Мұғалім-оқушы-ата-ана. Қашықтан оқытуға дайын ба?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа 2020-2021 оқу жылының басталуына екі аптадай уақыт қалды. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 1 қыркүйектен бастап барлық оқу орындарын білім беру қашықтан жүреді. Әйтсе де кей мектеп әкімшілігінің шешімімен және бастауыш сынып ата-аналарының өтініші бойынша кезекші сыныптар ашылады. Онда бала саны 15-тен аспауы керек. Сондай-ақ, барлық санитарлық шара сақталуы қажет. Осы ретте Baq.kz редакциясы мұғалім, оқушы мен ата-аналардың пікірін білген еді. Жаңа оқу жылына олардың дайындығы қалай? Қашықтан оқыту форматы тиімді ме? Мүғалім мен оқушы бір-бірін қашықтан түсіне алды ма? Техника жетіспеушілігі туындамады ма? Осы сұрақтардың жауабын сұрап көрдік. 

Биыл елімізде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ТЖ, карантин енгізілді. Осыған байланысты балалар денсаулығын сақтау мақсатында соңғы тоқсанды, яғни сәуір-мамыр айларында қашықтан оқыту форматы енгізілді. Өздеріңіз білетіндей, министрлік сабақ өтудің бірнеше форматтарын ұсынды.

 Мұғалімдер не дейді? "Қашықтан оқытуға сақадай саймыз"


Түркістан қаласындағы №22 жалпы орта мектептің география пәні мұғалімі Айжан Әбдікәрімқызы:

Жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан оқыту форматында өтеді. Сондықтан білім алушылардың білім ресурстарымен қамтамасыз ету үшін интернет желісінің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ету мәселесін үкімет шешіп жатыр. Сонымен қатар әр сынып жетекшісі ата-аналармен хабарласып, баланың құрал-жабдықтарын анықтап, дайындық жұмыстарын жүргізуде. 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында оқушыларды қашықтан оқыттық. Жаңа оқу жылында сол форматта оқыту жалғасын табады. Тек бастауыш сынып оқушылары дәстүрлі сабақ форматында оқиды. Өзім жоғары сыныптарға сабақ бергендіктен, мен қашықтан оқытамын.

Түркістан қаласындағы №22 жалпы орта мектеп коммуналдық мекемесінде жалпы 1600 оқушы бар. Оқушыларды біліммен қамту үшін әр мұғалім түрлі оқыту форматымен оқытады. Себебі ол балаға тиімді, ыңғайлы болуы керек. Көбінесе, WhatsApp, Telegram, Zoom, Bilimland, Kundelik.kz сияқты білім беру платформаларымен жұмыс жүргіземіз. 4 тамызда мектеп мұғалімдері Назарбаев зияткерлік мектептері ұйымдастырған "Қашықтан оқытуды үйренемін" курсынан өтті. IV тоқсандағы тәжірибеммен бөлісетін болсам, қашықтан оқыту маған ұнады. Себебі, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жиі қолдануды үйрендім. Видеосабақтар мен слайдтар жасап, WhatsApp желісі арқылы оқушылармен сабақтарды түсіндіріп отырдым. Сәйкесінше оқушыларым кері байланыс жасап, видео-аудиомен орындаған тапсырмаларын жіберіп отырды.

Қашықтан оқытудың тиімділігінің бірі - үнемі сабақта ашылып сөйлей бермейтін тұйықтау оқушылар тапсырмаларды орындау барысында белсенділік танытып отырды. Бұл қуантарлық жағдай. Қашықтан оқыту заман талабы - білім алушылар білім алу барысында уақытты үнемді пайдаланып, интернет ресурстармен жұмыс істеуді үйреніп, өздеріне ыңғайлы уақытта оқи алады. 


Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучинск қаласы, №7 мектеп-лицейі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Азамат Жаркеев: 

Жаңа оқу жылына дайындалып жатырмыз. Мектепте 912 бала, 74 мұғалім бар. Кімде ноутбук, компьютер, планшет бар-жоқтығын анықтап жатырмыз. Облысымызға 23 мың техника бөлінді. Енді соны ауданымызға да бөліп береді. Кейін сол техниканы оқушыларға бөліп, тегін интернетпен жабдықтап береміз. Мектебімізде көп балалы 46 отбасы бар. Олардың барлығы техникамен қамтамасыз етілді. Балалардың барлығына компьютер, ноутбук бердік. Негізі ата-аналардың өздері де балаларына білім алуға жағдай жасады. Біздің мектеп жаңа. База үлкен. Әр кабинет мұғалімі компьютермен қамтамасыз етілген. Биыл 49 түлек бітірді. Олардың 26-сы грантқа түсті.

Қыркүйектен бастап қашықтан оқимыз. Дегенмен ата-аналардың өтініші бойынша кезекші бастауыш сыныптары ұйымдастырылып жатыр. WhatsApp, Zoom және Classroom арқылы сабақ өткіземіз. Оның ішінде ыңғайлы жүйе Zoom болғандықтан, осы бағдарлама арқылы сабақ өткізу жоспарда бар.

Жалпы пән мұғалімдері түрлі оқу курстарынан өтті. Осылайша олар қашықтан оқудың жаңа форматтарын үйренді. Енді мұғалімдеріміз жаңа оқу жылына сақадай сай. Дегенмен, қашықтан оқыту тиімсіз. Себебі карантин басталған кезде оқушылар IV тоқсанның тақырыптарын түсінбеді. Балалардың бірі сабаққа жақсы қатысса, бірі белсене атсалыспады. Үй тапсырмаларының көбін орындауға ата-аналары көмектесті. Сондықтан менің ойымша, балалар әлі де қашықтан оқытуға дайын емес. Қашықтан оқыту қиын болды. Мұғалімдер таң атқаннан кеш батқанша, телефонға байланып қалды. Әсіресе математика, физика пән мұғалімдеріне өте қиынға соқты. Олар есептерді түсіндіру үшін әр баламен жеке жұмыс істеді. Алайда алған тәжірибелері де мол болды. Себебі ұстаздарымыз түрлі роликтер, слайдтар жасауға, әлеуметтік желілерді белсенді қолдануға бейімделді.

Сабақ басталғанда кей оқушылар WhatsApp топтарға "сәлеметсіз бе!" деп жазып, ары қарай ұйықтай бергендері де болды. Ал кей оқушылар берген тапсырмаларды орындап, ізденіп, сабаққа белсене қатысып отырды. Қашықтан оқу ең алдымен оқушының өзіне, одан кейін ата-ананың қадағалауына байланысты. Бірақ балаға таңертеңнен кешке дейін телефонға не компьютерге үңіліп отыру қиын. Сол себепті ол 1-2 сабақты ұғып, келесі сабақтарды түсінбеуі мүмкін.

 Оқушылар. "Карантиннен тезірек "бостандыққа" шыққанымызды қалаймын" 
Үйден оқыған маған ұнайды. Мектепке барғаннан жақсы. Себебі таңертең ерте тұрмайсың және сабақты тез оқып тастап, далаға ойнауға шығуға болады. Қашықтан оқу қиын емес, сабақты түсінбей қалсақ, мұғалімге хабарласып сұраймыз. Сабақты телефон арқылы оқыдық. Сосын WhatsApp, Kundelik.kz арқылы тапсырмаларды орындаймыз. Сабағымның бәрі 4 пен 5 емес. Мұғалімнің айтқанын, берген тапсырмаларын орындаймыз. Төртінші тоқсанды "Балапан" арнасы арқылы оқыдық. Бірақ сабақты көріп үлгермей қалғанда, Youtube-тен көре саламыз. Бізге компьютер беріп жатыр. Өйткені көпбалалы отбасымыз. Үйде 3 бала мектепке барады. Үлкен әпкем биыл 11-сыныпты бітірді. Грантқа түсті. 1 қыркүйектен бастап тағы да үйден, қашықтан оқимыз. Мұғалімнен кітаптарды алдым, - дейді елордадағы №64 мектептің 7-сынып оқушысы Санжар. 


Мен Рустам Нурашов, Қарағанды қаласының 101 мектеп-лицейінің, 4 Ә сыныбында оқуымды аяқтадым. Биыл IV тоқсанды барлық Қазақстан оқушысы қашықтан оқыды. Маған қашықтықтан оқу ұнамады. Себебі, қашықтан оқығанда, жанымда бағыт беруші мұғалімнің болмады және түсініксіз тақырыптар бойынша өзім көп іздендім. Сосын сыныптастарымның болмауы да қиындау болды. Сабақта біз жаңа тақырып бойынша өз ойымызды айтып, бір-бірімізді тыңдап, ой-талқы көп болатын. Ал қашықтан оқудың жақсы жағы - менде бос уақыт көбейді. "Балапан" телеарнасынан жаңа тақырыпты тыңдап, білмегенімді ізденіп тапқан соң, үй тапсырмасын орындадым. Осылайша, бос уақытымды өзіме тиімді пайдалана білдім. Жаңа қызықты кітаптар оқыдым. Үйде ағам мен қарындасыммен әр түрлі ойындар ойнауға уақыт көп болды. Алдымыздағы оқу жылында мен оқуымды offline оқығым келеді. Бұл маған қоршаған ортада жеке тұлға ретінде қалыптасуыма көп септігін тигізеді деп ойлаймын, - дейді 5-сыныпқа өткен қарағандылық Рустам Нурашов.


Биыл 2-сыныпқа өттім. Қашықтан оқу маған ұнамады. Үйден оқығанда компьютер қатып қалып, байланыс үзіліп кетті. Компьютерде тақтада жазылғандай, анық көрінбейді, дыбыс та естілмей қала берді. Мектепте достарым, апайым бар. Менің ең сүйікті пәндерім – дүниетану, өзін-өзі тану. Дүниетану – өз елімнің тарихын тереңірек білуге үйретеді, ал өзін-өзі тану пәні логиканы дамытады. Қазір бүкіл әлем коронавируспен күресіп жатыр. Сондықтан карантинде отырмыз. Вирусты жеңгеннен кейін мектепте білім алатын боламыз. Әзірге сақтық шараларын сақтауымыз керек, қолды жиі сабынмен жуып, қолмен бетті, көзді ұстамауымыз керек. Сыртқа маска киіп шығуымыз қажет. Карантиннен тезірек "бостандыққа" шыққанымызды қалаймын, - дейді Нұр-Сұлтандағы №59 мектептің 2-сынып оқушысы Ерасыл Марат.  
Ата-ана. "Мен кезекші сыныпқа баламды жаздым"


Елордалық оқушының анасы Гүлтай Ұлықбекқызы:

Төтенше жағдай, карантин кезінде қашықтан оқыту енгізілді. Бізге мұғалім бәрін түсіндіріп айтты. Балалар үшін мұғалім WhatsApp-тан топ ашты. Бірақ кейде ұлым сабақты түсінбей қалған кезі де болды. Ондай жағдайда мұғалімге хабарласып, түсінбеген сұрақтарды сұрап отырдық. Мысалы, ұлым Әлишер математикадан есепті түсінбеген кезде мұғалімге хабарластық. Дегенмен, қашықтан оқу бала үшін ыңғайлы емес деп ойлаймын. Әсіресе, бастауыш сыныптар үшін. Кішкентай балалар көп жағдайда ойынға алаңдап кетеді. Ананың аты – ана, себебі ананың қасында еркелеп отыра беруге болады. Ал мұғаліммен сабақ оқығанда тәртіп болады.

Қашықтан оқу кезінде біршама қиындық болды. Бұған бірден сіңісіп кету қиын болды. Менің ұлым «Еларнадан» өтіп жатқан сабақты теледидар алдында тапжылмай отырып тыңдау керектігін түсінбеді. Кейін 1-2 аптадан өткен соң балам сабақты тыңдауға үйренді. Үй тапсырмасын орындағанда да біршама қиындыққа тап болдық. Әлишер барлық тақырыпты түсінбеді, есінде қалмады. Мұндай жағдайда біз мұғаліммен байланыстық.

Ұлым 3-сыныпқа барады. Биыл мектепті ауыстырдық. Тағы да қашықтан оқимыз деп ойламаппын. Дегенмен ұлымды мектепке жіберемін деп шештім. Кезекші сыныпқа жаздым. 1 сағат қана сабақ болады – таңғы 8.00-ден 9.00-ге дейін. 3 сабақ 20 минуттан болады, 5 минуттан үзілісі де бар. Математика, қазақ тілі, орыс тілі сабақтарын оқиды. Балалар сабақ барысында сағат бойы маска киіп отырады. Бұл сондай қорқынышты деп ойламаймын. Мен үшін маңыздысы - ұлымның мұғалімді тыңдап, оның сұрақтарына өз бетімен жауап бергені. Онымен қоса, балам жаңа сыныппен танысуы керек. Балалар мектепке аптасына тек 3 рет қана барады. Осы дәстүрлі сабақ беру үлгісі тиімді. Мен өзім үйден жұмыс істейтіндіктен, ұлыммен барлық сабақ бойы отыра алмаймын. Оның үстіне менің педагогикалық білімім жоқ. Баланы кәсіби білімі бар адам үйретуі керек.

Маған "Еларнадан" көрсетілген сабақтар ұнады. Барлығы мысалмен егжей-тегжейлі түсірілген. Ұлыма да түсінікті болды. Кейін кітап ашқанда да оңай болды. Бірақ кітаптарда ешқандай ережелер жоқ, бірден тапсырмалар көрсетілген.

Қашықтан оқытуда балам өз бетімен білім алуға үйренді. Кейбір болмашы нәрселерге алаңдамауға үйренді. Негізі барлық ата-ана үнемі баласымен сабақ оқып отыра алмайды. Үйде карантинде отырғанда сабақ үйрену кезінде ұлыммен коммуникация жасауға үйрендік. Тағы да айтамын, ата-ананың бәрінің педагогикалық білімі жоқ. Тіпті кейді өзіңді кінәлай да түсесің. Өйткені балаға сабақты мұғалім сияқты қалай түсіндіруге болатынын білмей де жатасың. Кейде оның еркеліктерін де көтере алмай, тезірек берген тапсырманы орындап тастағанын қалайсың. Осы ретте баламен өзара әрекеттесуге үйрендік.


Негізі баланы қашықтан оқытуға қарсымын. Бірақ амал қанша. Індет кезінде дұрыс шешім болды. Қашықтан оқу барысында графиктен шығып қалдық, яғни күнделікті жасалу керек істер уақытында жасалмады. Бірақ ұлым небәрі 8-де, әлі бала. Ол тайм-менеджментті қайдан білсін?! Сонда да ақырындап, кесте құру, уақытты, алдағы күнді жоспарлауды үйреніп келеміз. Ұлымның мектепке барғанын қалайтын едім. Себебі, мектеп ауыстырамыз деп шештік. Өз сыныптастарымен, мұғалімімен жақыннан танысса деймін.

Өзім мектепте жақсы оқысам да, сабақты басқаға оқыта алмайды екем. Сонымен қатар баламның сабақ оқитын кезде сылтауы көбейіп кетеді - қарным ашты, "туалетке" барам, қаламым жазбайды деген сияқты. Алдында басқа адам болса, жинақы отыратын еді ғой. Мұғалім болу оңай емес. Жалпы өмір болған соң, бәріне дайын болу керек. Үйден оқу кезінде баламмен компромисске келу, тіл таба білуді үйрендім, - дейді 3-сынып оқушысының анасы Сабина Хасен.

Соңғы төртінші тоқсанды біз Zoom арқылы оқыдық. Қызым ағылшын тілі курсын карантинге дейін қашықтан оқып жүрген болатын. Сондықтан қашықтан оқу бізге қиын болмады. Алғашқыда байланыс нашар болды, кейін бәрі түзелді. Қазір мектепке барғысы келеді. Дегенмен өзі де үлкен болғандықтан денсаулығы үшін алаңдайды. 5-сыныпқа көшті. Әр түрлі пән мұғалімдерінен сабақ алады. Өйткені бастауыш сыныпта тек бір мұғалім берді. Қосымша пәндер қосылды. Оның үстіне біз Өскеменнен көшіп келдік. Елордадағы 78 мектепке барамыз. Енді жаңа мектеп, жаңа сынып, жаңа мұғалімдер.Қызым соны аздап алаңдап жүр. Zoom-ды өзі қоса алады. Техникалық жағынан еш қиындығы жоқ. Үйде оқығанда бәрібір баланың ойы бөлінеді, телефонға алаңдайды. Қызыма астана ұнап жатыр. Қызым тезірек мектепке барғысы да келіп жүр, - деді 5-сынып оқушысының анасы Лаура Тілеубайқызы.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы