едік. Жәнібектен облыс орталығына жету үшін 12 сағат кететін еді. Қазір таңертең шығып, кешке қайтып келуге болады, - деді Кенжеғалиев.
Аталған бағыттағы жолдың құрылысын 2023 жылдың күзінде аяқтау жоспарланып отыр. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырған болатын.