Қаза тапқан орманшылардың отбасына қалай және қанша өтемақы беріледі
Экология министрлігі қызметтік міндеттерін (мемлекеттік орман қорын күзету және қорғау қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) мемлекеттік орман күзету қызметкерінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлемді жүзеге асыру қағидалары мен мөлшерін бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжат Орман кодексінің 70-бабының 1-тармағына және Президенттің Абай облысындағы табиғи өртті жою бойынша 2022 жылғы 11 маусымдағы Жедел штаб отырысында берген тапсырмасына сәйкес дайындалды.
Ақшалай төлем қызметтік міндеттерін (мемлекеттік орман күзету міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің отбасы мүшелеріне жүргізіледі.
Қызметкердің, курсанттың мемлекеттік орман күзету қызметшінің отбасы мүшелеріне жұбайы (зайыбы), сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін немесе жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде күндізгі оқу орнын бітіргенге дейін 23 жастан аспайтын балалары, оның ішінде асырап алған балалары, бірге тұратын өгей ұлдары мен өгей қыздары жатады.
Ақшалай төлемді алуға құқығы бар адамдар оны алу үшін мынадай құжаттарды ресімдейді және уәкілетті органға ұсынады:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген үлгідегі өтініш;
2) қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесі немесе қайтыс болуы туралы хабарлама;
3) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі (туу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін ауыстыру), басқа адамдар өтініш берушінің отбасы мүшесі болып танылған жағдайда соңғылары өздерін өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің көшірмесін ұсынады;
4) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) егер он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейінгі отбасы мүшелері күндізгі оқу нысанының білім алушысы болып табылса, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оқу орнының анықтамасы (жыл сайын оқу жылының басында ұсынылады);
6) теңгедегі банктік шоттың нөмірі туралы мәліметтер;
7) егер кәмелетке толмаған отбасы мүшелері жетім не ата-анасының қамқорлығынсыз қалса, қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің кәмелетке толмаған отбасы мүшесіне қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу туралы құжаттың көшірмесі.
Жеке басын куәландыратын құжаттардың мәліметтері, неке қию туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болу туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін) куәліктер «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін.
Тиісті құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда өтініш ол берілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қайтарылуға тиіс.
Уәкілетті органның жауапты құрылымдық бөлімшесі осы құжаттардың толық әрі дұрыс ресімделуін тексереді және осы қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттар, оның ішінде:
1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қаржы бөлімшесінің қайтыс болған қызметкердің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің соңғы атқаратын лауазымы бойынша ақшалай қаражатының мөлшері туралы ақшалай төлем алуға құқық беретін анықтамасы;
2) қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің қаза табуының (қайтыс болуы) себептері мен мән-жайын қызметтік тергеп-тексеру материалдары;
3) әскери-дәрігерлік комиссия (сараптама) қорытындысы (қаулысы);
4) қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің жеке құрам (әскери бөлім, мекеме) тізімінен шығарылғаны туралы бұйрықтан үзінді қамтылуға тиіс жеке істі қалыптастырады.
Жеке істі қалыптастыру үшін құжаттарды уәкілетті органның өзге құрылымдық бөлімшелері жауапты құрылымдық бөлімшенің сұратуы бойынша береді.
Ақшалай төлемді тағайындау қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің қаза табуының (қайтыс болуының) себебі мен оның қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланыс болған кезде жүргізіледі.
Қызметкердің, курсанттың, әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы) мен оның қызметтік міндеттерін (әскери қызмет міндеттерін) атқару кезінде мертігуінің (жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының) себеп-салдарлық байланысы туралы қорытындыны (қаулыны) әскери-дәрігерлік комиссия (сараптама) шығарады.
Егер мемлекеттік орман күзеті қызметкердің қызметтік міндеттерін (орман күзеті міндеттерін) атқару кезінде мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы) салдарынан қайтыс болуы:
1) оның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы үстінде;
2) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (сол тектестерді) медициналық емес пайдалану салдарынан;
3) ақшалай төлем алу немесе қызметтен жалтару мақсатында өзіне-өзі қасақана қандай да бір дене жарақатын (мүшесін зақымдау) немесе денсаулыққа өзге де зиян келтіру салдарынан болғаны белгіленсе, ақшалай төлемдер жүргізілмейді.
Ақшалай төлем уәкілетті органның шешімі (бұйрығы) негізінде тағайындалады және міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларында қаражат болған кезде жүргізіледі.
Ақшалай төлем тағайындау қызметкер, курсант, әскери қызметші қаза тапқан (қайтыс болған) күннен бастап оны алуға құқығы бар адамның өтініші және әскери-дәрігерлік комиссия (сараптама) қорытындысы (қаулысы) негізінде жүргізіледі.
Ақшалай төлем тағайындаған кезде ақшалай төлемдерді қайта есептеу қызметкер, курсант, әскери қызметші қаза тапқан (қайтыс болған) күннен бастап өтініш берілген күнге дейін, бірақ ақшалай төлемді тағайындауға өтініш берілген күнге дейін бір жылдан асырмай жүргізіледі.
Ақшалай төлем:
1) ақшалай төлем алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан;
2) ақшалай төлем алушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) ақшалай төлемдерді алушы кәмелетке толған немесе жиырма үш жастан аспаған шекте жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде күндізгі оқу нысанда оқу орнын бітірген;
4) ақшалай төлемді алушы қайтыс болған жағдайларда тоқтатылады.
Ақшалай төлемді тоқтату тиісті уәкілетті органның шешімімен (бұйрығымен) төлемді тоқтатуға әкелген мән-жай туындаған айдан кейінгі айдан бастап ресімделеді.
Жауапты құрылымдық бөлімше осы тармақта көрсетілген жағдайлардың туындау тұрғысынан ақшалай төлем алушыларды мониторингтеуді жүзеге асырады.
Ақшалай төлемді жүзеге асыру мөлшері
Қаза тапқан (қайтыс болған) мемлекеттік орман күзету қызметкерінің, келісімшарт бойынша әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан (қайтыс болған) мемлекеттік орман күзету қызметкерінің, келісімшарт бойынша қызметшінің соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражатының 40 пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.
Бұл ретте отбасының барлық мүшесіне төленетін ақшалай төлемдердің ең жоғары мөлшері ақшалай қаражаттың жүз пайызынан аспауға тиіс.
Отбасы мүшелері үшеу және одан көп болған кезде әрқайсысына ақшалай төлемдердің мөлшері ақшалай қаражаттың жүз пайызына тең үлес ретінде есептеледі.
Ақшалай төлемдермен қамтамасыз етілетін отбасы мүшелерінің саны өзгерген кезде ақшалай төлемдердің мөлшері оны алуға құқығы бар отбасы мүшелерінің санына қарай тиісінше ұлғайтылады немесе азайтылады.
Егер қаза тапқан (қайтыс болған) мемлекеттік орман күзету қызметкерінің, келісімшарт бойынша қызметшінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлемдер тағайындалғаннан кейін ақшалай төлемдер алуға құқығы бар өзге де адамдар анықталып жатса, отбасының әрбір мүшесіне ақшалай төлемдер мөлшерінің үлесі қайта қаралады.
Осы қағидалардың 10-тармағына сәйкес жаңадан анықталған отбасы мүшесіне ақшалай төлемдер қайта есептелген жағдайда қаза тапқан (қайтыс болған) мемлекеттік орман күзету қызметкерінің, келісімшарт бойынша қызметшінің отбасы мүшелеріне бұрын тағайындалған ақшалай төлем қайта есептелмейді.
Соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражат мөлшері өзгерген кезде тиісті уәкілетті орган ақшалай төлем алушыны хабардар етіп, ақшалай төлемді қайта есептейді.
Ақшалай төлемді қайта есептеу тиісті уәкілетті органның шешімі (бұйрығы) негізінде жүргізіледі.
Мерзімді мемлекеттік орман күзету қызметшісі отбасының әрбір мүшесіне ақшалай төлем тиісті қаржы жылына белгіленген бір күндік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде жүзеге асырылады.
Ақшалай төлемдерді алуға құқығы бар отбасының барлық мүшесіне ортақ бір ақшалай төлем тағайындалады.
Отбасы мүшесінің талап етуі бойынша оның ақшалай төлем үлесі бөлінеді және оған жеке төленеді.
Ақшалай төлем үлесін бөлу өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі.
Ақшалай төлемдер бойынша туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.