Еріктілер жылына дайынбыз ба?
Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Осыған орай, «Елімізде еріктілік қаншалықты дамыған?» және «Еріктілер жылы қазақстандықтар не істеуі керек?» деген сұрақтар туындайды.
Еріктілік дегеніміз – адамның өз еркімен ақысыз көмек көрсетуі. Көп елдерде еріктілік жұмыс қатарына қосылады, өйткені волонтер өзінің уақытын бөліп, білімін іске асыра отырып тегін жұмыс істейді. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтар немесе жеке де айналысуға болады. Волонтерлік қызметтің аясы өте кең: әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және т.б. түрлері бар.
Қазақстанда еріктіліктің қарқынды дамып жатқанына қарамастан, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2018 жылғы зерттеулеріне сәйкес, жас азаматтардың 82,6 % еріктілікпен айналыспағандығы анықталған. Әр бесінші жас волонтерлік туралы ешқашан естімеген екен. Әйтсе де, жастар еріктіліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бастағаны айқын.
Бұған дәлел – 2017 жылы өткізілген Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі мен Қысқы Универсиада ойындарында қызмет көрсеткен 8000-нан астам жастардың қамтылуы. Сонымен қатар, еліміздің әр қаласында қарттар, жетімдер, әлеуметтік осал топ отбасылары, апат құрбандары және өзге де жәрдем қажет ететін қоғам мүшелеріне көмек көрсететін жастар ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді.
Әлеуметтік еріктілік – волонтерліктің Қазақстан жастары арасындағы волонтерліктің өзекті бағытының бірі. Жақында қайғылы Арыс оқиғасынан зардап шеккендерге жас азаматтардың белсенді көмек көрсетуі олардың әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші болды. Алайда, көптеген жастардың ерікті болуына ұйымдар мен жобалар туралы ақпараттың аздығы кедергі келтіреді. Әлеуметтік волонтер болу үшін «Ұлттық еріктілер желісі», «Мейірімділер клубы», «Мейірімді жүректер қаласы», «28 петель» және т.б. ұйымдармен байланысуға болады. Бұл бағытта адамның жасы, жынысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Ең бастысы – ниет пен қолдан келетін іспен көмектесу.
Қазақстан жастарының арасында кең таралған бағыттың тағы бірі – спорттық еріктілік. Соңғы жылдары елімізде әр түрлі марафондар, триатлондар мен әлемдік чемпионаттар жиі өткізіліп, бұл бағыттың дамуына септігін тигізді. Халықаралық спорттық шараларда ерікті болу үшін шет тілдерін біліп, ашық, сыпайы болу қажет. Сонымен қатар, спорт түрлерінің ерекшеліктерін де білген дұрыс.
Қазақстандықтардың көбісінде еріктілік туралы қате пікір қалыптасқан. «Жалаулар желпіп отыру» бейнесінің пайда болуына шаралық еріктілік әсер етті. Бұл бағыт та елімізде өте кең таралған. Алайда азаматтардың жалау туралы пікірі, әрине, бұрмаланған. Шындығына келгенде, іс-шараларды ұйымдастыруда, үлкен жобаларды жүзеге асыруда еріктілердің маңызы зор. Мысалы, «ЭКСПО-2017» көрмесінің жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етуге де еріктілер көп жұмыс атқарды.
Аталмыш бағыттың жастарға қызықты болуы тәжірибе алу мүмкіндіктерімен байланысты. Шараларды өткізуге көмек көрсету үшін әлеуметтік желілердегі «Qvolunteers», «Жас Ұлан», «Қазақстан жастарының конгресі», «Қазақстан студенттерінің альянсы» және т.б. жастар ұйымдарының хабарландыруларын бақылап отырған абзал.
Аталған бағыттардан басқа елімізде экологиялық, медициналық, төтенше жағдайлар, корпоративті, мәдени, халықаралық, онлайн, IT және т.б. түрлері дамуда. Әр бағыт бойынша Қазақстан еріктілерінің барлығының басын қосатын «Ұлттық еріктілер желісінен» ақпарат алуға болады.
Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін бірден-бір сала. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестициялар болып табылады.