Израиль vs Палестина. ХАМАС қайдан шықты?

Таяу Шығыс көбімізге әскери қақтығыстар ешқашан бітпейтін соғыс ошағы сияқты елестейді. Өткен аптада Палестина мен Израиль арасындағы шиеленіс қайта өршіп, дүйім жұрт көз тіккен тақырыпқа айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қалай басталды?

30 қыркүйек таңертең Палестинаның «ХАМАС» ұйымы Израильге қарсы «Әл-Ақса дауылы» әскери операциясын бастады. Операция басталған кезде Израиль жеріне алғашқы жиырма минутта бес мыңға жуық зымыран жіберді. Бұл сәтті пайдаланып, ХАМАС жасақтары шекара бекеттері мен әскери базаларға еніп, бірнеше жерден Израильдің жұмыр шекарасын бұзып өтті. Зымырандардың алғашқы легі Израиль аумағына жергілікті уақытпен таңғы 06.30-да (Астана уақытымен 9.30-да) түскен, оның жартысы ел астанасы Тель-Авивке дейін барған. Салдарынан 26 адам қаза тауып, жүзден астамы жарақат алды. Елдің Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху қауіпсіздік өкілдерінің шұғыл жиналысын өткізіп, елде соғыс жағдайын жариялады.

ХАМАС деген кімдер?

Газа секторында екі миллионнан астам адам тұрады. Ол жер шағын анклав әрі Палестинаның ең үлкен қаласы. Алайда, аймақ Палестина ұлттық әкімшілігінің бақылауында емес. Еврей әскерилері Газа секторынан кеткеннен кейін ол жерде Хамас исламдық ұйымы күшейе түсті. «ХАМАС-тың» негізін 1987 жылы 14 желтоқсанда Шейх Ахмед Ясин қалады. Ұйым осы уақытқа дейін 1100-ден астам террористік әрекет ұйымдастырған. 1988 жылы негізі қаланған идеология бойынша топ мүшелері Израильдің өмір сүру құқығын жоққа шығарады және олардың мақсаты - 1948 жылы Израиль құрылғанға дейін Палестинаға қараған барлық аумақты қамтитын Палестина мемлекетін құру.

Ең мықты әскерилерді сансоқтырды

«ХАМАС» діни тобының Израильге шабуылы ерекше дайындықпен ұйымдастырылған. Содырлар операцияда бульдозер, дельтаплан және мотоцикл қолданды. Үш бағытта – әуеден, теңізден және жаяу шабуыл жасады. Израиль сарбаздарының біразы қарсылық көрсетіп үлгермей, шығынға ұшырады. Шекара базаларындағы танктер мен броньды көліктердің бәрі жойылып, бейбіт тұрғындар кепілге алынды. Оларды арнайы жасақ Газа секторына апарып, тұтқын ретінде ұстады. Кейін Израиль күші жауап ретінде Газа секторын атқылай бастады. Хамас Газаның бейбіт тұрғындарының үйлеріне ескертусіз оқ жаудыра берсе, израильдік тұтқындарды өлтіретінін айтып, 150-ден астам адамды кепілге алды.

Құрсау

Израильдің оңтүстігіне ХАМАС тарапынан шабуыл қаупі төніп тұр, ал солтүстігінен Ливанның Хезболласы кез келген уақытта қақтығысқа кіруге дайын. Бұл саяси топтардың күшті қысымы Иордания билігіне түсіп жатыр. Иран мен Сирия палестиналық жауынгерлерді қолдайтынын ашық жариялап үлгерді.

Қақтығыс ұзаққа созылуы мүмкін

Шанхай халықаралық зерттеулер университетінің сарапшысы Вэнь Шаобяо Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс ұзаққа созылатынына айтады. 
Алдағы күндері Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс күшейе түседі, алайда бірнеше аптада аймақтағы ірі әрі халықаралық ойыншылардың делдалдығы арқылы тоқтауы мүмкін. Сарапшы Израиль әскери жұмылдыруды жүзеге асырғандықтан, алдағы күндері қақтығыс одан сайын күшейе түсетінін айтады.

Беньямин Нетаньяхудың әкімшілігі (Израиль премьер-министрі - ред.) палестина-израиль қақтығысына қатысты әркез қатал болды, Нетаньяху бұл шабуылға нақты жауап бермесе, ауыр саяси дағдарысқа тап болады, - деді сарапшы.
 

ХАМАС-қа Иранның қатысы бар ма?

ХАМАС-қа Иранның қатысы туралы әзірге ешқандай дәлел жоқ, алайда Иран Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтан пайда көруі мүмкін дейді сарапшылар. Сарапшылар ХАМАС одақтастар мен демеушілерсіз де өз бетінше әрекет ете алатынын жоққа шығармайды. 

Wall Street Journal ақпарат көздері, Иранның барлау агенттіктері ХАМАС-тың Израильге шабуылын жоспарлауға көмектесті деп мәлімдеді. Менің ойымша, мәселе жергілікті деңгейде. Бұл Израильдің Сауд Арабиясымен жақындасуына кез келген жағдайда жол бермеуді қалайтын ХАМАС-тың шешімі. Әрине, Иран да дәл соны қалайды және 2000 жылдардан бері ХАМАС-ты қолдап келеді, - дейді Sciences-Po Paris профессоры Фредерик Энсель.

Алайда, профессордың пайымдауынша, Тегеранның күн тәртібі басқа. 

Санкцияларды алып тастау, ядролық энергетиканы дамыту, елдің ішкі мәселелерін шешу, Белуджистандағы наразылықтарды басу, бірақ Газа секторы емес,- деді ол.

Израильдің жауабы және Газа секторы

Израиль қорғаныс күштері «Темір қылыш» операциясын бастады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху халыққа үндеуінде штаттың соғыс жағдайында екенін мәлімдеп, резервтерді кеңінен жұмылдыруды тапсырды. Әскерилер елді мекендерді бірнеше күн содырлардан тазалады. Сондай-ақ Израиль ұшақтары Газа секторындағы нысандарға соққы бере бастады. 

Қазанның 8-і Израиль Газа секторына шабуылды үдете түсті. Салдарына қаза тапқандар саны 232-ге жетті, 1600-ден астам палестиналық жарақат алды. Бұл туралы Палестинаның денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.  Газа секторы электр қуатының басым бөлігін Израильден алатыны да  белгілі болды. Алайда палестиналық топтың шабуылынан кейін Израиль билігі электр қуатын беруді тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шешім әуе шабуылынан зардап шеккендерді емдеу үшін электр қуатының тапшылығына тап болған жергілікті ауруханаларға қауіп төндіреді, - деді Аль-Шифа ауруханасының директоры Мохамед Абу Силмия Әл-Жазираға.

Жалпы, 9 қазандағы жағдай бойынша содырлардың шабуылынан 800-ге жуық израильдік қаза тауып, 2400-і жараланған. Ел президенті Исаак Герцогтың айтуынша, Холокосттан кейін де бір күнде мұнша көп еврей жан тапсырмаған. Палестина жағы да шығынға ұшырады: кемінде 370 адам қаза тауып, тағы 2000-ға жуық адам жарақат алған. 

Бүгінгі таңда ресми дерекке сүйенсек, екі жақтан 10 мыңға жуық адам қаза болған. 

Израильде қаза тапқан адам саны 1200-ге, Газа секторында 950 адамға жеткен. ХАМАС шамамен жүзден астам адамды кепілде ұстап отыр, - деп жазады Израильдік БАҚ.

ХАМАС - террористік ұйым

Еуропалық Одақ палестиналық ХАМАС қозғалысын террористік ұйым деп таныды. Бұл туралы Франция премьер-министрі Элизабет Борн айтты. 
Ұлттық ассамблеяда сөйлеген сөзінде Борн радикалды содырлардың Израильге басып кіруіне түсініктеме бере отырып, «терроризм мен айуандық ешбір ақтауға болмайтынын» және француз бюджетінен бір еуро да «терроршылардың қолына түспеуі керек» айтады.

Екі тараптың өкілдері не дейді?

Бүгін Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXI отырысында Израильдің бас Ашкенази раввинінің өкілі Джоэл Адлер ХАМАС діннің атын жамылып, Құдайға деген сенімді қорлады деп айыптады. 

Біз қатыгездікке қарсы тұрып, әлемдегі бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етуіміз керек. Жамандық пен өшпенділікке қарсы болуымыз керек. Біз зардап шеккен қаншама әйел мен балаларды көріп отырмыз. Мұның бәрін неге басымыздан қайта өткеруіміз керек? Иә, біздің наным-сенімдеріміз бөлек, бірақ мен махабат пен адамгершілікке сенемін, - деді Адлер съез отырысынан соң.

Қазақстандағы Палестина елшісі Монтасер Абу Зейд тәуелсіз мемлекет құру үшін құқығымызды талап етеміз деп мәлім етті. 

Біз Израильдің 1948 жылдан бастап қазіргі таңға дейін халықаралық заңдылық пен халықаралық құқықтың қарарларын орындаудан бас тартып отырғанын, сондай-ақ біздің Палестина халқы бастан кешкен әділетсіздік пен қысымның жалғаса беруі осындай жарылып кететіндей жағдайға жеткізіп отырғанын атап өткіміз келеді. Біз Израильдің қанды агрессиясына ұшыраған қорғансыз Палестина халқына халықаралық қорғауды қамтамасыз ету керегін баса айтамыз, - деді Монтасер Абу Зейді Kazinform-ға берген сұхбатында.

Елші Палестина тарапынан жанжалды тоқтату үшін қандай қадам жасалғанын айтты. 

Бұл жерде біз президент Махмуд Аббас бастаған Палестина басшылығының әлем көшбасшыларымен байланыс арқылы аймақтық және халықаралық әрекеттерді жүзеге асырудағы күш-жігерін мойындағымыз келеді. Мақсат – Израильді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған барлық қарарды орындауға міндеттеу арқылы Палестина халқына қарсы басып алу мен басқыншылықты тоқтату, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы