Әлімхан Ермеков математика бойынша профессорлықты алғаш қорғаған қазақ

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алаш қайраткерлері арасында есімі алтын әріппен жазылатын тұлғаның бірі – Әлімхан Ермеков. Білімге бай әрі сөзге шешен Әлімханның Ленин алдында баяндама жасап, Қазақ жерінің тұтастығын қорғап қалғаны көпшілікке мәлім. Қарағандыда ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткен «Арқа арыстары» атты іс-шара ұйымдастырылды. Сапар барысында Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Әлімхан Әбуұлы Ермеков жерленген зират басына барып, құран бағыштаудың сәті түсті.

Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы «Құрмет» белгісінің иегері Тұңғышбай Мұқан Алаш қайраткерінің өмір дерегінен сыр шертіп, көп мәлімет айтты.

Әлімхан жастайынан зерек болған

Оның айтуынша, Әлімхан Әбеуұлы 1891 жылы Қарқаралы уезі, Темірші болысында дүниеге келген. Балалық шағының бәрі Бөріктас тауының баурайында өткен. Әлімхан, 8 жасында Қарқаралыдағы реалды училищеге барған. Атасы Ермек дәулетті адам болған көрінеді, оның үстіне орыс, француз тілін меңгерген, оқыған, білімді жан болыпты.

Ермек Темірші болысында болыс болған және Құнанбаймен өте жақын дос болған. Құнанбай 1848-1849 жылы Қарқаралы уезінде алғашқы мұсылман мешітін бастаған кезде болашақ мешіттің құрал-жабдықтарын, оқу құралдарын алуды осы Ермек қажыға тапсырыпты. Екеуі 1870 жылы Меккеге қажылыққа барған. 1874 жылы Ермек қажы Мединадан қайтарда ауырып, қайтыс болады және сонда жерленген. Ермек қажының баласы Әбу де болыс болған. Ермек Құнанбаймен дос болса, Әбу Абаймен дос болған. Ал, Әлімхан Тұрағұлмен дос болған. Әлімханның ұлының есімі Мағауия, ол Абайдың ауылына қонаққа барғанда дүниеге келген екен. Сол жерде Тұрағұл баланың есімі Мағауия болсын деп ағасының атын қойған,-дейді өлкетанушы Т. Мұқан.

Әлімхан мектепті ауылдан Қарқаралы уезіне барып оқыпты. Әкесі орыс мектебіне бергендіктен бастапқыда тіл білмей қиналған кездері де болыпты. Бірақ зеректігінің арқасында тілді жақсы меңгеріп, тіптен орыс балаларының сауатын ашатын жағдайға дейін жеткен.

Алғаш сыныпқа барғанда орыс мұғалім барлық баланы түгендеп, Әлекеңе «как твоя фамилия» деп сұрайды ғой. Оны түсінбеген Әлекең сол сөзді өзіне қайтып айтып беріпті. Мұғалім ұрысса оны да қайталап беріпті. Содан ол орысша үйренуге бекінеді, Қарқаралыда қазақтың үйінде жатады екен, одан кетіп орыстың үйіне ауысыпты. Сол жерде орысша үйренеді. Сөйтіп 1905 жылы бастауыш мектепті үздік бітіреді. Кейін Семейдің ерлер гимназиясына оқуға түседі. Бастапқыда ол сабақты жақсы оқиды, бірақ кейінгі жылдары саяси қозғалыстарға жасырын қатысып, шәкіртақыдан қағылып қалады. Әкесі қайтыс болған соң сол гимназияда оқып жүріп Марков деген бастықтың баласын оқытады. Бұл бастық баласын мұғалім жалдап оқытады екен, содан гимназияның директоры «осында бір білімді бала бар, соны үйіңізге тұрғызып, балаңызды оқытсаңыз қайтеді» деп кеңес береді. Содан Әлекең соның үйінде тұрып, оқуын жалғастырып әрі баласын оқытып жатады. Бір күні оның үйіне қонақтар келеді, олар орыстың баласына сабақ оқытып отырған Әлекеңді көріп, «бұратана халықтан мынандай таланттар шығады екен ғой» деп таңқалған екен,-дейді Тұңғышбай Мұқан.

Бұдан Әлімхан Ермековтың оқытушылыққа жастайынан бейімделгенін көруге болады. Тағы бір естелікте ол сабақ оқып жүріп бір полковниктің қыздарына латын тілінен, математикадан сабақ беріп ақша тапқаны айтылады. Ақшасын жинап, жұт кезінде малы қырылған Әмірхан ағасына екі жылқы сатып әперген кезі болыпты. Оған қоса, ауылға келген сайын бос жүрмей, балаларды жинап алып, хат танытып, сабақ үйреткенді жақсы көріпті. Тіпті, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа да сабақ берген кезі болыпты.

Гимназияда оқып жүргенде Потанинмен кездеседі. 1913 жылы оны Ақтоғайдағы Тоқырауынға алып келіп, үш ай жатып, сондағы Аяпберген Балабатыр деген ақсақалдан 27 аңыз-әңгіме жазып алған екен. Оның ішінде Жиренше, Алдаркөсе, Едіге батыр және тағы басқалар туралы әңгімелер болыпты.

Ленинмен кездесу

Осындай қиындықпен гимназияны «Алтын белгімен» бітіреді. Кейін Санкт-Петербургтағы Орман институтына және Томсктегі институтқа қабылданады. Ол кезде гимназияны «Алтын белгімен» бітірген адам еш байқауға қатыспастан оқуға қабылданады екен. Бірақ ол жаққа барып оқуға қиын болғандықтан Томға барып, 1912-1917 жылдары Тау-кен технология институтынан білім алады. Сонда оқып жүргенде саяси қайраткерлермен танысады. 1917 жылы патша тақтан құлаған бетте оны Әлихан Бөкейхан «Семейге кел, революция басталады» деп шақырып алады. Осыдан бастап Әлекең бірден революциялық жұмысқа кіріп кетеді. 1919 жылы Қазақ даласын басқарудың революциялық-әскери комитет құрылады. Әлиханның нұсқаулығымен Әлекең сол ревкомға мүшелікке кіреді. Сол жерде жүріп бүкіл орталық атқару комитеті жанындағы Кирревкомның өкілетті коллегиясының төрағасы болды,-дейді өлкетанушы.

1920 жылы 17 мамырда бұл Әлімхан Ермековке 2043-ші мандат беріп, Мәскеуге аттандырады. Алаш қайраткері ол жақта «Қазақ өлкесінің жағдайы және шекарасын белгілеу» туралы баяндамаға дайындалады. Сөйтіп 1920 жылдың 17 тамызында Халық комиссарлар кеңесінде үлкен жиналыс болған екен. Оған Әлихан Бөкейхан бастаған 15-ке жуық Алаш қайраткері барады, бірақ олар жиынға қатыспаған.

Әлімхан ол жиында Каспий теңізінің солтүстік жағалауы Атырау облысындағы бұғаздар мен шығанақтардың бәрі Астарханға дейінгі жер Қазақстанға берілу керек деген мәселені көтереді. Оған көбі қарсы шығады, бүкіл Ресейді асырап отырған Атыраудың балығы екенін алға тартады. Текетірес 4 сағатқа созылады. Сонда Ленин Астрахан губерниясының атқару комитетінің төрағасына «ол жердегі тұратын халықтың қайсысы басым?» деген сұрақ қояды. Анау қазақтар басым дейді. Онда бұл жер қазақтарға берілсін дейді Ленин. Әлімхан бұл мәселені шешкен соң Ертіс өзенінің жағалауындағы жер дауын көтереді. Ұзындығы 10 шақырымды ең құнарлы керемет жер 1904 жылы Сенаттың қаулысымен казак-орыстарға берілген екен. Ол жерде біздің ата-бабаларымыздың зираттары бар, соған кіру үшін әрбір қазақ 18-20 сомнан ақша төлеп отырады екен. Осының бәрін Әлімхан дәлелмен көрсетіп, ол жерді де Қазастанның территориясына қосқызған. Сөйтіп Әлімхан Әбеуұлы 1920 жылы 17 тамыздағы баяндамсын қорғап шығу арқылы Қазақстан территориясының тұтастығын қалыптастыруға үлкен еңбек сіңіреді. Әлімхан баяндама жасап шыққанда Әлихан Бөкейхан оны құшақтап, оның шешендігіне  «сен сөйлеп тұрғанда мен бір көтеріліп, бір түсіп, жарылғалы тұрған жанартаудың үстінде отырғандай болдым» деп баға берген екен,-дейді Т. Мұқан.

1920 жылғы 24 тамызда Қазақ республикасын құру туралы декрет талқыланған. Сол декретте бұл кісі қосымша баяндама жасаған екен. Әлихан Бөкейхан «қайткенде автономия деген сөзді кіргізу керек» деп тапсырма берген көрінеді. Алаш орда тараған соң қайткенде автономияны кіргізу керек болған. Ақыры Қазақ автономиялық советтік-социалистік республикасы деп бекітеді. Бұл атаумен еліміз 1925 жылға дейін өмір сүрді.

Математика бойынша алғашқы профессор

Әлімхан Ермек кейін таза ғылыммен шұғылдануға бет бұрыпты. 1926 жылы Ташкентте Қазақ педагогикалық институты ашылғанда ең алғашқы математик ретінде кафедра меңгерушілігіне шақырылған. 1930 жылы Ауыл шаруашылық институты ашылғанда соған шақырылады. 1935 жылы Қазақстанда алғашқы Тау-кен институты ашылғанда соған кафедраға шақырылыпты. 1935 жылы жоғарғы аттестациялық комиссияда профессор атағын қорғапты.

Бұл қазақтан шыққан ең алғашқы профессор атағы болды және сол жылы Ұлы математика курсының І томын қазақша шығарады. 1936 жылы қазақ тіліндегі математика терминдері деген сөздікті шығарады. Ауылдан келген қазақ балалары өз тілінде білім алсын деп көп еңбек сіңірді. Сол күнгі математика терминдері әлі де пайдаланылып келеді екен. 1936 жылдан бастап ол кісінің артына жансыздар түсе бастайды. Оларды жіберіп отырған өзіміздің өсекшілер, сатқындар. 1939 жылы ол кісіні әскери трибуналда 48 бабпен, 58 бабтың 8 тармағымен айыптап, он жылға соттайды. Оның сегіз жылын өтеп қайтып келеді. Бір жыл қайтіп қызмет істей бастағанда үстінен тағы жазып, он жылға сотатады. Бұл жолы жеті жыл отырып келеді, яғни таза 15 жылын түрмеде өткізген,-дейді өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.

Түрмеде ол кісі жазушы Мұхтар Мағауиннің ағасы Мұхан Мағауинмен бірге Қиыр шығыста бірге болыпты. Мұхтардың ағасының айтуынша, ол кісі үнсіз жүріпті, дау-дамайға араласа бермеген. Сауатты болғандықтан түрмеде отырған адамдардың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін жазып беріп отырыпты. Сонысымен көптеген адамның мерзімінен бұрын шығуына септігін тигізген екен. Алғаш сотталғанда түрме бастығының есебін шығарып берген кезі болыпты.

Бастығының кабинетіне келсе ол есеп шығарып отырған екен, сөйтсе Әлекең «бұл есеп олай шығарылмайды» деп, есебін қолмақол шығарып береді. Содан бастап оны үш адамдық бөлмеге ауыстырып, тамағын беріп, жағдайын жасайды,-дейді өлкетанушы.

Ермеков сотталып келгенімен НКВД адамдары оны бақылап, қорлық, психологиялық қысым көрсетулерін жалғастырған екен.

Түрмеден келген соң Қарағандыдағы Ленин көшесіндегі 58 үйде, 8 пәтерде тұрған. Телефонында да 8 деген нөмір болған. Ол кісінің денсаулығы нашарлаған соң үйді бірінші қабаттан алған, бірақ екінші қабаттағы 8 деген нөмірді әдейі бірге түсірткен. Мұның барлығы Әлекеңнің жанын жаншып, 58 баптың 8 тармағы дегенді есіне түсіру үшін әдейі жасаған,-дейді Т. Мұқан.

Дегенмен, бұл кісінің бақыты – бүкіл Алаш қайраткерлері ішінде Кеңестер одағында 50 жыл өмір сүргендігінде. Қарағандының Политехникалық институтында сабақ беріп, оқытушы болған. Ол кісінің кім екенін жанындағылар бертінге дейін білмеген екен. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы