Елімізде 200 мыңға жуық студенттің табысы артады

2023-2024 оқу жылы аяқталды. 186 мың түлек 11-сыныпты аяқтады. Оқу жылының соңы жақсы жаңалықпен қуантпақ. Биыл қыркүйектен бастап шәкіртақы ұлғайып, студенттердің табысы артатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2023-2024 жылы білім беру саласын жақсарту мақсатында ауқымды жобалар іске асырылды. Қабылданып жатқан шаралар қаншалықты жемісін берді? Тарқатып көрейік.

Педагогтің мәртебесін көтерген заң

2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды.

«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты - педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу.

Педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыруы кезінде:

  • Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;
  • одан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға;
  • Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге;
  • тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеттер жүктеуге;
  • мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді.

Педагогтердің жалақысы 4 жылда 2 есе артты

Еліміздегі мектептерде 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оның ішінде 220 мыңнан астам педагогке аттестация қорытындысы бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстеме ақы төленеді. Мысалы: педагог-шеберге 50%, педагог- зерттеушіге 40%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-модераторға 30% үстеме ақы қосылады. Еліміз бойынша барлығы 73 820 педагог-модератор, 81 168 сарапшы, 71 141 зерттеуші, 3482 шебер бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап педагогтердің айлық жалақысы жыл сайын 25%-ға өсті. Осылайша, төрт жылда екі есе артты. 2023 жылдың қаңтарында педагогтердің жалақысы тағы 25%-ға көтерілді.

Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

Ұстаздарға тәлімгерлік еткені үшін, магистр дәрежесі, сынып жетекшілігі, дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы төленетін болды. Еңбек демалысының ұзақтығы 56 күнге дейін ұлғайтылды.

2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге келесі мөлшерлерде біржолғы сыйақы берілетін болды:

1) бірінші дәрежелі диплом және алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық жалақының 26,5 еселенген мөлшері;
2) ІІ дәрежелі диплом және күміс медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 17,5 еселенген мөлшері;
3) үшінші дәрежелі диплом және қола медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 8,5 еселенген мөлшері.

Сондай-ақ 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру педагогтерінің еңбекақысы 30%-ға көбейтілді.

46 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды

Мемлекет басшысы елімізде алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын бекітті. 2021 жылдан бері 46 педагог осы марапатты алса, үш педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағын иеленді. Ел алдындағы ерекше жетістіктері мен айрықша еңбегі үшін педагогтер1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы төлеммен қамтылады.

«Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім болу – мансап емес, жоғарыдан берілген сый» деген еді. Мұғалімнің еңбегі ерен, өлшеусіз. Ал қазіргі педагог – ол көшбасшы, барлық әріптестері үшін үлгі болуы тиіс. «Қазақстанның Еңбек ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған мұғалімдер кәсіби сарапшы ретінде мектепті басқару ісіне, тәрбие жұмыстарына қатысуы қажет, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Сонымен қоса 240-тан астам педагог ҚР Оқу-ағарту министрінің атынан ведомстволық наградалармен марапатталды. Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен «Үздік педагог» атағының иегерлері болып табылатын 190 педагог-шебер марапатталды. 20 педагогке «Еңбек ардагері» медалі тапсырылды. 700-ден астам педагог «Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасына» және «Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатына» ие болды.

28 мыңнан астам педагог білімін жетілдірді

Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курсын аяқтады. Курстар осы жылдың қараша айының соңына дейін жалғасады. 2023 жылдан бастап курстарды өту мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды.

Бүгінде біздің орталықтың оқытушылары 1105-тен астам курс өткізді, онда 28 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырды. Әр педагог курстан кейін алған білімдері бойынша бағаланады және оқытудың тиімділігіне талдау жасалады, – дейді «Өрлеу» орталығының басқарма төрағасы Айдана Шилибекова.

Аталған оқу курстары осы жылдың ақпан айының соңында басталды. Орталық 80 мыңнан астам педагогті, оның ішінде мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу жүйесінің 11 мыңнан астам педагогі және 68 мыңнан астам мектеп педагогі оқытуды жоспарлауда.

Президенттің тапсырмасы бойынша 2023 жылы аса өзгермелі жағдайларда басқаруға дайын кәсіби көшбасшыларды іріктеу және даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Бүгінде аталған жобаның бірінші кезеңі аяқталды. Мұғалімдерді ынталандыру мақсатында қазіргі тәжірибелі топ-менеджерлер «Болашақ» бағдарламасымен 3-6 айлық тағылымдамадан өту үшін шетелге жіберіледі.

2024 жылдың үш айында 125 балабақша ашылды

Бүгінде елімізде 11 472 мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту ұйымы бар. 2024 жылдың үш айында 8849 орынға арналған 125 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын шешу мақсатында алдағы уақытта жаңадан балабақшалар ашу жұмыстары жалғасады. Былтыр 81 мың жаңа мекеме пайдалануға беріледі.

Биылғы жылы 229 мемлекеттік балабақшаны реновациядан өткізу жоспарлануда. Мектепке дейінгі ұйымдардың реновациясы балаларды тәрбиелеу мен оқыту жағдайын жақсартуға бағытталған. Өткен жылы 198 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, компьютерлік техникасы жаңартылып, модернизациядан өткен болатын.

Біз балаларымыздың оқуы мен дамуы үшін жақсы жағдай жасауға тырысамыз. Мектепке дейінгі ұйымдардың реновациясы – бұл әр баланың болашағын жарқын, табысты етуге салынған инвестиция, - дейді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Соңғы 3 жылда мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 801 нысанға көбейді. Ал соңғы 5 жылда балабақшаларға кезектілік 2 есеге кеміді. Осылайша 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 91%-ды құрады. Осы жылы бұл көрсеткішті 92,5%-ға жеткізу көзделуде.

Биылғы оқу жылында 187 070 оқушы орны пайдалануға берілді

Қазақстан бойынша барлығы 7833 мектеп бар. Олардың ішінде шағын жинақты мектептер саны - 2 702. Барлық оқушы саны - 3,8 млн. Шағын жинақты мектептердегі балалар саны - 187,2 мыңға жетті.

2024 жылы 11 сыныпты 186 мың түлек аяқтады. Оның ішінде 7420 адам «Алтын белгі» белгісімен марапатталды, ал 13 727 түлек жалпы орта білім туралы үздік аттестат алды.

2023-2024 жылдары елімізде 187 070 оқушы орны пайдалануға берілді. 2024 жылдың соңына қарай 500 мыңнан астам жаңа оқушы орнын пайдалануға беріп, білім беру инфрақұрылымын кеңейту жоспарлануда.

Бүгінде «жайлы мектептердің» жайы қандай?

Қазақстанда 369 жайлы мектеп салынады. Президенттің тапсырмасы бойынша үш ауысымды оқытуды жою және қалалық пен ауылдық мектептер арасындағы айырмашылықты азайту мақсатында Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба бойынша 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орны бар 369 мектеп ашу жоспарланған. Биылғы 1 қыркүйекке дейін 98 мектеп, 2024 жылдың соңына дейін 110 мектеп, ал қалғандары 2025 жылдың соңына дейін ашылады.

Қазір болашақ жайлы мектептерде оқу процесін тиімді ұйымдастыру және оны сапалы кадрлармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі апатты, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылы 500 мыңнан астам орынға арналған 302 мектеп салу жоспарлануда.

Жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру түрлі қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылатын болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 217 мектеп, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 25 жоба, сондай-ақ жергілікті бюджет және жеке инвестицияларды тарту арқылы 60 мектеп салынады, - дейді Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Махсутов.

Колледждердегі грант саны 60 мың орынға көбейеді

Тек соңғы үш жылда 477 мың орындық 791 мектеп пайдалануға берілді.

Бүгінгі таңда елімізде 772 колледжде 542 мың студент оқиды. Биыл 156 000 студент колледждерді аяқтады.

Жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 60 мың орынға көбейеді. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданған білім алушылар саны 145 мың адамға жетеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім беру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы республикалық бюджет есебінен 60 мың орынға ұлғайтылды. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамтамасыз етіледі, - деді техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы техникалық мамандықтар бойынша ұлғаяды: геология, машина жасау, энергетика, IT, металлургия, көлік және т.б. Бүгінде ТжКБ-ді мемлекеттік тапсырыспен қамту 80%-ға жетті.

Колледж студенттерінің 87%-дан астамы жатақханамен қамтылған

Техникалық және кәсіптік білім департаментінің ақпараты бойынша биыл колледж студенттері үшін 2,6 мыңнан астам төсек-орынға арналған тағы 11 жаңа жатақхана ашу жоспарланған.

Колледж студенттерінің өмір сүру жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударылады. Өткен жылы ғана еліміздің тоғыз өңірінде 2,5 мыңнан астам орындық 13 жатақхана ашылды. Біз бұл жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Биыл Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында тағы 11 жаңа жатақхана іске қосылады, - деп атап өтті департамент директоры Әсет Мұханбетов.

Қазір Қазақстандағы колледж студенттерінің 87%-дан астамы жатақханада тұру мүмкіндігіне ие.

Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында 2023 жылдың қыркүйегінен бастап стипендияны кезең-кезеңімен өсіру қарастырылған: 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 50%-ға арттырылды, 2024 жылы 100%-ға жеткізіледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер әлеуметтік қолдаумен, оның ішінде стипендиямен, тамақтанумен және жолақымен қамтылған.

1 қыркүйектен бастап шәкіртақы ұлғаяды

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің хабарлауынша, осы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап шәкіртақы ұлғаяды.

2021-2025 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, стипендия екі есеге ұлғайтылады. Бұл ретте есептеулер кезінде базалық стипендия үшін 2020 жылғы шәкіртақылардың мөлшері есепке алынады. Мысалы, бакалаврларда бұл сома 26 186 теңгені құраған демек осы сома жыл сайын 20 пайызға артады.

Атап айтқанда:

  • бакалаврларға – 20 пайызға (41 898 теңгеден 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика бағытында оқитындарға 67 200 теңгеден 75 600 теңгеге дейін);
  • магистранттар мен докторанттарға – 15 пайызға (97 024 теңгеден 107 061 теңгеге дейін, докторанттарда тиісінше 217 500 теңгеден 240 000 теңгеге дейін).

Жол картасын іске асыру үшін қазіргі уақытта Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Құжатқа сәйкес, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап шәкіртақылар былай ұлғаяды:

  • жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге, даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша оқитын студенттерді қоспағанда – 41 898 теңгеден 47 135 теңгеге дейін;
  • жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттары бойынша оқитын студенттерге – 67 200-ден 75 600 теңгеге дейін;
  • Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша оқитын студенттерге – 67 200-ден 75 600 теңгеге дейін;
  • интерндерге – 75 890 теңгеден 85 376 теңгеге дейін;
  • магистранттарға – 97 024 теңгеден 107 061 теңгеге дейін;
  • докторанттарға – 217 500 теңгеден 240 000 теңгеге дейін;
  • «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша оқитын докторанттардың шәкіртақысы – 217 500 теңгеден 240 000 теңгеге дейін;
  • «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша резидент дәрігерлер мен магистранттарға – 111 579 теңгеден 123 122 теңгеге дейін.

Комитет атап өткендей, осы жылдың бюджетінде стипендияларды ұлғайтуға қаражат толық көлемде жоспарланған. Өсім есебінен 180 мыңнан астам студенттің табысы артады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы