«Ертең менен құтыласыңдар...». Бала неге суицид жасайды немесе оның қалай алдын алуға болады?
Суицид – ол қоғамның проблемасы. Адам қандай жағдайда өз-өзіне қол салады? Психологтардың айтуынша, олар проблемадан шығудың жолын таппай, тығырыққа тірелгенде, сондай-ақ өзін ешкімге керексіз сезінгенде амалсыздан осындай қадамға барады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстан соңғы бес жылда суицид жасаудан, соның ішінде 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудан әлем елдерінің алғашқы ондығында жүр. Ішкі істер министрлігінің деректері де бұл келеңсіз үрдістің өсуін көрсетіп отыр. Мысалы, 2020 жылы жасөспірімдер арасында 143 суицид оқиғасы, 306 суидид жасау әрекеті тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш өсіп, 175 суицид оқиғасы, 375 суицид жасау әрекеті болды.
Ал Qamqor.gov.kz дерегінше, 2022 жылдың алғашқы 6 айында жалпы саны 247 суицид тіркелген.
Жасөспірімдердің не себепті осындай әрекетке баратынын анықтау үшін ата-ана, мектеп ұстазы мен педагог-психологтан сұрап көрдік.
Ата-ана: «Балаларды тым өбектеп жіберген секілдіміз»
Үш баланың анасы Самал Көшербекқызы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас барынша ашық болу керек деп есептейді.
Отбасындағы бала тәрбиесі қарапайым заттардан басталады деп ойлаймын. Үлкендермен амандасу, бауырларына қамқор болу, өзі жатқан, жүрген жерін артынан кейін жинап жүру - мұның бәрі тәрбие. Қазіргі балалар ойларын еркін айтады. Десе де ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп отыру керек. Тіпті біреумен келіспей қалса да, мәселені барынша жұмсақ, түсінікті жеткізу керегін айтып отырамын, - дейді елордалық ата-ана.
Самал Көшербекқызының сөзінше, жасөспірім балалардың суицидке баруының себебі көп болуы мүмкін.
Тым ерке, шолжаң, жоқ дегенді білмей өскен бала үшін жәй ғана «болмайды» деген сөз де суицидке итермелуі мүмкін. Ол да тәрбиеге байланысты. Жасөспірім кездегі сәтсіз алғашқы махаббат, тестен сүріну, қатарластарының арасында өзін кемшін сезіну секілді факторлар болады. Мұның бәрі тек сылтау шығар. Алайда оның себебі тереңде жатыр деп ойлаймын. Жалпы қазіргі балаларды тым өбектеп жіберген секілдіміз. Сол арқылы біз олардың сыртқы факторларға төтеп беру қабілетін төмендетіп жібердік пе деген күдік те жоқ емес. Сондықтан ата-ана тарапынан «Аяғаннан аямадым» деген іс-әрекет болған дұрыс деп ойлаймын, - деп айтты үш баланың анасы.
Сонымен қатар ол ата-ана баламен барынша ашық сөйлесіп, ішінде не болып жатқанын біліп отырғаны абзал.
Ата-ананың баламен қарым-қатынасы барынша ашық болғаны дұрыс. Мектепте қандай жағдай болғанын, күннің қалай өткенін айтып отырса, онда бала мен ата-ана арасындағы өзара қарым-қатынас дұрыс екенін көрсетеді. Ал егер бала томсырайып, үндемесе, онда ата-ана баланың ішінде не болып жатқанын сұрап білгені дұрыс. Мысалы, бала үшін жәй ғана дос қызының басқа сыныпқа ауысып кетуі де үлкен мәселеге айналып кетуі мүмкін. Сондықтан әр бала жеке индивид демекші, әр жағдай ерекше, өзгеше талдауды қажет етеді, - деп ойын білдірді ата-ана.
Ұстаз: Ата-ана балаға мейірімін, қамқорлығын көрсете білуі қажет
Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Азамат Жаркеев бала өзінің біреуге керек екенін сезіне білуі қажет екенін айтады.
«Отан отбасынан басталады» деп жатамыз. Менің ойымша, суицидке баратын балаларға көбіне отбасындағы жағдайлар қатты әсерін тигізеді. Мысалы, ата-анасының ажырасуы және т.б. Сол себепті әкенің де, ананың да баланың өмірінде атқаратын рөлі зор. Екеуі де екі жақтан балаға мейірімін, қамқорлығын көрсете білуі қажет. Өзінің біреуге керек екенін сезінген бала ешқашан қиянат жасамайды, - деп ойын білдірді жас ұстаз.
Азамат Жаркеевтің сөзінше, ата-ана баласының немен айналысып жүргенінен үнемі хабардар болып отыруға тиіс.
Әлбетте үйде немесе баланың жеке басында қандай да бір проблемалар болса, баланың қоғамға бейімделуі қиынға соғып, айналасындағылармен тіл табыса алмауы мүмкін. Яғни бала осындай жағдайлардан кейін баланың ойында «мен не үшін өмір сүріп жатырмын?» деген сұрақ келеді. Сондықтан баланың жай-күйін үйде ата-анасы, мектепте мұғалімдері назарда ұстауға тиіс. ХХІ ғасыр - техниканың, ақпараттың дамыған заманы. Балалар түрлі сайттарға кіріп, түрлі ақпараттар оқиды. Сол себепті ата-ана баланың неге қызығып, еліктеп жүргенін үнемі хабардар болып отырғаны абзал, - деп айтты мектеп директорының орынбасары.
Педагог-психолог. Бала не үшін суицид жасайды?
Елордадағы М. Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Райгүл Сайлаубаева баланың суицидке не үшін баратынының себеп-салдарын талдап көрді.
Қазіргі күні балалардың өмір қауіпсіздігін сақтап, азамат болып қалыптасуы үшін біз олардың жаһанданудың тез ықпалдарына қарсы тұруын ескеруіміз қажет. Тәрбие жұмысының тиімділігі ата-ана мен мектептің өзара байланысының көрінісімен беріледі. Өз-өзіне қиянат жасау, суицидке бару – іс-әрекеттердің ең соңы. Кез келген бала ол әрекетке (суицидке – ред.) жайдан-жай бармайды. Яғни бала проблемадан шығудың жолын таппаған кезде, ешкім оған көмектесе алмайды деп өзін сендірген уақытта өзіне қиянат жасауға баруы мүмкін, - дейді маман.
Психолог атап өткендей, суицидке барудың себеп-салдары өте көп. Мысалы, әлеуметтік-материалдық жағдай, достар арасындағы қарым-қатынас салдары, ата-ананың тәрбиесінің дұрыс болмауы, әртүрлі кикілжіңдер, денсаулығына, жүрген ортасына байланысты және т.б. себептер әсер етуі мүмкін. Яғни баланы сондай жағдайға жеткізудің бір ғана себебі болмайды.
Бала ешқандай шешім таппаған кезде өзінің жан тыныштығын ойлап, «осы өмірден кетейін, ешқандай проблема болмайды, мен жоқ болып кете салсам, барлығы шешіледі» деп таяз ойлап, осымен мәселе шешіледі деп ойлайды. Бұл - жасөспірімнің көзқарасы, - деді ол.
Қазіргі педагог-психологтардың міндеттерінің бірі – кез келген жасөспірімге білімді меңгертумен ғана емес, сонымен бірге оның өмір қауіпсіздігін сақтап, ішкі жан дүниесіне әсер ету арқылы жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету.
«Ата-ана мен баланың көңіл-күйін бақылауда ұстауы қажет»
Соңғы жылдары жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес, қазіргі заманда ата-ана мен мектеп болып, жасөспірімдердің тұлғалық дамуына, өмір қауіпсіздігіне баса назар аударып, жас жеткіншектерге берілген білім мен тәрбиеге аса көңіл бөлуіміз қажет. Ата-ана да өз уақытын аямауы қажет, ал ұзтаздар тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, олардың халін, көңіл-күйлерін, іс-әрекеттерін назардан шығармаулары керек, - деп есептейді психолог.
Мысалы, үйде балада қандай да бір ерекшелік байқалуы мүмкін. Анасы қойған сұрақтарға жауап беруінде өзгешелік болуы мүмкін, бұрын салмақты жауап берсе, бұл жолы ашуланып жауап қатуы мүмкін.
Міне, назар аударатын бірінші жағдай. Ұстаздар да сабаққа үнемі белсенді қатысып, жақсы оқып жүрген бала бірден тұйықталып не болмаса өзгеше іс-әрекет көрсете бастаған кезде балаға бірер секунд уақытын бөліп, оның себебін білуге тырысуы қажет. Бақылап, зерттеп алғаннан кейін бірлесе жұмысқа көшу керек. Бірінші дабылды ұстаз байқаса, онда ата-анасынан баланың үйде жағдайы қалай екенін сұрап, бос уақытында не істейтінін анықтауы керек. Ал ата-анасы үйде бірінші байқаса, мектеппен байланысып, мектептегі жағдайы қалай екеніне қызығушылық танытып, не себепті өзгеріп жүргенін білуге тырысуы қажет, - деп есептейді Райгүл Сайлаубаева.
Ата-аналар кейде «бұл өтпелі кезең, барлығының басынан өткен, ештеңе болмайды» деп тәрбиенің салғырт жағына жол береді де, назардан тыс қалдырып алады. Осы кезде баланың ішкі жан күйзелісі одан сайып күшейіп, соңында шешімін таппай, өмірден кетсем, бәрі қалпына келеді деп ойлайды. Сондықтан үлкендер, яғни ата-аналар, ұстаздар баланың іс-әрекетіне, айтқан сөзіне көңіл бөліп, бақылауда ұстауы қажет.
Жасөспірім шақтағы негізгі іс-әрекет – ол қарым-қатынас. Яғни балалар осы кезеңде достарымен бірге көңілді уақыт өткізіп, қыдырғылары келеді. Бұл жаста балалар үйде отырып, өз бетінше дами алмайды. Олар араласуы керек. Ал қазіргі күні балалар виртуал өмір арқылы араласып жатады. Шынайы өмірде араласудан қалып бара жатқан жасөспірімдеріміз де бар. Себебі көп уақытын телефонда өткізеді. Осылайша, экранның арғы жағында қандай адам отырғанына мән бере бермей, оның түрлі айласына ілініп, соңы бізді өкіндіретін жағдайға әкелуі де мүмкін. Мұндай жағдайлар бар, - дейді маман.
«Олай жүрме, уақытыңды бос өткізбе, сабағыңды оқы» - бұл сөздер жасөспірімге қысым көрсеткенмен теңдей болуы мүмкін
Жасөспірім шақ - өзінің ой-пікірі бар, оң-солын және жақсы-жаманды ажырата білетін кезең. Балалар өскен сайын олардың тәрбиесіне байланысты мәселелер де өседі. Мысалы, кеше ғана басқаның ойыншықтарын алуға болмайтынын түсіндіру маңызды болса, ал бүгінгі күнгі бала өзімізге қалай өмір сүруді үйретеді. Яғни олардың сана-сезімі артып келеді және ата-аналар баланы өз мінезімен тығырыққа тіреп қоятын жағдайлар да кездеседі.
Ата-аналар үшін бала тәрбиесіндегі ең қиын уақыт - 13-14 жас аралығында кезең. Себебі дәл осы уақытта жеке тұлғаның мүмкіндіктеріне күмән және толық емес сезім барынша күшейеді. Жасөспірім ересектер тарапынан үнемі қысым көреді. Ересектер көбіне ақыл-кеңестерін айтып, «олай жүрме, бұлай істеме, түнде ешқайда шықпа, уақытыңды бос өткізбе, сабағыңды оқы» дейді. Ал бұл сөздер жасөспірімге қысым көрсеткенмен теңдей болуы мүмкін. Осы кезеңде болып жатқан барлық нәрсе оның психологиялық «багажына» жинақталып, оның ересек өмірі үшін маңызға ие болады, - деп түсіндірді мектеп психологы.
Яғни осы жастағы ата-ананың негізгі мәселелерінің бірі – «менің балам мені естімейді».
Жасөспірім баламен қалай сөйлесу керек?
Мектеп педагог-психологтары ата-аналарға көбіне балаға аз сөйлеп, сұрақтарды тыңдауына қарай қою керегіне кеңес береді. Яғни осы кезде ғана баланың ата-анасының не айтып тұрғанын түсіну ықтималы артады. Сол үшін балаға жауап бермес үшін оған алдымен түсінуге, естуге көбірек уақыт беру керек.
Сонымен қатар айта кететін тағы бір жайт бар. Мысалы, жеткіншекпен қандай дауыспен, атап айтқандай, дөрекі не болмаса айқайлап сөйлессеңіз, ол да соған қарай жауап беруі мүмкін. Ал егер төмен дауыспен сөйлесіп, сұрақ қойсаңыз, бала соған құлақ асуға тырысады. Түсінбегенін қайта сұрайды, - деп айтты мектеп психологы Райгүл Сайлаубаева.
Сөзінше, ата-ана бала үшін тыңдаушы бола білуі керек. Егер бала ата-ана үшін қызықсыз, бірақ өз басынан өткен оқиғасын айтса, онда оны назардан тыс қалдырмай, аяғына дейін тыңдап, пікірін білу қажет.
«Мен психологиялық күйзелісте жүрмін...»
Қазіргі жасөспірімдер мектеп психологтарына жиі келмесе де, оларда проблемалар болғанын байқасақ, онда кеңесуге өзіміз шақырамыз. Сұқбатқа келген жасөспірімдер «мен психологиялық күйзелісте жүрмін...» деген терминді жиі айтады. Бала оның не екенін білмеуі мүмкін. Жасөспірім біреуге өкпелеп, сөзін көтере алмай қалса не болмаса ата-анасына ренжіп қалса, «мен күйзелістемін» деп шығуы мүмкін. Мұндай жағдайға адам оңай түсе салмайды. Яғни егер бала ондай жағдайға түссе, онда дабыл қағатын үлкен проблеманың туындағаны. Демек бұл балаға көмек керек дегенді білдіреді, - дейді ол.
Психолог атап өткендей, адам қандай да бір проблеманың, қиындықтың немесе жанындағы адамдардың әсерінен стреске түсуі мүмкін.
Көбіне жас жеткіншіктер стреске бейім келеді. Ол ата-ананың балаға салмақ салуынан, уақыт бөлмеуінен туындайды. Мысалы, баланы басқа баламен салыстыру. Дәлірек, «пәленшенің» баласы сабақты жақсы оқиды, бауырмал, ата-анасына көмектеседі, ал сенің жүрісің мынау» деп салыстырады. Осындай кезде баланың көңіліне кірбің түседі. Осыдан баланың ата-анаға сенімі азайып, ашық сөйлесе алмай, бәрін жасырып жүруі мүмкін, - деп айтты маман.
Сонымен қатар психологтың айтуынша, егер балаға әкесінің немесе анасының махаббаты жетіспесе, бала өзін өзгертуі мүмкін. Ата-анасының назарын алмаған бала үйден қашады, өміріне қауіп төндіріп, ешкіммен сөйлеспей, тұйық болып кетуі мүмкін не болмаса үлкендердің назарын аударту үшін қисынсыз әрекеттерге барып, киім-киімін, шаш үлгісін өзгертуге баруы мүмкін.
Бала өтпелі жас жүріп жатқанын оның жақын достары, қатарластары да байқауы мүмкін, ал егер ортасы дұрыс болмаса, онда балаға өз кесірін тигізуі ықтимал. Мысалы, баланы кекету, мазақ ету, т.б.
Ұзақ мерзімді күйзелістің (стресс) аяғы не болады?
Ұзақ мерзімді күйзелістің аяғы жастардың суицид жасауына әкеп соқтыруы мүмкін. Осындай жағдайға төзіп келіп, мәселенің шешімі өмірмен қош айтысуға шешім қабылдайды. Ал оның соңында ата-анасы зар илеп қалатынын бала түсінбейді. Сол себепті ұлттық құндылықтарымыздан қол үзбей, оны күнделікті өмірімізге енгізіп отыруымыз керек. Ата-аналар соны естен шығармағаны жөн. Тоқетері жасөспірімдерді күйзелістің түбіне түсірмеуге тырысу керек, - деп айтты ол.
Оның алдын алу үшін барлығынан бір сәтте бас тартып, демалу, мысалы, араласып жүрген ортасындағы адамдардан бөлек, басқа ортаға демалысқа жіберу, тамақтану, ұйқы режимін дұрыстау, өзіне ұнайтын іспен айналысу, кітап оқу, кино көру, өмірге қажетті сабақ алатындай істермен айналысу қажет.
Сондықтан ертеңгі жастарымыздың білімді, саналы ұрпақ болып өсуі үшін ата-ана өмірдің барлық кезеңінен қиындықсыз өтуіне қолдау көрсету қажет. Бала қай жаста болмасын оны тыңдап, еркелетіп, оған мейірім бөлу керек, - деп ойын бөлісті.
«Ертең менен құтыласыңдар...»
Өз-өзіне қол салуға баратын адамдар көп жағдайда ауызша немесе мінез-құлқы арқылы алдын ала ескерту белгілерін беріп жатады. Мысалы, «ертең менен құтыласыңдар...» деп елеусіз айтуы не болмаса өзінің сүйікті затын біреуге сыйлай салуы мүмкін. Суицид туралы ойлаған адам іс-әрекетінің дұрыс-бұрыстығына сенімсіз болады. Ол тірі қалғысы келіп тұрса да, асығыс қадамға баруы мүмкін, - деп есептейді психолог.
Сөз соңында педагог-психолог Райгүл Сайлаубаева суицидке барған баламен әрі қарай сөйлесу кез келген маманның қолынан келе бермейтінін айтты.
Суицид - өте қиын психикалық диагноз. Онымен психолог емес, психиатр немесе психотерапевт айналысуы керек. Психолог балада суицидтің белгілері барын байқаса, оған дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ата-анасына ол туралы ескертіп, арнайы маманға жолдауы қажет. Ал суицид баланың болашағына әсер ететін жағдай болғандықтан, онымен психиатр немесе психотерапевт жұмыс істегені дұрыс.