Профессор: Абай − көне жазба тілдің жалғастырушысы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығында Шерубай Құрманбайұлы мен Мәрлен Әділовтің авторлығымен жарық көрген «Абай тілінің ерекшеліктері» монографиясының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Осы кітапқа қатысты филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Қаламқас Қалыбаева өз ойын білдірді.
Әрине, Абай шығармашылығының тілі бұған дейін де зерттеуші тілші қауымның назарынан ешқашан тыс қалған емес. Тұсаукесерде ғалым Ш.Құрманбайұлының өзі де бұл мәселеге қатысты нақты тоқталып, өзіне дейінгі Абай тілінің зерттелу хронологиясын кеңінен саралап өтті. Дегенмен, оқырманға ұсынылып отырған бұл жаңа туындының өзіндік ерекшеліктері тілші маман ретінде маған да үлкен ой салды.
Монографияның көзге түскен басты ерекшелігі мұнда ең алдымен Абай шығармаларындағы көне формалар Мүрсейіт қолжазбасының түпнұсқасы бойынша берілген екен. (Кейбір басылымдарда Абай шығармаларындағы кейбір мұндай көне формалардың біразы өзгертіліп беріліп жүргенін білеміз). Және де сол көне формалардың дыбыстық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктері түрлі сөздіктер арқылы кеңінен талдауға түскен. Соның нәтижесінде Абай тілінде қолданылған дыбыстық, грамматикалық, лексикалық «ескіліктердің» мол қоры жинақталып беріліпті. Тіпті, бүгінге дейін тасада қалып келген Абай тілінде болмаған деп жүрген диалектілік ерекшеліктер де бұл зерттеуде аты аталып, түсі түстелген екен. Міне монографияда көрініс тапқан осындай ерекшеліктердің өзі бізді бүгінгі қазақ тіл біліміндегі әдеби тіл мен қазақ тілінің диалектілеріне қатысты ғылыми зерттеулерде қол жеткізілген бірқатар тұжырымдар қайта саралауды қажет етеді-ау деген ойға жетелеп отыр.
Айтайын дегеніміз, тіл тарихын зерттеудегі кеңестік кезеңнің саяси ұстанымындағы қалыптасқан стандарттардың жалпы қазақ тіл білімінің даму үрдісінде қалдырған ізі жайында еді. Бір қарағанда көзге байқала бермейтін осы бір кезеңнің салқыны жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ тіл білімінің барлық салаларына тигені бүгінде айқын таныла бастады. Соның бірі осы Абай тілінің зерттелуінен де көзге ұрып көрініп тұр. Яғни, кеңестік жүйедегі «Қоғамда орын алған төңкеріс сананың төңкерісіне алып келді» деген ұғым әдебиетке ескі мен жаңаның арасындағы тартыс идеясын қалыптастырған еді. Осы идеяның шарпуында М.Әуезов Абайды өз әкесі ескішіл Құнанбайға қарсы тұрған жаңашыл күрескер бейнесінде көрсеткені бүгінде ешкімге жасырын емес. Ол жайында айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, осы «ескі мен жаңаның күресі» тіл тарихын зерттеуде де орын алғандығы тілші ғалымдар тарапынан айтыла бермейді. Абай тілін зерттеуші ғалымдардың еңбектерін шолу жасай келе бұған көзіміз анық жетті. Сонау 1934 жылы жарық көрген Құдайберген Жұбановтың «Абай − қазақ әдебиетінің классигі» мақаласынан бастап кейінгі Қ.Жұмалиев, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, Т.Қордабаев, Қ.Өмірәлиевтермен қатар Рабиға Сыздық секілді ірі Абайтанушы ғалымдардың еңбектерінде де Абай өзіне дейінгі шұбарланған кітаби тілден бас тартқандығы, оның қазақтың жаңа жазба әдеби тілінің бастауында тұрғандығы көп айтылады. Ғылыми тұрғыдан бұл өте дұрыс тұжырым екені анық. Абайдың тілі ғайыптан пайда болмағаны, оның ескі көне жазба тілдің жалғастырушысы екені де айтылып жүр. Дегенмен, осы арада сол кездегі саясатқа томпақ келмейтіндей аздаған бір «абайлаушылықтың» болғандығы да рас. Соның нәтижесінде Абайдың тіліндегі көне формалардың қолданылуы жанамалай ғана сөз болып, көбіне Абайды ескішілдіктің арасынан ақтап алуға бағытталған тұжырымдар көп айтылатын зерттеулер орын алған еді. Осындай факторлар Абай тіліндегі араб-парсылық, шағатайлық көне формаларды тереңдете зерттеуге бір қарағанда байқала бермейтіндей тосқауыл болған секілді. Міне, ұсынылып отырған «Абай тілінің ерекшеліктері» деп аталатын зерттеу еңбегі осы шектеулердің шеңберінен шығып, Абай өмір сүрген кезеңдегі тіліміздің статикалық қалыпын шынайы көрсете білген құнды еңбек болып отыр. Осымен байланысты ендігі таңда ғылыми зерттеулердегі қазақ әдеби тілінің қалыптасуын дұрыс бағамдауға қатысты, қазақ тілінің диалектілерге бөлінуіне қатысты ала құлалықтар мен ой пікірлерді бір жүйеге келтіруіміз қажет-ақ. Әрине, мұның ар жағында Кеңес тіл білімі тарихында орын алған келеңсіздіктердің қазақ тіл білінің даму тарихына тигізген әсері жатыр. Өкініштісі сол-ақ, бүгінгі тарих, қоғамтану ғылымында танылған мұндай «ақтаңдақтар» қазақ тіл білімі саласында әлі өз бағасын алмай отыр. Ол жайында кейінгі мақалаларымызда кеңірек әңгімелеуді жоспарлап отырмыз.
Қаламқас Қалыбаева
ф.ғ.д., проф. Абай атындағы ҚазҰПУ