7 мың заңсыз сайт жабылды: Қазақстанда құмар ойындарға бақылау күшейді
Қазақстанда ойын бизнесі саласында Бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылды. Алғашқы айдың өзінде ол құмар ойындарға қатысты 7 мыңнан астам заңсыз сайтты анықтап, бұғаттауға жіберді. BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берген Туризм және спорт министрлігі мен оператор компания өкілдері жүйенің қалай жұмыс істейтінін, қандай технологиялар қолданылатынын және болашақта қандай жаңалықтар енгізілетінін түсіндірді.
Бірыңғай есепке алу жүйесі дегеніміз не?
2024 жылдың желтоқсанында Үкімет шешімімен "Бірыңғай есепке алу жүйесінің операторы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Компания Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмысын қамтамасыз етеді және жобаны "Ойын бизнесі туралы" заң мен 2025 жылдың көктемінде күшіне енген Туризм және спорт министрлігінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырады.
Министрліктің мәліметінше, Бірыңғай есепке алу жүйесі негізгі функцияларды орындайды:
- қолма-қол және қолма-қол емес төлемдерді, соның ішінде электронды ақшаны қабылдайды және ұтыстарды төлеуді қамтамасыз етеді;
- қатысушылардың жеке деректерін, мөлшерлемелерін, коэффициенттерін және төлемдерін есепке алады;
- 21 жасқа толмаған, ойынға қатысуы шектелген, сотталған немесе Бірыңғай борышкерлер тізімінде тұрған адамдардың мөлшерлемелерін бұғаттайды;
- терроризм мен экстремизмге қатысы бар тұлғалардың қатысуына жол бермейді.
Жүйенің басты міндеттері – букмекерлік нарықтың ашықтығын арттыру, қатысушылардың құқықтарын қорғау, мөлшерлемелердің көлемі мен жиілігі жөнінде нақты статистика қалыптастыру, сондай-ақ лудоманияның алдын алу.
Бірыңғай есепке алу жүйесі букмекерлер мен олардың клиенттері арасындағы дауларды шешу үшін сенімді дереккөзге айналады, – деп атап өтті Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесі және лотереяларды реттеу комитеті.
Қазір министрлік Бірыңғай есепке алу жүйесі мүмкіндіктерін кеңейтетін заңнамалық түзетулер әзірлеп жатыр. Атап айтқанда, жүйеге заңсыз сайттар мен онлайн-казиноларды анықтап, бұғаттауға жіберу міндетін жүктеу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, букмекерлік компаниялардың спортты дамытуға арналған міндетті әлеуметтік аударымдарын енгізу жоспарлануда. Мұндай аударымдардың мөлшері мен үлесін Үкімет айқындайды.
Бұл – ойын бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігін бекітуге бағытталған шара. Олар табысының бір бөлігін мемлекет пен спортты дамытуға жұмсауға міндетті, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Жасанды интеллект және заңсыз сайттармен күрес
"Бірыңғай есепке алу жүйесі операторы" ЖШС өкілдерінің айтуынша, жүйеде жасанды интеллект пен машиналық оқыту элементтері қолданылады.
Қазіргі кезеңде машиналық оқыту контентті жіктеу, құмар ойындарға қатысты сайттарды тану, суреттер мен мәтіндерді талдау, сондай-ақ қайталанған заңбұзушылықтардың ықтималдығын болжау үшін пайдаланылады. Жүйе тәуекелі жоғары ресурстарды басымдықпен анықтап, оларды бұғаттау туралы хабарламалар қалыптастырады, – деді компания өкілдері.
2025 жылғы 11 қыркүйектен бастап пилоттық кезеңде жүйе 7 мыңнан астам заңсыз ресурсты анықтап, бұғаттауға жіберген. Бұл ретте сайт анықталған сәттен бастап хабарламаға дейінгі орташа уақыт бір сағаттан аз болған.
Операторлар жүйе тапқан сайттарды күн сайын тексеріп, алгоритмдерді жетілдіру және қате анықтаулар санын азайту жұмыстарын жүргізеді. Бұғаттау үшін “Кибербақылау” ақпараттық жүйесі, “Мемлекеттік техникалық қызмет” АҚ және байланыс операторларының API мен хаттамалары арқылы өзара іс-қимыл құралдары пайдаланылады, – деп толықтырды олар.
Киберқауіпсіздік және деректерді қорғау
Компания өкілдерінің айтуынша, жүйе азаматтардың жеке деректерін өңдемейді, тек техникалық ақпаратпен (домендер, URL-мекенжайлар, желілік параметрлер) жұмыс істейді.
Барлық инфрақұрылым деректер орталығы деңгейінде қорғалған. Трафикті шифрлау (TLS), желілерді сегментациялау, рөлге негізделген қолжетімділікті бақылау және қауіпсіздікті тұрақты мониторингілеу жүйелері қолданылады. Тұрақты түрде осалдықтарды тексеру және конфигурация аудиті жүргізіледі, – делінген оператордың жауабында.
Бірыңғай есепке алу жүйесі серверлері Tier III деңгейіндегі георезервтеу және тәулік бойы мониторинг жүргізу мүмкіндігі бар "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ деректер орталығында орналастырылған. Қорғау үшін L7 деңгейіндегі брандмауэрлер, WAF және Anti-DDoS жүйелері, сондай-ақ деректерді резервтік көшіру және ақау кезінде автоматты ауыстыру тетіктері пайдаланылады.
Халықаралық тәжірибе және болашақ жоспарлар
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, букмекерлік қызметті онлайн бақылау – халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын тәсіл.
Ұлыбританияда Gambling Commission операторлардың қызметін салық жүйесімен API-интеграция арқылы бақылайды. Бұл салықтық алаяқтықтарды 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Ал Австралияда Gambling and Racing Commission құқық қорғау органдарымен бірлесіп, барлық операцияларды нақты уақыт режимінде қадағалайды, – деді ведомство өкілдері.
Қазақстан да осы бағытты ұстанып, заңсыз қатысушылар автоматты түрде нарықтан шығарылатын ашық әрі цифрлық индустрия қалыптастыруды көздеп отыр.
Жақын уақытта Бірыңғай есепке алу жүйесі өз функцияларын кеңейтуді жоспарлап отыр. Заңсыз онлайн-казинолардың жарнамасын анықтау үшін компьютерлік көру технологиясын енгізіп, жүйені Smart Bridge платформасы арқылы өзге мемлекеттік сервистермен интеграцияламақ.
Бұл шешім мониторинг, салықтық бақылау және киберқадағалауды біріктіріп, нарықтың барлық қатысушысы бірыңғай әрі ашық ережелермен жұмыс істейтін экожүйе құруға мүмкіндік береді.