Бишімбаев соты кейбір шетелдік сериалдардан қалай асып түсті?
Бишімбаевтың соты бір айға созылып келеді. Атышулы іс көптің талқысына салынып, шай үстінде, автобус ішінде де айтылатын әңгімеге айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халық сот процесіне қызғушылық танытып, әлеуметтік желілерде тараған бейнелерге таңдасын білдіруде. Себебі, көп адам осыған дейін мұндай резонанс тудырған қылмыстық істі талқыламаған. Бұған қазақстандықтардан алған сұрақ-жауабымызда көз жеткіздік. Онда "Қуандық Бишімбаевтың сотына қанша уақыт бөлесіз және қай жерлерден көресіз?" деген іспетті бірнеше сұрақ қойылды.
Резонансқа себепші болған мәселенің бірі– еліміздегі әйел мен бала құқығы туралы заңның қабылдануы. Былтырдан бері талқыланып келген заң «Салтанат заңы» аталып, бірер апта бұрын қабылданды. Онда үйдегі зорлық-зомбылыққа қатысты жаңа баптар қосылып, жаза күшейтілді.
Бүгінгі таңда сот TikTok желісінде қызу талқыланып жатыр. Тіпті арнайы мемдер жасалып, әділ немесе әділетсіз өтіп жатқанына баға беріп жатқандар бар.
Бишімбаевтың соты жұмыс күнде кемі 8-8,5 сағатқа созылады. Бұл уақытты тиімді пайдалану үшін тағы не көруге болады? Мәселен, желі қолданушысы әйгілі аниме "Ван Пистің" 152-ші сериясын және "Нарутоның" бір маусымын көріп үлгеруге болатынын айтады. Сонымен қатар "Игра престолов", "Хәрри Поттердің" бүкіл бөлімін қарап үлгересіз.
Жоғарғы соттың коммуникация бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақас Бишімбаев кейсі соттың жұмысын одан әрі жетілдіре түсті деп есептейді.
Өзім Жоғарғы соттың Коммуникация бөлімінің меңгерушісі болып наурыз айында тағайындалдым. Сол уақыттан бастап ақпараттық имидждік бағыттарды жетілдіру және өзгерту қолға алынды. Жұмысты өзгеше бағытта өрбіте бастадық. Ол Бишімбаевтың ашық сот процесіне сәйкес келді, - деді ол.
Жоғарғы сот 27 наурыз сағат 16:00-ден бастап бүгінгі күнге дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты тікелей эфир өткізіп жатыр. 27 сәуір мен 18 сәуір аралығында 24 тікелей эфир өткізілді. Егер оны сағатқа бөлер болсақ, 75-ке жуық эфирдің уақытын алады.
27 наурыз бен 18 сәуір аралығындағы мәлімет бойынша қай жас аралығындағы адамдар сотты жиі қарайтыны белгілі болды.
Эфирді көбіне 25-34 жас аралығындағы азаматтар қарайды. Олардың үлесі – 35,3 пайыз.
35-44 жас аралығындағы азаматтардың үлесі – 24,2 пайыз.
18-24 жас аралығындағы жастар үлесі – 17,4 пайыз.
Жоғарғы соттың талдауына сәйкес, Бишімбаевқа қатысты сот процесін әйелдер қауымы көп қарайды. Олар жалпы Жоғарғы соттың арнасының оқырмандарының 76,7 пайызы, ал қалған 24 пайызын ерлер қауымы құрайды.
Сонымен қатар трансляцияны АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Беларусь, Молдова, Қырғыз және т.б. елдерінің азаматтары тамашалауда.
Ең көп оқырман Қазақстаннан кейін Ресейден тіркеліп отыр. Олардың үлесі – 14,8 пайыз. Одан кейін Қырғыз Республикасы – 2,2 пайыз, Беларусь – 1,2 пайыз. Украина - 0,8, ал Ұлыбритания 0,4 пайызға жетіп отыр.
Бұл онлайн трансляцияны ұйымдастыру үшін Жоғарғы Соттың коммуникация бөлімімен қоса операторлар, инженер, IT мамандар, сондай-ақ Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаменті мен соттың жауапты қызметкерлері де аяқтарынан тік тұрып жұмыс істеуде. Жұмыс күндері 9:30 эфир басталса, біз сағат 8:30-дан бастап сот залын дайындауға тиіспіз. Үзіліс уақыты болса да, техникалық қызметкерлер, IT мамандар экранның арғы жағында 8-9 сағат бойы қажырлы еңбек етіп жатады. Сондықтан олардың еңбегін атап өтуі керек деп білемін. Процеске қатысты жедел әрі толыққанды ақпарат таратудамыз,- деді Перизат Сәдуақас.
Жоғарғы соттың You Tube арнасындағы бүкіл жүктелген эфирлердің қаралымы бүгінгі таңда 2 миллионнан асты. Ал, соттың әлеуметтік желілеріне 30 мыңнан астам оқырман қосылды.
Өздеріңізге мәлім, Жоғарғы сот ретрансляция үшін ешкімнен авторлық құқықты талап етіп жатқан жоқ. Онлайн трансляция бүкіл БАҚ-қа ашық түрде жариялануда. Сол себепті қазіргі таңда отандық бірнеше БАҚ ресурсы Жоғарғы соттың тікелей эфирін өздерінің порталдарына көрсетуде. Осы ретте, біздің тікелей эфирлерді таратушы БАҚ-тарға трансляция барысында Жоғарғы сотқа сілтеме жасауды талап етеміз. Ол туралы осыған дейін де ескерткен болатынбыз. Соның ішінде ең жоғары қаралым жинап жатқан Tengri TV You Tube арнасы. Бүгінгі таңда онда бүкіл қаралым 30 миллионға жуықтады. Сот процесінің статистикасы сәт сайын жаңарып отыратынын ескеруіміз керек, - деді Коммуникация бөлімінің меңгерушісі.
Бишімбаевтың ісіне қатысты мониторинг жүргізілген
Коммуникация бөлімі ретінде біз Бишімбаевтың ісі сотқа түскеннен бастап, БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырдық. Халықтың бұл қылмыстық іске ерекше қызығушылығы байқалды. Онда "Сот қаншалықты әділетті шешім шығарады?", "Бұл процесс жабық өте ме, әлде ашық өте ме және сотқа қоғамдық бақылау бола ма" деген секілді сұрақтар халықты көп алаңдатады екен. Мұны ескере отырып, Жоғарғы Сот басшылығы қылмыстық іске қатысты алғашқы рет тікелей эфирде онлайн трансляция көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл - сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған зор тарихи қадам деп санаймыз, - деді Перизат Сәдуақас.
Оның айтуынша, соттың ашықтығы– адам құқығын сақтаудың негізгі талабының бірі.
Бұл арқылы қоғамдық бақылау жүргізіліп, адамдардың демократиялық принциптері сақталады. Бишімбаев ісінің резонанс тудырғанын, оған деген халықтың қызғушылығын ескере отырып, Жоғарғы сот басшылығы тек Астана емес, өңілерде де көпті алаңдатқан кейбір істерді тікелей эфирлерде көрсету туралы мәселені пысықтауда, - деді Жоғарғы сот өкілі.
Dijital медиа сарапшысы Жанасыл Болатбек тікелей эфирде мұндай атышулы трансляциялардың көбеюі неге әкелетінін айтты.
Тікелей көрсетілімнен көп қаралым жинаған каналдардың табысы артады және оқырман саны көбейеді. Егер мұндай тенденцияны ескерсек, стримге негізделген жобалар көбеюі мүмкін. Меніңше, халық арасында әркез трагедия мен қанды оқиғаларға сұраныс бар. Ондай мысалдар көп, сұранысқа ұсыныс..., - деді маман.
You Tube маманының сөзінше, Бишімбаевтың соты арқылы көптеген You Tube оқырманы мен пайдасын арттыра алады.
Мұны нақты айту қиын. Алгоритм - күрделі дүние. Монетизацияға жататын және жатпайтын видеолар болады. Оны тек сол каналдың ішкі құрылымынан көре аламыз. Жалпы 1 мың қаралымның табысы шамамен 1,40 $ . Бірақ әр каналда әр түрлі және стрим бар екенін ескерсек басқа цифралар шығуы мүмкін, - деді ол.
Ол экс-министрдің соты неге әлеуметтік желілерде жиі қаралатынын айтты. Жанасыл Болатбектің сөзінше, сот отырысында сериалдың элементтері бар.
Кәдімгі сериалдың элементтері бар. Адамдар көбі танымал адамдар болып үлгерді. Оқиғалардың легі халыққа түсінікті әрі кейіпкерлер шынайы. Онымен қоса мұндай оқиғалар ортамызда көрініс тапқан. Көрермен пікір жазу арқылы өзін осы оқиғаның ортасында жүргендей, ықпал етіп жатқандай сезінеді, - деді сарапшы.
Астанада бүгін Бишімбаевтың саны жағынан 13-ші соты өтті. Сот кезінде айыпталушы Қуандық Бишімбаев телефонының құпия сөзін беруден бас тартты.
Сондай-ақ ҚМДБ Бишімбаев пен марқұм Нүкенованың некесіне қатысты мәлімдеме жасады.