Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысы «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.
Бұл туралы «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырып, бұл заң осы маңызды саланың өзекті мәселелеріне кешенді жауап беретінін айтқан болатын.
Кодекс азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға, мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік саладағы міндеттемелері мен жауапкершілігін бекітуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Партияның сайлауалды бағдарламасында биыл Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеп, Парламентке енгізу міндеті тұр. Оның басты мақсаты – еліміздің әрбір азаматы мемлекеттен қандай жағдайда қандай көмек ала алатынын нақты реттеу. 6,7 млн. қазақстандық отбасының жартысына жуығы қолдауға мұқтаж, 1,1 млн. отбасы дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. 890 мың отбасының тұрмысы төмен деп танылды. 625 мың бала аз қамтылған отбасында өмір сүріп жатыр. Ең алдымен дәл осы балалар үшін тиімді мемлекеттік қызметтер жасалуы тиіс, - деп атап өтті Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, Кодекстің негізгі құрылымы әзірленген, ал қазір қоғамдық ұйымдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар құжаттың жекелеген ережелерін қызу талқылаудан өткізіп жатыр. Атап айтқанда, «Отбасының цифрлық картасын» құру көзделіп отыр. Онда барлық отбасын экономикалық, тұрғын үй және әлеуметтік жағдайлары, сондай-ақ денсаулық жағдайы мен білім деңгейіне қарай: әл-ауқатты, қанағаттанарлық, тұрмысы нашар, дағдарыс жағдайында және шұғыл көмекті қажет ететін отбасылар деген бес санатқа бөлінеді.
Онда біз елдегі 19 миллионнан астам барлық азамат туралы ақпарат жинағымыз келеді. Әртүрлі мемлекеттік органдардан деректерді жинақтаймыз. Бұл картада Қазақстанда қандай отбасылар бар, отбасы мүшелерінің саны қанша, олардың жасы нешеде деген сияқты мәліметтер болады. Сондай-ақ, картада отбасының әр мүшесі және жалпы отбасы алатын барлық әлеуметтік кепілдіктер көрсетілген, - деді министр.
Өз кезегінде Кеңес мүшесі, «Бақытты Шаңырақ» қорының басшысы Ботагөз Сұлтанова Кодекс жобасына бірқатар толықтыру ұсынды. Атап айтқанда, ол аутистік спектрдің аурулары бар балаларға міндетті түрде санаториялық-курорттық емдеуді ұсыну туралы бастама көтерді. Ол сондай-ақ ментальды бұзылыстары бар балаларға инватакси қызметтерін көрсетуді, мемлекет қаражаты есебінен мінез-құлықты қолданбалы талдау мамандарын оқытуды және 18 жасқа толғаннан кейін ақыл-есі кем 2-топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау бойынша жәрдемақы енгізуді ұсынды.
Бүгінде ментальды кемістігі бар балалар әлеуметтік қолдаудың барлық түрінен толықтай дерлік қағылып отыр. Олар жолды өздігінен кесіп өте алмайтын, дәретханаға да өздері шыға алмайтын ерекше балалар болса да қолдау көрсетілмейді. Мұнда әр жағдайды жеке қарау керек. Сонымен қатар, қазір оларға және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға санаториялық-курорттық емдеу берілмейді. Бұған қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бар деседі, бірақ бізге ол туралы анығы айтылмайды, - деді ол.
Павлодар облыстық отбасы мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Марина Стрелковская дамуында ерекшеліктері бар балалардың мамандандырылған мектепке дейінгі мекемелерде болу мерзімін 7 жасқа дейін ұзартуды ұсынды. Бұл балабақшадан мектепке көшу кезінде баланың даму процесін бұзбауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, отырыс барысында партиялықтар Enbek.kz электрондық еңбек биржасының жаңартылған нұсқасымен танысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, ЭЫДҰ зерттеуіне сәйкес, жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерінің біліктілігі мен дағдылары бойынша Қазақстан дамыған елдерден артта қалып отыр. Осыған байланысты, Әлеуметтік кодекс шеңберінде министрлік жекелеген осал санаттарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуді ұсынады.
Отырыс соңында Кеңес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар үшін бірқатар ұсыным дайындады