1 қазаннан бастап не өзгереді
1 қазаннан бастап қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болады? BAQ.KZ тілшісінің шолуына назар аударып көрейік.
Қарттар күні
1 қазан күні елімізде қарттар күні аталып өтіледі. Халықаралық қарттар күні — 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды.
Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі.
Мұғалімдер күні
Қазақстандық ұстаздардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанда аталып өтіледі.
Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні 2023 жылға дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі мерекелейді.
Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні білім саласына елеулі еңбек сіңірген кәсіби мамандар марапатталады.
Бүгінде Қазақстан мектептерінде 398 854 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде: 91 878 — модератор, 87 685 — сарапшы, 76 021 — зерттеуші, 3 566 — шебер.
Кәсіби мереке ең көп ай
Қазанда бірнеше кәсіби мереке бар.
Олар:
Радио күні – 1 қазан;
Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні – 6 қазан;
Қазақстан кәсіптік одақтарының күні – 10 қазан;
Құтқарушы күні – 19 қазан;
Орман шаруашылығы қызметкері күні – қазанның үшінші жексенбісі;
Кітапханашы күні – 24 қазан;
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні – қазанның соңғы жексенбісі;
Күзет ұйымдарының қызметкерлері күні – 29 қазан.
Референдум өтеді
6 қазанда республикалық референдум өтеді. Референдумда қазақстандықтар АЭС салу мәселесі бойынша шешім қабылдайды.
Республикалық референдумға "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген тұжырымдағы ел болашағы үшін маңызды сауал шығарылады.
Республика күні
Қазанда елімізде Республика күні атап өтіледі. Осыған байланысты қазақстандықтарға демалыс беріледі.
Электрондық үкімет сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Бұл күн жұмаға сәйкес келетіндіктен, қазақстандықтар үшін қосымша бір күн демалыс болмақ.
Бес күндік жұмыс аптасы бойынша жұмыс істейтін отандастарымыз үш күн қатарынан демалады:
- 25 қазан, жұма – Республика күні, ресми демалыс;
- 26 қазан, сенбі – әдеттегі демалыс;
- 27 қазан, жексенбі – әдеттегі демалыс.
Пойыз билеттері қымбаттайды
1 қазаннан бастап елімізде пойыз билеттері қымбаттайды. Ауа баптағышы жоқ вагондардың билеттеріне ұлттық тасымалдаушы 20%-ға дейін жеңілдіктер ұсынады.
Көлік министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 14 теміржол тасымалдаушылары жұмыс істейді және пойыздар 140 бағыт бойынша қатынайды. Олардың 62-інде тариф қымбаттайды деп отыр.
Бұл пойыздарымызда көрсетілетін сапаны жақсарту үшін жасалады. Сондай-ақ теміржолшылардың жалақасын көтерілу де жоспарланып отыр. Қазір елімізде 2667 вагондар барлық осы бағыттар бойынша қатынайды. Олардың тозу деңгейі 44%-ға жеткен.
Жаңа тариф мынадай болады:
- «Тальго» пойыздарының бағасы шамамен 19 493 теңге;
- стандарт пойыздардағы купе құны 19 653 теңгені;
- плацкарт – 12 871 теңгеге;
- қала маңына қатынайтын пойыз билеттері 6314 теңге.
Алматы-Лондон: Жаңа рейс ашылады
Air Astana әуе компаниясы 4 қазаннан бастап Алматы-Лондон бағытындағы тікелей рейстерді қайта іске қосады.
Air Astana Airbus-пен серіктесіп, Airbus A321LR ұшағына қосымша отын бактарын орната отырып, өзінің алыс магистральді рейстерінің тиімділігін арттырады. Бұл техникалық аялдауларсыз алыс қашықтыққа қонбай ұшуға мүмкіндік береді. Жаңғырту жұмыстары Алматыдан Лондонға ұшу ұзақтығын 1,5 сағатқа азайып, сапар енді 9 сағат 35 минут болады.
Коллекторлардың жұмысы өзгереді
Қазан айында коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу ережесі күшіне енеді.
1 қазаннан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төлемдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру шеңберінде әзірленген коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу қағидалары күшіне енеді.