Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеліктер үшін 2018 жыл несімен есте қалды?
Ақтөбеге ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді
Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы индустриалдық жобалармен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Өңірдің өнеркәсіптік өнімі – 1 триллион 300 миллион теңге. 335 миллиард теңгеге инвестиция тартылған. Қазір үкімет елде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін қарастырып жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Президентке сол зауыт Ақтөбеде орналасуы туралы өтініш айтты. Кейін Елбасы шаһарда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ашылған «Аяла» оңалту орталығына барды. Балалары емделіп жатқан ата-аналармен кездесті. Орталық жартылай ашылған. Қазір сал ауруына шалдыққан балалар ем қабылдауды бастап кетті. Сондай-ақ, елбасы елімізде теңдесі жоқ «Дару жарығы” офтальмологиялық орталығының жұмысымен танысты. Ашылғаннан бері елдің батыс өңірін түгел қамтып отырған нысан бір мезетте 500 науқасты қабылдауға қауқарлы. Жалпы мемлекет басшысы Ақтөбе облысында атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.
Елбасы Ақтөбе облысындағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді
52 өзбекстандықтың өлімі
Биыл Ақтөбе облысында соңғы 10-20 жылдықтағы ТМД кеңістігінде болған күрделі қайғылы оқиға болды. 18 қаңтарда Ақтөбеден суық хабар елге жайылды. Ырғыз ауданындағы Қалыбай ауылынан 10 шақырым қашықта “Икарус» автобусы өртеніп, 52 адам тірілей жанып кетті. Марқұмдардың барлығы да Өзбекстан азаматы. Шымкенттік автобус Ақтөбе арқылы Өзбекстаннан Ресейге қарай бет алған. Салонында 57 адам болған. Аман қалған бес адамның үшеуі автобус жүргізушісі, қалған екеуі өзбекстандық. Апаттың себебін үкіметтік комиссия анықтады. Үш жүргізуші 24 қаңтар күні күдікті ретінде ұсталды. Тергеу барысында автобустың жанып кетуіне көлік ішінде өрт қауіпсіздігін сақтамау, дәнекерлеуші жылытқышты пайдалану себеп болғаны анықталған. Нәтижесінде 5 адамға үкім шығарылды. Олардың үшеуі өртенген автобус жүргізушісі. Жарамсыз автобустың жолға шығуына рұқсат берген механик пен автобусты жалға алушы «Азия Транзит Сервис” компаниясының құрылтайшысы да кінәлі деп танылып, сот залында қамауға алынды. Олар 3 жыл 6 айға бас бостандықтарынан айрылды. Жазаларын қоныс колониясында өтейді. Екеуі де автокөліктердің техникалық жағдайын тексеру және жолаушылар тасымалдау саласында 5 жылға дейін жұмыс істей алмайды. Сотталған бесеу бірігіп, зардап шегушілердің әрқайсысына 2 миллион теңгеден материалдық, моральдық шығын төлейді. Алайда, сотталушылар үкіммен келіспейтіндерін білдірді. Өзбекстан азаматтары да үкімімен келіспеді.
Лифтіден болған ажал
Лифтіге қыстырылып, мерт болған ақтөбелік тележурналист Айзат Әбдісаматтың қазасы туыстарына ғана емес, бүкіл елге ауыр тиді. Қайғылы оқиға 4 сәуірде орын алды. Айзат Әбдісамат қызымен бірге лифтке кірген сәтте оның аяғын есік қысып қалған. 28 жастағы келіншек үш жастағы баласының көз алдында мерт болды. Лифтінің тозығы жеткен. Оқиғаға қылмыстық іс қозғалды. Кейін кінәлілер сотталды. Лифт жөндеуші механик Жарылғасын Ақжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал «Жаңабек-Сервис» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Кенен Жаңабеков 4 жылға шартты түрде сотталды. Сот залында қолына кісен салынған 62 жастағы Жарылғасын Ақжанов кінәсін мойнына алған жоқ.
Жаңа ғимараттар
Жедел жәрдем бекеті
Ақтөбеде бір мезгілде он оператор қатар жұмыс істейтін жедел жәрдем бекеті ашылды. Су жаңа орталық Батыс-2 ауданында орналасқан. 3 қабатты ғимараттың жалпы алаңы 4000 шаршы метрден асады. Дәрігерлердің бөлмесі, алғашқы көмек көрсету кабинеттері мен балаларға арналған ойын алаңы да бар. Күтушілерге арналған бөлме бөлек. 2 және 3-ші қабаттарға жедел саты көтереді. Әр бөлмесі заманауи үлгіде жабдықталған. Мәселен, жедел жәрдем көлігінің қай маңда жүргенін, діттеген жеріне неше минутта жеткенін бақылайтын арнайы құрылғы бар. Call-орталықта орналасқан үлкен экраннан бригадаларды да қадағалауға болады. Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекеті мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған. Түрік инвесторлары 5,4 млрд. теңге бөлді. Облыстық бюджет есебінен 32 реанимобиль алынды.
Неке сарайы
Ақтөбе қаласында неке сарайы ашылды. Екі қабатты ғимаратта 4 неке қию залы бар. Сарайдың ашылу салтанатына мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Өңір басшысы қос жұптың некесін қиып, алтын және зүбәржат тойын тойлаған ақтөбеліктерді құттықтады. «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің жанына орналасқан сарай екі қабатты. 4 түрлі залы бар. Аса жоғары талғаммен салынған ғимарат мемлекеттік-серіктестік аясында бой көтерген. Құрылтайшысы – Зәмзәгүл Баймағамбетова. Кәсіпкер неке сарайының құрылысына 1,2 миллиард теңге жұмсаған.
«Анаға тағзым» орталығы
Ақтөбеде «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы жұмысын бастады. Орталықтың құрылысына 350 млн. теңге жұмсалған. Жоба демеушілер мен қала тұрғындарының қаражаты есебінен салынған. Жалпы құны – 350 млн. теңге. Ананың ақ жаулығына ұқсатып салынған ғимараттың құрылысына 10 мың ақтөбелік үлес қосқан. Одан өзге, 300-ден аса кәсіпорын қаражат бөлген. Мұғалжар мен Шалқар аудандарындағы өндіріс ұжымдары бір күндік еңбекақыларын аударған. Орталықта жас қыздарды әйелдің отбасындағы рөлін меңгеруге үйретеді.
Ақтөбеде «Анаға тағзым» орталығы ашылды
Ақтөбеде ерекше балаларға арналған балабақша ашылды
Ақтөбенің ерекше балалары үшін арнайы балабақша жұмысын бастады. 180 балаға арналған. Жаңа балабақшада аутизмге шалдыққан, тіл, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген, Даун синдромымен ауыратын бөбектер тәрбиеленеді. Бүлдіршіндер қос тілде тәрбие алады. Мұнда балалар арнайы мекеменің жолдамасымен қабылданады. Комиссия құрылып, диагноз қойылғаннан кейін жолдама беріледі. 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар. Тегін ем қабылдайды. Емдеу, оңалту, дамыту кабинеттері, демалу бөлмелері бар. Бассейн арнайы жабдықталған.
Ақтөбеде ерекше балаларға арналған балабақша
Ақтөбеде жер қазу кезінде алтынмен апталған жауынгер табылды
Ақтөбе қаласының маңынан ғұн дәуіріне жататын археологиялық олжалар табылды. Солтүстік айналма жолдың бойындағы карьерден жер қазу кезінде адам қаңқасы, алтынмен қапталған ер-тұрман мен қылыш шыққан. Археологиялық артефактілер шамамен II-IV ғасырларға жатады. Кездейсоқ олжаны «Ақтөбе кристалл су» ЖШС-нің топырақ тиегіш көлігінің жүргізушісі тауыпты. Топырақ қазу кезінде домалап түскен бастан басында шошыған жұмысшылар кейін ішкі істер органдарына хабарласқан. Алтын бұйымдар да шашылып қалған. Ғұн дәуіріне жататын қабірді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының өкілдері мен ресейлік археологтар зерттеді. Зерттеу жұмыстарына Арман Бейсембаевпен бірге Ресей Федерациясының азаматы, Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтының ғылыми қызметкері Алексей Хаванский де қатысты. Ғалымдардың сөзінше, қабірде ауқатты адам жерленген. Ғұн дәуірінің жауынгері жерленген жер 3 маусымда табылған.
Ақтөбеде жер қазу кезінде алтынмен апталған жауынгер табылды
Жолақы қымбаттады
Ақтөбе қаласында 26 қазанда жолақысы 25 теңгеге қымбаттады. Жолаушылар автобустарда 80 теңгемен қатынай бастады. Зейнеткерлер, 1,2-ші топтағы мүгедектер, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан тұлғалар үшін жол ақысы 60 теңге. Ал ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар мен зағип жандар автобустарда тегін жүре алады. 14 жасқа дейінгі балалар 40 теңге төлейді. Жолақының көтерілуі жолаушы тасымалдау саласындағы жағдайды қаншалықты жақсарта алады? Электронды билет қашан енгізіледі? Қоғамдық көліктер саны көбейе ме? Жолаушылардың көкейінде көп сұрақ. Оған әзір жауап жоқ.
Әсел АБАТ