Қарапайым мұғалімнен директорға дейін: Елімізде қалай басшы атануға болады
Елімізде қарапайым мұғалім болып жұмыс істеп жүрген педагогтер ешқандай конкурстық рәсімсіз директор бола алады. Ол үшін не істеу керек? Қайда және қалай тіркелу керек? Осыған орай BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жоба «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» деп аталады.
Жоба 2023 жылы пилоттық режимде іске қосылған болады.
Мұғалімдер қалай іріктеледі?
Биыл да «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске асыру жалғасып жатыр.
Білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын таңдау мынадай кезеңдерден тұрады:
І-кезең. Үміткерлерді платформадан тіркеуден өткізіп, жарияланған өлшемшарттар бойынша іріктеу және психометриялық тестілеуден өткізу.
ІІ-кезең. Үміткерлерді үшдеңгейлі оқыту – базалық деңгей, ілгерінді деңгей және кәсіби деңгей.
ІІІ-кезең. Еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өткізу – Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық физика-математика мектептері, Білім-инновация лицейі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп интернаттары.
IV-кезең. Бұл кезеңде Оқу-ағарту министрлігі жанындағы комиссиямен соңғы сұқбат болады.
V-кезең. Үміткерлерді республикалық кадр резервіне қабылдау .
2024 жылы бірінші басшылардың республикалық кадр резервіне 3 мың үміткерді оқыту жоспарланып отыр. Оның ішінде орта білім беру - 2 500, мектепке дейінгі білім беру – 200 және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 300 үміткері.
Бүгінгі таңда 12 719 тіркеліп, оның ішінде 981-і мектепке дейінгі білім беру, 10 041-і орта білім беру және 1 176-сы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үміткерлері болса, 392-і мамандандырылған білім беру ұйымдарының үміткерлері, 129-ы облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармалары ұйымдарының үміткерлері.
Сонымен қатар осы жобаға қатысқысы келетіндер мұғалімдер https://beyim.edu.kz/reserve сайтына өтініш беруі керек.
Барлық кезеңнен өткендер директор болады
Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі, соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне енгізіледі.
езервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Атап өтейік, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі.
Бұл жобаны жүзеге асыру «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептерді даярланған басшылармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге, ең бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін, білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
100 мұғалім директор қызметіне кірісті
Оқу-ағарту министрлігі мәлім еткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап елімізде менеджерлердің кадрлық резервін іріктеу және дайындауға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылып жатыр. Оның алғашқы құрамына 207 педагог іріктеуден өтті. Қазір олардың 100-ге жуығы мектеп директоры қызметіне кірісті.
28 наурызда кадрлық резервке алынған елордалық педагогтермен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кездескен болатын.
Кездесуде ведомство басшысы білім беру сапасын арттырудың маңызды міндеттеріне тоқталды. Бұл - менеджментті нығайту, оқу бағдарламаларын жаңарту, ауыл мектептерін қолдау бойынша кешенді бағдарламаны іске асыру, педагогтерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіру, инфрақұрылымдық кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау сияқты бес негізгі бағыт.
Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының мақсаты мен міндеті білім беру жүйесінің сапасын арттыру және басқарушы кадрлардың жаңа буынын қалыптастыру. Біз үйлесімді жұмыс істеуіміз керек. Сіздерге жобаның алғашқы түлектері ретінде үлкен жауапкершілік артылады. Қазір сіздердің алдыларыңызда балаларымыз бен педагогтерімізді жайлы және қауіпсіз жағдаймен қамтамасыз ету сияқты басты міндет тұр, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Кездесуге жоба аясында іріктеуден өткен елордалық 15 көшбасшы қатысты. Қазіргі таңда резервке алынған педагогтердің алтауы басшылық лауазымдарға тағайындалған. Сегіз ай ішінде олар жеке, кәсіптік, басқару, аналитикалық дағдылар мен құзыреттер бойынша дайындықтан өтті.