Ел өркендеуіне үлес қосқан оқу орнын жабу қалай болар екен...

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуын өмір тарабына сәйкес қамтамасыз ету үшін өскелең жастарымыз алған мамандықтары кәсіби құзыретті және қайсыбір жағдайда болса да, қазіргі заманауи технологиялармен жұмыс істеуге қабылетті болуы өмір талабы.

Сондықтанда білім беру, кәсіби, даярлау, адам капиталын қажетті деңгейде инвестициялау мемлекеттің басты борыштарының бірі. Еліміздің егемендікке қол жеткізген осынау жылдары білім төңрегінде қаншама реформа жасалғанына қарамастан, төңіректі торлаған жемқорлық білім жүйесін де қамтып, білім мен біліктіліктің қажеттілігіне нұқсан келтіруде. Кейбір студенттер «негізгісі білім емес, диплом алу» дегенді ашық айта бастады.

Қайсыбір мамандық, әсіресе жоғары білім иесі, өз саласы бойынша ғылыми әлеуетке, дербес ойлау жүйесіне, күнделікті шешілуі өзекті мәселелерді щещуге қабылетті болуы, тіптен «ұлттық қауіпсіздік» туралы заңның 9-бабында «Білім беру сапасының төмендеуі – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді» делінгені өмірлік қағида.

Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы халыққа жолдауында «өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге жетіп отыр. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттердің бар екендігін атап өтіп, бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы оқу орындарындағы білім беру сапасын арттырып, олардың санын қысқарту мәселесін қарастыру керектігін» атап көрсетті.

Ел басшысы 2020 жылғы халыққа жолдауында «былтыр мен дипломды оңды-солды үлестірумен айналысатын білім мекемелерін жабуды тапсырған болатынмын. Білім беруді табысты бизнеске айналдырған ықпалды адамдардың қарсылығына байланысты бұл жұмыс баяу жүруде. Бірақ проблеманы шешу керек» дегені көтерілген мәселенің өзектілігін көрсетеді.

Жақында теледидардан Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын басты лицензиясынан айырғанын, шешім 10 күннен соң күшіне енеді, және ЖОО білім беру қызметін тоқтатуға міндетті» деген таңқаларлық хабары, сондай-ақ желіде жоғары оқу орындары Ассоциациясының президенті Р. Алшановтың осы оқиға туралы сұхбаты таратылды. Ол өз сөзінде білім және ғылым министрлігінің Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы туралы шешіміне таң қалғанын жасырмады.

Өйткені темір жол – ең маңызды стратегиялық сала. Бұл біздің қауіпсіздігіміз. Егер төтенше жағдай туа қалса – бұл қорғаныс саласы ғой. Ең бастысы, мамандар сәйкестігі. Академия теміржолмен әрқашан белсенді байланыста жұмыс істейтін. Өйткені ол сала тікелей жұмыс беруші және тапсырушы. Біз жоғары оқу орындары жағындамыз.

Оқу орнының басшысының амбициясы өте жоғары еді. Ол академияны Орта Азия бойынша ең жақсы жоғары оқу орнына айналдырмақшы болатын. Қытай халық республикасынан делегация келіп, «бір белбеу, бір жол» бағдарламасы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынастықта болуды ұсынған болатын. Олар Пекиннен бастап Лондонмен аяқталатын барлық көлік ЖОО қарым-қатынаста болуды қалады. Өйткені бүгінде тасымалдау бойынша жаңа талаптар: ерекшелік, жылдамдық, тасымалдауда техникалық құжаттар өзгеруде, бүгінде жаңа өзгешеліктер өте көп. Қытай осы бағытта біздерге өздерінің мамандарын, біз ол жаққа өз мамандарымызды жіберу арқылы ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуды қалады. Біз (жоғары оқу орындары Ассоциациясы) олармен шартқа қол қойдық, яғни, бұл оқу орнына қызығушылық өте жоғары, өйткені көлік коридорлары, көлік құрылысы, контейнерлік тасымалдау дамуда, бүгінде инновация өте көп және біздің Академияда болып жатқан бүгінгі жағдайлар өте қынжылтады. Бұл сұрақ бойынша, бір шешім қабылданатын болар деп сенемін. Қалай болғанда да бұл бағытты сақтап қалу керек.

«ҰК «ҚТЖ» АҚ, басқа да тасымалдаушылар көп. Көптеген кәсіпорындарда зауытішілік тасымалдауды қамтамасыз етуге мамандар керек екені айдан анық... Бұрын академияны «ҰК «ҚТЖ» АҚ қойнауынан шыққандар басқарушы еді, қазір, менің білуімше, темір жолға қатысы жоқ, басқа адамдар келген. Нәтижесінде жұмыс берушілермен бірауыздылық жоқ. Ал бұл ең маңыздысы. Яғни, біз солар үшін ғана жұмыс істейміз ғой.

Ең ескі ЖОО – мұндай талқылауға түсуінің себебі не? – деген сұраққа Р.Алшанов: - Менің ойымша, акценттің ауысуына, менеджменттің алмастырылуы әсер етпек. Ал мұның бәрі жинақтап келгенде жұмыс берушілермен байланыстың үзілуіне әкелген.

Сөз соңында ол, менің ойымша, Білім және ғылым министрлігінің мақсаты жоғары оқу орнын жабу емес, қадағалауды күшейтіп, сапаны қамтамасыз ету керек. Жоғары оқу орындарына дербестік берген жөн. Ескертулер істің мәніне терең үңіліп, дайындық сапасы, оқу орнын бітірушілер нарық сұранысына сәйкестігіне байланысты нақты болуы керек. Тексерушілердің өздері тексеру сапасын арттыруы абзал. Егер жұмыс істегің келсе, мамандыққа қойылатын талапты дәлелде, Заңда бәрі көрсетілген. Бірақ, ЖОО жұмысындағы ұсақ-түйекке араласпауы керек».

Осынау, жоғары білім беруде білікті маман, сарапшы, менеджер абзал жанның әңгіме етілген оқиға туралы шынайы пікірлері көңілге сенім ұялатады.

Елді дүрліктірген таңқаларлық осынау жайсыз хабар теміржол саласын дамытуға ат салысып, еңбегі сіңген аға ұрпақтар, академиядан білім алып теміржол, автокөлік-жол саласындағы абыройлы қызмет істеп жүргендердің талайын күйзелткені жанға батады. Талай жыл академияға еңбегіміз сіңген аға буын бізге жан-жақтан қоңырау салып, жанашырлық білдіргендерге айтарымыз: «артын күтейік, шындықтың беті ашылып, әділдік орнар деген үміттеміз».

Тарихқа көз жүгіртсек, аталмыш академияның оқу орны ретіндегі қалыптасуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, оның ішінде Қазақстан көлік саласының дамуына байланысты жоғары білімді мамандарға сұранысқа сәйкес келеді. Қазақтың тұңғыш теміржол қатынастары инженері М.Тынышпаевтың тікелей басшылығымен Кеңестер Одағы Үкіметі белгілеген мерзімінен он алты ай бұрын салынып, 1930 жылдың 25 сәуірінде ең алғаш поезд жүргізілген. 1445 км –ге созылған Түркістан – Сібір теміржол магистралі іске қосылып Сібір мен Орта Азия елдерін байланыстырған транзиттік бағыт ашылды.

Өскелең өмір талабына сәйкес отандық теміржол инженерлерін дайындау мақсатында 1931 жылы 6 қазанда Орта Азия теміржол инженерлері институтының ректоры қол қойған №19 бұйрықпен Түрксіб дирекциясы жанына оқу-кеңес беру мекемесі ашылып, 1967 жылдың 1 қазанынан Ташкент теміржол көлігі инженерлер институтының филиалы болып қайта құрылды. 1958 жылдан құрылған «Қазақстан темір жолы» бұрынғы Одақ жеріндегі ең үлкені бола тұра, өткен ғасырдың 70 жылдарында өркендеп өскен Қазақстан экономикасының өскелең талаптарына сәйкес келмеді. Сондықтан 80-90 жылдары теміржол магистралінің жан-жақты дамуына байланысты салалық білікті мамандардың жетіспеушілігі, оның үстіне Кеңес Одағының (Ресей, Украина, Балтық жағалауы) басқа республикаларынан келгендердің тұрақтамауы, Қазақстан Республикасының басшыларының талабына сәйкес ССРО министрлер кеңесінің 1976 жылдың 20 мамырындағы қаулысымен Ташкент теміржол инженерлер институтының Алматы филиалы негізінде Алматы теміржол көлігі инженерлер институты болып ашылды. Заманауи өзгерістерге сәйкес, 1996 жылдың 7 мамырынан екі көліктік жоғары оқу орындары – Алматы теміржол инженерлері институты мен Алматы автомобиль – жол институтының негізінде Көлік саласы үшін іріленген – Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы болып қайта құрылды.

2000 жылдың 23 мамырында Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына ірі қоғам қайраткері (Ресей мемлекеттік Екінші Думасының депутаты, Түркістан автономиясының Премьер-министрі, «Алаш–Орда» мүшесі) ұлтымыздың тұңғыш жол инженері, Түркістан-Сібір теміржол магситралін жобалаушы және құрылысына тікелей басшылық еткен көрнекті тұлға Мұхамеджан Тынышпаев аты берілді. Еске сала кеткеннің артықтығы болмас, Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына М.Тынышпаевтың ұсынысымен Мәскеу, Петербург, Ташкент, тағы басқа орталық қалаларында оқып жүрген қазақ студент жастары тартылды. Олар жазғы демалысында құрылыс жұмысына қабылданып, өндірістік тәжірибе жинады және еңбекақы алып, қаржылық көмекке ие болды. Олардың арасында болашақ көрнекті басшылар мен атақты теміржолшылар: Д.Ж. Омаров, М.Т. Қозыбеков, И.Қаптағаев, Б.Аспаев, О.Байтұлақов және т.б. шықты.

М.Тынышпаевтың білімді маман, зерттеуші ғана емес, өндіріс саласының білікті ұйымдастырушысы ретінде Қазақстанның көлік экономикасының негізін қалаушылардың бірі болған өмір салты студент, магистранттарға үлгі болып қала береді.

Академияның халықаралық ынтымақтастығы кең ауқымды. Еуроодақ бағдарламасы бойынша бірлескен: Темпус (Халықаралық теміржол көлігін Украина және Орталық Азияда интероперабельділік, қауіпсіздік және сертификациялау мамандықтары бойынша магистрлер дайындау) бағдарламасы жобасын іске асыру үшін, Еуропа мен Азияның 6 елінің алдыңғы қатарлы ЖОО мен теміржол саласының компаниялары консорциум құрған:

1. Францияда: кәсібилікті дамыту ұлттық академиясы (CNAM-SNST international) – «Франция теміржолдары» команиясының филиалдары;

2. Польшада: Варшава политехникалық университеті;

3. Латвияда: Рига техникалық университетінің теміржол институты;

4. Украинада: академик В.Лазарян атындағы Днепропетров теміржол көлігі ұлттық университеті және Украина теміржолы;

5. Қазақстанда: М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ;

6. Қырғызстанда: Қырғыз көлік және архитектура мемлекеттік университеті мен Қырғыз темір жолы.

Сондай-ақ, ЭРАЗМУС МУНДУС «ERASMUS Mundus Action II» Mobility Academic Network between EU and Central Asia – «MANECA», академиялық бакалаврлар, докторанттар және қызметкерлерінің академиялық ұтқырлығын дамытуға бағытталған жобалар қабылданған.

Мәскеу байланыс және ақпараттық техникалық университеті, сондай-ақ, Мәскеу мемлекеттік жол-қатынас университеті және ҚазККА-ның «екі дипломдық білім» бағдарламасы бойынша бірлескен білім қызметі іске асырылып, бітірушілер бір мезгілде екі дипломға ие болу мүмкіндігі бар.

Айта кету керек, 1996 жылы (1998 жылға дейін жұмыс істеген) академияның Ақтөбе филиалы мен Ақтөбе теміржол техникумын біріктіру негізінде Қазақстан бойынша бір оқу орнында жоғары және орта кәсіби техникалық білім беретін ең алғашқының бірі ретінде «Ақтөбе жоғары теміржол колледжі» құрылды.

2018 жылы НКАОКО версиясы бойынша Қазақстанның ең жақсы техникалық жоғары оқу орындарының рейтингі бойынша академия 8-ші, ал 2019 жылы 7-ші орынды иеленген.

Ал 2020 жылғы «Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі» НААР/IAAR «Independent agency for accreditation and rating» сараптамасының қорытындысымен білім беру бағдарламаларының тобында докторантура Д148-Логистика (сала бойынша), докторантура Д147-Көлік қызметтері, магистратура М152-Логистика (сала бойынша), магистратура М126-Көлік құрылысы, бакалавриат В065-Автокөлік құралдары, оның ішінде автокөлік; теміржол жылжымалы құрамдары – локомотивтер, вагондар; көтеріп тиеп тасымалдау және жол техникасы маманданулары бойынша академия 1 орын алды.

Академия материалдық техникалық базасы бойынша: оқу ғимараттары, студент-магистранттарға арналған 5 жатақханасы, студенттер үшін 500 орындық, профессор-оқытушылар құрамы үшін – 150 орындық асхана, мәдени іс-шараларға арналған акт залымен ерекшеленеді.

21 қазанда өткен «Қазақстанның көлік саласын кадрлармен қамтамасыздандыру» тақырыбындағы Магистраль эксперт форумы онлайн отырысының деректерінің бірінде «... біз көлік ғылымын дамыту туралы мәселені Магистраль форумында да және журналымыздың беттерінде бірнеше рет көтергенбіз. Түбінде, Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін мұндай стратегиялық бағытты Үкіметке де ұсынғанбыз. Нәтиже: кадрлармен, қорлармен әдістемелік көмек көрсетіп, бақылауды қатаңдатудың орнына – біз көлік жоғары орнын жаба саламыз. Мұндай күрделі мәселені аяқ асты етуге болмайды!» деген жан айқайы жарық көрді.

ҚР БжҒМ білім және ғылым саласының сапасын қамтамасыз ету Комитетінің төрайымы Г. Көбенова: «Академияның бакалавриат бойынша 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты бойынша лицензия Алматы қаласының басқа 30 жоғары оқу орындарында жұмыс істейді. Жеткілікті материалдық техникалық инфрақұрылым және білім процессін жүзеге асыруға салынатын инвестицияларды ескеріліп ҚазККА негізінде мектеп немесе колледж құру туралы ұсыныс қарастырылуы мүмкін. Олар сондай ақ – мамандықтары ұқсас қаланың басқа жоғары оқу орындарымен бірігуіне болады» - дегені жөн білген кісіні таң қалдырары анық. Өйткені, академияның құрамында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақтау және Шымкент қалаларында өз колледждері көптен бері тұрақты жұмыс істейді. Сондай ақ, академия ғимаратының дәл түбінде Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжі орналасқан. Екіншіден, дамыған материалдық-техникалық инфрақұрылымы бар ЖОО орнын жауып, (осыншама білікті маманданған профессор-оқытушыларды жұмыссыз қалдырып) мектепке айналдыру естігенге қаншалықты ауыр. Осы орайда, ҚазККА оқытатын мамандықтарды дайындайтын қаладағы 30 ЖОО материалдық-техникалық білім беру құрылымы салыстырылып, талданды ма екен? Әлде, Ел Президенті Қ.Ж.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында: «...былтыр мен дипломды оңды-солды үлестірумен айналысатын білім мекемелерін жабуды тапсырған болатынмын. Білім беруді табысты бизнеске айналдырған ықпалды адамдардың қарсылығына байланысты бұл жұмыс баяу жүруде. Бірақ, проблеманы шешу керек» - деген салмақты тапсырмасына Білім және Ғылым министрлігінің жауабы ма екен? – деген көңілге қаяу түсіретін сұрақтар ойға оралады.

Аталған жолдауында мемлекет басшысы: «Өзекті мәселенің бірі – көлік-логистика кешенін дамыту. «Нұрлы Жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында, Ел Ордамызды өңірлермен «Тармақтану» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. Дегенмен, бұл саладағы бәсекелестік өте күшті. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Сол себептен, «Нұрлы Жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек» деген пайымдауы мен ұлағатты тапсырмасын іске асыруда еліміздің тарихи өркендеуінде көлік саласына өз үлесін қосқан көлік және коммуникациялар академиясының сақталуы өзекті мәселе. Сондай ақ, ол кісінің Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің үшінші отырысында: «Мамандық деңгейін көтеру талабын күшейту арқылы педагогикалық маман кадрларын дайындайтын жоғары оқу орындары мен колледждерді кескіндеу арқылы қамтамасыз ету алда тұр» дегені көлік, жол, техникалық мамандықтарын дайындайтын оқу орындарының да абыройлы міндеті деп түсінеміз. Одан әрі, Мемлекет басшысы: «Енді білім саласының барлық деңгейін басқаруды қазіргі жағдайға сәйкес жаңаландыру керек. Алқалық басқару органдарын – бақылау, қамқорлық Кеңестерін дамытқан жөн. (Осынау өнегелі игі тапсырмаға өмірлік тәжірибе жинаған айтар ақ тілегі бар әр ұжымның «Ақ-сақалдар алқасы» да кіргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді).

Мұнымен қатар, ЖОО кезең-кезеңмен кәсіптік мамандандыруды жоғарылатып және сәйкесінше білім сапасын қамтамасыз етуі қажет. Білім беру сапасын көтеру аспектісі академиялық адалдық мәдениетін ендіру және барынша дамыту» деп бүгінгі таңдағы оқу орындарындағы кемшілікті ашып қана қоймай, олардың шешу жолын нақты көрсеткен. Біздің бұған қосарымыз жеке меншік жоғары оқу орындарының ректор басшыларын тағайындауда БжҒМ келісімін алуды заңдастырған жөн.

Білім мен тәрбие егіз десек, білім ордаларында, оның ішінде жоғарғы оқу орында тәрбиеге көбірек көңіл бөлген жөн. Өйткені өнегелі ұжым мүшелерін өзара түсіністігі, сыйластықтағы адами қарым – қатынасы студент жастардың оларға қарап бой түзеп білім мен біліктілікке құштарлығы арта түседі.

Қазақ көлік және коммуникациялар академиясындағы кикілжіңдер жаңа басшылық келгеннен басталған сияқты. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, жоғары оқу орнын басқару қызметі – бұл адами факторлар ерекшелігіне байланысты әрекеттің ерекше өрісі. Өйткені, адамдар ой-өрісі жоғарылықтың арқасында сыртқы әсерлерге механикалық (өзін-өзі ұғынбай) емес, сезім әрекетіне бой алдырып, байыппен, мағынасына жетіп жауап қайтаруы тиіс. Екіншіден, өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіріп, үшіншіден, ұжым мүшелерімен ұзақ мерзімде қарым қатынаста болатынын есте сақтауы керек. Төртіншіден, ұжымға кірген кісі саналы түрде белгілі мақсатпен және оның атқарған жұмыс нәтижесі қанағаттанудың алғы шарттары екенін есте ұстағаны абзал. Әрбір қызметкер, оның ішінде ұстаздар, ерекше жандар. Сондықтан, оларды басқаруда оң, әртүрлі әдістер мен қабыл алу жүйесі қолданылады. Басқару қызметінің өзгешелігі, мұнда ғылым, білім мен біліктілік және жеке өмірлік тәжірибе, басқару шеберлігі жинақталады. Қол астындағы қызметкерлердің жұмыс барысында іс-әрекеттерін, жүріс-тұрысын, мінезін аңдап, тікелей басқарушы ғана емес, ең маңыздысы – ол педагог тәрбиешісі бола білуі керек. ЖОО-ның оқытушысының алдында ұлағатты, өз міндеті бар: педагогикалық-психологиялық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, бойындағы білімін күнделікті қызметінде шебер пайдаланып, білім беру сапасын арттырып, болашақ маманның жан-жақты дамыған білікті тұлға болып қалыптасуын қамтамасыз етуі керек. Сондай ақ, өндірістік тәжірибе иесі, пәнді жақсы білумен шектелмей, адами этиканы еркін меңгеріп, студенттердің ерекше қабілеттерін тану арқылы дарындылықты дамытуды нақты іске асыра отырып, пәндерге деген қызығушылықты арттыру арқылы шығармашылыққа баулап, мамандық иесі тұрғысынан өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін өрістету болып табылады. Ертедегі грек философы Эпикурдың: «Өнегелі, әділ және парасатты өмір сүрмей, сүйкімді өмір сүре алмайсың» дегені Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының басшылары мен оқытушыларына сабақ болса екен.

ҚазККА ардагерлер кеңесінің төрағасы, А.Иассауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінің және Ақтөбе аймақ аралық университетеінің «Құрметті профессоры», Түркістан қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Н. Балқияұлы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы