Олимпиада жампоздарының жарқын жеңісі

Франция астанасы Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына небәрі 10 күн қалды. Ел намысын қорғайтын спортшыларымыз бүгін Парижге аттанды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, жеке құрама ретінде олимпиада ойындарына қатысып, көк туымыз көкте желбіреді. BAQ.KZ тілшісі спортшылардың жарқын жеңісіне шолу жасады.

1996 жылғы жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін жазғы олимпиада ойындарына алғаш рет 1996 жылы қатысты. Ол Атлантада өткен еді. Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысып тұрған Қазақстан 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медальді жеңіп алды. 96 споршты бақ сынаған бәсекеде жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Бокстан Василий Жиров – алтын, Болат Жұмаділов – күміс, Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов – қола медаль иеленді. Қазіргі бессайыстан Александр Парыгин – алтын, грек-рим күресінен Юрий Мельниченко - алтын, нысана көздеу және нысананы жатып көздеуден Сергей Беляев екінші орын алып, ел қоржынына 2 күміс алқа сыйлады. Ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый – күміс медаль жеңіп алса,нысана көздеуден Владимир Вохмянин – қола, еркін күрестен Маулен Мамыров – қола медаль тағынды.

2000 жылғы жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары

Қазақстан Австралияның ірі қалаларының бірі Сиднейде өткен 2000 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына өз тарихында екінші рет қатысып, үш алтын, төрт күміс медаль қанжығалады. 198 ел қатысқан Сидней олимпиядасына Ұлттық құрамадан 130 спортшы аттанып, жеті атлетіміз жеңіспен оралды. Жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина – алтын, Бокстан Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов – алтын алып, мерейімізді асырды. Мұхтархан Ділдәбеков пен Болат Жұмаділов – күмісті місе тұтты. Велоспорттан Александр Винокуров – күміс алқа иеленсе, еркін күрес бойынша ел қоржыны жүлдесіз қалмады. Ислам Байрамуков – күміс алды. Осылайша командалық есепте ел құрамасы 199 елдің ішінен 22-ші орынға табан тіреді.

2004 жылғы жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары

2004 XXVIII жазғы Олимпиада ойындары – Афинада өтті. Елімізден 119 спортшы қатысқан бұл ойында 8 жүлдемен оралды. Бокстан Бақтияр Артаев – алтын алқа алып, чемпион атанса, Геннадий Головкин – күміс, Серік Елеуов – қола медаль алды. Ауыр атлетикадан Сергей Филимонов – күміс алқа, грек-рим күресінен Георгий Цурцумиа – күміс, еркін күрестен Геннадий Лалиев күміс, он сатылы жеңіл атлетикадан Дмитрий Карпов– қола, грек-рим күресінен Мхитар Манукян – қола медаль алған еді. Осылайша Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-шы орынға жайғасты. Бірақ, Сиднейде өткен Олимпиадаға қарағанда, команда 18 сатыға төмендеді.

2008 жылғы жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары

Бұл жазғы олимпиада ойындары Қытай астанасы Бейжіңде өтті. Қазақстан қоржынына 2 алтын, 3 күміс, 7 қола медаль салынды.Бокстан Бақыт Сәрсекбаев – алтын алса, әйелдер арасындағы ауыр атлетикадан Алла Важенина – алтын медальды тақты. Әйелдер арасында қатарынан үш рет секіріп түсуден Ольга Рыпакова – күміс, дзоюдодан Асхат Жіткеев – күміс, грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаев қарсыласынан допинг табылуға байланысты – күміс алған еді. Әйелдер арасындағы еркін күрестен Елена Шалыгина – қола, ерлер арасындағы еркін күрестен Марид Муталимов – қола, бокстан Еркебұлан Шыналиев – қола, ерлер арасындағы таэквондодан Арман Шылманов – қола медаль иеленді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 204 мемлекеттің арасынан 29-шы орынға тұрақтады.

2012 жылғы жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары

«Тұманды Альбион» аталып кеткен ағылшын жұртының астанасы - Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан жақсы нәтижеге қол жеткізді. Спортшылар алғашқы күннен-ақ алтын алумен бастады. Велоспорттан 250 шақырымдық қашықтықтағы жарыс жолына шыққан Александр Винокуров сәтті бастап, алтын иеленді. Әйелдер арасында үш қарғып секіру бойынша Ольга Рыпакова – алтын, бокстан Серік Сәпиев – алтын,бокстан Әділбек Ниязымбетов – күміс, грек-рим күресінен Даниял Гаджиев – қола жүлдегер атанды. Олимпиада тарихында алғаш рет ұйымдастырылған әйелдер боксында Марина Вольнова – қола жүлдегер атанған еді. Әйелдер арасындағы еркін күрестен Гузель Манюрова – қола жүлдегер, бокстан Иван Дычко – қола, еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров – қола алды. Әйелдер арасындағы ауыр атлетикадан қарсыласынан допинг табылуға байланысты Анна Нурмухамбетова – қола жүлдеге ие болды. Лондон олимпиадасына 205 елден спортшы қатысып, 302 бәсекені сарапқа салды.

2016 жылғы жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары

Ал 2016 жазғы олимпиада ойындарындары Қазақстан үшін сәтті болды. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында ел қоржынына жалпы 17 медаль түсті. Қазақстаннан әлемдік бәсекеге 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Боксшы Данияр Елеусінов, ауыр атлет Нижат Рахимов және жүзуден Дмитрий Баландин олимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдені дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұл, әуесқой боксшылар Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, күрестен Гюзел Манюрова қанжығасына байлады. Қолаға қыздар арасында бәсекеге түскен дзюдошы Галбадрах Отконцэцэк, ауыр атлетикадан ерлер арасында Фархад Харки, Александр Зайчиков, әйелдер арасында Карина Горичева, жеңіл атлетикадан әйелдер арасында Ольга Рыпакова, еркін күрестен Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, бокстан Иван Дычко, бокстан әйелдер арасында сынға түскен Дариға Шакимова болды. Осылайша Қазақстан жалпы есепте 12-орынға жайғасты.

2020 жылғы жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары

Токио олимпиадасы әлемдегі індет короновирусқа байланысқа 1 шегеріліп 2021 жылы өтті. Бұл Жазғы Олимпиада еліміз үшін сәтсіз бәсеке болды. Алтыннан үміт күтетін қазақ елі 8 қоланы қанағат тұтты. Солай 83 орынға тұрақтады. Ел қоржынына қола салғандар дзюдадан Елдос Сметов, ауыр атлетикадан, Игорь Сон, әйелер арасында Зульфия Чиншанло, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, еркін күрестен Нұрислам Санаев, каратэден Дархан Асаділов, каратэден әйелдер арасында Софья Берульцева.

Париж – 2024: Қанша жолдама бар?

Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күн қалды. Қазақстан осымен 8-рет Жазғы олимпиада ойындарына қатысады. Қазақстан құрамасының еншісінде 92 жолдама бар. Еліміздің атынан спорттың 25 түрінен 80 атлет бақ сынайды. Париж Олимпиадасына ең көп спортшы жіберетін өңірлер де белгілі болды. Төртжылдық додасында Ас­тана, Алматы және Шымкентті қоса есептегенде 35 спортшы, ал қалған облыстар 45 спортшыны жарысқа жібереді. Маңғыстау, Қостанай және Ұлытау облыстарынан бірде-бір спорт­шы Олимпиадаға бармайды. Бұл додада 54 атлет алғашқы Олим­пиа­дасына қатысады. 21 атлет өз ман­сабындағы екінші жазғы ойындарға аттанады. Жарыс жолына шығатын спортшыларымызға жоғарыда аталған жампоздардың жеңісті сәтін тілейміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы