“Америка дауысы” журналистері Трамп әкімшілігін сотқа берді

23 Наурыз 2025, 09:20
635
Бөлісу:
“Америка дауысы” журналистері Трамп әкімшілігін сотқа берді
Фото: depositphotos.com

“Америка дауысы” медиахолдингінің алты журналисі, оның ішінде Вашингтон бюросының бұрынғы басшысы, Трамп әкімшілігінің өкілдеріне қарсы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ The Washington Post-қа сілтеме жасап.

Олар федералды бюджеттен қаржыландырылған медиахолдингтің заңсыз жабылуына шағымдануда. Бұл ұйым Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарынан бері миллиондаған адамға жаңалықтар ұсынып келген.

Шағым Нью-Йорктың Оңтүстік округтік сотына берілді. Онда федералды судьядан медиахолдингтің жұмысын қалпына келтіруді және АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ-тың дүниежүзілік медиа агенттігін (USAGM) тарату туралы жарлығының бір бөлігін жоюды талап ету сұралған. Бұл агенттік “Америка дауысы”, “Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосы”, “Кубаға хабар тарату кеңсесі” және “Азияның еркін радиосын” бақылайтын.

“Америка дауысы” журналистерінің шағымына “Шекарасыз тілшілер” ұйымы мен төрт кәсіподақ қосылды. Істе жауапты ретінде USAGM-нің уақытша басшысы Виктор Моралес пен агенттіктің арнайы кеңесшісі Кари Лейк көрсетілген.

Шағымда АҚШ президенті медиа ұйымды тарату арқылы Конституцияның Бірінші түзетуін бұзғаны және өз өкілеттігін асыра пайдаланғаны айтылған. Шағвмданушылардың пікірінше, агенттікті басқару құқығы Конгреске тиесілі, өйткені ол бұл ұйымды құрған және қаржыландырып келеді.

Шағымда USAGM-нің жабылуы агенттіктің миссиясын орындауына айтарлықтай зиян келтіргені атап өтілген. Себебі 1 200-ден астам журналист, редактор, инженер және басқа да қызметкерлер өздерінің маңызды қоғамдық жұмысын жалғастыра алмай қалған.

Еске сала кетейік, наурыз айының ортасында АҚШ президенті бюрократиямен күресу мақсатында бірнеше ведомстволардың жұмысын барынша қысқарту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Солардың қатарында “Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосы” мен “Америка дауысы” медиахолдингтерін бақылайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) де бар еді. Кейін Трамп әкімшілігі “Азаттық радиосы” желісінің барлық қаржыландыруын тоқтатқаны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы