"Елорда жастары": Кім және қашан өтініш бере алады

1 ақпанда астаналық жастар "Елорда жастары" бағдарламасына қатысуға өтініш бере алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжат тапсыру 2024 жылғы 1 ақпанда сағат 9:00-ден басталыпп 2024 жылғы 6 ақпан күнгі сағат 23.59 дейін өтеді.

Өтініштерді қабылдау birge.astana.kz порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады. Өтініш беру туралы нұсқаулықты осы жерден қарауға болады.

Бұл бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы елордада бастапқы және қайталама нарықта пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.

Банктің бағдарлама бойынша беретін кредиттік қарыздар саны - 80.

Бағдарлама шарттары қандай?

Бағдарламаның шарттары мынадай:

- қарыздың максималды сомасы - 18 млн теңге;

- бастапқы жарна-10%;

- қарыз бойынша мөлшерлеме - жылдық 5%;

- несие мерзімі 25 жылға дейін.

Негізгі талаптар:

– өтінім берген кезде азаматтың жасы 35-ке толмауы тиіс;

– соңғы 1 жылда Астана қаласында тұрақты үздіксіз тіркеудің болуы;

– бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша соңғы 5 (бес) жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығымен тұрғын үйдің (ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен бірлесіп ортақ үлестік меншік) болмауы;

– өтініш беру сәтіндегі қатысушының таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі соңғы бір жылдан кем емес;

– «Отбасы банктегі» депозиттік шотында 1,8 млн теңгеден кем емес сомасының болуы;

– отбасының әрбір мүшесіне соңғы 6 ай үшін еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 6 еселенген шамасына дейінгі кірісінің болуы (260 442 теңге).

Бағдарламаға кім қатыса алады?

Төменде көрсетілген салалар бойынша Астана қаласының мемлекеттік мекемелерінің де, жеке ұйымдарының да қызметкерлері қатыса алады:

  1. денсаулық сақтау (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, медицина қызметкерлері);
  2. білім беру (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, педагог қызметкерлер);
  3. мәдениет (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, бейінді қызметкерлер);
  4. спорт (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, спортшылар мен жаттықтырушы-тәлімгерлер);
  5. әлеуметтік сала (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, бейінді қызметкерлер);
  6. ЖОО және ҒЗИ (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер)
  7. журналистер (Журналистер, корреспонденттер, продюсерлер, беттеушілер, редактор, режиссерлер, дыбыс инженерлері, теле-радио жүргізушілері, фотографтар, телерадио хабарларын тарату инженерлері, графикалық және мультимедиялық дизайнерлер, телерадио хабарларын тарату техниктері, аудио-бейне операторы, телекоммуникация монтажерлері, контент-менеджер, кеңесші, веб-дизайнер, медиа жоспарлау менеджері, медиа талдаушы, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);
  8. Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындарының, мекемелерінің бейінді қызметкерлері (ұйымның жекелеген жоғары тұрған салалардағы қызметкерлерін, оның ішінде техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);
  9. қызмет саласына қарамастан, Астана қаласында «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 35 жасқа толмаған азаматтар.
  10. Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, бейінді қызметкерлер);
  11. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, бейінді қызметкерлер);

Өтінімді толтырғанда қатысушы таңдаған сала бойынша еңбек қызметін жүзеге асыратын саламен сәйкес келуі тиіс.

Қажетті құжаттар тізімі:

  1. Электронды цифрлы кілт;
  2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (бала туу, неке қию, некені бұзу және т. б.);
  3. Өтініш берушіге Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқтығы (бар болуы) туралы анықтама (анықтама egov.kz - ҚР электрондық үкімет порталынан өтінім беру сәтіндегі күні алынуы тиіс).
  4. Ұйымның фирмалық бланкісінде анықтаманың берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасу күні және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан анықтама.
  5. ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар (қызметтік тізім, еңбек кітабы немесе т. б.);
  6. Еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді-көшірме ерлі-зайыптылардың екеуіне де (жолдасы/жұбайы);
  7. Болған жағдайда: өтініш берушіге немесе оның отбасы мүшелеріне (жолдасы/жұбайы, балалары) мүгедектігі туралы анықтама;
  8. Депозитте жинақталған соманы көрсете отырып, «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шоттың болуы туралы анықтама (ерлі-зайыптылардың екеуіне де, жинақталған сома 1,8 млн теңгеден кем болмауы тиіс);
  9. Жұмыс істейтін ерлі-зайыптылардың екеуінде де болған жағдайда соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама;
  10. Жоғары немесе орта арнаулы білімі туралы құжат.
  11. Қолы мен күні бар дербес деректерді жинауға және өңдеуге жұбайының/жолдасының (бар болса) келісімінің сканерленген нұсқасы (келісім нысаны осында орналастырылған).

Іріктеу қалай жүзеге асырылады?

Қатысушыларды іріктеу ең жоғары баллдан ең төмен баллға есептеуді пайдалана отырып жүргізілетін болады:

- таңдалған саладағы жұмыс өтілінің толық 1 жылы - 5 балл, таңдалған саладағы жұмыс өтілінің толық емес жылы - 3 балл.

- Астана қаласында «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрғандар ретінде өтінім берген азаматтарға қызмет саласына қарамастан, толық 1 жыл жұмыс өтілі үшін – 5 балл, толық емес жұмыс өтілі үшін – 3 балл есептеледі;

- өтініш берушіде немесе жолдасы/жұбайында I, II, III топтағы немесе балаларда мүгедектіктің болуы - 10 балл. Егер отбасының бірнеше мүшесінде мүгедектік болса, мүгедектігі бар отбасының әрбір мүшесіне ұпайлар беріледі;

Қатысушылар бірдей ұпай жинаған жағдайда, жасы үлкен қатысушының өту үлесі жоғары болады.

2023 жылы бағдарламаны іске асыруға кредиттер беру үшін 1,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Осылайша 200-ге жуық адам баспаналы болу мүмкіндігін алған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы