Ақтөбенің жолы қашан жақсарады?

Ақтөбе облысында жыл сайын жүздеген шақырым жол жөнделсе де, сапасы сын көтермейді. Халық арыз-шағым айтып, шаршады, ал жол салған мердігер ұйымдар жауапкершіліктен қашады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Сан бар, сапа жоқ...»

Өткен жылы Ақтөбе облысында жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен жалпы құны 32,3 миллиард теңге қаржы бөлініп, 201 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Алайда бұл жобаның барлығы толықтай аяқталмады. Негізінен аталған қаржыға облыс бойынша 752,7 шақырым автокөлік жолы жөнделуі тиіс еді. Алайда олардың бірқатары битумның жоқтығынан биылғы жылға шегерілді. Басқа жолдарды былай қойғанда, Ақтөбе қаласындағы бірқатар көше жолдарын жөндеу жұмыстары биылғы жылға ауыстырылды. Жуырда облыс әкімдігінде жолға қатысты өткен жиында осы мәселе талқыланды. Белгілі болғандай, өткен жылдан қалған 13 жоба биыл жалғасатын болады. Атап айтсақ, облыс орталығындағы Әлия Молдағұлова даңғылындағы, Есет батыр, Қаныш Сәтбаев көшелеріндегі жолдарды жөндеу, сондай-ақ Тәуелсіздік көшесіндегі жолдарды қайта жаңарту жұмыстары биыл жүргізіледі.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында жылдан-жылға жол жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көбеюде. Мәселен, 2021 жылы бұл мақсатқа бюджеттен 23,5 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Бұл қаржыға облыс бойынша 379 шақырым автокөлік жолдары жөнделген. Былтырғы бөлінген қаржының мөлшері — 32,3 млрд теңге. Ал биыл бұл мақсатқа 50 млрд теңге қарастырылып отыр.

Әрине, жол жөндеу жұмыстарына қомақты қаржының бөлінуі халықты қуантады. Алайда бөлінген қаржыға сәйкес жолдың сапасы ойдағыдай болып жатқан жоқ. Міне, осы тұрғыда тұрғындар соңғы кезде көп наразылық танытуда. Әсіресе, әлеуметтік желілерде жүргізушілер республикалық, облыстық, тіпті қалалық маңызы бар жолдардың ой-шұңқырынан жүру мүмкін емес екенін алға тартады. Қашан да жолдың «жыры» таусылмайтын Ақтөбе облысында соңғы жылдары өзгелерге үлгі болатын автокөлік жолы салынған жоқ.

4-5 жылдан бері Самара-Шымкент тас жолымен жүріп, Ақтөбе мен Ырғыз ауданының ортасына жолаушылар тасимын. Қазір такси қызметінің құны — адам басына 5 мың теңге. Бұрын 4 мың теңге болатын. Жолдың жарамсыздығына байланысты жүргізушілер бағаны көтерді. Сонау 2004-2005 жылдары салынған бұл автокөлік жолының қазір түгі қалмады. Бұл жолмен ауыр жүк көліктері жүреді, қыс, көктем айларында облыс орталығына бірнеше сағат жолда тұрып әрең жетеміз. Жазда көк шаңнан түк көрінбейді. Оған қоса, міне, 12 сәуірден бастап елімізде бензиннің бағасы да қымбаттады.Жалпы, жүргізуші ретінде айтарым, облысымыздағы жолдарға көңілім толмайды. Республикалық та, облыстық та, тіпті, Ақтөбе қаласының ішіндегі көше жолдарының сапасы сын көтермейді. Жүргізушілер болып әкімдіктер мен жолға жауапты мамандарға шағым айтып шаршадық, сан бар да, сапа жоқ. Жылдан-жылға көліктің құны да, автобөлшек пен жанармайдың бағасы да қымбаттап барады. Жол тақтайтай тегіс болмаған соң мұның барлығы шығынға әкеледі. Ал біздің такси құнын өсірмеске амалымыз жоқ, — дейді такси жүргізушісі Жеңіс Тұлғабаев.

Әлеуметтік желілерде үнемі Ақтөбенің жолдарын сынға алып отыратын қала тұрғыны, қоғам белсендісі Сағынғазы Құрманалиннің айтуынша, мұндай олқылықтардың барлығы жолға жауапты мекеме мамандарының өз жұмысына деген салғырттығынан, жауапсыздығынан болып отыр. Себебі жол салатын мердігер мекемелер жасаған кемшіліктерін уақытында түзетпейді, «бармақ басты, көз қыстының» әрекеттердің арқасында айтылған сындардан қорытынды шығарылмайды. Түптеп келгенде, жолдың сапасыз салынуынан қарапайым халық зардап шегеді.

Облыста жыл сайын қаншама жол салынып жатыр, бірақ көбі сапасыз. Мысалы, Қытайда жолға жауапты бірінші басшыдан жауапкершілік қатаң түрде сұралады. Бізге де осы тәжірибені енгізу керек. Жауапкершілік сұралмаса, сапа да болмайды. Осы тұрғыда елімізде заңға қатаң талаптар енгізілуі керек деп ойлаймын. Бұл мәселеге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары басты назар аударуы тиіс. Заңға өзгерістер жасалмаса, мемлекеттен бөлінген қыруар қаражаттың қайтарымы болмайды, — дейді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша, қазір облыста салынып жатқан автокөлік және көше жолдарының асфальты қармен бірге «еріп» кетеді. Мұның басты себебі — битумның сапасыздығы. Одан бөлек, мердігер мекемелер жол салған кезде автокөлік жолы мен бордюрлердің өзара ара қашықтығына мән бермейді. Көктемде қар суының суағарларға ағып кетуіне «мүмкіндік» жасамайды. Соның салдарынан қар суы асфальтты «жеп қояды».

Өкінішке қарай, қазір қала жолдарын салатын мердігер мекемелер бөлек болса, жолдардың жиегіне төселетін бордюрлерді орнататын ұйымдар бөлек. Олар жолдың сапасыздығына жауап бермейді, шағым айтсаң, бір-біріне сілтейді. Бұл жерде айту керек, қай кезде де жолдың жауы — су. Сондықтан біз жолдардың сапасын жақсарту үшін шетелдік озық технологияларды меңгеріп, қолдануымыз керек, — дейді Құрманалин.

Ақтөбе облысында 880 шақырым жол жөнделеді

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиевтің айтуынша, биыл облыста жалпы құны 50 млрд теңгеге жергілікті маңызы бар жолдар мен көшелер жөнделеді. Бұл бағытта өңірде жалпы саны 182 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы бөлінген қаражатқа облыс бойынша 880 шақырым жол жөнделмек. Оның ішінде облыстың маңызы бар жолдардың ұзындығы 161 шақырым болса, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы — 541 шақырым. Ал облыс орталығы мен аудандарда 145 шақырым көше жолдары жөнделеді.

Биыл жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесін 78 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл аталмыш көлемдегі жұмыстарды жүргізуге 920 мың тонна қиыршық тас, 90 мың тонна битум, 781 мың тонна құм қиыршық тас қажет. Бүгінде материалдардың дайындау үлесі 70-80 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ өңірде мемлекеттік сатып алу рәсімдері де өткізіліп жатыр. Яғни, алдағы уақытта жол жөндейтін мердігер мекемелер анықталады, — дейді ол.

Бүгінде Ақтөбе облысына қарайтын республикалық маңызы бар жолдардың көлемі — 1864 шақырым. Атап айтсақ, «Қарабұтақ-Қостанай», «Ақтөбе-Мәртөк», «Ақтөбе-Орск», «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз», «Ақтөбе-Атырау», «Самара-Шымкент» автокөлік жолдарының әрқайсысымен күн сайын кемінде 5-7 мың көлік жүріп өтеді. Ал жолдардың сапасы сын көтермейді, жүргізушілер «жорғалап» жүруге мәжбүр. Сәл жылдамдықты асырсаң, көлігіңе зиян келеді, жорғаласаң, барар жеріңе сағаттап жүріп жетесің.

Рүстем Төреғалиев биыл облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың ішінде «Ақтөбе–Қандыағаш» автокөлік жолын жөндеу жұмыстары аяқталып, 96 шақырым жол пайдалануға берілетінін айтады. Сондай-ақ «Қандыағаш-Мақат» тас жолындағы бірқатар учаске де биыл қолдануға берілмек. Бұл тас жолдың жалпы ұзындығы 230 шақырым болса, биыл қолданысқа берілетіні — 15 шақырым жол.

Биыл «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автокөлік жолы да орташа жөндеуден өтеді. Қазір 30 шақырым жолды жөндеуге құжаттар дайындалып жатыр, жуырда құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Одан бөлек, биылғы жылға «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолын да қайта жаңарту жұмыстары жоспарланып отыр. Құжаттама сараптамадан өтіп, оң қорытындысы алынған соң, Ақтөбе мен Хромтау арасындағы учаскеде жөндеу жұмыстары басталады. Жалпы бұл жоба алдағы уақытта үшінші санаттан бірінші санатқа ауыстырылады, яғни болашақта төрт жолақты жол салынады. Жалпы биыл жөнделетін автокөлік жолының ұзындығы — 262 шақырым, — дейді ол.

Оның айтуынша, мемлекеттік сараптамадан өту мерзімі — биылғы жылдың маусым айының аяғына дейін. Сондай-ақ осы автокөлік жолын жөндеу барысында 16 шақырым жол қала аумағына енгізілетін болады. Одан бөлек, жолдың 824 шақырымынан 847 шақырымына дейін аумақта Хромтау қаласын айналып өту жолағы қарастырылуда. Нақты жобаның жүзеге асыру жоспары алдағы уақытта белгілі болады.

«Ақтөбе-Қандыағаш» жолы пайдалануға беріледі

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы Құрманғазы Исмайловтың айтуынша, биыл облыста республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Қандыағаш» тасжолының құрылысы жүргізіліп, күзде пайдалануға беріледі. Сәуір айынан бастап бұл автокөлік жолы жамылғысының төменгі қабаты — асфальт бетон төсемінің құрылысы басталған. Жалпы биыл бұл жоба бойынша 96 шақырым жолға асфальт төселуі керек.

«Ақтөбе-Қандыағаш» жобасының жалпы ұзындығы 96 шақырым болса, біз оны екі лотқа бөлеміз. Яғни, 77,8 шақырымы I техникалық санатқа жатса, 18,2 шақырымы II техникалық санатқа кіреді. Қазір жол салатын мердігер ұйымдар жұмысына кірісті. Атап айтсақ, аталған жолдың 11-52 шақырым аралығындағы учаскесіне «Сине Мидас Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауап берсе, 52–100 шақырым арасындағы учаскесіне «Ақжол құрылыс – АзВирт» және «АссанаДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жөндеу жүргізеді. Жалпы жол жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы керек. Осы тұста айта кету керек, бұл автокөлік жолы өткен ғасырдың 60-70-жылдары сол кездегі автокөліктің қарқындылығына есептеліп салынған. Қазір бұл жолмен күніне мыңдаған автокөлік өтеді, — дейді бөлім басшысы Құрманғазы Исмайлов.

Қазір осы жолмен қатынайтын тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Себебі халық бірнеше жылдан бері ой-шұңқыр жолдан шаршаған. Енді олар тақтайдай тегіс жолмен жүруді армандайды.

Осы жолмен апта сайын қалаға қатынаймыз. Облыс орталығында балаларым оқиды. Демалыс күндері соларға барып, жағдайын біліп, ауылдың дәмін апарамын. Жолдың азабы бізді шаршатты, жүргізушілерге де обал. Енді «Ақтөбе-Қандыағаш» жолы пайдалануға берілсе, жақсы болар еді, — дейді Алға ауданының тұрғыны Сәлима Нұрымбетқызы.

Битум тапшылығы шешіле ме?

Былтыр Ақтөбе облысында битум тапшылығы байқалды. Биыл бұл мәселені шешуге құзырлы органдар барынша жұмыстанып жатыр. Ақтөбе облыстық облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиевтің айтуынша, биыл битум тапшылығы болмайды.

Биыл бұл орайда қажеттілік көлемі 90 мың тонна болса, облыстағы қоймаларда 20 мың тоннаға жуық битум бар. Одан бөлек, жыл басында министрлікке облыс әкімінің атынан ұсыныс берілді. Онда Ресейден Қазақстанға берілетін 100 мың тонна квотаны 200 мың тоннаға дейін көбейту туралы ұсыныс жасалды. Соның нәтижесінде битум көлемі едәуір артуы керек. Сонымен қатар бүгінде облыстағы битуммен қамтамасыз ететін мекемелер шет елдермен келіссөз жүргізіп жатыр. Жалпы, биыл тапшылық болмайды. Былтыр жол құрылысында бұдан басқа мәселе болған жоқ. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері Ақтөбе қаласы әкімдігі мен барлық аудандар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалымен келісімшартқа отырып жатыр, — дейді ол.

Биыл Ақтөбе облысында жалпы саны 182 жоба жүзеге асырылса, оның ішінде облыстық маңызы бар жобалардың қатарында ірі жоба ретінде Ақтөбе қаласының батыс айналма жолы кіреді. Биыл бұл жолға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін болады. Биыл жоба толық аяқталуы керек. Одан бөлек, «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» жолының үш учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, Бадамша ауылынан «Ақтөбе-Орск» республикалық жолының қиылысына дейінгі 30 шақырым жол қайта жаңартылады. Сондай-ақ Бадамша ауылы мен Хромтау қаласын байланыстыратын 7-17 шақырым учаскесі қайта жаңартылады. «Шалқар-Бозой» жолы да биыл күрделі жөндеуден өтеді. Қазір Шалқар қаласынан Бегімбет ауылына дейін 95 шақырымға асфальт төселіпті. Енді сол жұмыстарды жалғастырып, мердігер мекемелер Бегімбет ауылынан Бозой елді мекеніне дейінгі 20 шақырымға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбек.

Биыл сондай-ақ «Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк» автокөлік жолына да орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір Ақтөбе қаласының үлкен айналма жолын жөндеуге жоба дайындап жатырмыз. Жалпы батыс айналма жолы толығымен аяқталатын болса, қала толықтай транзиттік айналма жолмен қамтамасыз етіледі. Ал облыстағы аудандарға келсек, биыл ондаған аудандық маңызы бар жол жөнделеді. Атап айтсақ, Алға ауданында 70 шақырым, Әйтеке би ауданында 52 шақырым жол жөнделеді. Бұдан бөлек, Байғанин, Ырғыз, Қобда аудандарында да орташа жөндеу жүргізіліп, ауылдарға кіреберіс жолдарға асфальт төселеді, — дейді Рүстем Төреғалиев.

Оның айтуынша, осы айдан бастап құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуына байланысты басқарма мамандары мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының қызметкерлері құрылыс материалдарының талапқа сәйкестігіне тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Аталған орталық мамандарымен бірге біз қолайлы ауа райы туындаған кезде тас карьерлері шығарылатын өнімнің сапасына сараптама жүргіземіз. Ал құрылыс маусымы кезеңінде асфальт-бетон зауыттарында шығарылатын асфальтбетон қоспасын және битумның сапасын тексереміз. Егер жұмыс жүргізу кезінде бұзушылықтар болса, не болса орталық талаптарын елемеу фактілері болса, бұл бағытта шара қабылдау үшін материалдарды Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолдаймыз, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

«Технадзор тапшы, мердігер ұйымдар жауапкершіліктен қашады»

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаевтің айтуынша, бұл мекеме 2020 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бұл орталықтың міндеті — жол жұмыстарын қадағалау және жол құрылысы материалдарын сараптамадан өткізу.

Біздің орталық Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы қаулысы аясында ашылған мекеме. Қазір орталықта 15 адам жұмыс істейді. Біздің жұмысымызға республикалық, облыстық, қалалық, аудандық маңызы бар жолдардың сапасын қадағалау кіреді. Біз жыл сайын Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарымен келісімшарт жасаймыз. Былтыр Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарымен 12 нысанды қарап шықтық, ал қалалық бөлім мамандарымен 46 нысанды тексердік. Өткен жылы облыста Қарғалы ауданынан басқа аудандармен келісімшарт жасалды. Былтыр облыстық, қалалық жолдарға 477 рет жолға шығып, жол құрылысы материалдарынан жалпы саны 2024 сынама алдық. Оның ішінде 488-і немесе 24 пайызы стандартқа сәйкес келмеді. Біздің міндет жолдың сапасын тексеру болған соң, стандарттарға сәйкес келмеген жолдарды Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарладық. Сондай-ақ тексеріс шаралары кезінде біз былтыр 189 ақау таптық. Аталған ақаулар бойынша қалалық бөлімге хат жаздық. Хаттың жауабын он күн күтіп, нәтижесінде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына шағым ретінде 23 хат жолдадық. Аталған басқарма соның алтауына ғана оң жауап жазса, қалғанына теріс жауап алдық. Бұл жерде талап мынадай болуы керек: егер жол салуда олқылықтарға жол берген жауапты мекемелерге айыппұл салынса, келесіде олар қорытынды шығарар еді. Алайда аталған басқарма біздің тарапымыздан жіберген хатымызды жауапсыз қалдырып отыр, — дейді орталық басшысы.

Оның айтуынша, былтыр «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының мамандары облыстық, қалалық маңызы бар жолдарға тексерулер жүргізіп, олардың жол сапасына жіті көңіл бөлмегенін дәлелдеген. Мәселен, облыстық маңызы бар «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» автокөлік жолының 7-17 шақырымына жүргізілген жол жөндеу жұмыстары кезінде «ТемірСтройСервис» компаниясы асфальт жамылғысын 6 см етіп салған. Негізі асфальттың қалыңдығы 8 сантиметр болуы шарт. Сондай-ақ асфальттың қабаты нығыздалмаған. Орталық мамандары бұл туралы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хабарлаған. Алайда бұл ақау жөнделмеген.

Бұл жерде бірнеше мәселе туындайды. Алдымен, жол жөндейтін мердігер ұйымдардың басшылары жолдың мәселесін білмейді. Қазір тендерге экономист, заңгер, басқа да салада еңбек еткен жеке кәсіпкерлерді қатасады. Ал олар жол салудың технологиясын, ережелерін, жөн-жоралғысын білмейді. Осыдан келіп жолдың сапасы болмайды. Екіншіден, Ақтөбе облысында жолдың бәрі күз айларында басталады. Негізі ережеге сәйкес жол жөндеу жұмыстары +5 градустан төмен температурада салуға болмайды. Ал біздің Ақтөбенің ауа райы күзде күн сайын ауысады, жаңбыр жауады, кейде қар ерте жауады. Дегенмен бұл мәселені басқарма мамандары да, мердігер мекемелер де елемейді. Мәселенің түпкі себеп-салдарымен күрескісі келмейді. Қала әкімдігі жол қаржысын игеруді мақсат тұтады, олар сапаға емес, көрсеткішке жұмыс істейді, — дейді Тельман Малаев.

Оның айтуынша, былтыр орталық Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр, Сәңкібай батыр, Абай, 312-атқыштар дивизиясы даңғылдарына, Бейбітшілік, Есет батыр көшелерін тексеріп, көше жолдарының сапалы салынуын қадағалаған. Ал орталықтың құзырына кірмеген кейбір көшелердің асфальты биыл көктемде қармен бірге «еріп» кетіпті. Қазір аталған орталықпеноблыстағы Мұғалжар, Алға, Шалқар, Қарғалы аудандарынан басқа аудандар келісімшартқа жасасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі басталмаған. Дегенмен орталық мамандары өз жұмысына жуырда кіріседі.

Жолдың сапасына жауап беретін маман ол — технадзор, яғни техникалық бақылаушы. Ол күндіз-түні сол жерде жүріп, жолдың сапасын тексеруге тиіс. Технологияның сақталуына, құрылыс материалдарының сапасына, техникалардың жағдайына сол маман жауапты. Жолдың сапасын тексеріп, соңғы құжаттарға қол қоятын да техникалық бақылаушы. Ережеге сәйкес, бақылаушы жолды қабылдап алған соң ғана мердігер ұйымға мемлекет тарапынан қаржы аударылады. Алайда Ақтөбе қаласында техникалық бақылаушының жұмысы мен жауапкершілігі көңіл көншітпейді. Себебі маманның қолында алдымен құрал-жабдығы жоқ, арнайы форма кимейді, тіпті, қалалық жолдарда мұндай мамандар бекітілмеген жағдайлар да тіркелді. Жалпы, технадзорлар арнайы конкурс арқылы қабылданады. Ал олардың қандай маман екендігі, тәжірибесі, жауапкершілігі зерттелмейді. Конкурстан өтсе, жолға жауапты маман болып шыға келеді. Былтыр біз 477 рет жолға шықсақ, соның 72-сінде технадзор мүлдем болған жоқ. Неге біздің технадзорлар шетелдегідей өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарамайды? Міне, жолдардың сапасыз болуының басты себептері — осы, — дейді орталық директоры Тельман Малаев.

Ақтөбенің жолдары жаңара ма?

Енді Ақтөбе қаласының жолдарына ойыссақ. Биыл Ақтөбе қаласында 42,3 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланып отыр. Қазір жол жөндеу жұмыстарына дайындық басталып кетті. Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жомарт Бақыткелдіұлының айтуынша, биыл облыс орталығында жалпы құны 6 млрд 697,2 млн теңгеге 28 жоба жүзеге асырылмақ. Оның бесеуі жол жаңарту жұмыстары болса, 16 жоба — күрделі жөндеу жұмыстары. Сондай-ақ 7 учаскеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Биылғы жылы қаламызда Есет батыр көшесінің бір бөлігі, Сәтбаевтан Пацаев көшесіне дейінгі, Молдағұлова даңғылынан Мәңгілік ел көшесіне дейінгі аумақ, Жаңақоныс ауылында Алматы, Кеңестік көшелері, сондай-ақ Тургеневтен Чернышевский көшесіне дейінгі жолдың бөлігі жөнделеді. Биыл аталған жобаларды жүзеге асыру үшін қала жолдарына жалпы мөлшері 67 мың тонна қиыршық тас, 12 мың тонна битум қажет. Қиыршық тас бойынша қазір мәселе жоқ, ал битумның мөлшері әзірге 7 мың тонна ғана. Қазір сондай-ақ қаладағы көше жолдары бойындағы ойықтар мен шұңқырларды жамау жұмысы бойынша 4 бригада жұмыс жасап жатыр. Бүгінге дейін бұл бригадалар 300 шаршы метр аумақты тегістеп шықты. Жалпы биыл қала бойынша 11 мың шаршы метрге жамау жұмыстары жүргізілуі керек, — дейді ол.

Ақтөбе қаласына қарасты Қурайлы деген ауыл бар. Осы ауылдағы Есет батыр көшесіне осыған дейін асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліпті. Алайда асфальт көшенің аяғына дейін жетпей қалған. Осы көшемен Елек орта мектебіне оқушылар жаяу қатынайды. Көктем, күз айларында көшені су басады, балшық болады. Тіпті, аталған көшеге тротуар да, жылдамдықты асырмауға арналған жол кедергілері де салынбаған. Бұл балалардың қауіпсіздігіне, сондай-ақ жаяу жүруіне өте қиын. Осы орайда Елек орта мектебінің мұғалімдері ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр.

Көше жолы соңына дейін жөнделіп, балалар мен ұстаздардың алаңсыз жүруіне жағдай жасалса екен дейміз. Биыл көктемде қар суынан аяғымыз су болып, балшықты кешіп жүрдік, — дейді Елек орта мектебінің мұғалімі Гүлнара Көшербаева.

Бұл сауалға Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақов былай деп жауап берді:

Бүгінде жалпы ұзындығы 1,05 шақырым Есет батыр көшесіне жол құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобалаушы компания — «Актаминжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны — 245 миллион теңге. Аталған жоба аясында көшеге асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолы, аялдамалар, асфальт жиегіне суағарлар орнатылып, жол қауіпсіздігін ұйымдастыруға арналған белгілер қойылады. Бұл жоба бойынша конкурс биыл өткізіледі.

Р.S. Ақтөбе облысы — республикадағы жолы нашар өңірлердің бірі. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, мұндағы жолдардың сапасы сын көтермей келеді. Қанша әкім ауысса да, баяғы жартас — сол жартас. Биыл облыстағы жол сапасының көрсеткішін 78 пайызға дейін жақсарту жоспарлануда. Алайда мұнымен барлық жолдар жақсарып кетпейді. Сонда Ақтөбенің жолы қашан жақсарады?...

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы