Митинг туралы заң қоғам талқысында

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде қазір "Бейбіт шерулер өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының заң жобасы кеңінен талқыланып жатыр. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік халықты тыңдауға әзір және халықтың пікір білдіруіне ерік беру керек дегенінен кейін бұл заң қайта қаралып отыр.

2019 жылдың 2 қыркүйегінде ҚР Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында митингілер туралы заңды қайта қарауды және толықтыруды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тапсырған еді. Қазір аталған министрлік шерулерді өркениетті елдердегідей тәртіппен өткізу бойынша жаңа заң жобасын әзірлеп, қоғам талқысына ұсынуда. Сонымен қатар, қоғам белсенділерінің пікірін тыңдай отырып, жан-жақты талқылау арқылы жаңа заң жасап шығаруға әзір екендіктерін көрсетті.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, митинг туралы заңға толықтырулар енгізгеннен гөрі, жаңа заңды қабылдаған анағұрлым жеңіл болмақ. Осы себепті министрлік жаңа заң жобасын 1995 жылғы заңнан өзгеше етіп бастан-аяқ әзірлеп шығыпты.

Бұл заңды қайта қарауға не түрткі болды дегенге келсек. 2019 жыл еліміз үшін митингілер жылы болды десек артық болмас. 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-сұлтан қалаларында аяқ астынан рұқсат етілмеген митингілер болды. Бұл үрдіс президент сайлауынан кейін де жалғасын тауып, еліміздің бірнеше қаласында халық көшеге шықты. Құқыққорғау органдары бұл жиындардың рұқсат етілмегенін алға тартып, митингке шыққан белсенділерді қамап, жауапқа тартты. Дегенмен билік халықты тыңдауға дайын екендіктерін бірнеше мәрте мәлімдеп, мұндай шерулердің заң аясында өтуін қамтамасыз ету қажеттігін көтерді.

Жаңа заңның артықшылықтары

Жаңа заңды қабылдау республиканың барлық өңірлерінде бейбіт жиналыстар өткізудің бірыңғай ережелерін белгілейді. Сонымен қатар, Заң жобасына түсінік аппаратын енгізу қолға алынған. Қолданыстағы заңның кемшіліктерінің бірі бейбіт жиналыстар нысандарының нақты регламенттелмеуі. Осыған байланысты заң жобасында түсінік аппаратын орнату ұсынылған. Бұл бейбіт жиналыс, митинг, пикеттеу, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді.

Заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттарын енгізілмек, оның ішінде зорлық-зомбылық сипаты, заңдылық, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, Заңда бейбіт жиналысты ұйымдастырушының, қатысушылар мен журналистердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілмек. Қолданыстағы заң қатысушыларды, ұйымдастырушыларды ажыратпайды, журналистер қызметінің тәртібін реттемейді. Осыған байланысты, заңда ұйымдастырушылардың, қатысушылардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін анықтау ұсынылған. Бұл бейбіт жиналыстарға қатысушылар мен ұйымдастырушылар бола алатын тұлғаларға қойылатын талаптарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты анықталатын болады, бұл бейбіт жиналыстар субъектілері мен мемлекеттік органдар арасындағы мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. БАҚ саласындағы уәкілетті орган бейбіт жиналыстарға қатысқан журналисттің (бұқаралық ақпарат құралы өкілінің) қызметінің ережелерін, журналисттің айырым белгілерінің нысандарын қабылдайтын болады. Бейбіт жиналыстарды өткізуді ұйымдастыруға ыңғайлы болу мақсатында ұйымдастырушыларға олардың ерекше белгілерінің нысандары қабылданбақ.

Тағы бір айта кетерлігі бейбіт жиналыстар өткізу кезінде үгіт институтын енгізу. Қолданыстағы заңмен азаматтардың бейбіт жиналыстар өткізу кезінде үгіт жүргізу құқығы регламенттелмеген. Осыған байланысты, хабарламаны қарау немесе ЖАО келісімін алу мерзімі аяқталғаннан кейін БАҚ, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы бейбіт жиналыстар өткізу бойынша үгіт жүргізуге ұйымдастырушылардың құқығын регламенттеу ұсынылады.

Одан бөлек бейбіт жиналыстар өткізуді келісу процесін ырықтандыру қарастырылған. Аралас тәртіпті енгізу. Қолданыстағы заң ЖАО рұқсатын алғаннан кейін ғана бейбіт жиналыстар өткізу мүмкіндігін көздейді. Заң жобасында пикеттеу нысанында бейбіт жиналыстар өткізу мүмкіндігі тек хабарлама тәртібімен ғана қарастырылады. Сондай-ақ, хабарлама тәртібі митинг, жиналыс үшін, ЖАО-дан қандай да бір жауап немесе келісім алмай саны 250 адамнан кем азаматтар қатысқан жағдайда көзделген. Бұл ретте, саны 250 адамнан асатын азаматтар қатысқан жағдайда демонстрация, шеру, сондай-ақ митинг, жиналыс өткізілген жағдайда, ЖАО қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыс өткізуге келісім беретін болады.

Сонымен қатар, хабарламаларды немесе өтініштерді қараудың нақты және түсінікті тәртібі белгіленбек. Қолданыстағы заң рұқсат алу үшін өтініштерді қарау мерзімін ғана белгілейді. Бұл ретте өтінішті қараудың толық тәртібі реттелмеген. Осыған байланысты, хабарламалар мен рұқсаттардың нақты және түсінікті қарау тәртібі белгілей отырып: қараудың нақты мерзімдерін, хабарламалар немесе өтініштер нысандарын, қабылданған шешім туралы ұйымдастырушыларға хабарлау нысандарын орнату ұсынылады. Осы түзетулер бейбіт жиналыстар тараптары арасындағы жанжалды жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді және азаматтардың билікпен қарым-қатынасында айқындық пен ашықтық қосады.

Заңда бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту үшін негіздердің толық тізбесін белгілеу де қарастырылған. Қолданыстағы заң бейбіт жиналыстар өткізу үшін бас тарту негіздерінің бұлыңғыр тізбесін қамтиды. Осыған байланысты, заң жобасында бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту үшін негіздердің толық тізбесін бекіту ұсынылады. Бұл ретте заң жобасында бейбіт жиналыстар өткізу үшін балама орын беру құқығы қарастырылған.

Елдімекендердің орталық бөліктерінде арнайы орындарды орналастыру туралы талаптарды белгілеу де қамтылған. Қазіргі уақытта әртүрлі өңірлердегі мәслихаттар бейбіт жиналыстар өткізуге арналған орындарды елді мекендердің әртүрлі бөліктерінде анықтайды. Мысалы, Алматы қаласындағы арнайы орынды «Сарыарқа» кинотеатры ауданын анықтау үлкен сын тудырды. Осыған байланысты, заң жобасында аталған арнайы орындар елді мекендердің орталық бөліктерінде анықталатын болады, қауіпсіздік талаптарына сәйкес болады деп көзделген.

Сондай-ақ бейбіт жиналыстарды жаппай іс-шаралардың басқа түрлерінен ажырату да қамтылған. Заң жобасында аталған заң жабық үй-жайларда өткізілетін қоғамдық іс-шараларға, ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларға, жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстары мен жиындарына, үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жиналыстарына, сондай-ақ құдайға құлшылық етуге, діни жораларға, рәсімдерге және (немесе) жиналыстарға қолданылмайды деп көрсетілген. Бұл іс-шаралар салалық заңнамамен реттелмек.

Заңда бейбіт жиналыстар бостандығы құқығын бұзатын шешімдер мен әрекеттерге шағымдану құқығы қарастырылған. Заң жобасында бейбіт жиналыстар бостандығы құқығын бұзатын шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдану үшін мүмкіндік беретін бапты енгізу көзделіп отыр.

Әрине бұл заң жобасы әлі де талқыланып, өзгертулер енгізілетіні белгілі. Дегенмен бұл шерулердің заң аясында өтуін қамтамасыз ететіні анық. Қоғам талқысына түскен бұл заң жобасына қоғам белсенділері мен сарапшылардың өз айтары бар.

Сарапшылар пікірі

Кеше Алматыда «Бейбіт шеру өткізу және ұйымдастыру туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасы талқыланды. Оған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.

Жиын барысында қоғам белсенділері мен сарапшылар ұсынылған заң жобасына қатысты өз ойларын айтып, ұсыныстарын білдірді.

Заңгер, қоғам белсендісі Евгений Жовтис министрліктің заң жобасын қабылдамастан бұрын қоғамға таныстыруы құптарлық жағдай екенін атап өтті.

«1980 жылдардан бастап митингке шығып жүрген адам ретінде айтарым бізде демократия жас деп айтуға келмейді. Бұрын біз ескі алаңға киіз үй тігіп өркениетті елдердегідей шеру өткізгенбіз. Ешкім тәртіпсіздікке барып, дүниелерді қиратқан кезі болмады. Сонымен қатар, біз БҰҰ, ЕҚҚҰ мүшелігіндеміз, заң нормаларында сол ұйымдардың ұстанымдары сақталу керек және халықаралық тәжірибені енгізген жөн»,-дейді заңгер.

Заңгер митинг туралы заң жобасын қабылдарда халықаралық тәжірибеге сүйенген дұрыс деген пікірде. Әсіресе күніне бірнеше митинг өткізіп тұратын Еуропа елдерінің бұл бағытта тәжірибесі мол әрі жан-жақты қамтылған көрінеді.

Ал, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Сергей Пономарев аталған заң жобасындағы журналистерге қатысты 5-ші тармақты әлі де жетілдіру керек деген ойда.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасында шеруге қатысқан журналистер видео,  фото материалдарды құқық қорғау органдары талап еткен жағдайда тапсыру қажеттігі айтылған.

Олар материалдарды тексеруге алғанымен 2-3 күннен соң бірақ қайтарып беруі мүмкін. Ол кезде материалдар жармсыз болып қалады. Сондықтан бұл тармақты алып тастаған жөн. Сонымен қатар, журналистрдің жұмысын тежейтін тағы 7 тармақ көрсетілген. Журналист шеруге қарусыз, адамдардың денсаулығына зақым келтіретін затсыз келетіндігі жөнінде тексерілу керек дегені дұрыс емес. Басылымдар онсыз да аккредитациядан өткен, оның үстіне құқық қорғау органдарынан тағы қауіпсіздік бойынша рұқсат алуы артық. Біздің мақсатымыз халыққа ақпарат жеткіз, - деді С. Пономарев.

Сарапшы Бекнұр Кисиков та мұндай өзекті тақырыптың қоғам алдында талқылануы құптарлық жағдай екенін атап өтті.


Мұндай митингтерді өткізуді қаржыландыру жағын қалай анықтауға болады. Қаржыландыру қайдан түседі деген сұрақ мені қызықтырады. Сонымен қатар 250 адамдық шеруде 2-3 адам асып кетсе ұйымдастырушы қандай жауапкершілікке тартылады. Осы тұстарын әлі де толықтыру қажет сияқты,-деген ойын білдірді.

Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков митингілерді өткізуге арналған бұл заң жобасын қоғаммен бірге талқылау демократия жолын жасалып отырған үлкен қадам екенін атап өтті.


Бұған дейін қай заңды қоғам алдында талқыланушы еді? Бұл заңды бұған дейін қоғамдық кеңес алаңында бірнеше рет талқыланған едік. Бүгін министр Алматы қаласының қоғам белсенділерінің пікір, ұсыныстарын тыңдап, ескеруге болатын ұсыныстар айтылғанын жеткізді. Жиында түрлі пікірлер айтылды, біз халықаралық стандарттарға сай келетін заң қабылдаймыз деп ойлаймын. Онлайн-митинг өткізу ұсынысы өте қажетті құбылыс деп ойлаймын әрі ол халықаралық тәжірибе. Митинг өткізетін жер біреу ғана емес, бірнеше жерде болғаны жөн. Мәселен қандайда бір мекеменің жұмысшылары жалақысын немесе басқа да бір проблемасы бойынша наразылық шарасын өткізгісі келсе атқарушы органдар белгілеп берген орыннан гөрі, сол мекеменің маңында өткізсе тиімді болады. Оған атқарушы органдар мен сол мекеменің басшылығы қатысып жұмысшылардың өтініштерін тыңдай білсе. Сондықтан өткізу орындары бойынша шектеу қоймау керек. Себебі қоғам ашық бола түскен сайын адамдар да өзгереді,-дейді Н. Жазылбеков.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов мұндай заңның қолға алынуы өзекті әрі уақытылы көтеріліп отыр деген ойда.

Бұл заңды қолға алу қоғам алдында тұрған мәселелерге жауап береді. Заң жобасында заңды техника, норма мазмұндамасы төңірегінде сұрақтар бар. Бүгінгі талқылауда қоғам белсенділері тыңдалды, яғни заңгерлер толықтай іске кіріспеді. Сондықтан бүгінгі ескертпелер ескеріліп, заң тұжырымдамсы әлі жетілдіріледі. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның ойын да ескеру қажет. Бүгін жақсы ұсыныстар айтылды. Министр, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдар қатысқан бұл жиында негізінен байланыс орнату қажет. Кейбір адамдар эмоцияға еркі берді, ол министр тарапынан жауап беруді қажет етпейді. Дегенмен мемлекет қазір халықты тыңдауға әзір, олардың ұсыныстарын ескеруге дайын. Сонымен қатар, өздерінің позициясын басқаша қалыптастыруға, өзгертуге дайын екендіктерін білдірді. Яғни бұл заң мемлекет тарапынан ғана емес, қоғаммен келісе отырып жасалатынын көрсетіп отыр, - дейді Д. Байделдинов.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым бұл заңды қабылдау қажет екенін, ол үшін бірінші кезекте қоғам белсенділері бұл тұрғыда министрлікпен тығыз байланыста жұмыс істеу керектігін айтады.

Екінші кезекте қоғам белсенділері Парламентпен ықпаладаса жұмыс істей білуі керек. Бүгінгі талқылау барысында Қазақстанның халықаралық міндеттемелері де сөз етілді. Біз көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесіміз. Сондықтан солардың тәжірибесін ескерген жөн. Оның қатарында журналистерге қатысты және басқа да реттелген нормативтер бар. 1995 жылғы заңда бейбіт шерулер, акциялардың түр-түсі көрсетілмеген. Бір адам пикетке шықса да, жүз адам шықса да ол митинг болып саналатын. Мына заң жобасында 250-дейінгі адам қатысатын жиындарға арнайы рұқсат сұраудың қажеті жоқ деп отыр. Менің түсінігмше, Қазақстанда негізгі акцияларға қатысатын адамдардың саны осы 250-дің айналасы. Ал енді шеру өткізу керек болса әкімдікпен байланысқа түсу мәселесін біз де айтып жатырмыз. Мәселен көп адамдар қатысатын шерулер жергілікті полицияға ма, басқа мемлекеттік органға ма жақсылап регламенттелуі керек деп есептеймін. Өйткені көшені жабу, өзге де адамдардың құқығын бұзу ол дұрыс жұмысты талап етеді. Заңды талқылаған кезде осы жағына да мән беру керек. Қазір митинг дегенге үйреніп қалдық, ешкімнің көзі шығып, аяғы сынып жатқан жоқ. Негізгі мәселе құқыққорғау органдарының шеру кезіндегі міндеті жақсылап регламенттелу керек. Мәселен полиция неге міндетті? Қандай жағдайда олар митингіні тоқтата алады деген тұстарын әлі де жетілдіру керек, - дейді А. Сарым.

Алматы қалалық мәслихатының депутаты, академик Рахман Алшанов заң жобасын қоғам белсенділерімен талқылау арқылы билік халықтың мұң-мұқтажын, қажеттілігін терең түсіне түседі деген ойда.

Министр Абаев пен қоғам белсенділері митиинг өткізу жөніндегі заңды талқылауда бірнеше ұсыныстар айтылды. Дегенмен көп жағдайда келісімге келді. Қоғам белсенділері негізінен митингті өткізетіндігі туралы хабарласақ сол жетпейме дегендей айтады. Ал мемлекеттік органдар митинг өткізудің тәртібі бар, өзінің өткізетін орындары бар соны келісу керек дегендей айтып жатыр. Сондай-ақ жалғыз адамдық пикеттер жайында да пікір таластар болды. Оған министр келіскендей болды. Жалпылама айтпай, нағыз баптар бойынша ескертпелер жасалу керек. Мәселен қалада өтетін шерулер қай көшелермен жүру керек дегендей. Заңгер Байделдинов кейбір ТЖ және басқа да заңдар артық екенін айтты. Олар туралы бұрыннан қалыптасқан, нақты көрсетілген заң бар. Оны расымен де алып тастау керек. Біз бірден дамыған елдердің қатарынан көрінгіміз келеді, алайда бірден шығу қиын болады, оған тәжірибе керек. Өкінішке қарай біздің азматтардың көбі митингілерді заңды түрде өткізуге дайын емес. Айқай-шумен арасына кіріп іріткі салу жағдайлары орын алуы мүмкін. Мемлекет соған жібермей, алдын қалай аламыз деп біраз баптар кіргізген, - дейді Р. Алшанов.

Сарапшыларды тыңдаған министр Абаев бұл заң жобасы әлі де қаралып, ескертулер мен ұсыныстар ескеретінін айтты. Кейін жетілдіріп, толықтырылған соң парламент талқысына бірақ ұсынылмақ.

Расымен де «кеңесіп пішілген тон келте» болмас дегендей, жан-жақты сараланып, бірнеше сүзгіден өткен тұжырымдама өміршең әрі қоғам үшін жұмыс істейді деген ойдамыз. Бұл азаматтық қоғам құрып жатқан еліміз үшін өте маңызды.

Әлемдік тәжірибе

Кейбір сарапшылар бұл Заңға шетелдік тәжірибені енгізу қажеттігін айтуда. Мәселен, Еуропа елдерінде бейбіт шеруді заң аясында өткізу тәртібі қалыптасқан, осыны үлгі ретінде бізде ала аламыз. Мәселен Францияда шеру өткізгісі келген адам қала басшылығына 3 күн бұрын хабарлайды екен. Онда митингті ұйымдастырушылар, қай жерде болатыны, күні, уақыты және шерудің жүріп өтетін бағыты көрсетіледі. Ал француз полициясы заңсыз митингтің алдын қалай алуға құқылы екек. Францияның қылмыстық кодексінде заңсыз шерулер құқыққорғау органдарымен тоқтатылатыны нақты жазылған, яғни шеруге қатысушылар жиынды тоқтату жөніндегі 2 ескертпеге көңіл аудармаса олар ұсталады.

Ал, Германияда шеру өткізгісі келген адам 48 сағат бұрын жергілікті полицияға хабарландыру береді. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар жиынның уақытылы аяқталуына және сондағы тәртіпке жауапты болады. Шеру өткізетіндер кәмелеттік жасқа толған болуы керек әрі қолдарына ақ бау тағып жүруі керек.

Ұлыбританиядағы митинг өткізу жөніндегі заң жайлы айтсақ, бұл елде егер митинг өткізгіңіз келсе 6 күн бұрын жергілікті полиция бөліміне барып шеру өтетін күнді, уақытты, маршрутын және ұйымдастырушылардың мекенжайын көрсетуіңіз керек. Сондай-ақ Британия полицейлерінің шеруді тарқату жөніндегі құзіреті бар екен. Өйткені жергілікті полиция басшысы қандайда бір шерудің қоғамдық тәртіпсіздікке әкелетінін сезсе сол өңірдің Кеңесіне хабарласып, мемлекеттік хатшының келісімімен бұқаралық шараларды 3 айға дейін өткізбеу шешімін шығарта алады.

Австралияда шеру ұйымдастырушылар 5 жұмыс күні алдында жергілікті полиция бөлімшесіне барып хабарландырады. Онда ұйымдастырушылардың мекенжайы, уақыты, күні, өтетін орны, маршруты және аяқталатын уақыты көрсетіледі екен.

Қарап отырсақ бұл елдерде митинг өткізу ережесі, оған жауаптылардың міндеті және полицейдің қандай кезде шеруді тоқтата алатыны нақты көрсетілген. Егер тәртіп бұзып, құқыққорғау органдарына бағынбағандар осы заң аясында жазаланады. Бізде болған митингілерде тәртіпсіздік орын алмаса да, полицейлердің рұқсатсыз өтіп жатыр деген айыптауларымен тарқатылып келді. Және көптеген адамдар қамауға алынып, халықтың билікке деген наразылығын одан сайын өршітті. Бұл митинг туралы заңның ескіргенін, уақыт талабына сай келмейтінін көрсетті. Қолға алынып отырған жаңа заң үкіметтің митингілерге қандай жағдайда рұқсат берілетінін нақты көрсетіп, халықтың осы заң аясында тәртіппен өткізіп отыруын қамтамасыз етпек. Яғни енді митинг немесе өзге де жиын ұйымдастырушылары шетелдегідей оның тәртіппен, заң аясында өтуіне жауапты болады.

Халықтың бейбіт шеру өткізудегі көзқарасы

Жалпы қазақстандықтардың бейбіт шеру өткізу жөніндегі көзқарасы қандай? «DEMOSCOPE» қоғамдық пікір экспресс-мониторинг бюросы азаматтар арасында «Қазақстанда бейбіт жиын өткізу құқығы» тақырыбында жүргізілген сауалнаманың қорытындысын жариялады. 

DEMOSCOPE» қоғамдық пікір экспресс-мониторингінің бюросы (Жобаны Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы қор өкілдігінің қолдауымен Халықаралық MediaNet журналистік орталығы жүзеге асырады) 2019 жылдың 26-29 қыркүйегі аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада 1 100 адамға сауал қойған. «Сауалнама стационарлық нөмірлерге телефон қоңырауы арқылы жүргізілді. Оған жасы 18-ден асқан ерлер (47 пайыз) мен әйелдер (53 пайыз) қатысты. Таңдау негізі ретінде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмірлерінің абонентік базасы пайдаланылған. Нәтижесінде респонденттердің 43 пайызы митингілерге оң, ал 16 пайызы теріс қарайтыны, ал 41 пайызы бейтарап қарайтыны немесе жауап беруге қиналатыны анықталды. Сұралғандардың 46 пайызы бейбіт жиындардың қандай да бір оқиғаға немесе мемлекеттік шешімдерді қабылдауда ықпалы барын айтып, жауап берді, - делінген DEMOSCOPE зерттеуінде. 

Ал сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы митингілердің жағдайды тұрақсыз ететінін айтқан. Қалғаны (14 пайызы) жауап бермеген. 

Сұралғандардың 73 пайызы митинг өткізу – билікпен келісілуі керек деп есептейді. Ал 17 пайызы бұл пікірмен келіспейді. Қазақстандықтардың дамыған демократия жағдайында өмір сүрмегенін есепке алғанда, сонымен қатар азаматтар халықаралық құқық саласындағы стандарттармен таныс болмағандықтан мұндай көрсеткіштер қисынға келеді. Алайда протестерді азаматтардың жігер танытуы ретінде қабылдау үрдісі эволюцияланып келеді. Ал азаматтар оның тиімділігіне көзін жеткізіп келе жатыр, - делінген DEMOSCOPE зерттеуінде. 

Аталған таңдау бойынша статистикалық ауытқу 95 пайыздық ықтималдықтың - 3 пайызынан аспайды.

Шетелдік тәжірибе, митинг туралы сауалнаманың қорытындысы және сарапшылардың ойы болсын бәрі қандайда бір шеруді жергілікті мемлеккеттік органмен келісе отырып жүргізген дұрыс деген ойға әкеледі. Бұл елдің тұрақтылығын сақтауға және қандайда бір топтың іріткі салып, арандатушылыққа бармауын қамтамасыз етеді. Өйткені митинг өткізетіндер оның бәріне жауапты әрі заңмен жазаланатынын сезінеді. Сондықтан қандай жиын болмасын өткізер кезінде дайындықпен, жан-жақты саралап барып келу керек. Өйткені мұндай жиындарды өз пайдасына шешіп, халықты арандататындар болуы да мүмкін. Оның арты қайғылы жағдаймен аяқталып, адам шығынына әкеліп жатқанын кейбір елдерде болып жатқан митингілерден көріп жүрміз. Бізде бәрі шетелдегідей бір күнде бола қоймас, дегенмен осындай бастамалардың арқасында, билік пен халық арасында тығыз байланыс орнау арқылы бізде өркениетті елдердегідей бейбіт шеру өткізе алатынымыз анық. Бұрын «бір жерде митинг өтіпті» десе үрке қарайтын халық былтырдан бері оған еті үйренген. Митингпен қазір ешкімді таңқалдыра алмайсың. Егер митингтегі әр тараптың міндет, жауапкершілігінің бәрі заң аясында нақты белгіленіп, көрсетілсе халық та одан аспай, ережелерді сақтайтыны хақ. Сондықтан қоғам талқысына түсіп жатқан бұл заң жобасы азаматтық қоғам құрамыз деп жатқан еліміз үшін өте маңызды әрі қажет.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы