Жүз есімнен бір есім. Нұрхат Жәкиев


Тоқетері

  • Тұлға: Нұрхат Жәкиев
  • Кәсібі/мамандығы/мансабы/лауазымы: Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, физик ғалым, PhD доктор
  • Қала/мекен/координата: Нұр-Сұлтан, Қазақстан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұрхат Жәкиев – физик ғалым, PhD доктор. 2015 жылдан бері Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған ғалымнан «Оңтайландыру әдістерімен энергетикада теxника-экономикалық модельдеу» зерттеу жұмысы туралы сұрадық.

- Қайда өмірге келдіңіз? Қайда білім алдыңыз?

- 1983 жылы БҚО, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында дүниеге келдім. Қадыр Мырза Әлиев атындағы Жымпиты орта мектебін бітірдім. БҚО мемлекеттік университетінде информатика мамандығы бойынша бакалаврды тәмамдадым. «Математикадан» магистратура аяқтадым. Физика мен информатика мамандығын қатар оқығандықтан зерттеу тақырыбым «физикалық құбылыстарды информатика және компьютер тілімен сипаттау» болды. Ең алғашқы курстық жұмысым Ғаниш Ғұмарованың жетекшілігімен Delphi бағдаралмалау тілінде жасадым. Одан кейін жетекшім Рахметолла Құсайыновпен бірге физикалық электромагниттік толқындардың компьютерлік моделін жасап, дипломдық жұмыс қорғап шықтым. Магистратурада да «физикалық құбылыстардың математикалық функцияларын және кванттық механикада болатын құбылыстарды компьютерлік модельдеу арқыл сипаттау» атты зерттеу жұмысын жасадым. ЕҰУ-да 2014 жылы докторлық диссертациямды қорғадым.

- Ғылымға қалай келдіңіз?

- Ғылымға деген қызығушылық мектеп кезінен басталды деуге болады. 9-сыныпта физикадан олимпиадаға жетелеп, қызығушылығымды оятқан физика пәнінің мұғалімі – Вениамин Ким. Ұлты орыс болғанымен бізге физиканы қазақ тілінде де, орыс тілінде де түсіндірді. Тәжірибелер жасау, жақсы түсіндіру арқылы бізді қызықтырып, ертіп әкете алды. Содан бері ғылымға, қоршаған ортаны түсінуге зерттеуге қызығушылығым оянды деуге болады.

- Зерттеулеріңіз туралы айтып өтсеңіз. «Жылу электр станцияларының қуат тиімділігін 15% жоғарлататын бірегей көпфакторлы математикалық моделінің жұмысын оңтайландыру» зерттеуі қалай жүргізілді?

- Зерттеу жұмыстарымыз негізінен энергетика саласындағы процестерді компьютерлік модельдеуге арналған. Бүкіл Қазақстандағы электр энергетикасы жүйесінің моделін әзірледік және арнайы Қарағанды электр станциясының компьютерлік моделін жасадық. Бұлар оңтайландыру әдістеріне негізделген және математикалық негіздерге сүйене отырып ең оңтайлы, ең тиімді деген шешімдерді адамдарға ұсына алады. Жасап жатқан зерттеу жұмысымыз шешім қабылдауда көмекстесетін құрал. «15% дейін түсіреді «деген қате ақпарат шығар.


- Мүмкін, зерттеу жұмысыңыз туралы мәлімет жинағанда бұл ақпаратты ашық дереккөзден алдым. Сонда шын мәнінде қалай?

- Қарағанды электр станциясын зерттеген кезде олардың оңтайлы траекториядан 15 пайызға алшақ екенін көрсете алдық. Бір жыл бойы Қарағанды электр станциясын зерттеп, барлық ақпаратты талдау арқылы оларды компьютерге енгіздік. Оның дәл осы жүктемені, жылуға электр энергиясына деген сұранысты басқаша қандай оңтайлы жолмен орындай алар еді деген сұрақпен зерттеу жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде олар оңтайлы траекториядан және оңтайлы жолдан 15 пайызға алшақтау екені көрсетілді. Бұл туралы зерттеу мақаламыз да жарияланды. Бұл бір мысал ғана. өңірде 2-3 пайыздың өзі миллиондаған қаржыны үнемдей алады.

- Сонда тиімді шешімдерді қалай табасыздар? Қарапайым тілмен айтқанда, қалай есептейсіздер?

- Математикалық және компьютерлік ұштасқан оңтайландыру әдісі мыңдаған мүмкін шешімдердің ішінен ең оңтайлы шешімді табуға көмектеседі. ең қарапайымы ол – оңтайлы жүк тасымалдау есебі. Ал энергетикада 2000-шы жылдары қолданыла бастады. Қазір киберқауіпсіздік үшін әр ел өз энергожүйелерін қолдануда., ал біз Ресей мен Еуропа ІТ өнімдерін сатып алудамыз.

Шешім қабылдауды сандық қолдау жасаушы құрал инженерге не басшылыққа кеңес беруші ғана. Соңғы шешімді соқыр компьютерге беруге болмайды, ол бір теңге үнемдеймін деп әлеуметтік маңызды мәселелерді ескермей қалуы мүмкін. Бағдарлама экологиялық, не экономикалық, не теxникалық, не қауіпсіздік тұрғыдан түрлі оңтайлы шешім ұсынады. Ал оператор солардың ішінен негізделеген таңдау жасайды.

- Зерттеудің шетелдік аналогтардан қандай айырмасы, артықшылығы бар?

- Бүтін сандық сызықтық бағдарламалау шетелде дамып келе жатыр. Бұл шешім қабылдауда, операциялық жүйелерді басқаруда кеңінен қолданылуда. Еуропалық тәжірибеге сүйене отырып, Қазқастан энергия жүйесінің моделін құрдық. Қарағанды электр станциясының моделін құрастыруда озық математикалық әдістерді пайдаландық. Бұл арқылы оңтайлы жоспарлау және бір жылға бұрын немесе бір күнге бұрын алға жоспарлап, оңтайлы шешімдерді ұсыну құралын жасадық. Шетелдік аналогтардан қандай айырмашылықтары бар десеңіз, қазақстандық ерекшеліктерді ескердік. Еуропада халық саны өте тығыз орналасқан, соған сай сым желілер ара қашықтығы өте қысқа. Ал бізде электр желілері мыңдаған шақырым қашық болғандықтан, Қазақстанның солтүстігінен Алматыға дейінгі тартылған желілер бұл жерде көп жоғалулар болады. Біз осыны математикалық тілмен ескере алдық және оны дұрыстығына көзімізді жеткіздік. Бұның ғылыми жаңалық екенін еуропалық ғалымдар және журнал басылымдарының редколлегиясымен мойындалды.

Тағы бір артықшылығы – Қазақстанның мейлінше ЖЭС-інің көптігін ескереді. Математиалық тілмен бірінші басымдық – сыртқы ауа райының қолайсыздығы, яғни күрт континенталды аумақтаэлектр станциясын бірінші орында жылу беру керек екені ескерілетіндей бағдарлама жасадық. Екінші кезекте электр энергиясын қамтамасыз ету тапсырмасын орындайды. Шынында да солай. Ал Еуропада электр станциялары жылу беретіні – жылу, электр өндңретіні электр береді. Жылу-электр станцияларының пайыздық үлесі кеңестік мұра ретінде аз екені ақиқат.

- Ұлыбритания елінің грантын қалай жеңіп алдыңыздар?

- Ұлыбритания ғылым академиясы дамушы елдер арасында өндірісті оңтайландыруға грант конкурсын жариялады. Онлайн құжат беріп, Қарағанды электр станциясының келісімін жүктеп, грант алдық. Конкурс әділ де транспарентті өтті.

Зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде, Ұлыбритания грантының арқасында Қарағанды станциясында екі бағдаралмалық қамтамасыз ету жасап бердік, біреуі – турбинист оператордың берілген жүктемені қалай жылу энергиясына, не электр энергиясына бөліп есептеу қажеттігін есептейтін калькулятор. Екіншісі ұзақ мерзімді жоспарлауда оңтайландыру бағдарламасын жасап бердік.

- Биыл «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» бірі атандыңыз. Жобаға қалай қатыстыңыз? Жобадан кейін өміріңізге, ғылыми жұмыстарыңызға қандай өзгерістер әкелді? Жалпы мұндай жоба сіз бен бізге не береді?

- Өміріме, медиа белсенділік жағынан көп өзгеріс алып келді. Бұрын зертxанада, кабинетте жасалатын нәтижелерді конференцияларда таныстырушы едік. Қазір үлкен серпіліс болып, өз зерттеу жұмыстарымызды қалың жұртшылыққа таныстыру мүмкіндігі туды. «Руxани жаңғыру» жобасы аты айтып тұрғандай, өз ісіміз өнеге-үлгі болатындай жастарға руxани мотивация берсе қуаныштымын. Абай айтқандай «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп жастардың ғылымға қызығушылыға артып, ғалым болуды армандаса елімізге жақсы. «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасы елімізде үлгі тұтар тұлғалар көп екенін, олардың жұмысы көзге көріне бермегенімен, тигізер пайдасы барын көрсетеді.

Жоба екі сатыдан тұратын дауыс беру жүйесі арқылы өтті. Нәтижесінде 29 жеңімпаз іріктелді. Олардың қатрынан табылғаныма қуаныштымын.

- Назарбаев университетінде қандай қызмет атқарасыз?

- Назарбаев университетінде ғылыми қызметкермін, эксперимент жасаушы топтың жұмысын компьютерлік модельдеумен қамтамасыз етеміз.

- Қазіргі жастардың ғылымға деген көзқарасы қандай? Студенттер арасында көзге түсіп жүргендері бар ма?

- Студенттермен де, Назарбаев интеллектуалды мектеп оқушыларымен де бірге жұмыс істеймін. Дайындық деңгейлері де, қабілеттері де өте жақсы. Зеректіктерінің арқасында Республикалық, xалықаралық жобалар байқауларында орын алып жүр. Оның бәрі жасалған қолайлы жағдай мен ағылшын тілін білу арқасында болып отыр. Расында да көзі ашық, көкірегі ояу жастар көп.

- Қазір ауыл жастары қала жастарынан артта қалып барады деген стереотип бар. Сіз қарапайым ауылдан шыққан ғалым ретінде осы стереотип туралы не айтасыз?

- Қаланың да, ауылдың да мүмкіндіктері бірдей деп ойлаймын. Мектептің міндеті – оқушының көз нұрында ізденіске шоқ ұялату.

Қалада көбіне «урокодатели» болса, қаймақтай ұйыған ауылда «үлкен әріпті» ұстаздар көп кезігеді. Менің бағыма орай сондай ұстаздардың алдына тап болдым деп ойлаймын. Қазір интернет те, оқу құралы да бірдей қамтамасыз етіліп жатыр. Расында бізге жетпейтіні жаппай ІТ саласына бетбұрыс. Аймақтарда ашылып жатқан ІТ лицейлердің жемісін жақын арада көреміз деп сенемін.

- Болашақта қандай жоспарыңыз бар?

- Жоспарым физикалық құбылыстарды компьютерлік модельдеуде әрі қарай білімімді жетілдіру, яғни жаңа әдістер мен жаңа бағдарламалар меңгеру. Бұл сала өте тез қарқынмен дамуда. Ғылыми мақалалар жазу үшін саламыздағы жаңалықтарды білуіміз керек. Жақында АҚШ-та өткен үлкен конференцияда акустикалық толқын мен су тамшысының әрекеттесуі туралы баяндама жасадым. 2019 жылдың 27-29 наурызында Кореяда өткен конференцияда жоғары кернеулі сым желісінде болатын короналық разрядты азайту жолындағы компьютерлік моделдеу нәтижелерін көрсеттім. Осы салада зерттеу жүргізіп жүрген бірнеше шетелдік ғалымдармен кездеу мүмкіндігі туды.

Жоспарларыма қосымша әлеуметтік жүктеме алдым, Биылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ҚР Тұңғыш Президент қоры премиясының лауреаты болғандықтан БАҚ өкілдерімен, оқушылармен, студенттермен кездесу шаралары көптеп жоспарлануда, оларды абыроймен өткізуім керек деп есептеймін. «Ғылыммен айналысу, ғалым болу жақсы» деген мэсседж жастар санасына ұялауы керек.

Зерттеу гранттары конкурсына қатысып, Зерттеу жұмыстарымды жаңа сатыға шығарып, шетелдік әріптестермен байланысты жалғастырып, академиялық саламда қауымдастырылған профессор атағын алу бағытында жұмыс істеу жоспарымда бар.

- Сұхбатыңызға рахмет! Зерттеу жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!


Анықтама:

Нұрхат Жәкиевтің зерттеулері ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ұлыбритания корольдік инженерлер қоғамының, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының ғылыми зерттеулерге бөлген гранттары аясында жасалған. Жұмыстардың нәтижесі халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылды. Нәтижелер жоғары рейтингілі Energy Procedia, Energy Conversion and Management (Impact Factor: 5.589) және The Energy (Impact Factor: 4.520) журналдарында жарияланған. 15-тен аса ғылыми жарияланымдары, ЭЕМ-ге арналған программаларға 5 авторлық куәлігі және бір патенті бар.

Ол Халықаралық Энергетика Қауымдастығы ұйымдастырған энергомоделистер форумында (Брюссель, 2018), Еуропалық Комиссия ұйымдастырған энергомодельдеу сарапшыларының сессиясында (Афины, 2016) баяндама жасаған. Ньютон-Әл Фараби серіктестік бағдарламасының семинарын ұйымдастырған (Астана, 2016). БҰҰ Шектемелі Конвенциясына климаттың өзгеруі туралы VII ҚР Ұлттық хабарламасы мен Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасының өнеркәсіптік процестер бойынша ұлттық сарапшы ретінде парниктік газдар шығарылуын болжаудың екі жылдық баяндамасын дайындауға қатысқан. Халықаралық статистикалық сауаттылық қоғамының еліміздегі үйлестірушісі. Польша, Великобритания, Германия елдерінде ғылыми тағылымдамадан өткен.

ҚР Тұңғыш Президенті Қорының ғылым жөніндегі кеңесінің, Астана ұлттық зертханасының ақпараттық технологиялар облысындағы ғылыми-техникалық кеңесінің, Республикалық физика-техникалық қоғамның  мүшесі, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы