"Коронавирустан сақтайды": Құйрық май ем бола ма, әлде шөп пе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел арасында иттің, борсықтың майы, адыраспан, зімбір, ақжелкек сынды түрлі өсімдіктердің емдік қасиетінің коронавирус инфекциясымен байланысты ақпараттың тарауына не себеп?

Соңғы кездері «коронавирустан емдейді» деген сөзді жиі еститін болдық. Әрине, әңгіме жаппай вакцина турасында емес. Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаға адамдар тек 2021 жылдың бірінші жартысынан кейін ғана қол жеткізе бастайтынын айтқан болатын. Алайда, пандемия басталғалы бері ел арасында иттің, борсықтың майы, адыраспан, зімбір, ақжелкек сынды түрлі өсімдіктердің емдік қасиетінің коронавирус инфекциясымен байланысты ақпараттың тарауына не себеп? Саралап көрсек.

Әлемнің бірқатар елін шарпып үлгерген коронавирус індеті Қазақстанда енді-енді анықтала бастаған кезде, халық инфекция жұқтырып алмас үшін жаппай сарымсақ пен пияз тұтына бастаған еді. Бұл табиғи антисептиктің микробқа қарсы қасиеттеріне қарамастан, коронавируспен күресте оның тиімділігі дәлелденбеген. Сарымсақ тұндырмасын тіпті сау адамның өзі күнделікті қабылдаса, гипертония немесе гипотензия (қан қысымының жоғарылауы/төмендеуі), жүрек тұсындағы ауырсыну, бас ауруын тудыруы мүмкін.

Кейін зімбірдің де вирусты жеңе алатын қасиеті барын естіген жұрт дүкендегі бар тамырды жапатармағай алуға көшті. Нәтижесінде зімбір тамырының саудасы қызып, бағасы он есеге артты. Кезінде келісі 1000-2000 теңгенің айналасында болған тамыр бағасы пандемия кезінде тараған қауесет салдарынан еліміздің кейбір өңірінде 20 000 теңгеге жеткен. Мамандар зімбір тамырының құрамындағы эфир майлары мен амин қышқылдары иммунитетті нығайтатыны рас екенін айтады. Бірақ, бұл өсімдіктің қауіпті індетке қарсы тұруға еш қауқары жоқ.

Қазақстанда коронавирус инфекциясын емдейді деген желеумен сұранысы күрт артқан тағы бір "ғажайып" өсімдік – ақжелкек (хрен). Ақжелкек – ащы дәмдеуіш ретінде жиі қолданылатын өсімдік. Оның құрамында белсенді компоненттер, антисептикалық қасиеті бар эфир майлары және кейбір дәрумендері көп болғандықтан халық еміне жиі қолданылатыны да рас. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласы Дерматология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы Жұлдыз Данбаева ақжелкекті «нақты коронавирусты емдейді деу ешбір негізсіз» екенін айтады.

Дертіне шипа іздеген халық індетті жеңудің түрлі амалын қарастырып әлек. Соның тағы бірі – қойдың майы. Пандемия кезінде құйрық майға деген сұраныс артқан. Алматы тұрғындары вирусты емдеуде халықтық емге жүгініп, шипаны осы әдістен іздеуге көшкен. Бұрын нарықта 1000-1500 теңгеге сатылған қазақы қойдың құйрығы бүгінде 2 000 теңгеден асып жығылады. Қойдың да бағасы қымбаттаған. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында қойдың майының пайдасымен қатар зияны да бар екенін айтқан болатын.

Суық тиіп ауырған кезде, әрине, оның пайдасы бар. Тек белгілі бір мөлшерде пайдаланған кезде ғана. Ал қазір құйрық пайдалы дегенді естіп алады да, апырып-жапырып жей береді. Оның құрамында қауіпті заттар көп. Витаминдер бар. Онымен қоса, зиянды жақтары да аз емес. Мәселен, холестерин көп. Ескеретін жайт, емдік қасиеті мол қуатты азықты пайдаланған соң соншалықты энергия жұмсау керек, - дейді академик.

Майдың айналасындағы әңгіме әлі аяқталған жоқ. Себебі, ғаламторда аты жаман ауруды емдеуге көмектеседі деген ақпараттардың арасында ит пен борсықтың майын сатып алушылардың да қатары көбейгенін байқауға болады.

Маймен емдеу тәсілінің қаншалықты тиімсіз әрі қауіпті екенін Ресейдің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев те қазақстандық баспасөзге берген сұхбатында мәлімдеген еді.

Майды ас ретінде қолдануға болады. Бірақ ол еш нәрсені емдемейді. Ал коронавирус кезінде тіпті зиян келтіруі мүмкін. Себебі ол холестеринді көтеріп, қанның басқа компоненттерін арттырады. Майлы тағамдар қанның қоюлануына әсер етеді, - деді ол.

Whatsapp мессенджері арқылы кең тараған тағы бір "ем" түрі – ас содасымен жасалатын ингаляция. Бұл әдістің еш пайдасы жоқ. Егер сіз аузыңыздың шырышты қабатын күйдіріп, жағдайды ушықтырғыңыз келмесе, бұл тәсілге жүгінбеңіз. Дәрігерлер содамен жасалатын "ыстық монша" арқылы дем алу әдісін ұсынбайды. COVID-19 және пневмонияны емдеуде бу терапиясының тиімділігі туралы ешқандай ғылыми дәлелденген дерек жоқ.

Сол сияқты, алкоголь буымен терең дем алудан да келер пайда шамалы. Медициналық спирт өкпенің ісінуі кезінде көбік сөндіргіш ретінде қолданылады, бірақ дәрігердің нұсқауымен қауіпсіз дозада ғана. Алкоголь буын терең дем алу арқылы вирустың липидті қабығын жоюға мүмкіндік беретін концентрация өкпенің төменгі бөлімдеріне түсіп үлгерген инфекцияны жоюға қауқарсыз. Алкоголь қабылдау тек иммундық жүйені тежейді және вирусты жұқтырып алу қаупін арттырады. Ал жүрек-қан тамырлары аурулары мен бауыр проблемалары асқыну қаупін тудырып, емдеуді қиындатады.

Кейбір қазақстандықтардың коронавирусты «емдейді» деп тапқан тағы бір халықтық әдісі - белгісіз шөп түтінін жұту. Болжам бойынша, бұл ежелгі кыст әл хинди өсімдігі. Әлеуметтік желілерде шөпті ерекше жолмен пайдалануға қатысты түрлі бейнежазбалар да пайда болды. Ол үшін екі пластикалық бөтелке, су, фольга және от керек. Оттықтың көмегімен фольгада орналасқан шөпті тұтатқан кезде кішкентай бөтелке көтеріліп, ішіне түтін кіреді. Адам сонымен дем алады.

Профессор, химия ғылымдарынң докторы Дияс Мырзақожа бұл шөптің адыраспанмен қатар кең таралғанын айтады.

Кыст әл хинди кейде спиральді имбир деп аталады. Ол тиімді антисептикалық, антибактериалды құрал ретінде қолданылады. Шөп кеңістікті залалсыздандырады, сондықтан адыраспанмен қатар кең таралған. Бірақ, кез келген препарат сияқты, кыст әл хинди де зиянды болуы мүмкін. Сондай-ақ, коронавирустың алдын алуға қатысты бұл шөптің пайдасы дәлелденбеген, - деді ол.

Әлемді жайлаған жұқпалы дерттен жүрексінгендер ырым-сенімге бой ұруда. COVID-19 індетін жоюға қатысты әлеуметтік желіде желдей ескен ақпарат – адыраспанмен аластау. Халық адыраспанды көптеп сатып ала бастаған соң қасиетті шөптің бағасы да шарықтап шыға келді. Бұл шөпті қазақ киелі санайды. Сондықтан халық арасында "адыраспан бәле-жаладан сақтайды" деген сенім бар. Үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге, кереге басына іліп қояды. Ал жаңа үйге кірерде босағаны адыраспанмен аластап отырған. Елді індет жайлаған кезде адыраспанға деген сұраныстың артуы осыған байланысты болса керек. Алайда дәрігерлер бұл ем түрімен келіспейді. Керісінше, ащы түтін қолқаны қауып, тыныс жолдарын зақымдайды екен. Ол кезегінде аллергиялық ауруларды қоздырады.

Айта кету керек, жуырда Ақтауда қала тұрғындарының от жағып, көшелерді адыраспанмен аластап жатқан видеосы тарады. Әлеуметтік желіде тараған видеодан ақтаулық әжейлердің отқа құйрық май тастағынын да көруге болады.

Соңғы бірер күнде тараған тағы бір дүние - COVID-19 ауруына қарсы "дәрі" ретінде Ақмола облысында орналасқан Көбейтұз көліндегі тұздың келісі әлеуметтік желіде 5 мың теңгеден сатылып жатыр деген ақпарат. Алматы қаласының инфекционист дәрігері Тамара Утағанова "коронавирус тұзды суда өледі деген қауесет инфекция төңірегінде тараған аңыздардың бірі" екенін айтады.

Жоғарыдағы коронавирусқа қарсы "емдік қасиеті бар" деген желеумен саудасы қызып, сұранысы артып жатқан майлар мен түрлі шөпке қатысты "Семей медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, ректор Ерсін Жүнісовтің пікірін білген едік.

Небір инфекциялық ауруларға қатысты ерте заманнан келе жатқан халықтық ем түрлері бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Соңғы кездері коронавирусқа қарсы тұрады деген түрлі ақпарат тарап жатыр. Иттің, борсықтың майы, қойдың құйрық майы, түрлі шөптер. Борсық майы созылмалы бронхит кезінде тиісті мөлшермен қолданылатыны рас. Бірақ, иттің майын ішіп, етін жеу, түрлі шөп шегу (кыст әл хинди) деген сияқты дүниелерден аулақ болған жөн. Біздің ата-бабамыздан келе жатқан денсаулықты нығайтатын, халықтық емде қолданылатын ұлттық сусын, тағамдарымыз жеткілікті. Осыдан бірер ай бұрын Қазақстанға келген қытайлық дәрігерлер халықтық емді де қолданып жатқанын мәлімдеген еді. Қазақта да иммунитетті көтеруге бағытталған тиімді халық ем түрі көп. Мысалы, адамға күш-қуат беретін ұлттық тағамдарымыздың бірі – қымыз. Бұл сусынның небір дертке шипа екені ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Жылқының етін де диетолог мамандар сіңімді, ағзаға беретін құнды минералдары көп екенін айтады. Бірақ, әркімнің ағзасы әртүрлі қабылдайтынын ескеру керек. Ағза өзіне керегінше алады. Одан артық қанша нығыздасаңыз да организм өзіне артық мөлшерді қабылдамайды. Дәрігер ретінде иммунитетті көтеру мақсатында өзімізді ұлттық тағамдарымызды тұтынып, таза ауада жиі серуендеуге кеңес беремін, - дейді ол.
Медицина мамандары кез келген ем түрін қабылдамас бұрын дәрігермен ақылдасып алу керегін ескертеді. Ал коронавирус инфекциясын емдеу шаралары еліміздің клиникалық хаттамасы негізінде жасалатынын еске саламыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы