Фриланс психологиясы: Еркіндік пен жалғыздық арасындағы өмір
2018 жылдан 2022 жылға дейінгі 5 жылда Қазақстан жастарының жұмыспен қамтылу құрылымында 78% жалдамалы жұмысқа, 22% өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға тиесілі. Алайда осы жылдары жастар арасындағы жалдамалы жұмыскерлердің саны жылына орта есеппен 48 мың адамға азайып отырған. Ал фрилансерлер саны 2023 жылы жарты миллионнан асты.
Бұдан алдын BAQ.KZ тілшісі әлеуметтанушылардан фрилансерлерге кімдер жататынын және жастар арасында фриланс мәдениетінің артуы немен байланысты екенін сұраған болатын. Ал бүгінгі материалдан фриланстың психологиялық қырын біле аласыз.
Психолог Гүлнұр Сапарова қазіргі кезде жастар арасында фриланс мәдениетінің артуын еркіндікке ұмтылыс деп бағалайды.
Фриланс еркіндік береді. Тұрақсыз жұмыс кестесі, яғни фрилансер өзінің жұмыс күнін өзі жоспарлай алады. Сонымен қатар өзінің қаржылық жағдайын өзі жоспарлап, өзі шешім қабылдайды. Жұмыс берушіге тәуелді болмайды, ешкімге есеп бермейді. Жалпы айтқанда бұл тәуелсіздікке ұмтылыс тенденциясы, - деді маман.
Гүлнұр Сапарова жастар арасында фриланстың артуына психологиялық себептерден бөлек цифрлық технологиялардың дамуы, жаһандық трендтер мен пандемия, жастардың шығармашылық жағынан өзін дамытуға тырысуы, дербес оқу мен даму мүмкіндігі, дәстүрлі жүйеге деген сенімсіздік, ондағы жалақының төмендігі, мансаптық өсудің баяу жүруі, сонымен қатар компаниялардағы қысқартулар мен дағдарыстар да себеп екенін айтты.
Дегенмен психолог фриланста жұмыс істеудің әлеуметтік оқшаулану сияқты өзіндік қиындықтары барын атады.
Фриланс деп отырғанымыз бұл жерде жеке жұмыс қой. Ұжымдық, командалық, топпен жұмыс істеу болмайды. Сәйкесінше ұжымдық мәдениетке өзінің кері әсерін тигізеді. Өйткені адам бойында бала туғаннан бастап балабақша, мектеп, университет сияқты әртүрлі әлеуметтік институттар бар. Олардың барлығы адамды топта жұмыс істеуге, өзгелердің көзқарасына толерантты болуға, өзгелермен байланыс орната алуға, міндеттерді бөліп алуға тәрбиелейді. Сондықтан фриланста ұзақ жұмыс істеген адамның алдағы уақытта топта жұмыс істеуі қиындайды. Фрилансер жиі жер алмастырғандықтан, жеке өзі жұмыс жасағандықтан, белгілі бір ұжымға, топқа кірмегендіктен, оларда әлеуметтік оқшаулану қаупі өте жоғары, - деді ол.
Сонымен қатар маман фриланстағы жұмыс тәртіп пен ерік-жігер талап ететінін айтты.
Фриланстағы жұмыс жоғары деңгейдегі дисциплина, яғни тәртіпті талап етеді. Өзін-өзі басқаруды, реттеуді талап етеді. Фриланстағы жұмыстың тағы бір минусы – тайм-менеджмент мәселесі. Өйткені адам өзін-өзі басқарғанда өзіне тайм-менеджмент қою және сол бойынша жұмысын атқару тағы да өте үлкен ерік күшін талап етеді, - деді психолог.
Гүлнұр Сапарова фрилансқа ауысқысы келетін адам белгісіздікке дайын болу керегін ескертті.
Фриланстағы жұмыстың тағы бір кемшілігі тұрақты жұмыс кестесі, тұрақты жалақы, тұрақты жұмыс орны, тұрақты кездесіп, сөйлесетін ұжым жоқ. Сондықтан ертең не болатыны белгісіз. Келесі ай қандай табыс табатыны, қай жерде жұмыс істейтіні белгісіз. Сондықтан адам бойындағы белгісіздікке деген толеранттылықты дамыту қажет болады. Белгісіздікке деген толеранттылық төмен болған жағдайда адамдарда стресстік бұзылыстар пайда болуы мүмкін. Ол эмоциялық қажу мен кәсіби деградацияға алып келуі мүмкін, - деді ол.
Сондай-ақ психолог фрилансерге жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы шекараны қойып алу маңызды екенін атады.
Дәстүрлі жұмыста тұрақты жұмыс орны мен кестесі бар. Сен жұмысқа барасың, жұмыс кестесі бойынша қызметіңді атқарасың. Үйге келесің, ол жерде нақты шекара бар. Ал фриланстық жұмыста нақты шекара жоқ. Осы орайда адамның жеке өмірі мен жұмыстың араласып кетуі орын алады. Бұл кәсіби деформацияға алып келеді. Яғни жұмыс пен жеке өмірді бөліп алмау, 24/7 жұмыспен айналысу кезінде тұлғаның бойындағы стресс өседі. Кәсіби ерекшеліктерді мінез бітісі ретінде қалыптастырып жібереді. Осының бәрі фриланстың минусына жатады, - деді ол.
Гүлнұр Сапарова фриланстың көбею индивидуалды мәдениеттің қалыптасуына жол ашатынын айтты.
Батыс елдерінде индивидуалды мәдениет жақсы дамыса, Азия елдерінде ұжымдық мәдениет, ұжымдық ойлау, ұжымдық мақсат, бір-бірін ұжымдық қолдау өте жақсы дамыған. Жалпы фриланста жұмыс істейтіндердің көбеюі АҚШ, Еуропадағыдай индивидуалды мәдениетті алып келеді, - деді психолог.