Қазақстанда криптовалюта майнингінен қанша ақша табуға болады?
Сіз криптовалюта майнингі туралы ойлап, бірақ оны заңды түрде қалай жүзеге асыруды білмеуіңіз мүмкін. Қазақстанда цифрлық технология қалай дамып жатыр? Бізге жеке криптовалюта керек пе? Бұл механизмдер крипта және блокчейнмен қаншалықты байланысты?
Осы және өзге де сұрақтарға Блокчейн және цифрлық майнинг қауымдастығының вице-президенті Сергей Путра BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
- Қазақстанда криптовалюта қауымдастығы қашан құрылды? Елде бұл нарық қаншалықты дамып жатыр?
- Біздің қауымдастық 2018 жылы құрылды. Ол уақытта біздің елдің заңнамасында цифрлық активтер, криптовалюта, майнинг туралы ешқандай сөз болған жоқ. Криптовалюта, майнингке қатысты түсінік атымен болмады. Бұл түсініктерге қатысты заңнамалық жұмыстар тек 2019 жылы ғана қолға алынып, 2021 жылы заңнамалық тұрғыда реттелді. Сол кезден бастап біздің қауымдастық цифрлық майнинг, цифрлық активтерге қатысты барлық заңнаманы әзірлеуге белсенді қатысып келеді. Біз бұл жолдың барлығынан өттік. Осы уақыт аралығында екі ауқымды заң қабылданды. Біріншісі – 2020 жылы цифрлық активтерге қатысты заң қабылданды. 2023 жылы салалық заң – "Цифрлық активтер туралы заң" күшіне енді. Одан бөлек, заңнамалық актілер, нормативтер әзірленді. Қазіргі уақытта Қазақстанда цифрлық майнинг саласы толықтай заңнамалық тұрғыда реттелді. Бұл – заңды кәсіпкерлік қызмет пен цифрлық майнингке қатыстының бәрі бүге-шүгесіне дейін нақтыланған. Қалай майнингпен айналысу керек, электр энергиясын қосу керек, салықты төлеу керек – мұның бәрі қарапайым нұсқаулықпен түсіндірілген. Цифрлық активтерге, криптовалютаға қатыстыға келер болсақ, заңда "криптовалюта" термині қолданылмайды. Оның орнына "цифрлық активтер" термині қолданылады.
Әдеттегі құзыретте керісінше, цифрлық активтерге тыйым салынған. АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы – ред.) аумағы бар. АХҚО резиденттері Конституциялық заңға сәйкес, өздерінің актілерін әзірлеуге құқылы. Олар цифрлық активте айналымды жүзеге асырады. Криптовалюта айналымына қатысты сұрақтың бәрі АХҚО-ға бағытталады. 2018 жылдан бастап 7 жыл ішінде Қазақстан заңнамалық реттеу тұрғысынан айтарлықтай мықты дамыды. Қазіргі таңда бәрі қалыпты.
- Алдағы бағытымыз айқын ба?
- Біріншіден, қазіргі уақытта Қазақстанда салынған тыйым біраз кедергі деуге болады. Себебі тыйым салынған жерден инвесторлар қашады. Өйткені инвестор ешқашан құзыретті тәптіштеп қарап отырмайды. Ол ашық дереккөздерді ашып қарайды да, тыйым салынған жерге аттап баспайды. Тыйымды алу керек. Оны шектеуге алмастыруға болады. Ал біздің экономикамыз инвестиция ағымына мұқтаж. Бұл проблема барлық жерде айтылып жүр. Тыйым салуды алып тастау – Қазақстандағы криптоэкожүйені оңалдыруға жасалған қадам болады деп санаймыз.
Екіншіден, 7 жыл ішіндегі қойылған барлық тыйымдарды қайта қарап шығу керек. Олардың кейбірі бүгінде өзектілігін жоғалтқан болуы мүмкін. Мәселен, "сұр" майнингпен күрес бүгінде өзекті емес. Үкімет мұның бәрін қолға алып жатыр.
Президенттің өзі Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда бұл жүйені дамыту қажеттігін шегелеп айтты. Премьер-министр де майнерлер экономикада салмақты рөлге ие екендігін алға тартты. Алдағы уақытта бұл экожүйе дами бастайды деп ойлаймыз.
- Сонда кез келген қазақстандық криптовалютаны алып, майнингпен айналыса ала ма?
- Қазіргі сәтте шын мәнінде заңнамалық реттеу кез келген қазақстандыққа цифрлық майнингке қатысуға мүмкіндік береді. Яғни бізде бұл қызмет лицензияланады. Екі санат бойынша: біріншісі – бұл ірі датаорталықтар, олар – энергетика, қауіпсіздікпен байланысты барлық орталық. Екінші санат бойынша лицензия алу үшін ЖК тіркеп, майнинг үшін құрал-жабдық сатып алып, датаорталыққа барып, келісімшартқа отыру жеткілікті. Лицензия алу аса қымбат тұрмайды. Шамамен, 18 мың теңге көлемінде. Жабдықтарды датаорталыққа орналастырасыз да, ол майнинг жасайды. Датаорталыққа қызмет құнын, мемлекетке салық төлейсіз. Осылайша, заңды майнингпен айналысуға болады.
- Салық көлемі көп пе?
- Жоқ, салық стандартқа сай – 20%. Бір айта кететін тұсы, цифрлық майнерлер үшін табысты есептеудің белгілі бір тәсілі бар. Майнерлер салықты цифрлық активті алған сәтте төлейді. Олар Қазақстанда аккредиттелген майнинг пулдары арқылы төлем жасайды. Майнингтік пул майнерге цифрлық активті аударған кезде майнер шартты табысты қабылдайды. Сол сәтте салықтық міндеттеме пайда болады. Мемлекет жағдай жасайды. Егер майнер цифрлық активті алып, сол үшін корпоративтік табыс салығын мойындаса, мұндай цифрлық активті іске асырған кезде өсім салығы салынбайды. Мысалы, мен оны 100-ге алып, 120 болған кезде сатсам, 20 теңгесі үшін салық салынбайды деген сөз. Бірақ бір жағынан мен 100 теңге майнинг жасап, 80 теңгеге сатсам, бұл – менің тәуекелім. Мәселенің екі жағы бар деген осы. Криптовалютаның құбылмалылығы өте жоғары. Бірақ бәрібір бұл бірегей тәсіл.
- "Сұр" майнерлермен күрес қалай болып жатыр?
- Қазақстандағы энергия жүйесін басқаруда ауқымды өзгерістер болды. Электр энергиясын жалғыз сатып алушы түсінігі енгізілді. Ол елдегі бүкіл электр энергиясын сатып алып, әрі қарай таратады. Бұл кей жерлердегі былықтарды реттеуге септігін тигізді. "Сұр" майнер құбылысы түбімен жойылып кеткен жоқ. Бірақ олар жаһандық тұрғыдағы рөлін жоғалтты.
Сонымен қоса цифрлық активтер туралы заң күшіне енген соң құқық қорғау органдарында "сұр" майнерлермен күресудің құралдары пайда болды. Бұл қызметтің лицензиялануының пайдасы тиді. Заңсыз әрекет еткендерге әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бүгінде Қазақстанда ІТ-технология дамып келеді. Мәселен, автокөліктерді техникалық тексерістен өткізу блокчейн жүйесі арқылы жүргізілетінін естідім.
- Блокчейнді тағы қандай салаларда қолдана аламыз?
- Ең бастысы, қазір біз Ресей тәжірибесінен санкция салынған соң криптовалютаның дамуында "жарылыс" болғанын көріп отырмыз. Өйткені ол банктер бақылауға ала алмайтын трансшекаралық төлемдер арқылы жұмыс істейді. Бұл – өте маңызды сала, ол – ұлттық қауіпсіздік. Әлемде саяси жағдай үнемі өзгеріп тұрады. Криптовалютадағы мұндай трансшекаралық төлемдерді заңдастыру – мемлекет үшін өте тиімді дүние.
Қазақстанның барлық азаматы үшін криптовалюта айналымының құралдары қолжетімді болса, белгілі бір деңгейде бостандық пайда болады. Қазақстан қазірдің өзінде халықаралық аналитикалық агенттердің есептеріне еркін қатысады. Бұл – миллиондаған азамат. Олар – криптовалюта айналымына қатысады деген сөз.
- Сонда криптобиржа арқылы қанша табыс табуға болады?
- Кез келген кәсіпкер өзінің бизнесті қалай жүргізетініне байланысты не табыс табады, не ұтылады. Криптовалюта айналымында да дәл солай. АХҚО-да брокерлер, криптовалютамен айналысатындар тіркеледі. Мен үнемі былай деп айтамын: егер сіз осы салада табыс тапқыңыз келсе, жаныңызды беріп, қолға алуыңыз керек. Білім алу, дайындалу, біліктілікті арттыру, уақыт бөлу керек. Бұл құралдар қазір бар. Р2Р-сауда деген қалыптасқан. Қазір көбі сол әдісті қолданып жүр. Бұл салада әлі салық төлеуге қатысты сұрақтар бар. Әзірге Мемлекеттік салық органдарынан Р2Р-саудаға қатысты нақты ақпарат алғанша, күте тұруға кеңес беремін.
- Көп адам криптовалюта мен цифрлық теңгені екеуі бір нәрсе деп ойлап жатады. Екеуі екі түрлі түсінік қой?
- Иә, екеуі екі бөлек. Цифрлық теңге – бұл цифрлық актив емес, криптовалюта да емес. Бұл – ұлттық валюта, ақша. Ал криптовалюта дегеніміз бұл заңға сәйкес – мүлік. Кез келген мүлікке жүретін заң криптовалютаға да қолданылады.
- Мәселен, арада бір 15 жыл өткенде дүкенге барып криптовалютаға нан сатып алу үшін қандай заң шығару керек деп ойлайсыз?
- Қазірдің өзінде кей банктерде криптокарта шығару туралы бастамалар бар. Мысалы, сізде криптовалюта бар әмиян бар, сол әмиянмен байланыстырылған картаңыз бар. Сол арқылы кафеге барып, төлей бересіз. Сіздің әмияныңыздан ағымдағы курс бойынша фиат ақша шешіліп, ол сіздің карта шотыңызға түсіп, сол жерден төлем жасалады. Бұл механизм Қазақстанда қолданысқа енгізіледі деп ойлаймын. Бірақ Президент CriptoCity туралы да айтты. Бұл әзірге қалай жүргізілетінін білмеймін. Бәлкім, жыл соңына қарай оның тұжырымдамасы әзірленуі мүмкін. Бәрі уақыттың еншісінде.
- Әңгімеңізге рахмет!