Премьер-министр Әлихан Смайылов пен БАӘ Министрлер кабинеті істері жөніндегі министрі Мұхаммед Әл-Гаргауи мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астанада өткен кездесуде тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылды арттыру перспективаларын, инвестициялық ынтымақтастық, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе алмасу қадамдарын және басқа да мәселелерді қарастырды.
Премьер-министр Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Парсы шығанағы аймағындағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін ерекше атап өтті. Мәселен, өткен жылдың қорытындысына сәйкес екі ел арасындағы тауар айналымы $633 млн-ды құрады. Сонымен қатар жақын арада өзара сауда ауқымын кеңейту арқылы бұл көрсеткішті $1 млрд-қа дейін арттыруға мүмкіндік бар.
Әлихан Смайылов атап өткендей, инвестициялық өзара іс-қимыл жаңа жобалармен де қолдау тауып отыр. Мәселен, Қазақстанға тартылған Әмірліктер инвестициясы өткен жылы – 27%-ға өсіп, шамамен $420 млн-ға дейін жеткен.
Бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 3 еседен астам өсті және қазірдің өзінде $400 млн-нан асты. Біз барлық басым бағыттар бойынша одан әрі ынтымақтастыққа ашықпыз және Әмірліктер инвесторларына олардың бастамаларын іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Премьер-министр.
Сондай-ақ ол бүгінде Қазақстан мен БАӘ арасында мемлекеттік басқару саласындағы өзара іс-қимыл белсенді дамып келе жатқанын айтты. Ақпан айында Дубайда өткен Дүниежүзілік үкімет саммиті аясында тиісті меморандумға қол қойылды.
Біз тәжірибе алмасудың бұл мүмкіндігін жоғары бағалаймыз және мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттыру үшін Әмірліктердің озық тәжірибесін зерделеуге мүдделіміз, — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Гаргауи Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән беретінін баса айтты.
Біз экономикалық салада оң нәтижелерді көріп отырмыз. Әрине, бізде ортақ үлкен әлеует бар. Экономикалық дамумен қатар, біздің халқымыздың арасындағы достықтың, туристер санының арта түскенін де көріп отырмыз. Біз бұл көрсеткіштердің барлығы одан әрі өседі деп үміттенеміз, — деді ол.