Алматыда жер сілкінді: Зілзала хронологиясы

Түнде Алматыда жер сілкініп, төтенше жағдай болды. BAQ.KZ редакциясы назарларыңызға табиғи апат қалай болғаны жайлы хронология ұсынбақ.

Оқиға қалай басталды?

Алматыда 23 қаңтар түнгі cағат 00:09 шамасында жер сілкінісі болды.

Жер сілкінісінің қуаты – шамамен 5 балл.

ТЖМ «ННЦСН и И» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелді.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15.1. MPV магнитудасы 6.7. Эпицентрдің координаттары 41.22° С. Е. 78.65° ш. б. Тереңдігі 65 км. Сезілетіндігі туралы мәліметтер (ДСМ-64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл - деп мәлім етті төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Ал Алматыдағы көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындары сыртқа шыққан. Қалада жер сілкінісі қатты сезілген және ұзақ болған

ТЖД алматылықтарға үндеу жасады

Төтенше жағдайлар департаменті жаңа басшысы полковник Нұрлан Атығаев Алматыдағы зілзалаға байланысты тұрғындарға ақпарат берді. Сондай-ақ алматылықтарға қауіпсіздік шараларын сақтап, сабырлылық танытуға шақырды

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы, - деді Нұрлан Атығаев.

Ақпаратқа сәйкес, Алматыдағы жер сілкінісінің салдары Жетісу облысында да сезілген.

Облыстық ТЖ департаментінің мәліметінше, жер асты дүмпуін алдымен Талдықорған,Текелі қаласы және Панфилов ауданының тұрғындары байқаған. Әзірге аймақта зілзаладан зардап шегу туралы қандай да бір мәлімет тіркелген жоқ. 

Алматыда кептеліс болып, такси құны шарықтап кетті

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін қала көшелерінде кептеліс пайда болды.

Куәгерлердің айтуынша, жер сілкінісінен биік тұрғын үй кешенінде тұратын адамдар қала сыртына ағылған. Ол өз кезегінде қала көшелерінде көлік кептелісіне әкелді. Бейнероликті жолдаған оқырманның сөзінше, үлкен кептеліс Алма сити, Шұғыла тұрғын үй кешендері маңындағы көшелерде болған.

Сондай-ақ жер сілкініснен қаладағы такси құны екі есе шарықтаған

Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдады.

Патрульдік полицияның саны ұлғайтылып, учаскелік полиция инспекторларының тұрғын үйлерді аралауы ұйымдастырылды.

Көлік өткізуді қамтамасыз ету және кептелістерді болдырмау мақсатында патрульдік полиция инспекторлары қолмен реттеуге көшті.

Халықты жинау пункттері ашылды

Алматы әкімдігі қаланың әр ауданында халықты жинау нүктелері жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Бұл - ең қатал құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келетін білім беру ұйымдары: мектептер, балабақшалар, колледждер мен ЖОО сынды ұйымдар.

Бекеттер туралы барлық деректер Алматы 2ГИС платформасында бар. Қосымшаға «Зардап шеккен халықты қабылдау пункттері» деп енгізген кезде картада тұрғындарға арналған барлық қабылдау пункттері көрінеді. Мұндай деректер Алматы қаласы ТЖД мен аудандық әкімдіктердің ресми сайттарында бар, - делінген хабарламада.

Досаев жедел штабты жинады

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді. Отырыста іс-қимыл жоспары талқыланды.

Қаланың тіршілікті қамтамасыз етудің барлық жүйесі қосылған. Қаланың полиция департаменті штаттық режимде жұмыс істеуде. Барлық мектеп мен балабақша ашық, халықты жинау пункттері жұмыс істеп тұр.

Жедел медициналық жәрдем қызметі және барлық көп бейінді стационарлар, оның ішінде мамандандырылған стационарлар, балалар стационарлары, қаланың босандыру ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеді.

Әкімдік жалған ақпаратқа сенбеуді және таратпауды сұрап, тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

ІІМ де Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты ескерту жасады.

Министрлік жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Полиция азаматтарды ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырады және ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуге кеңес береді.

Сейсмология орталығы не деді?

Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын арада күшті жер сілкінісінің болу ықтималдылығына қатысты ақпарат айтты.

Жақын арада күшті жер сілкінісінің болуына қатысты болжам жоқ. Алматылықтар сезінген соңғы екі дүмпу – афтершоктар. Сейсмикалық жағдай бәсеңдейді. Үрейленуге негіз жоқ, - дейді ол.

Жедел желі іске қосылды

Алматыда жер сілкінісіне байланысты жедел желі іске қосылды.

Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты жедел желі байланысы:

8 727 278 20 83

8 727 278 20 84

Кейін сағат 02:43-те Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев Алматы қаласы бойынша сейсмикалық жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.

Астанада да жер сілкінді ме?

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті елордада жер сілкінісі мәселесіне қатысты айтты.

23.01.2024 жылы сағат 00:19 шамасында Астана қаласы ТЖД дағдарыс жағдайлары басқармасына елорда тұрғындарынан жер сілкінісі мәселелері бойынша 30-дан астам қоңырау түсті.

Өтініштер мен хабарламалардың келіп түскен мекенжайлары бойынша жедел-құтқару бөлімшелері жіберілді, олар келген кезде ғимараттар мен құрылыстарға көзбен шолып тексеру жүргізді және жер сілкінісі фактілері расталмады, зардап шеккендер тіркелмеді.

Астанада жер сілкінісі болған жоқ, бұл Алматыда болған жер сілкінісінің салдары болды, - делінген ведомствоның жауабында.

Қазіргі уақытта жедел штаб ашылып, жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, 24-51-47 және 24-51-71 телефондары бойынша жедел желі ұйымдастырылды.

Айта кетерлігі, әлеуметтік желіде астаналықтар еліміздің бас қаласында да Алматыдағы зілзаланың дүмпуі сезілгені туралы жазды.

Табиғи апат: Тағы бірнеше дүмбу болды

Алматы қаласының әкімдігі маңызды мәлімдеме жасады. Белгілі болғандай, қаладағы сейсмикалық жағдайға арнайы комиссия бақылау жүргізеді.

Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша Комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы дайындалады, - делінген әкімдіктің хабарламасында.

Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейтіні айтылды.

Алматылықтар тағы да жер асты дүмпулерін сезді.

Белгілі болғандай, бұл жолы күші 2 балл болатын жер асты дүмпуі сағат 05:19 тіркелді.

Мамандар соңғы екі сағатта Алматы маңында төрт рет жер асты дірілдерін тіркеді. Ең күшті жер сілкінісінің күші 5,5 баллға жетті, жер сілкінісінің ошағы Алматыдан 277 шақырым жерде орналасқан, жер сілкінісі Астана уақытымен таңғы сағат 7:18-де болды.

Алматы уақыты бойынша таңғы сағат 5:56-да мегаполистен 269 шақырым жерде тербеліс болды. Магнитудасы 5,2 болды.

Сағат 6:12-де Алматыдан 263 шақырым жерде жер сілкінісі болды. Магнитудасы 5,3 болды.

Таңғы сағат 7:52-де жер сілкінісі Алматыдан 262 шақырым жерде болды, магнитудасы 4,6 болды.

Сағат 10:01:21-де Алматы уақыты бойынша тағы бір жер сілкінісі тіркелді.

Тұрғындар зілзаладан аман ба?

Алматыдағы жер сілкінісі салдарынан 8 адам зардап шекті.

Бірнеше адам жарақат алды.

Алматыда 23 қаңтарда болған жер сілкінісі нәтижесінде сағат 03:00-те 8 адам зардап шекті. Олар бірден қалалық ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген. Тексерістен кейін екеуі амбулаториялық емдеуге жіберілді. Үшінші науқастың жағдайы ауыр, қазір ол ауруханада жатыр, - делінген ведомствоның ақпаратында.

Сонымен қатар үйден жүгіріп шыққан бес адам жарақат алғаны белгілі болды. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар амбулаториялық емдеуге жіберіледі.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, түнгі сағат 1-ден бастап бүгінгі таңертеңге Алматыда бас жарақаты, соғылу, аяқ-қолдың созылуы сияқты жеңіл және орташа ауырлықтағы түрлі жарақаттары бар 44 адам медициналық көмекке жүгінген.

Әртүрлі көрсетілімдермен олар қаланың стационарларына жеткізілді, оның ішінде 34 ересек адам, оның 3-і емдеуге жатқызылды, 31 адам амбулаториялық емделуге жіберілді.

Сондай-ақ 10 бала медициналық көмек алды, оның 5-і емдеуге жатқызылды, 5-і амбулаториялық емге жіберілді.

Алматы мектептері мен колледждерінде бүгін сабақ болмады.

Үкімет не дейді?

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шұғыл жағдайда халықты құлақтандыру қызметі әлсіз болғанын сынады.

Адамдар уақтылы ақпараттандыру мен айқын әрекет болмағандықтан, байбаламға бой алдырды. Олар 2, 3-қабаттан секіріп, ойсыз әрекеттерге барды. Бұл құлақтандыру жүйесі дер кезінде іске қосылмағанын, халыққа барынша ерте хабар таратып, хабарландыру керек болғанын көрсетеді, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр сейсмикалық қауіп бар өңірлерде оқу-жаттығуды жиі өткізу керегін айтты

Жер сілкінісі кезінде SMS-хабарлама не себепті келмеді?

Алматы қаласы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезіндегі SMS-хабарламаны жіберу мен дабыл қағу туралы айтты

SMS-хабарламаны жедел тарату кезінде хабарламалар тұрғындарға кеш жететінін тәжірибе көрсетті. Өйткені біріншіден ол халық тығыздығы, ұялы байланыс операторлары ақпаратты өңдеуге үлгермейді, сәйкесінше жедел ақпарат кеш жетеді. Ал ауа райы бойынша Қазгидрометтен ақпаратты алдын ала алып, бір күн бұрын тұрғындарға ауа райы бойынша ақпаратты жібере бастаймыз. Ал жер сілкінісі жағдайында SMS-хабарлама таратудан ақырындап алшақтадық, - деді Атығаев.

Сондай-ақ ол Төтенше жағдайлар департаментінің жер сілкінісіне байланысты брифингінде сиреналар неге қосылмағанын түсіндірді.

Біздің қалада 843 электросирена бар. Ол қаланы 100 пайыз қамтиды. Бірақ сирена магнитудасы 5,5-тен асқан сейсмикалық жағдайларда ғана қосылады. Ал кеше 4-тен 5 балға дейін болды. Сондықтан сиренаны қосудың қажеттілігі де мәні де болмады. Ол халықты одан әрі дүрліктірер еді деп ойлаймын, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы