Бала тәрбиесі, қыз алып қашу: Қазақи құндылықтарды бала бойына қалай сіңіреміз?
Бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі – бала тәрбиесі. Бұл міндет ең алдымен ата-ананың мойнында. Десек те тәрбиемен қоғам болып айналысу керек. Павлодар облыстық Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның Әжелер мектебінің мүшесі Ғалия Сұңғатова бала тәрбиесімен қалай айналысу керегі туралы тәжірибесін бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі, - деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда бала тәрбиесіне баса назар аудару қажеттігін айтты.
Ғалия Сұңғатова павлодарлық әже. Оның негізгі мамандығы теміржолшы. Қазір зейнет жасында. Бүгінгі күні Ғалия әжеміз мектепте бала тәрбиесіне өз үлесін қосып жүр.
Негізгі мамандығым теміржолшы, бірақ қазір зейнеттемін. Әжемін. Мектебімізде Әжелер мектебі бар, - дейді ол.
«Ұмыт болып бара жатқан құндылықтарымызды бала тәрбиесінде қолданамыз»
Павлодар облыстық Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназиясында балалардың тәрбие жөніндегі «Аққу» және «Мирас» жобалары бар. «Аққу» жобасы аясында 12-17 жастағы қыз балалардың және «Мирас» жобасы бойынша 12-17 жастағы ұл балалардың тәрбиесімен айналысады.
Оларға қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, қолөнері және бойымызға біткен қазақи құндылықтарды үйретеміз. Оның ішіне ұлттық ойындар кіреді, мысалы, асық ату, тоғызқұмалақ. Ал қыз балаларға қолөнер, ісмерлік, ою оюды, құрақ құрауды, өзін-өзі ұстауды және салт-дәстүрімізді, атап айтқанда, қазақ тойларының қалай өтуін, оның ішінде сүндет той, сырға салу, бесік той. Мысалы, біздің кезімізде сырғаны қыз ұзатылар кезде салатын және ұл балаларға сүндет той жасаса, қыз балаларға 7-9 жасында құлақ тесу тойын жасаған. Анасы көрші-қолаңды шақырып, той өткізіп, жұрттың көзінше сырғасын салған. Бұл да ата-ананың міндеті. Осындай салт-дәстүрлеріміздің мән-мағынасын түсіндіреміз, - дейді Әжелер мектебінің мүшесі.
Ғалия Сұңғатова ұмыт болып бара жатқан көптеген құндылығымыз бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, Әжелер мектебі осы құндылықтарды жаңартып, бала тәрбиесінде қолданады.
Себебі қазақ халқының әрбір ісінің өзінде терең тәрбие жатыр. Сондықтан балаларымызға қазақи тәрбие береміз, - деп айтты ол.
Қазіргі балалардың тәрбиесіне қалай көңіл бөлу керек?
Менің ортамда әжелер, аналар, келіндер мектебі бар. Қазіргі жастар заманауи, білімге, заманауи тәртіпке құштар. Олар ұлттық құндылықтарды қатар алып жүрсе, құба құп болар еді... Қазіргі балалар тәрбиелі. Мен жастарымызға сенемін, - дейді әже.
Қызды келісімінсіз алып қашу дұрыс па?
Қыз алып қашу - әдемі үрдіс. Бірақ ол келісіммен болуы керек. Өйткені кейбір отбасылардың әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Мысалы қалың мал сұрайды, әдемі той болғанын қалайды. Алайда қыз алып қашудың да өз тәртібі бар. Қазақ халқы қызды беталды алып қашпаған. Мысалы, ата-ананың әлеуметтік жағдайы төмен болып, соны білдіртпеу үшін қызды алып қашқан. Қыздарға «мына қыздың түрі әдемі екен», «жақсы екен» деп, «зат» сияқты қарауға болмайды, - деп айтты Ғалия Сұңғатова.
Яғни оның сөзінше, бұл дәстүр келісіммен, бір-бірін ұнатып не болмаса екі жақ ата-анасының келісімімен болуы керек. Сондай-ақ Ғалия әжеміз қыз алып қашу және тойды өткізу рәсімі де, қызды қолдан алу да ерекше екенін айтты.
Бұрынғы салт-дәстүрдің қай түрі бүгінгі күнге өзгеріп жетті?
Жаңа айтқандай, Қыз алып қашу салты бүгінгі күні өзгеріске ұшыраған. Қазір жастарымыздың арасында «мына қыз маған келісім бермесе де, алып қашамын, ешқайда кетпейді» деп айтатындары да бар. Сондай-ақ кейбір тойларды өткізуде, мысалы, қоржын, кит әкелгенде ысырапшылдық жасайды, - дейді Әжелер мектебінің мүшесі.
Баланы қалай тәрбиелеу керек?
Қазақта «баланы 5 жасқа дейін еркелету керек, 5 жастан кейін құлыңдай жұмсау керек, 12-13 жасқа келгеннен кейін отау иесі деп, құрдасыңдай ақыл сұрау керек» дейді. Бірақ оны түсінбей жатқандар да жоқ емес. Бірақ кейбір ата-аналарға мұндай тәрбиенің мәнін түсіндіріп те жатамыз. Десе де балаларды заман талабына сай етіп өсірген дұрыс, - деп айтты павлодарлық әже.
Ғалия Сұңғатова көшеде, қоғамдық жерлерде баланың қолына телефон ұстатып қоятын ата-аналар бар екенін айтты.
Баланың қолына телефон ұстатып, сонымен алдандырады. Негізі қазақ халқы әр балаға мән берген. Қыз болса, жат жұрттық, ал ұл болса, ертеңгі ұрпағым деп қараған. Олардың істеген ісіне де, айтқан сөзіне де мән беріп, сыйласып отырған. Өйткені баланың жан дүниесін түсіну керек. Біздің әжелеріміз неге дана болды? Олар өздерінің ертегілерімен, естелік әңгімелерімен балаларды өздеріне қарата білді. Осындай тәрбиеден кейін әр баланың өзінің көзқарасы қалыптасады. Солай ма? Бізге психолог керек болмады. Себебі өзіміздің аналарымыз, әжелеріміз психолог болды. Өйткені олардың әрбір айтқан сөзі, істеген ісі жазылған өмір ережесі, - дейді әже.
Ол балаларға ұлттық тәрбие беру керек екеніне баса назар аударды.
Психолог кей жағдайларда керек те шығар. Бірақ менің ойымша, психологқа жүгіре беру қайшы дүние. Одан гөрі балаға жақсы тәрбие беру керек. Себебі баланы ата-анадан басқа ешкім жақсы түсінбейді. Кейде 11-сынып оқып жатқан баламызға «сен дәрігер боласың» деп өз қалауымызды тықпалаймыз. Бірақ ол бала әнші болғысы келетін шығар... Оны да баламен бірге отырып шешу керек, - деп ойын айтты Ғалия Сұңғатова.