Елімізде баласы жоқ адамдар мен бойдақтарға салық салынуы мүмкін бе?

Бойдақтарға баласы жоқ немесе баласы аз адамдарға салық салу шешімі Кеңес Одағы тұсында қабылданған. Бұл салық КСРО-да 1941 жылдың 21 қарашасынан 1992 жылдың 1 қаңтарына дейін болған. Кейбір БАҚ өкілдерінде аталған салық түрі Қазақстанда да ұсынылғаны жарияланған еді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі баласы жоқтар мен бойдақтарға салық қандай жағдайда және кімдерге енгізілетінін зерттеген еді.

"Бойдақтар салығы" деген сөзім, "Баласы жоқтарға салық" деп бұрмаланып жатыр мәжіліс депутаты

БАҚ-та Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Қазақстанда баласы жоқтарға салық енгізу ұсынысы жарияланғаны жайлы ақпарат тараған еді. Ал депутаттың өзі мұндай ұсыныс айтпағанын, БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттың фейк екенін айтты.

Соңғы екі күн бойы бірқатар сайттарда және әлеуметтік желі парақшаларында Мәжіліс депутаты Болат Керімбек "Баласы жоқтарға жаңа салық түрін енгізуді ұсынады" деген жалған ақпарат тарап жатыр. Жалпы журналистикалық этика деген бар. Журналистердің ақпаратты шынайы, объективті беру мәселесіне қатысты. Жағдайды нақты айтатын болсам, 9 қаңтарда Жетісу облысындағы сапарым барысында менторлармен кездесу өткіздім. Ол жерде Қазақстандағы демография, жастардың кеш үйленуі, ажырасуы, алимент төлемеуі сияқты жалпы неке саясаты туралы тақырыптар қозғалған болатын. Қазіргі таңда материалдық құндылықтар рухани құндылықтан басым болуда. Жалпы адам баласының миссиясы отбасын құрып, ұрпақ тарату. Соңғы уақытта қыз балалардың ішінде ана болудан саналы түрде бас тартып, "өзі үшін" өмір сүруді қалайтындары мені алаңдататындығын айттым. Сонымен қоса, бүгінгі таңда жастардың отбасын құруға асықпайтындығын ескере отырып, Кеңес заманында бойдақтарға салық салынғанын мысал ретінде айтқан едім. Менің осы "Бойдақтар салығы" деген сөзім, "Баласы жоқтарға салық" деп бұрмаланып, жалған ақпарат таратылып жатыр, - деді Болат Керімбек.

Мәжіліс депутаты елімізде туу көрсеткішінің төмендеп, демография мен еліміздің экономикасына әсер етіп жатқанын атап өтті.

Жалпы елімізде туу көрсеткішінің төмендеуі мені алаңдатады. Бұл демографиялық мәселе. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерін алатын болсақ, Қазақстанның туу көрсеткіші төмен. Мәселен, Түрікменстан, Тәжікстанда бұл көрсеткіш жоғары. Бұл біріншіден, демографиялық қауіпті көрсетеді. Екіншіден, экономикалық тұрғыда еңбек ететін жұмысшы күштің қоғамда табиғи түрде жетіспеуіне әкеп соқтырады. Бүгінгі таңда Корея, Жапония сынды дамыған мемлекеттерде демографияны көтеру керектігін айтып, дабыл қағып жатыр. Сондықтан бізде қарап отырмаумыз керек. Бұл ұзақ мерзімді, стратегиялық мәселе. Соған алаңдап мен бұл мәселені көтерген едім, - деді Мәжіліс депутаты.

"Жастардың кеш үйленуіне тұрмыстық жағдайдың болмауы, жастардың көпшілігінде жеке баспанасының болмауы себеп болмай ма?" деген пікірге депутат жауап берді.

Қоғамда түрлі ойлар жазылып жатыр. Оның бірі: "жастардың жағдайын бірінші жасап тастамайсыздар ма?" деген сын. Бірақ жастардың жағдайын жасаған күннің өзінде кеш үйлену тенденциясы көп жерде бар. Мұны мен сылтау деп білемін. Өйткені адамның қосылуына, оның баспанасы немесе тұрмыс жағдайы, дүние мәселесінің болуы бірінші орында тұрмайды. Себебі өзімізге дейінгі буында да неке қию, шаңырақ құрғанда алдымен дүние жинаған жоқ. Сол себептен екі жастың бірігіп, дүние жинағаны құнды болады. Сондықтан бұл менің ойымша, сылтау, - деді ол.

Болат Керімбек "бойдақтарға салық енгізу" жайлы ойында қыздарға емес, 35-40 жастан асқан ер адамдарға салық салу керектігін атап өтті.

Бойдақтарға салық 35-40 жастан асқан қыздарға емес, ер адамдарға салынса, ол 35-50 жас аралығында болса деген пікір білдірдім. Бұдан бюджет көптеген ақша тауып, өзінің дефицитін толтырмайды. Бұл жастарға алдағы уақытта үйлену мәселесін кеш қалдырмау керек деген белгі болмақ. Отбасын құруды ертерек ойланып, кеш қалдырмау керек деген ақпараттық, құқықтық тұрғыда айтылған ой. Шетелде де бойдақтарға салық деген бар, - деді депутат.

"Бойдақтарға салық салуға қарсымыз!" – жастар

БАҚ беттерінде мәжіліс депутатының "Бойдақтарға салық салу" атты ойы пайда болысымен Қазақстандық жастардың басым көпшілігі аталған ойға қарсы шықты. Олардың айтуынша, адамды күшпен үйлендіру болашақта ажырасуға алып келіп, бақытсыз отбасылардың қатарын арттырады.

Менің жасым 30-ға келді, әлі үйленбедім. Дегенмен мен өзімді жас әрі қайратты сезінемін. Қазақ қоғамында салықсыз-ақ туған-туыс, ата-ананың "үйлен", "қашан үйленесің?" деген сөздерінен-ақ үйленіп кетіп жатқандар бар. Менің ойымша, елімізде мұндай салық енгізілсе, бассыздықтың нағыз өзі болмақ. Мен "Бойдақтарға салық салу" деген ойға қарсымын. Мен ғана емес, барша қазақ жастары бұл ойды құптамайды. Адам баласы қай уақытта отбасын құруды, үй алуды, балалы болуды өзі шешу керек. Отбасы болу қазіргі таңда өте қиын, тұрмыстық жағдайы қалыптаспай, 5-6 баласымен көше қаңғырып жүрген жастарымыз да жетеді. Неліктен Үкімет соларға алдымен жағдай жасамайды? Киетін киімдері мен тұратын үйлері өте тар. Ондай жағдайда балалар білім ала алмайды, әлемді көріп, балалық арманын орындамайды. Осыдан кейін де кейбір отбасы ажырасып көпбалалы, жалғызбасты деген статустар көбейген. Саны бар, сапасы жоқ некенің көбеюі ажырасу мен бақытсыз балалардың санын көбейтеді, - дейді Мейіржан Алмас есімді азамат.

Қаржы министрлігі бойдақтар салығын енгізу туралы ұсыныс ресми түрде түссе, заңға сәйкес қаралатынын растады. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай салықты енгізуге қатысты заңнамалық бастамалар жоқ.

Кеңес Одағы кезінде бойдақтар мен баласы жоқтарға салық қалай жүргізілді?

20-50 жас аралығындағы баласыз ер адамдар мен 20-45 жас аралығындағы баласыз әйелдер жалақының 6%-ын мемлекетке аударған. Айына 91 рубльден аз ақша алғандар үшін аз мөлшерлеме қарастырылған. Ал 70 рубльден аз табыс тапқандардан салық алынбаған. 1949 жылы ауыл тұрғындары үшін салық көтерілді, нәтижесінде балалары жоқ ауыл тұрғындары жылына 150 рубль төлеген. Денсаулығына байланысты балалы болу мүмкіндігі жоқ адамдар салықтан босатылған. Ұлы Отан соғысы майданында балалары қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен адамдар салық төлеуден босатылған. Сондай-ақ орта арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушыларына (25 жасқа дейін), Кеңес Одағының батырларына, Даңқ орденінің үш дәрежесімен марапатталғандарға, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне және т.б. жеңілдіктер болған.

1957 жылғы жарлықпен 1958 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылар, қызметкерлер және балалары бар басқа азаматтар, сондай-ақ жалғызбасты баласыз әйелдер баласыздыққа салынатын салықтан босатылды. 1980 жылдардың аяғынан бастап жас жұбайларға неке тіркелген сәттен бастап бір жыл ішінде салық жеңілдеген. Халық бұл салықты "жұмыртқа салығы" деп атаған.

1992 жылдың 1 қаңтарынан бастап РСФСР Қарулы Күштерінің 1991 жылғы 7 желтоқсандағы №1999-1 қаулысымен "жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы туралы" РСФСР Заңының қолданысқа енгізілуіне байланысты күші жойылған.

Әлем елдерінде баласыздыққа салық салынған ба?

Кеңес Одағынан басқа баласыздыққа салынатын салық Польшада, Румынияда және Италияда ХХ ғасырда болған. Алайда, бұл заң жобалары осы елдердегі тоталитарлық режимдердің құлдырауымен жойылды. Баласыздыққа салынатын салық тууды ынталандыруға көмектескені туралы ешқандай дәлел жоқ.

Германияда 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы баласыз азаматтарға қосымша жарна төлеуге міндеттелді. Осы "баласыздыққа салынатын салықтан" 1940 жылдың 1 қаңтарына дейін туылған адамдар, 23 жасқа толмаған жастар, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алатын азаматтар және әскери немесе қоғамдық жұмыстардан өткендер босатылды.

"Баласыздарға немесе бойдақтарға арналған" салық енгізу көбірек тууға, отбасын құруға итермеледі ме деген сауалға келсек, алғашқы жылдары елдегі жаңа туған нәрестелер саны көбейе бастаған, дегенмен кейін бұл үдеріс тоқтап қалған. Ал 2022 жылы Германияда туу, отбасын құру көрсеткіші 10 жылдың ішінде ең төменгі деңгейге дейін төмендеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы