Лу Бань шеберханасы, қытай тілі: Қазақстан мен Қытай қай салада бірлесе жұмыс істейді
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізіп, бірлескен мәлімдемеге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоғары деңгейде өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Осы құжат аясында жоғары білім саласында қандай жобалар жүзеге асырылатынына шолу жасап көрелік.
Олар:
- Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы қытай тілін оқыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Еуразия ұлттық университеті мен Тянцзинь кәсіптік институты арасындағы Лу Бань шеберханасын бірігіп құру туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университеті арасында бірлескен зертханалар құруда ынтымақтастық туралы келісім;
- «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ пен Қытайдың ауыл шаруашылығы университеті, Dayu Irrigation Group Co., Ltd компаниясы арасындағы шөлейтті аймақтарда суды тиімді пайдалану жөніндегі Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасын құру туралы келісім;
- «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ пен Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу университеті арасындағы Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын бірлесе құру туралы келісім;
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университеті арасындағы микроспутник арқылы ғылыми зерттеулер және таланттарды тәрбиелеу саласындағы өзара түсіністік туралы келісім;
- С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Шәкәрім университеті мен Қытайдың ауыл шаруашылығы және орман технологиясына маманданған Солтүстік-Батыс университеті арасындағы Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы ғылымы және білім беру орталығын бірлесе құру туралы келісім.
Ақордадағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалын ашты. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл алғашқы 100 студент оқуды бастайды.
ЕҰУ-де Лу Бань шеберханасы ашылады
ҚХР басшысының Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Еуразия ұлттық университетіне Қытай Халық Республикасының Білім министрі Хуай Цзиньпэн барды.
Қазіргі уақытта біз ҚХР-дің 22 университетімен тығыз байланыстамыз. Биыл Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесе отырып, ЕҰУ базасында Лу Бань шеберханасын ашу жобасы дайындалды, - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Кездесу барысында Тяньцзинь кәсіптік институтының президенті У Цзунбао Лу Бань шеберханасын таныстырды.
Заманауи жабдықтар шеберхананың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, бұл күрделі ғылыми зерттеулер жүргізу және білім беру, денсаулық сақтау және өнеркәсіп салаларындағы жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін жобалар әзірлеу үшін өте маңызды, - деп атап өтті У Цзунбао мырза.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Еуразия ұлттық университетінің базасындағы Лу Бань шеберханасы халықаралық байланысты нығайтып қана қоймай, студенттердің зерттеу және практикалық дайындық сапасын жақсартатынын атап өтті.
Мен Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзамен кездесіп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойдым. Еуразия ұлттық университеті жанынан ашылған Лу Бань шеберханасының жұмысына табыс тілеймін, маған қытай тілінде жетік білетін 10 жасар қазақ баласы қатты ұнады, қытай тілін үйреткен ЕҰУ жанындағы Конфуций институтына ризашылығымды білдіремін, - деген еді ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн.
Бұған дейін Өскемен қаласында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ашылған "Лу Бань шеберханасы" жайлы жазған болатынбыз.
ҚазҰУ мен СБПУ ғарышқа микроспутник ұшырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университеті микроспутник арқылы ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша келісімге қол қойды.
Аталған келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлескен мәлімдемесінде қол жеткізілді. Ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Сонымен қатар микроспутник арқылы жерді қашықтықтан зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді.
Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті - ғарышқа наноспутниктерді ұшыру бойынша көшбасшы.
Жобаның мақсаты – жер қыртысы мен мантиядағы тығыздық гетерогенділігін анықтау үшін спутниктің арнайы жер станциясы мен таратқышты қамтитын гравиметриялық өлшеу жабдықтарын әзірлеу. Бұл жұмыс үлкен тереңдіктегі геодинамикалық процестерді зерттеудің негізгі міндеттерін шешуге арналған.
Қытай тілі оқытылады
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң педагогикалық университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ресми құжатқа сәйкес оқу орнында қытай тілін үйрету курстары ұйымдастырылмақ.
Қазақстандық делегация мен Сиань халықаралық зерттеулер университеті (Xi’an International Studies University) ректоры У Яову, проректор Цзян Яцзюньмен өткен нәтижелі кездесу барысында білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын өзара тиімді шарттар бойынша ұйымдастыру, қазақ, қытай, ағылшын, орыс тілдері бойынша бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды талқылады.
Нәтижесінде оқытушылар қазақ және қытай тілдерін оқыту бағытындағы білім беру бағдарламалары аясында белгілі бір академиялық кезеңге өзара алмаспақ.
Сондай-ақ Қытай Халық Республикасының гранттары шеңберінде Сиань халықаралық зерттеулер университетінде білім алуға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ білім алушыларына арнайы 10 квоталық орын ұсынылды.