5 жасар қыздан "19 жастағы жын шығарған" емші дауы немен аяқталды?

Қаңтардың басында атыраулық емші Кейқуат Оспановтың 5 жасар қыздан "19 жастағы ұрғашы жынды шығарып жатқан" видеосы қазақстандықтардың назарына түсіп, желіде қызу талқыланды. Онда бір адам жерде жатқан қыздың шүберекпен байланған қолын ұстап отырса, емші қыздың тамағын қысып, "Не үшін кірдің, мақсатың өлтіру ме, жасың нешеде, мыңжылдықсың ба, әлде жүзжылдықсың ба?" деген сұрақтар қойып, оларға жауап алып отыр.

Бұл бейне желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Бірі бұл жағдайға надандық деп баға берсе, бірі кішкентай қызды мұндай емшіге апарған ата-анасын кінәлады. Енді бірі Кейқуат Оспановты заң алдында жауапқа тартуды сұрады. BAQ.KZ тілшісі уәкілетті органдар және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының көмегімен мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

"Қыздың жағдайы жақсы"

Видеодағы оқиға Алматы облысы білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласы Алатау ауданында болған. Ал анасы мен қызы Қарасай ауданы Шалқар ауылының тұрғындары болып шықты. Емші Кейқуат Оспанов Алматыға келгенде анасы қызын оған қарату үшін қалаға алып барған.

Көп ұзамай желіде кең таралып, талқыға түскен видео ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның назарына ілікті.

Аталмыш іс бойынша ІІМ, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Емшінің жеке басы мен баланың тұрып жатқан жері алдын ала анықталды. Ақпарат тексеріліп, мән-жай анықталуда, - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Біз уәкілден бүгінгі таңда жұмыс нәтижесі қандай екенін сұрадық.

Менің тарапымнан ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігіне өтініштер жолданды. Полиция департаменті барлық әрекеттерді тексерді, анасымен түсіндіру әңгімесі өткізілді, қыздың жағдайы жақсы, - деді Закиева.

Қыздың жағдайы жақсы екенін бұдан алдын емшіні қорғап, видеоүндеу жасаған анасы да айтқан болатын.

Қызымның жасы бесте. Кейқуат ағаға өзім алып бардым. Ол кісіні Instagram-нан көріп қалдым. Өзім расымен де халық емшісін іздеген едім. Қызым кішкентай болғанымен, өзіне жараспас қылықтары болған соң, уайымдап, қызымды апарып жақсылап қаратып жіберейін деп өз еркіммен алып бардым. Ол кісі ешқандай зорлық-зомбылық көрсетпей, көз алдымда әдемілеп сүре оқып, қарап берді. Қызым өте жақсы, - деді қыздың анасы.

"Емшілік медициналық қызмет емес"

Динара Закиева емші қызметінің заңнамаға сәйкестігін тексеру үшін Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жібергенін айтқан болатын. Алайда министрлік емшілік медициналық қызметке жатпайтынын мәлімдеді.

Заңға сәйкес дәстүрлі медицинаға гомеопатия, гирудотерапия, мануальды терапия, рефлексология, шөптермен емдеу және табиғи препараттармен емдеу жатады. Дәстүрлі медицина саласында қызмет ету құқығы заңға сәйкес медициналық білімі, денсаулық сақтау маманының сертификаты және лицензиясы бар адамдарға беріледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі медицина қызметін реттейді, бірақ емшілік медициналық қызмет болып саналмайды, - делінген ДСМ мәлімдемесінде.

Дегенмен Кейқуат Оспановтың ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты "Сақтар" рухани халықтық медицина орталығымен байланысы бары анықталды. Емші журналистерге Алматыдағы "Сақтар" рухани халықтық медицина орталығынан халық емшісі деп лицензия алғанын айтқан. Журналистер орталықтың нөмірін тауып хабарласқанда аты-жөнін айтпаған мекеме өкілі Кейқуат Оспановқа тек сертификат берілгенін растаған.

Айта кетейік, Кейқуат Оспанов 2023 жылдың 25 қарашасында Facebook желісіндегі парақшасына төсіне "Сақтар" рухани халықтық медицина орталығының медалін тағып, қолына орталықтың дипломы мен алғыс хатын ұстап түскен суретін салған.

Кейқуат Оспанов туралы не білеміз?

Кейқуат Оспанов қазір Сауд Арабиясында умра сапарында жүр. Сондықтан емшімен тікелей байланысқа шыға алмадық. Бұдан алдын Кейқуат Оспанов желіде тараған видеосына қатысты түсініктемені Атырау облыстық телеарнасына берді.

Ол алдымен видеода неліктен қыздың қолын байлап ұстап отырғанын түсіндірді.

Жындардың күші көп, өте қорқынышты мақұлық. Бізден қарағанда көп өмір сүреді, қуатты. Біздің әдісіміз қолын анасына ұстатқызып қоямыз. Ол жерде (ред. – аталған видеода) анасы ұстап отырған жоқ. Бір адамға баланың қолын саусағы батып кетпесін деп орамалмен ұстатып отырғызамыз. Неге десеңіз, жын бір адамға әл бермейді. Бес жігіттің әлі әзер жетеді. Біздің мамандығымыз өзі солай. Сол үшін ұстап отырамыз. Екі-үш адам болып. Анау күш бермей, біраздан кейін есін жиғаннан кейін барып, жын оянғаннан кейін сұраққа жауап бере бастайды, - деді емші.

Кейқуат Оспанов видеоны жұмысын көрсету үшін түсіргенін, қатты тарап кетеді деп күтпегенін айтты.

Алланың қалауымен 10 минутта оқып, шығарып бердім. Шыққан несін (ред. – видеосын) жасаған еңбек жұмысыма отзыв ретінде қойғаным рас. Ал енді мынадай тарап кетеді деп ойлаған жоқпыз, - деді ол.

Емші Кейқуат Оспанов жын шығарумен 2015 жылдан бері айналысып келе жатқанын жеткізді. Айтуынша, мұндай қасиет әкесінен дарыған. 13 жасынан бастап молдадан білім алып, кейіннен дін ұстаздары арқылы білімін жетілдіріпті. Қазір әр облысқа барып, сұраныс бойынша қызмет көрсетіп жүр.

"Дінге қайшылығы жоқ"

Атырау облыстық "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы видеодағы жағдайға қатысты пікір білдірді.

Кішкентай қыз бала анасының айтуы бойынша өз халінде болмады. Анасы өз еркімен апарды. Құранның демдерін салғызған. Оған бір қыспақшылық көрсетпеген, зұлымдық көрсетпеген. Сол жерде өзінің халіне келген. Сондықтан егер өз халіне келіп жатса, ауруынан айығып жатса, өзінің бұрынғы жағдайынан гөрі жақсы болып жатса, әрине, ол құптарлық дүние деп ойлаймын. Ол жерде дұға ғана оқылған болса, оның дінге қайшылығы жоқ. Егер Құран оқыған болса, тек діни тұрғыдан сүрелер оқып, дем салған болса, оның ештеңесі жоқ, - деді имам.

Жынға қатысты Мүфтият не дейді?

Осы материалға арқау болған емшінің 5 жасар қыздан "жын шығарған" видеосы жалпы жын ұғымына қатысты бірқатар сұрақтар тууына себеп болды. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөліміне "үш әріпті" жөнінде бірнеше сұрақ жолдап, оны жауаптарымен оқырман назарларына ұсынуды жөн көрдік.

  • Жын деген не? Оған қандай қасиеттер тән?
  • Жындар – оттан жаралған, адамдардың көзіне көрінбейтін, әртүрлі жақсы, жаман кейіптерге ене алатын жаратылыс. Олардың мұсылмандары, дінсіздері, бой ұсынушылары, күнәһарлары бар. Ішеді, жейді, үйленеді, ұрпақ сүйеді, сондай-ақ олардың жемейтіні, ішпейтіні де бар. Жындардың бар екендігі Кұран және сүннетпен бекітілген.
  • Жындар қанша жыл өмір сүреді?
  • Жындар ғайып әлемнен болғандықтан олардың жасына қатысты нақты деректер жоқ, бірақ олардың да дәм тұзы таусылатыны хадистерде айтылған.
  • Олар адамның бойына не үшін және қалай кіреді?
  • Жындар адамға кіру немесе кірмеуі ғалымдардың арасында тартысты мәселе. Бірі кіреді десе, кейбірі жын кірмейді, керсінше тиеді дейді. Жынның адамға тиетін жолдары көп. Оның әртүрлі себептері болуы мүмкін. Мысалы, есік алдына кірдің суын төгу, далада түнеп қалу, күл-қоқысты басу, малдың сүйегін тебу, күнә істеу және сиқырлану сияқты себептермен жын тиюі мүмкін.
  • Бойына жын тиген адамның қандай сипаттары болады?
  • Орынсыз күлу немесе жылау, Құран оқығанда іштей қарсылық сезіну, бұлшықет құрысуы, ұйқысыздық, лас жерде жүру сынды әрекеттер – жын тиген адамның басты белгілері.
  • Жын тиюден қалай сақтануға болады?
  • Жын тиюден сақтану жолдары Алла Тағаланы еске алып, көп зікір ету. Әсіресе "Фатиха", "Кафирун", "Ықылас", "Фалақ", "Нас" сүрелері мен Аятул Курсиды оқудың пайдасы өте зор. Сондай-ақ Хақ Тағалаға тәуекел етіп, барлық ісінде шынайы оған сүйену, тамақтанғанда "бисмиллә" айту, қолды тамақ ішерден алдын және кейін жуу, дәрет алып жүру, жуыну, өзіне дем салу сынды іс-әрекеттер пәленің жоламауына немесе одан құтылуға ықпал етеді. Сонымен қатар жыннан қорғану үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен таңғы және кешкі сүннет дұғаларды оқып жүру қажет.
  • Жын мен шайтан ұғымдарының айырмашылығы неде?
  • Жындардың күпірлік еткендеріне (ред. – дінде иман келтіру керек нəрселерге сенбегендерге) шайтан деп айтылады. Жындардың мүмініне (иман келтірушіге) шайтан деп айтылмайды.
  • Ислам бойынша жынды қандай адамдар шығара алады? Олардың арнайы білімі болуы қажет пе?
  • Жын тиген адамды Құран аяттары және сүннеттегі дұғалар арқылы емдейді. Құранмен дем салып, емдейтін адамның діни сауаты болуы әрі дем салудың қыр-сырын білетін тәжірбиелі болуы керек.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы