Президенттік жастар кадр резерві: Бұл қандай жоба?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Жалпы Президенттік жастар кадр резерві деген не? Бұл жобаға кім қатыса алады? Резервшілер қайда жұмысқа орналасады.

Президенттік жастар кадр резерві деген не?

Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба.

Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады.

Бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.

Конкурсқа кім қатыса алады?

- Жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары.

- Жоғары білімі бар.

- 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар.

- мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білетіндер.

Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу тәртібі

1. Құжаттарды қабылдау

Құжаттар онлайн-платформада (pkrezerv.gov.kz) кандидатты тіркеу және оған жеке нөмір беру арқылы қабылданады. 

Тіркелу кезінде үміткерлер жеке құжаттарын және орта деңгей үшін белгіленген талаптарға сәйкес келетін нәтижесімен мемлекеттік тілде тестілеуден өткені туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми куәлікті жүктейді.

Мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат алу үшін үміткер Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығында (ҚАЗТЕСТ) не ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының QAZAQ RESMI TEST тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден өтуі қажет.

Үміткерге өтініш берген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаты болмаған жағдайда, KAZTEST немесе QAZAQ RESMI TEST жүйесі бойынша тестілеуден өтуге сілтемелер ұсынылады.

Ал үміткер тиісті сертификатты алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркелуді аяқтай алады.

2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау 

Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға және оның нәтижелерін тексеруге мүмкіндік беретін екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.

Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау ұсынылған мәтін фрагментін зерделеуге және оның мазмұнына сәйкес жауап нұсқаларының бірін таңдауға арналған 25 тест тапсырмасын қамтиды.

Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кестелер, графиктер және диаграммалар түрінде ұсынылған ақпаратты зерделеуге және мазмұнына сәйкес жауап нұсқаларының бірін таңдауға арналған 25 тест тапсырмасын қамтиды. Қажет болған жағдайда үміткер қағазды, қарындашты және калькуляторды пайдалана алады.

Әр бағалаудың ұзақтығы 25 минуттан аспайды. Бұл кезеңдердегі нәтижелерді есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Ең жоғары балл жинаған 1 000-ға жуық үміткер тестілеуді верификациялауға жіберіледі.

Үміткерлерді бағалаудың нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде және сайтта әкімшінің жеке кабинетінде жарияланған келесі күні сағат 18.00-ден кешіктірілмей орналастырылады.

Тексеру (Верификация) – үміткерлердің қабілеттерін тексерудің қысқаша нысаны және тестілеу үдерісін аудио-бейне жазба арқылы үміткерлердің қабілеттерін қайта өлшеуге бағытталған. Тестілеуді тексеру тілі үміткердің бағалаудың алғашқы екі блогынан өткен тілге автоматты түрде орнатылады.

Тексеруге қойылатын сұрақтардың жалпы саны – 30 (15 мәтін және 15 сан), олар кездейсоқ түрде таратылады. Тексеру процедурасының ұзақтығы 30 минуттан аспайды.

Тексеру белгіленген тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша оған ыңғайлы уақытта интернет байланысы арқылы жүргізіледі.

Тексеру нәтижелері бойынша келесі кезеңге ең жоғары балл жинаған 500-ден аспайтын үміткер жіберіледі. Тексеру кезеңінің нәтижелерін орналастыру механизмі қабілеттілікті тексеру нәтижелерін орналастыру механизміне ұқсас.

3. Ситуациялық есептерді шешу

Бұл кезең - ситуациялық тапсырмалар түрінде құрастырылған нақты мәселелерді шешуге үміткерлердің көзқарасын бағалауға бағытталған.

Кезең үміткерге ыңғайлы уақытта Нұр-Сұлтан уақыты бойынша белгіленген күні онлайн платформада эссе жазу форматында өтеді. Бұл кезең онлайн-платформада аудио және бейне жазбамен сүйемелденеді. Ұзақтығы – 45 минуттан, көлемі 500 сөзден аспайды.

Сарапшылардың жалпы пулы кем дегенде 105 адамды құрайды.

4. Құзыреттерді бағалау

Ситуациялық есептерді шешу кезеңінен кейін 250 үздік үміткер құзыретін бағалау кезеңінен өту үшін онлайн-платформаға тіркеле алады. Олардың әрқайсысы ұсынылған нұсқалардан рәсімнің күні мен уақытын таңдай алады.

Бұл кезең екі бағалау блогынан тұрады:

- ассессмент-орталық,

- құзыреттілік сұхбаты.

Ассессмент-орталық Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол үміткерлердің мінез-құлық көрсеткіштерінің жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерін (стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік) анықтауға және бағалауға бағытталған.

Құзыреттіліктерді бағалауға барлығы кемінде 20 сертификатталған бағалаушы мен 5 супервизор тартылады. Ассессмент-орталық рәсімінің ұзақтығы 6-дан 8 сағатқа дейін созылады.

Нәтижесінде құзыреттерді бағалаудың келесі блогына құзыреттер бойынша сұхбатқа ең үздік нәтиже көрсеткен 125 үміткер жіберіледі.

Құзыреттілікке негізделген сұхбат кәсіби HR менеджерлерін тарта отырып, жеке тереңдетілген сұхбаттың онлайн форматында өткізіледі. Әңгімелесуге тіркелу ең жақсы нәтиже көрсеткен 125 үміткер үшін онлайн-платформадағы алдыңғы блокқа ұқсастық бойынша жүзеге асырылады.

Әңгімелесу нәтижелері бойынша іріктеудің келесі кезеңіне үздік нәтиже көрсеткен 100 үміткер іріктеледі.

5. Сараптамалық комиссияда сұхбаттасу

Бұл кезеңге өткен іріктеу кезеңдерінің жалпы ұпайлары бойынша ең жақсы нәтиже көрсеткен 100 адам жіберіледі.

Сараптамалық комиссияда кадр жөніндегі менеджер комиссия мүшелеріне тереңдетілген әңгімелесу нәтижелері бойынша қысқаша есеп береді. Қажет болған жағдайда осы кезеңде комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылуы мүмкін.

Сараптамалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 65 кандидаттан аспайтын тізім жасалады, олар Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылады.

Іріктеудің осы кезеңінің нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде орналастырылады

6. Ұлттық комиссияның отырысы

Ұлттық комиссияның отырысына сараптама комиссиясы ұсынған ең жоғары баллмен 65-тен аспайтын кандидат жіберіледі. Ұлттық комиссия қажет болған жағдайда кандидаттармен әңгімелесу өткізе алады.

Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 50-ден аспайтын кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданады, 2.0.

Былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев жас қазақстандықтарға ерекше назар аударған болатын. 

Тәуелсіздіктің құрдастары 30 жасқа толды. Олар егемен елде туып-өскен, көкірегі ояу. Олардың дүниетанымы мен өмір салты мүлдем басқа. Олар үшін Тәуелсіздік - аксиома. Бұл - жастардың санасында егемендік ұғымының орнығуын айғақтайтын қалыпты құбылыс. Алайда, Тәуелсіздіктің құндылығын түсіну өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы үшін, олар бізге қандай бағамен келгенін білуі керек, - деп жазды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда білімді жастар қатары артып келе жатқанын алға тартты.

Елімізде жоғары білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтырады. Менің бастамам бойынша құрылған Президенттік кадр резерві - осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек, - деп айтқан болатын Президент.

Резервшілер кімдер?

2021 жылы Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік резервке 50 кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданды. Жүргізілген талдауға сәйкес, резервшілердің 62% (31 адам) шетелдік озық білімі, 38% – қазақстандық (19 адам) білімі бар. 39 адам магистр дәрежесіне ие. 

Резервшілердің басым бөлігінде экономиканың түрлі секторларында қызмет ететін жетекші шетелдік және жеке қазақстандық компанияларда жұмыс істеу тәжірибесі бар. 

13 адам – квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін адамдар, 18 адам – жеке сектор өкілдері, 19 - мемлекеттік қызметшілер. Бұл ретте 24 адамның басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар. Өңірлік бөліністе резервшілердің басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Павлодар облысынан ұсынылған. Резервке алынған тұлғалар арасында Бельгияда тұратын Қазақстан өкілі бар. Ол елшінің хатшысы болып жұмыс істейді. Орташа жас - 30. Бұл ретте ең жас резервист 25 жаста. Резервке алынған адамдар Президент жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша «А» корпусының саяси, әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшы лауазымдарына және «Б» корпусының А санаты тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін, - деген болатын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.

Резервшілерді Мемлекеттік қызметтің жоғары лауазымдарына тағайындау дәйекті мансаптық өсу жолымен жоспарланады. Агенттік резервшілердің одан әрі мансаптық ілгерілеуіне мониторинг жасайды. Резервшілермен өзара іс-қимылды күшейту мақсатында талқылау үшін өзекті мәселелерді алдын ала жинай отырып, олармен кемінде 2 айда бір рет кездесулер ұйымдастыру ұсынылады. Бұл жұмысқа орналастыру, одан әрі дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобалар үшін әлеуетті пайдалану. Аталған жұмысты орталықта ғана емес, өңірлік деңгейде Агенттіктің аумақтық департаменттерін тарта отырып жүргізу ұсынылады.

Айта кетейік, жоба аясында 2019 жылы 300 жас азамат іріктеп алынып, соның ішінде 186 маман әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік лауазым бойынша қызметке орналасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы